«ЖЫР АРҚАУЫ – АСТАНА»

«ЖЫР АРҚАУЫ – АСТАНА»

«ЖЫР АРҚАУЫ – АСТАНА»
ашық дереккөзі
Астана қаласының 20 жылдығына орай «Жыр арқауы – Астана» атты Халықаралық ақындар айтысы өтпек. Айтыс – қазақ руханиятының алтын қазынасы, мәдени мұрасы. Ғасырдан ғасырға, атадан балаға және заманнан заманға ұласып келе жатқан асыл мұра айтыс өнері – өз бойына өнердің бірнеше түрін қамтыған жанр ретінде жас ақын-жыршылардың тәжірибе мектебі, халқымызды иісі қазақ екенін бүкіл әлемге танытатын биік шыңы. Осы киелі мұраны кеңінен насихаттап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу, талантты жастарымызды өнердің кәусар бұлағынан нәр алғызып, шеберлігін шыңдауға ықпал ету мақсатында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі аталған жыр додасын ұйымдастыруда. Баспасөз конференциясында сөз алған Арыстанбек Мұхамедиұлы: «Біз үлкен елеулі оқиғаның алдында тұрмыз. Неге десеңіздер, Астана қаласының 20 жылдық мерейтойы аясында кең ауқымды халықаралық ақындар айтысын өткізгелі отырмыз. Айтыс – төл өнеріміздің негізі. Айтысқа қашан да өте мұқият болуымыз керек, себебі әр шыққан сөз адамның жүрегіне жылу, кейде тікен болып қадалады», ‒ деп атап өтті. Халқаралық сипат алған жыр бәйгесіне Қытай Халық республикасынан Ұларбек Минатхан, Жәмиға Дәулетқызы, Моңғолиядан Айдос Рашат, Аманжол Қуантқан, Қырғыз Республикасынан Мундузбек Усупбек Уулу, Асылбек  Маратов сынды шетелдік саңлақ ақындар мен республикамыздың облыстық және республикалық айтыстардың жеңімпаздары:  Ринат Заитов, Еркебұлан Қайназаров, Серік Қойшығұлов, Біржан Байтуов, Мұхтар  Ниязов және т.б. еліміздің белгілі айтыскерлері қатысады. Айтыс 20-21 қазанда Астанадағы «Қазақстан» орталық концерт залында өтеді. Бас жүлде 5 миллион теңгені құрамақ. Аталған жыр додасының басты ерекшелігі айтысқа төрелік ететін қазылар алқасының құрамында шетелдің мамандар бой көрсетеді. Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман, филология ғылымдарының докторы, профессор Дихан Қамзабекұлы, сондай-ақ, Түркияның Мимар Синан көркем өнер университетінің профессоры Абдулахап Қара, Моңғолияның белгілі жазушысы Шынай Рахметұлы айтыс ақындарының өнерін бағалайтын болады.