Мұрағат құжаттарын цифрландыру

Мұрағат құжаттарын цифрландыру

Мұрағат құжаттарын цифрландыру
ашық дереккөзі
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев 2018 жылдың 10 қаңтарындағы Қазақстан халқына Жолдауында экономиканың негізгі он тірегіне тоқталып, алдағы уақытта жүзеге асырылуға тиісті болған міндеттердің жоспары мен мерзімін Үкіметке нақты атап тапсырған болатын. Атап айтсақ,  индустрияландыру жаңа технологияларды енгізудің көшбасшысына айналу,  ресурстық әлеуетті одан әрі дамыту, «Ақылды технологиялар» – агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту мүмкіндігі, көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттыру, құрылысқа және коммуналдық секторға заманауи технологияларды енгізу, қаржы секторын «қайта жаңғырту», адами капитал – жаңғыру негізі, тиімді мемлекеттік басқару, жемқорлықпен күрес және заңның үстемдігі, «Ақылды қалалар» «ақылды ұлт» үшін. Президент жолдауынан кейін 2018 жылдың екінші жартысында жоспарланған жұмыстар нәтижелерінің куәсі болып отырмыз. Таза экологиялық өнімдерді экспорттау, қазақ жері  Қытай-Қазақстан-Ресей-Еуропа елдеріне Балтық теңізі арқылы (Жібек жолы), Қытай-Қазақстан-Әзірбайжан-Грузия-Түркия-Европа елдері Қара теңіз арқылы (TRACECA бағдарламасы бойынша), Қытай-Қазақстан-Түркіменстан-Иран-Пәкістан парсы шығанағы және Үнді мұхитына шығатын үш трансконтиненталды бағыттағы дәліз қызметін атқарып отыр. 2017 жылы еліміз арқылы тасмалданған тауар 17%-ға артып, ол 17 миллион тоннаға жуық жүкті құраған. Мегаполистерді ақылдандыру немесе «Ақылды қала» «Smart City» бағдарламасы да өз нәтижелерін көрсетіп отыр. Жол жиегінде орналасқан медиабордтар, жаяу жүргіншілерге арналған жолдардың қайта төселінуі, веложолдардың ұзаруын былай қойғанда, «Бір терезе» жүйесінің іске асуын күнделікті тіршілігімізде қолданып келеміз. Осы секілді әр сала Президент тапсырмасын нәтижелі атқарып келеді. Осы орайда Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архиві, Президент жолдауын түсіндіру және архив саласын сандық форматқа көшіру жобасын талқылау үшін ғылыми конференция өткізді. Аталмыш жиынға бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері шақырылып, отандық және шетелдік әріптестердің кітаптарды және архивтік құжаттарды цифрландыру саласындағы жетістіктері талқыланып, ең озық үлгілер арасынан архив саласына қолайлы жобалар мақұлданды. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі «Орталық мемлекеттік архив» РММ директоры Д.С. Мұқатаев архив саласын сандық форматқа көшіру бұл зерттеушілер үшін де, архив қызметкерлері үшін де тиімді екенін атап көрсетіп, алдағы уақытта архив құжаттарын қағаз жүзінде ғана емес, сонымен қатар сандық форматта да қызмет көрсетуге бар күш-жігерін салатындығын айтты. Қағаз құжаттарды сандық форматқа айналдыру үшін арнайы жарақтандырылған 3D үлгідегі сканер аппараттары қажет. Орталық мемлекеттік архив мекемесінде бұл үлгідегі аппараттар саны мардымсыз. Осыған  қарамастан архив мамандары  құжаттарды цифрлау жұмысын жалғастыруда. Революцияға дейінгі кезеңдегі құнды құжаттар сандық форматқа көшірілуде. 2018 жылдың басында тәжірибе алмасу іссапарымен Түркияның Стамбұл қаласында орналасқан Станбұл университетіне барып, аталмыш университеттің орталық кітапханасымен егжей-тегжейлі танысып қайтқан болатынмын. 1924 жылдан бері жұмыс жасап келе жатқан бұл кітапхана 250 мыңнан астам кітап қорын, 18 мыңнан асатын қолжазба қорын тұрақты сақтап келеді. Оқырмандарға және зерттеушілерге қызмет көрсету сапасы оңай әрі жылдам ұйымдастырылған. Компьютер арқылы қалаған кітабыңызға тапсырыс беріп оқу залына өтесіз, орныңызға отырып боламын дегенше тапсырысыңыз алдыңызға келіп тұрады. Бұл кітапхананың үлкен артықшылығының бірі – ол мүгедектерге, олардың ішінде көру мүмкіндігі төмен немесе мүлдем көре алмайтын оқырмандар кітапханада сақталынатын кітаптардың 50 пайызынан астамының аудиолық нұсқасын тыңдап, білімін жетілдіре алуында. Ол үшін арнайы дыбыс өткізбейтін кабиналар жасалынып, тыныштыққа барынша көңіл бөлінген. Кабиналар компьютерлермен жабдықталып, барлық аудио кітаптар жанры бойынша жинақталған. Көру мүмкіншілігі төмен оқырман алдында тұрған компьютермен өз еркімен жұмыс жасай алмайтындықтан, ондай оқырмандарға арнайы мамандар қызмет көрсетеді. Сондай-ақ, аудио кітаптарды жазатын заманауи техникалар, кітапханада тұрақты қызмет жасайтын мамандар және арнайы бөлім жұмыс атқарып келеді екен. Алдағы уақытта Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивінің өзіндік ішкі қалыптасқан тәжірибесі, алдыңғы қатарлы дамыған мемлекеттердің сандық форматқа көшу жолында жасаған тәжірбиелеріне сүйене отырып, цифрландыру саласында ең тиімді әрі жылдам әдісті ұйымдастыру жолында бар жігерімізді жұмсаймыз.  

Б.Омаров,

ҚР Орталық мемлекеттік

архивінің қызметкері