«НАҒЫЗ МЕНІҢ АҚТОҚТЫМ»
«НАҒЫЗ МЕНІҢ АҚТОҚТЫМ»
Қазақ әдебиетінің классигі Ғабит Мүсіреповтің осындай батасын алған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Райхан Қалиолдинамен сырласу.
– Кей-кейде өткенді сағым-сағынышқа айналды деп жатамыз. Меніңше, сағым емес, сол бір қимас та ұмытылмас кезеңдер жылдар өткен сайын мазмұнданып, құндылығы да күшейіп, бағасы арта түсетін секілді, – деп актриса сонау өткен күндердің әдемі бір кездерін көгілдір аспаннан іздегендей жанарын көкжиекке қадай түсті. – Өз басым өткенім үнемі өзіммен бірге жүргендей жақсы бір күй кешемін...
Жаратылысынан ашық-жарқын, өз ойы мен көзқарасын жасқанбай жеткізе алатын қасиетін аңғартқан Райхан Нәбиолдақызымен әңгімеміз де осылай емен-жарқын басталып кетті. Қала ортасындағы 28 панфиловшылар саябағы әдеттегіндей ығы-жығы жүргіншілерге толы. Әсіресе, топ-топ студент-жастар. Абай атындағы мемлекеттік педагогикалық университетінің студенттері болуы керек, бір топ жас актрисаны танып, амандасып, суретке түсіп жатты. – Бұдан бұрын да танымал едім, енді газеттің арқасында бүгін тіпті «популярный» болып кеттім ғой, – деп жарқырай күлген Райхан әңгіме тізгінін тағы да өзі алды.
– Ақсу ауданы, қазақ әдебиетіне Ілияс Жансүгіровтей талантты қаламгерді сыйлаған қасиетті өңір менің де туған өлкем. Аудан орталығындағы орта мектептің түлегімін. Неге екенін қайдам, ата-анам мұғалім бола тұра, мені орыс мектебіне беріпті. Әрине, сол кездегі қоғамның қалыптасуына байланысты болар. Кеңестік кезеңде орыстілділердің ғана жолдары болғыш еді ғой, білім-ғалым да соны талап еткен шығар. Сабақты жақсы оқыдым, орыс мектебі деген аты ғана, әйтпесе, үйдегі тәлім-тәрбие таза ана тілінде. Мектеп қабырғасында жүріп өнерге, ән-күйге еліктемеген оқушы жоқтың қасы. Мен де ән жырға әуестеніп өстім, көркемөнерпаздар үйірмесінің белді мүшесі болдым. Біздің бала, оқушы шағымызда ел арасынан дарынды балаларды іздейтін байқаулар көп болатын-ды. «А ну-ка, девочки», «Алло, мы ищим таланты» деген сынды мәскеулік байқауларды қызыға бақылап жүретінмін. Ол заманда танымал актер-актрисалардың суреттері бейнеленген ашық хаттар көптеп шығады. Пошта арқылы жаздырып алатынбыз, солар секілді танымал болғымыз келетін. Әдебиеттегі шығармалардан монологтар жаттайтынбыз. Бұл енді ғана бой түзей бастаған бойжеткен мен бозбалалардың басынан өтетін жағдай. Мен де өнерге құмартып өстім. Мәскеуден шығатын «Советский экран», «Юность» сынды жастарға арналған әдеби-көркем суретті журналдар, Қазақстанда қазақ-орыс тілдерінде шығатын «Новый фильм» – «Жаңа фильм» журналдарын жаздырып алып оқимын. Бірде денешынықтыру сабағында, спортзалда аяқ киімімді орап тұрып, бір газет қиындысынан «Театр көркем-сурет институты талапкерлер қабылдайды» деген хабарландыруды көріп қалдым. Көңіл нілдей бұзылды. Арман қала – Алматы жайлы қиялданып, күндіз-түні ойдан шықпайтын жағдайға жеттім.
