Светлана Кан: Жеңістің құдыретін көк туды көтергенде сездім

Светлана Кан: Жеңістің құдыретін көк туды көтергенде сездім

Светлана Кан: Жеңістің құдыретін көк туды көтергенде сездім
ашық дереккөзі
Спортта бақ сынап, белгілі бір нәтижеге қол жеткізіп жүрген қыз-келіншектер аз емес. Соның бірі – Светлана Кан. Ол мамыр айында Ұланбатырда таэквондодан өткен Әлем чемпионатында үш дүркін чемпион атанып, бір сәтте үш алтынды қанжығасына байласа, тамыз айында Минскіде өткен байрақты бәсекеде де топ жарып, алтын медальға ие болды. Біз спортты қоғамдық жұмыс және отбасымен қатар алып жүрген Светлана Канды құттықтауға асықтық. – Светлана, биыл екі айтулы спорт сайысында чемпион атанып, жанкүйерлеріңізді бір серпілтіп тастадыңыз. Біздің тарапымыздан да құттықтауды қабыл алыңыз... – Көп рахмет! Менің жетістігіме қуанып жатқан жандарға алғыстан басқа айтарым жоқ. Бұл күнді ұзақ күттім. Өмірін спортқа арнаған адам үшін жеңіске жету – үлкен бақыт. Таэквондодан ITF бойынша әлем чемпионаты Белоруссияда 20-29 тамыз аралығында өтті. Оған шамамен 70 шақты мемлекеттен 800-дей спортшы қатысты. Бәрі майталман спортшылар. Ішінде осалы жоқ. Солардың ішінен қара үзіп шығу үшін барымды салдым. Осы әлем чемпионатына қатысқан спортшылардың бәрі жеңісін таяуда ғана қыршынынан қиылған жас спортшы Денис Теннің құрметіне арнады. – Ал спортқа қалай келдіңіз? Білуімше, кішкентай Светлана таэквондомен ата-анасына білдірмей айналысқан көрінеді. Рас па? – Бала кезімде ерке өскен тентектеу қыз болдым. Мектепке бара жатып қаншама баламен соқтығысып қалатын едім. 2-сыныпта оқып жүргенде отбасым Талдықорған облысындағы қызылша совхозынан Алматыға көшті. Содан кейін дзюдоға жазылдым, себебі оған қатысқан оқушы дене шынықтыру сабағынан босатылатын. Жарты жылдан кейін жарысқа қатысып, 2-орын алдым. Ата-анам алғашқы кезде спортпен айналысуыма қарсы болған жоқ. Уақыт өте келе дене бітімім өзгере бастағанын сезді ме, оның үстіне ауыр соққыдан көгеріп жүргенімді көріп «Бұл қыз балаға арналған спорт емес» деп кесіп айтты. Бірақ ата-анамды алдауға амалсыз мәжбүр болдым. Аэробикаға қатысып жүрмін деп, өзім таэквондоға жазылдым. Шынашақтай ғана қыз болсам да, егер дзюдоға барсам, дене бітімім еркектікіне ұқсап кететінін білдім. Сөйтіп жүргенде ағам Кореядан келген мықты жаттықтырушы кісіні нұсқады. Оның үстіне таэквондо ата-бабамның ежелден айналысқан дәстүрлі күрес өнері ғой деп сол топқа түсуге тырыстым. Алайда жаттықтырушы таза кәріс тілінде сөйлегендіктен бір-бірімізді түсіне алмай, ақылы топқа ауысып кеткенім бар. – Содан кейін жарыстарға жол ашылды ма? – Бұл топта ұл балалармен бірге жаттықтым. Ал мен үшін қарсыласым кім, салмағы қанша екені бәрібір болды. 1992 жылы Пхеньянда әлем чемпионатына қатысуға мүмкіндік туып, жаттықтырушы мені ұсынды. Бірақ бұл жарыс жоғары оқу орнына құжат қабылдап, сынақ тапсыратын уақытқа дөп келгендіктен, ата-анам оған жібермей қойды. – Әрине, сіз тыңдамаған сияқтысыз ғой... – Сіз де қандай әрекетке барғанымды біліп отырған сияқтысыз ғой (күледі). Әлбетте, өзі бірбеткей, алған мақсатынан қайтпайтын қыз қандай шешімді құп көрер еді?! Сол күні ата-анама жарысқа баратыным жайлы хат жазып, үстелдің үстіне қойып кеттім. Екеуі оқып, кішкене жібігендей болды. Содан кейін жаттықтырушы әкеммен сөйлесіп, көндіріпті. Содан не керек, әлгі сайыста алғашқы ондыққа ендім. Мұның өзін үлкен жетістікке баладым. Есесіне, білімді кештеу алдым. Халықаралық туризм академиясын бітірдім. Алайда ұстазым белдікке ие болу аздық ететінін және бұл спортпен өмір бойы айналыспайтынымды ескертті. Яғни, бұдан да басқа мақсатқа қол созуыма қанат бітірді. Осылайша, Спорт және туризм академиясынан таэквондо кафедрасын ашуға, дәлірегінде олимпиадалық таэквондоны дамытуға кеңес беріп, жол нұсқады. Әу баста бұл орындалмас армандай көрініп еді, нәтижесінде бәрі ойдағыдай болды. 