«АРМАН. ПЕРІШТЕЛЕР ҰЙЫҚТАҒАНДА» – АҚШ ЭКРАНЫНДА

Қазақстандық фильмдер мұхит асып, көрермен назарына­ ұсынылып жатыр. Режиссер Рашид Сүлейменовтің «Арман. Періштелер ұйықтағанда» фильмі АҚШ-та көрсетілді. Еліміздің киноэкрандарында көрсетіліп, халықтан лайықты бағасын алған бұл туынды америкалық көрермендердің де көңілінен шықты. Басты рөлдерді танымал әнші Қайрат Нұртас пен кәсіби актриса Жұлдыз Әбдікәрімова сомдаған кинотуынды қоғамдағы өзекті мәселелерді қозғаған-ды. Фильмдегі ғашықтардың қиын тағдыры көрермендерді баурап алды.

Киноны көрген жергілікті тұр­ғындар «Фильм өте жақсы түсірілген. Актерлар да өз кей­іп­­керлерін жақсы сомдады. Фильмдегі оқиғалар бүгінгі күнде қоғамда болып жатқан әділетсіздіктерді көрсеткен» деген пікірде. Фильмнің бас продюсері Гүлзира Айдарбекова: «Халық өте құрметпен қарсы алды. Бұл киноның адамға берері көп деп ойлаймын. Өйткені мұнда әділетсіздік, жемқорлық және де соттағы кемшіліктер көрсетілген. Бұл айтылмайтын және айтуға болмайтын мәселелер жайлы түсірілген кино», – деп «Арман. Періштелер ұйықтағанданың» шетелдегі көрсетіліміне ризалығын білдірді.

Аталған фильм қазан айының соңында өтетін Азия кинофестиваліне шақырту алды.

Back to top button