Сөйтіп жүріп мектеппен қоштасатын сәт те келді. Әке-шешем Халық шаруашылығы инситутына, бухгалтерлік оқуға барасың дейді. Ал менің ойым мүлдем басқа. Әртіс дегеннен ол кезде бәрі ат-тонын ала қашатын. Біздің халықтың менталитетіне сіңбегендіктен болар, әйтеуір әртістің оқуы дегенге қарсылық білдіріп жатушы еді. «Бармайсың» деуге менің көңіліме қарайды. Сонымен, Алматы қайдасың деп тартып отырдық. Қаланы жөнді білмейміз, әкемнің Остепенко деген таныс орыс отбасы болған, сол үйге келдік. Жақсы адамдар болып шықты. Өз үйіміз сынды кіріп-шығып жүре беретінбіз. Ауылдан келгендердің көбі осы үйге түсетін. Әйелі де, өзі де қонақжай, қарапайым кісілер екен.
– Алматыға жеттіңіз, Алатауды көрдіңіз. «Қыздың жолы – жіңішке» десек те, қазақ қыздарының тосын шешім қабылдайтын кезі көп...
– Театр көркем-сурет институтын іздеймін ғой баяғы. Басқа жоғары оқу орындарынан ерекшелігі – шығармашылық байқаулары бар, қосымша емтихандар тапсыру қажет болғандықтан, бұл институтта талапкерлер қабылдау мерзімі ертерек басталады екен. Онысы ата-анама да ұнаған секілді. Қабылданбай қалсам, халық шаруашылығы институтына құжаттар тапсыруға да мүмкіндік бар. «Өзінің бағынан көрер дедік» дейді кейін. Құжаттарымды қабылдап алған Татьяна Қасымқызы Наурызбаева анасы орыс, әкесі қазақ болса да, орыстілді екен. Бірнеше сұрақтарға жауап бергеннен кейін: «Көзіңде отың бар екен! Казак бөліміне дайындалып кел!» деді қазақша «ң» әрпіне тілі сынбай. Сөйтті де, үсті-басымды көзімен шолып өтіп: «Бірак ана аягындагыны шешіп кел», – деді. Ол кезде қыздар тізеге дейін келетін қысқа капрон шұлық киетін. Өзімше қалаға келіп, сәнді киінген түрім ғой.
Райхан риясыз күліп алды. Қосыла күлдік. Біздің де көз алдымыздан әппақ бантик, қызыл галстук таққан, гольфи киген оқушы дәурен тізбектеле жөнелді.
– Сонымен бірнеше турдан өтіп, қабылдау емтиханынан ең жоғары балл жинадым. Қуанышымда шек жоқ. Есік алдында емтихан нәтижесін күтіп тұрған ата-анама қарай құстай ұшайын. Менің оқуға қабылданғанымды жүгірісімнен, жүзімнен сезген әкем шешеме қарап: «Ал керек болса! Бухгалтерің!» деп күбір ете қалыпты. Студентпін. Жақсы ұстаздардың, қазақ өнерінің қазанында қайнаған зиялы қауымның алдынан бір-ақ шықтым. Бақыттан басым айналып, керемет күйдемін. Балалығым да, еркелігім де жоқ емес.
Ес білгеннен арман болған оқу орнының қабырғасында қазақ өнері мен мәдениетіне еңбегі сіңген талай марқасқалардан тәлім-тәрбие алдық. Олардың өнер жайлы лекция оқығандағы жан тебіреністері мен жүздеріндегі лапылдаған оттары әлі күнге көз алдымда. Жанып кететін-ді. Студенттер де өнерге одан сайын ынтығып, құмарта түсетін. Бүкіл болмысымды билеп алған өнерге деген ғашықтық лапылдап жүріп, студенттік жылдардың қалай өтіп кеткенін де байқамай қалдым. 1983 жылы Алматы мемлекеттік театр және сурет өнері институтының драма театры және кино актеры мамандығы бойынша Қазақстанның халық артистері, профессор Шолпан Жандарбекова, Тілектес Мейрамовтың, КСРО-ның және Қазақстанның халық артисі Асанәлі Әшімовтің шеберлік курсын үздік бітіріп шықтым. Соңғы курста диплом жұмысы кезінде Жастар театрынан актер, режиссер-педагог Р.Сейтіметов институтқа келіп, студенттер арасынан бірнеше қыз-жігітті таңдап алды. Сол кісінің арнайы шақыруымен Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер театрына бөліндік. Талғампаз, шыншыл Райымбек аға: «Райхан, қазір штатта орын жоқ, бірақ бір мүмкіндік бар. «Ақан сері-Ақтоқтыны» қайта сахналауға дайындық жүріп жатыр. Ақтоқты іздеп жатырмыз, сен Ақтоқтының монологын жаттап кел»,– деді. Соның алдында ғана бұл пьеса сахналанып, біраз кемшін жақтары үшін тоқтатылғанынан хабардар болатынмын. Соны Райымбек аға қолына алып жатса керек. Егер Ақтоқтыны шығара алсам, қабылданатын болдым. Өзімнің ұстазым, Әуезов атындағы академиялық театрда Ақтоқтыны тұңғыш ойнаған Шолпан апама бардым.