1996 жылы Күрес өнері және жекпе-жек кафедрасы ашылды. – Таэквондоның өзі олимпиадалық және дәстүрлі болып екіге бөлінеді екен. Айырмашылығы неде? – Өз басыма жақыны – дәстүрлі таэквондо. Себебі мұнымен менің ата-бабам айналысты. Олимпиадалық таэквондо (WTF) кейіннен келген. Бұл нағыз спорттық сайысқа арналған десем болады. Өзім олимпиадалық таэквондо, яғни WTF бойынша халықаралық нұсқаушымын. Орталық Азия бойынша 7 дан қара белдігінің жалғыз иегерімін. Десем де, жақында дәстүрлі таэквондадан (ITF) жеңіске жеттім. Бұл спорт бойынша 6 дан қара белдігіне қол жеткіздім. Қысқасы, маған мұның екеуі де жат емес. Спортқа деген қызығушылығымды арттырған дзюдо да, таэквондо да бір-біріне ұқсас. Тек дзюдо күшті көбірек талап етеді. Ал салауатты өмір салтын ұстану үшін жаңа бағыт – таэквонробиканы ойлап тапқанымды айта кетсем деймін. Яғни, би қимылы мен таэквондо элементін қосып, микс жасадым. Жалпы, спорттық дайындықтың жаңа әдістерін дамыту жайында 30-дан астам мақалам жарық көрді. – Ұланбатыр қаласында өткен Әлем чемпионатында сіз бағындырған шың ел спорты тарихында бұрын-соңды болған емес. Сол кездегі әсеріңіз қалай болды? Араға 20 жыл салып осындай айтулы бәсекеге қатысуға жүрексінбедіңіз бе? – 2018 жыл өміріме жарқын шақтар, сәулелі сәттер сыйлады. Мамыр айында Ұланбатырда өткен чемпионатта абсолютті чемпион атанып, үш дүркін алтын медальді қанжығаға байладым. Дұрыс айтасыз, елімізде таэквондо спортының тарихында мұндай жетістік болған емес. Яғни, Орталық Азия бойынша «арнайы техника», «спарринг», «күш көрсету» секілді үш аталымда да алтын медаль алған алғашқы спортшы ретінде бақыттымын. ІХ Әлем чемпионатына әлемнің 20 елінен 40 жастан асқан білікті, арнайы титулы бар спортшылар қатысты. Бәрінің дайындығы мықты болды. Әрине, бұл спортта Моңғолия спортшылары әу бастан көш алдында. Жиналған жұрт та, тілші қауымы да алдын ала моңғолдықтардан сұхбат алып жатты. Оның үстіне жарыс сол елде өтіп жатқаны тағы бар. Сөйтіп, аяқасты абсолютті чемпион болғаныма таңқалысты бәрі. Қазақстаннан келген спортшылар мұндай нәтижеге қол жеткізеді деп ойламаса керек. Жеңістің тәтті дәмін еліміздің көк туын биік мінберге шығарып, көкке көтергенде сездім. Сол сәтте оған дейінгі уайымның бірі де қалмады. Керісінше бойыма ерекше күш пен жігер құйылғандай әсерде болдым. – Қазір жеке кәсібіңіз де бар. Мұнымен қоса, қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүресіз. Бәріне уақытты қайдан табасыз? – Өмір адамға бір-ақ рет беріледі. Мұны бәріміз білеміз. Сондықтан кез келген адам алдына мақсат қойса, соған жеткенше тырбанып, еңбектенеді. Бірде сүрінеді, бірде құлайды. Бірақ соған қарамастан орнынан тұрып, тағы да алға ұмтылады. Қазір жасым – 46-да. Жаңа сіз араға 20 жыл салып Әлем чемпионатына қатысқанымды айтып қалдыңыз ғой, осы уақыт аралығында талай іске мұрындық болып, талай шаруа атқардым дей аламын. Өзімнің кәсібім бар. Оңтүстік Корея бойынша бизнес пен біліммен айналысатын «Korean Medical Travel» компаниясының Қазақстандағы директорымын. Медициналық туризммен айналысатын компания бүгінде Оңтүстік Кореяның танымал 70-тен астам клиникасымен келісім-шартқа қол қойды. Сол арқылы ауыр дертке шалдыққан науқастарға тегін емделуге квота беріледі. Біз Қазақстандағы Корей қауымдастығының қоластында жұмыс істейміз. Қауымдастықтың президиум мүшесімін. Сонда спорт бөлімін басқарамын. Одан бөлек Кореяны бейбіт түрде біріктіру жөніндегі комитеттің құрамына кірдім. Қауымдастықтағы қоғамдық жұмысым – спортпен айналысқысы келетіндерге кеңес беру, спортқа келіп жатқан жастарға жол көрсету. – Сіздің еңбек жолыңыздағы жетістіктер кім-кімге де үлгі боларлықтай екен. Ал педагогика ғылымдарының кандидаты екеніңізді білгенде бұл құрметім еселене түскендей... – Меніңше, бәрі талап пен еңбекте. Білгір ұстазым айтқандай, өмірде бір ғана спорттың айналасында қалып қоюға болмайды. Сол себептен мүмкіндігімнің барында барынша оқып, үйреніп қалуға тырыстым. 