Ардагерді сыйласаң – ісің алға басады

Ардагерді сыйласаң – ісің алға басады

Ардагерді сыйласаң – ісің алға басады
ашық дереккөзі
Соғыс ардагерлеріне арналған Алматы қалалық ауруханасы 33 мыңнан аса адамға ем-дом көрсетіп келеді. Олардың 16,5 мыңы – соғыс ардагерлері. Семей полигонынан зардап шеккендер мен экологиялық түрлі ауруларға душар болған жандар да осы ауруханаға тіркеулі. Сондай-ақ, мекеме 139 босқынға да медициналық қызмет көрсетеді. Жалпы, ауруханада 16 мың дәрігер жұмыс істейді. Аурухана бұрын тек соғыс ардагерлеріне қызмет көрсетіп келсе, қазір Алмалы ауданы аумағындағы 17 мың тұрғын да осы ауруханаға тіркелген. Бұл аурухананың бір ерекшелігі – қызметтің көбіне қарт кісілерге көрсетілуі. Осы мақсатта, ардагерлерге арналған аурухананың ерекшелігімен танысу үшін Соғыс ардагерлеріне арналған қалалық аурухананың басшысы Рая Мұхамадиевамен тілдесіп қайтқан едік. Аурухана туралы жалпы мәлімет бере кетсеңіз... – Басшылыққа келмей тұрып, осы мекемеде 16 жыл басшының орынбасары болып жұмыс істедім. Сондықтан аурухананың барлық қыр-сырымен таныспын. Біздің аурухана дәрігерлермен 94 пайыз қамтылған. Жетіспеген дәрігерлерді келісімшартқа отыру арқылы басқа мекемелерден шақыртамыз. Жалпы, аурухана 1989 жылы ашылған, ал 2017 жылдан бастап балаларды емдеуге лицензия алды. – Жас мамандардың жұмысқа тартылуы көңіл көншіте ме? Білімі мен біліктілігіне қандай баға бере аласыз? – Тәжірибе жағынан кішкене ақсап келеді жастар. Барлығымыз жас болып келдік, жүре келе үйрендік, тәжірибе жинадық. Жұмысқа тартылуы жағына келсек, қазір категория әр бес жыл сайын берілетіні белгілі, ал жалақы санатқа қарай төленеді. Сондықтан жастар бастапқы берілетін жалақының аздығына қарап, жұмысқа кіргісі келмей жатады. Ынталандыру жалақысы бар, ол алты индикатор бойынша есептеліп төленеді. Бірақ оны белгілі бір ғана саланың мамандары, мысалы эндокринолог, лор, окулист сияқты дәрігерлер ала алмайды. Ал олардың санаты жоқ болса, айлығы тіпті аз болады. Сол жағы қиын. – Медицина қызметінде орын алған өзгерістер жайлы әңгіме көп. Маманның пікірін білсек... – Қазір барлығы электронды қағаз айналымына көшті. Кезінде барлығы емделушінің жеке парағына жазылса, енді компьютерге дәл сол күні, сол сәтте, сол сағатта жазылуы тиіс. Дәрігерлердің бірінші кезекте емделушіге емес, компьютерге телміріп отыруы осы себептен. «Damumed» мобильді қосымшасы шықты. Ауырған адам осы қосымша арқылы үйінде отырып, дәрігер қабылдауына жазыла алады не оны үйіне шақырта алады. Сіз өтініш бергеннен кейін, ауруханада отырған тіркеушілер тіркеп, интернет арқылы дәрігерге белгі жібереді. Дәрігер хабарламаны ашып, жазып алады да, мекен-жай бойынша қарауға шығады. Келгеннен кейін есебін компьютерге енгізеді. Бізге қарайтын аймақ өте көлемді болмаса да, аздап қиналып, әйтеуір үлгеріп істеп жатырмыз. Ал бізден де үлкен Алатау, Наурызбай сынды аудандар туралы айта алмаймын. Осы бойынша күнделікті есеп тапсыру жиналысы өткізіліп, дәрігерлердің қызметі тексеріледі. – Халықтың аталмыш