Алғаш құжаттар тапсырып жүрген кезімізде институттың дәлізінен мені көрген Ұлжан Қолдауова деген режиссер Шолпан апайға ертіп келді де: «Сізге Ақтоқтыңызды ертіп келдім»,– деп күлгені бар. Ол кезде мектепті орысша бітірген басым «Ақан сері-Ақтоқтыны» қайдан білейін?! Аузына Құдай салды ма, дуалы ауыздан шыққан сол сөз тағы да алдымнан шықты. Енді бір қадам жасасам ол пікірдің ақиқатқа айналары сөзсіз. Сонымен дайындық басталып кетті. Күндіз-түні монолог жаттау. Жаттап қана қоймай, оны өз бабында жеткізу, сахнадағы жүріс-тұрыс, яғни сахна мәдениеті... бар жанымды салуға тура келді. Педагог-ұстаздарым да демеп, ақыл-кеңестерін аямады. Оларға да өз студентінің бірден театрға қабылданғаны, қабылданып қана қоймай, өнер жолын классикадан бастауы, әрине, ол кезде түсіне қоймасам да, үлкен абырой, бедел екенін уақыт келе түйсіндім. Қуандым! Кеудемді мақтаныш кернейтін сәттері де жоқ емес. Режиссердің ұсынысынан кейін осылай дайындық басталды да кетті.
– Ол кез театрдың актерлар құрамы да мықты сияқты еді. Ылғи ығай мен сығай...
– Ой, несін айтасыз, бүкіл ғұмырын сахнаға арнаған өнердегі әкелеріміз Қасым Жәкібаев, Мұхтар Бақтыгереев, Мәлік Құланбаев, Досхан Жолжақсынов, Гүлжамал Қазақбаева, Ғазиза Әбдінәбиева тәрізді атақтары жер жарар мықты сахнагерлерді ел толық танып, дүрілдеп тұрған кездері. Осы кісілер қатысқан көркемдік кеңес мені тыңдауға жиналды. Бар жанымды салып, Ақтоқтының монологын орындап шықтым. Бәрі қолдады, ұнады. Осылай театр артистері құрамына қабылдандым. Осылай театрдағы алғашқы қадамым – «Ақан сері–Ақтоқтыдан», яғни Ақтоқтыдан басталды. Қандай қуаныш! Қандай бақыт! Өнерге келген, қасиетті сахнада жүрген кез келген актрисаның Ақтоқтыны армандамайтыны жоқ шығар. Ал менің маңдайыма тағдыр осындай көл-көсір бақытты жазыпты. Кез келген актер-актриса бірнеше кезеңнен өтіп барып, тәжірибе жинақтап барып қолы жететін осындай шоқтығы биік арман-образға оп-оңай ене салдым. Әй, оп-оңай болмады-ау. Сөздің сірағысы ғой, әшейін.
– Шығарма авторының өзі риза болып, бата бергенінен ептеп хабардар едік... Бұл көптің маңдайына бұйыра бермейтін сәттілік.