1997 жылы Спорт және туризм академиясында Күрес өнері және жекпе-жек кафедрасын басқара жүріп, кандидаттық диссертациямды қорғап, Phd докторы атандым. Бұған қоса Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты ғылыми-тәжірибелік орталықта жұмыс істедім. Мұның бәрі болашақта қоғамдық жұмыстарға белсене араласуға, кәсібімді өрге домалатуға септігін тигізді. Қазір «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына қарасты Алматыдағы іскер әйелдер қауымдастығының мүшесімін. Біз Алматы қаласы әкімшілігімен бірлесіп, тұрмыстық зорлық-зомбылықтан жапа шеккен әйелдер мен балаларға көмек көрсетуге байланысты арнайы жоба ұйымдастыруға кірістік. Көмекке мұқтаж, адамның жылы сөзіне зәру жандарға физикалық қана емес, психологиялық тұрғыдан қолұшын созуға дайынбыз. – Екі балаңыз да спортқа жақын ба? Балаларыңыздың әкесі ше? – Күйеуім Оңтүстік Кореяда туған. Білікті аспаз ретінде Алматы қаласында өзінің мейрамханасын ашыпты. Сол мейрамхананың қызмет көрсету сапасына ренжіп, басшысына шағым түсірдім. Біздің таныстығымыз да сол күннен басталды. Ол менің таңдауыма қарсы болған жоқ. Спортты сүйетінімді құп көрді. Алайда әлі күнге тіл жағынан кедергі бар. Кәріс ұлтының салт-дәстүрін жіті ұстанады. Жалпы, кәріс халқы үлкенді сыйлау, құрмет көрсету дегенді бала кезден бойға сіңіреді. Әкесі балаларын осы халықтық дәстүрден аттап кетпеуге күш салды. Бұл тәрбиенің дәл қазіргі уақытта пайдасы көп. Бүгінде ұлым ер жетіп, қызым бой жетті. Ұлым Артур Кореяда бизнесті әкімшіліктендіру институтын бітірді. Спортта өз жетістігі бар. Дзюдодан қара белдіктің иегері. Әу баста «қара белдік алғаннан кейін, не істесең өзің біл!» деп айтқан едім. Қазір белдігі шкафта ілулі тұр. Қызым Юна да спорттан алыс емес. Музыкаға да әуестігі бар. Ол каягым аспабында өте жақсы ойнайды. Қазір Алматыда өтетін кәріс мейрамдарының бірде бірі қызымның қатысуынсыз өтпейді. Сындарлы сәтте маған көмектесетін жандар – осылар. Әкем, күйеуім, балаларым жаныма не керегін жақсы түсінеді. Әсіресе, әлем чемпионатына дайындық кезінде бір жылға дейін артық ештеңе ойламадым. Бар ойым – жеңіске жету. Салмақ қуып, 8 келі тастауға тура келді. Мұндай сәтте отбасыма да қарауға мұрша болмады. Ал осының бәріне түсіністікпен қараған жақындарыма алғыстан басқа айтарым жоқ. – Ал Еуроодақтың ережесіз жекпе-жек бойынша бас хатшысы болуды армандап па едіңіз, әлде... –  Жалпы, маман ретінде бір сәтте бірнеше жұмысты атқаруға қауқарым да, мүмкіндігім де жетеді. Кезінде Күрес өнері және жекпе-жек кафедрасының меңгерушісі болғанда спортшыларымыздың Кореяда өтетін әлем чемпионаттарына қатысуына мүмкіндік жасадым. Талай спортшы үмітті ақтап, жетістікпен оралды. Сондай қауырт жұмыстарды атқара жүріп, Еуроодақтың ережесіз жекпе-жек (хапкидо) спорты бойынша бас хатшысы қызметіне тағайындалдым. Бір айта кетерлігі, Барак Обама АҚШ президенті болып тұрғанда халықаралық спортты дамытуға үлес қосқаным үшін алғыс хатпен марапаттады. Оны президент хатшылығы Лос-Анджелес қаласына арнайы шақырып, табыс етті. Алайда ережесіз жекпе-жекпен айналыспасам да, өзім ерекше жақсы көрген дзюдо, каратэ, таэквондода ережесіз жекпе-жектің элементтері бар. – «Спорт – өмір макеті» депсіз. Шынымен, солай ма? – Спорт жеңіс пен жеңілістен тұрады. Өмірде де солай. Кейде қалағаныңдай бола бермейді. Ал алдыңа мақсат қойдың ба, соған жеткенше тырысып, соңына дейін жету керек. Осы жағынан келгенде спорт көп нәрседе көмекші бола білді. Тәуекелшіл болу да – спорттан келген қасиет. – Әңгімеңізге рахмет! Табыстан табысқа жете беріңіз!  

Әңгімелескен Динара Мыңжасарқызы