қосымшаны қа­был­дауы қалай, әсіресе, сіздерге тіркелген қарт адамдар түсіне ме оны? – Жалпы, бұл қосымша 20 жастан 60 жасқа дейінгі азаматтарға арналған. Біздің ауруханада осы жастағы тұрғындар саны 20 мыңдай. Барлығының телефонына қосымшаны жазып береміз. Үш күннен кейін оларға код келеді, ал кейбіреулер оны аша алмай, түсінбей қиналып жатады. Енді-енді бастау алғасын ба, бізге де, тұрғындарға да қиын болуда. – «Damumed»-ті қазір жұрттың көбі дұрыс түсініп, пайдаланып жатқан жоқ сияқты. Ал алдағы 1-2 жылда тұрғындардың барлығы осы қосымшаны үйреніп алып, жаппай пайдалана бастауы мүмкін. Ауруханалар мен дәрігерлер осыған дайын ба? – Ол жағы енді белгісіздеу. Жетеміз бе, жетпейміз бе оған? Бұрын бір дәрігерге бір медбикеден болатын. Қазір жалпы тәжірибе дәрігері деген тіркес бар. Ол дегеніміз – егде жастағы, орта жастағы адаммен қатар кішкентай балаларды да қарай беретін дәрігер. Ал олардың қасында қазір үш медбике отырады. Дәрігер науқасты қабылдайды, ем жазып береді. Шақырту түскенде ең алдымен ауру белгілерінің ауыр-жеңілдігіне назар аударылады. Егер күнделікті ауру түрлері кездессе, оған дәрігердің оқуын оқып, қасында тәжірибе жинап жүрген медбикелер бара береді. – Дәрігерге қаралу үшін бір, екі, кейде үш ай алдын ала талон алып, кезекке тұру мәселесіне байланысты не айта аласыз? Бұған себеп не? Дәл уақытында емделу үшін қарапайым адам үш айдан кейін де қай жері ауыратынын білуі керек деген сөз бе бұл? – Әр дәрігер күніне осынша ауруды қабылдау керек деген бекітілген талап бар. Мысалы, жалпы тәжірибе дәрігеріне 1500-1800 адам тіркеледі, ал одан артығын қабылдай алмайды. Терапевтерге 2200 адам, педиатрларға 800-900 бала бекітілуі керек. Ал бір ғана саланың дәрігерлеріне ауруханаға тіркелген адам саны бойынша бекітіледі. Бізге 30 мың адам тіркелді десек, осы 30 мың тұрғынға бір ғана кардиолог бекітілген. Сондықтан қазір барлығы ең алдымен терапевтің қабылдауында болуы керек. Терапевт қажет болған жағдайда кардиологқа не болмаса, басқасына жібереді. Өзінің қолынан келсе, өзі-ақ ем жазып береді. Ал егер күдіктеніп тұрса, сізді міндетті түрде қажетті дәрігердің қабылдауына жібереді. Науқастың жағдайы тым мүшкіл болса, онда емнің барлығы еш кезексіз, шұғыл түрде жасалады. Мысалы, терапевке келді науқас, ЭКГ-ға түсті делік, егер инфаркт байқалса, кардиологқа шұғыл аттандырады. Көп аурудың іштегі ағзаның ауытқуынан пайда болатынын ұмытпаған жөн. Бұрын осылай кардиологқа 40-50 адам жазылып алып, қаралатын. Ал қазір әр науқасты 15 минут қарайды, сонда шұғыл түрде келген науқастарды санамағанда күніне 25 адамды қабылдайды. Өз басым, қызметкерлерге әрқашан «үлкеннің, әсіресе, соғысқа қатысып келген кісілердің ақ батасын алыңдар, сонда өсіп-өнесіңдер» деймін. Әр науқасқа әртүрлі қараған қызметкерлерге ескертпелер де жасаймын. Ауруханадағы науқастың барлығы тең қарау керек деп есептеймін. Жұмысқа жастарды көбірек тарту керек. Өзім зейнет жасым келгенде, орнымды жас дәрігерлерге берсем деген ойдамын. – Әңгімеңізге рахмет!