– Иә, ол ғұмырымдағы ең бақытты сәттердің бірі. Қандай шығарма сахналанса да, оны қойған режиссермен бірге авторы да міндетті түрде қатысатын. Тұсаукесері ғана емес, дайындық кездерінде де театрдан шықпаушы еді. Бұл, меніңше, өте жақсы үрдіс. Ал спектакль қойылатын күні алдыңғы қатарда игі жақсылар қатарласа, иықтіресе отырып тамашалайтын. Спектакльден кейінгі пікірталас қандай еді?! Қызылкеңірдек болып талқылайды, айтыс-тартысқа толы қызықты кештер... одан кейінгі тәтті шәй ішу!?
Мен өте бақытты жанмын, жап-жас күнімде, институт қабырғасынан шыға сала жоғарыда аттары аталған марқасқалардың ортасына түсіп қана қоймай, сол кісілермен сахналас болдым. Әсіресе, актердің бағын ашатын кейіпкері десек, сондай жаныңа жақын образды таңдап-талғап беретін режиссер екенін өнер адамдары жақсы біледі. Десек те, педагог-режиссер, ұстазым Райымбек аға Сейтіметов жайлы айтпай кету үлкен күнә болар еді. Жастар театрына поэтикалық жанрдағы спектакльдер енгізген де Райымбек аға, сонысымен театрымызға жаңа серпін, үрдіс енгізді. Актер-актрисалардың қабілет-қарымын, бейімін асқан аңғарымпаздықпен сезе білетін қасиетін кез келгеніміз әлі күнге жыр ғып айтып жүреміз. Тиянақты, ерекше талғампаз еді. Ол кісімен жұмыс істеу өте қиын әрі оңай болатын. Қиын болатыны дайындық барысындағы қаталдығы, оңай болатыны сенімен ерекше санасып, пікіріңді қолдайтыны.
Сонымен «Ақан сері- Ақтоқты» сахналанды. Көрерменнің де көңілінен шықса керек,оны әр қойылым сайын толасыз ағылған халықтан-ақ байқауға болар еді. Алғашқы қойылымынан соң дір-дір етіп сахна сыртында тұрғанбыз. Өзінің маңғаз, тәкаппар жүрісімен Ғабит Мүсірепов сахнаға көтеріліп келе жатыр екен, іле-шала сахна сыртында тұрған бізге бұрылды. Шыны керек, оған дейін таныс болмасам да, спектакльге дайындық барысында жазушы шығармаларының біразына көз жүгіртіп, оқып алғанмын. Жазушы тіке өзіме келе жатқанын байқап, тіпті мазам кетті. «Не дер екен?». Мінезді кісі деп естігенім тағы бар. Жо-оқ, жүзіне сәл-пәл күлкі жүгіріп, жымиды. Аузынан «Нағыз менің Ақтоқтым» деген сөз шыққанда жанарымды жас жуып кетті...
Бүгінде өзі де салиқалы ұстаз атанған актрисаның жанарына мөлтілдеп келіп қалған жасты көріп қатты толқыдым. Енді ше, қазақ сөз өнерінің киесін түсінген бірегей жазушыдан жылы сөз есту, бағалы бата алу дегеніңіз, жүрегі нәзік актриса түгілі қарапайым кісінің де жанын әдемі әуенге бөлейтін сәт емес пе?! Өнердің құдіреті, сөздің құдіреті деген осы шығар!!
– Содан сахнада он үш жыл, бір мүшел Ақтоқты болып жүрдім. Ақтоқты болып өмір сүрдім! Отыз бес жасыма дейін сомдадым. Сахнада жүргеннен кейін оның арасында қаншама рөлдер болады, бірақ дегенмен алғашқының аты алғашқы. Сағынамын! Ғұмырымның ең қымбат, қимас шақтары да сол кезең екенін сезінген сайын жүрегім елжіреп, сағына түсем! Сол бір асыл ағалар мен аналарымызды есіме алған сайын бойымды әдемі бір күй тербейді. Ғазиза апай: «Райхан, сен арманнан-шыңнан бастадың ғой, бақыттысың, актрисаның бақыты ғой ол» дегені бар-ды. Ақтоқтыдан кейін ұлы Абайдың 150 жылдығына арналып қойылған М.Әуезовтің «Желсіз түнде жарық ай» спектакліндегі Абайдың анасы Ұлжан бейнесі, Д.Исабековтың «Ескерткіш» операциясы» комедиясындағы–миссис Чарльтон, І.Жансүгіровтің «Исатай-Махамбет» тарихи драмасында – Фатима ханым, Е.Елубаевтың «Асар» атты балаларға арналған ертегісінде – Тауық, Э.Хушвақовтың «Сүйе білсең...» лирикалық комедиясында – Сандабану, В.Умардың «Мың бір түн» мюзиклында –Ана, С.Ахмадтың «Келіндер көтерілісінде» – Сатты, Б.Мұқайдың «Шындық детекторы» спектаклінде –Сәния, Ә.Таразидің «Жақсы кісі» трагикомедиясында – Балзия, Т.Теменовтың «Шығыс сазы» музыкалық хикаясында – Аспан қыз сынды талай кейіпкерлерім көрермен қауымнан жақсы бағасын алып жатты.
– Театр – асқар тау болса, кино – Көктөбе ғой. Әрқайсының өз орны, өз міндеті бар. Қазақ киносында да із қалдырған жансыз...
– Ойлап отырсам, өмірімде Ақан деген есімнің орны ерекше болған екен. Сахнадағы ғұмырым – «Ақан сері-Ақтоқтыдан» басталса, кино өнеріндегі тұңғышым режиссер Ақан Сатаевтың «Рэкетир» фильміндегі Анасынан басталды. Еліміздің тәуелсіздігімен бірге өмірімізге енген телесериалдар да өз кезегінде көрерменнің көзқуанышына айналған туындылармен толықты. «Ана жүрегі» көркем фильміндегі – Сәуле, «31» арна ұсынған «Базарбаевтар отбасы» телехикаясындағы Айғаным бейнесі де көпшілік көңілінен шықса керек.
– Өнеріңізді, сомдаған бейнелеріңізді көрермен ретінде жақсы білеміз, көріп те жүрміз. Ал қазақ әйелінің басты тірегі – отбасы емес пе?!
– Өкінішке қарай, соңғы бес-алты жыл мен үшін өте ауыр кезеңге айналды. Барлық спектаклімді өзімнен артық күтіп жүріп тамашалайтын, өнер десе ішкен асын жерге қоятын қосағым Рүстемді мәңгілік сапарға шығарып салдым... Өмір бар жерде қазаның да қоса жүретінін мойындасақ та, жан жарыңнан, ұзақ жылдар жұбайлық ғұмырдың ащы-тұщысын, қызық-қиындығын бірге көріп, қол ұстасып бірге жүрген еріңнен ойда-жоқта айырылып қалу, кім-кімге болса да оңай емес. Рүстем ерекше жаратылған жан еді. Отыз жылға таяу тірлігімізде бірде-бір рет жүрек ауыртатындай көңіліме тиген жері болмапты. Ата-бабаларымыз айтқандай «орнында бар оңалар», артында ұрпағы қалды. Қызымыз Аида мен ұлымыз Аяттың отбасында өзі көре алмай кеткен немерелері өсіп келеді. Алды студент. Осы бір қызық-жақсылықтарды көруге тиіс еді, амал жоқ, жазмыштан озмыш жоқ!..
Келісті кең маңдайдағы қияқтай қара қастарының астындағы мойылдай жанарына тағы да мөлтілдеп жас толып кеткен актрисаның жан жарасын абайсыз тырнап алғандай болып... ыңғайсызданып қалдық. Үнсіздікті торғайлардың үні бұзды. Олар келіп қонақтаған үйеңкі жапырақтары сарыала күздің хабаршысындай біртіндеп біздің иығымызға қонақтап жатты. Елең ете қалдым. Жаны нәзік актриса емес пе, табиғаттың осы бір қоңыр лебі ескен қоңыр күзі жайлы әдемі бір әуенді ыңылдай жөнелген еді...
Сырласқан Таңсұлу Алдабергенқызы