Үш портреттің үйлесімі

Үш портреттің үйлесімі

Үш портреттің үйлесімі
ашық дереккөзі

Бейнелеу өнерінің бәсекесі

Осыдан тура жиырма бес жыл бұрын Атырау өңірінде зар заман поэзиясының тұлғалы өкілі Мұрат Мөңкеұлының туғанына 150 жыл толуына орай дүбірлі той өтті. Торқалы той қарсаңында Мұрат ақынның бейнесіне республикалық бәйге жарияланды. Қолы қалт еткенде қылқалам ұстайтын ауыл суретшісінен бастап, жалы күдірейген бейнелеу өнерінің профессорына дейін бәсекеге түсті де кетті. Бояудың бабын тауып, кейіпкердің түр-түсін қырық құбылта білетін қылқалам шеберлерін қинаған «Мұрат ақын қандай болған?» деген жалғыз-ақ сауал еді. Осыған орай жыр жүйрігі жөнінде жазылған дүниенің бәрі қайта сүзгіден өтті. Әр суретші ақынды әр қырынан тұлғалауға талпынды. Бірі Мұраттың өршіл жырларын оқып, әсерленген соң, оны Махамбетке ұқсата бейнеледі. Екіншісі жүзіне нұр, көзіне ой ұшқынын ұялатып, кәдуілгі Атырау қазағының суретін салды. Үшіншісі қиялы жүйрік, ойы озық жыр алыбының нағыз кейпін танытты. Халық депутаттары Индер аудандық кеңесінің сол кездегі төрағасы, ақынның 150 жылдық мерейтойын өткізу жөніндегі аудандық ұйымдастыру комитетінің төрағасы Өтеп Нұриевтің «Дендер» газетінде 1993 жылғы 3 қыркүйекте жарық көрген «Ақпа ақын, жыр сүлейі» деген мақаласында төрт айға созылған конкурсқа тоғыз суретші қатысқаны, жұртшылықтың пікірін білу мақсатымен бір ай бойы көрме ұйымдастырылғаны, сол жылғы 9 маусым күні бәйге қорытындысы шығарылғаны жөнінде айтылады. Портрет бәйгесі қызған кезде: «Оу, бұл кісіден қалған үрім-бұтақ, ұрпақ бар ма екен? Тым болмаса, солардың суретіне қарап ақынның кескін-келбетін топшылап көрейік те», – деп мәселені бүйірден қойғандар да болды. Той өтетін жылы Атырауда болғанымызда мұраттанудың асқан білгірі, жазушы Берік Қорқытов: – Мұраттың ақын ұлы Дәулетқалимен қаншама жыл аралас-құралас жүргенде суретке түсіріп алу ойымызға келмепті. Бұл енді менің үлкен қатем, – деп еді. Содан соң суреттен күдер үздік те, өңірге белгілі майталман ақын атанған Дәулетқали Мұратұлының кескін-келбеті қандай болғанын көрген-білгендердің айтуы бойынша қағазға түсіргенбіз. Бір күні Берік ағамыз «Дәулетқалидың суреті Жанаш Нұрмахановта бар екен» деп қуанышты хабар айтты. Атырау облысы, Жылой ауданында тұратын білікті ұстаз, өрелі өлкетанушы Жанаш Нұрмаханов суретті Индер аудандық газетіне бастырып шығарыпты. Әдебиетшілердің облыстық слетіне қатысушы отыздан астам адамның бет-жүздері айқын таныла қоймайды. Дәулетқали сол жақ шетте домбыра ұстап отыр. Жанаш аға алғы сөзінде: «Суреттің түпнұсқасы жоқ. Бірнеше көшірмесін әлдекімдер алып кетті. Хамит Ерғалиев «суреттің түпнұсқасы менде бар» деп еді», – деп атап көрсетеді. Аудандық газетте жарияланған, бір жақ шеті жыртылған суреттің сапасы айта қаларлықтай емес-ті. Шынында да суреттің түпнұсқасы Хамаңның атан түйеге жүк боларлық қомақты сурет қорының арасынан шықты. Ол кезде біз Алматы қаласының тұрғыны едік. Ақынның үйіне арнайы барып, бағалы фотоны ат-түйедей қалап, бір күнге сұрап алдық. «Жас алаштың» фототілшісі Рахымбай Ханалиев суреттің сапалы көшірмесін жасап берді. Хамит ақсақал Дәулетқалидың маңайындағы басқа кісілердің де есімін атады. Түпнұсқа болғанымен көп адамның ішінде отырғандықтан Дәулетқалидың суреті өте анық емес. Анық болғанның өзінде Мұрат ақын дәл осындай еді деп топшылаудың өзі қиындау. Бірақ бәрібір әйгілі жыр жүйрігінің портретін салғанда сүйенетін бір нұсқа табылды. Сонымен, бұл мезгілде Мұрат Мөңкеұлының бейнесін кескіндегенде негізге алатын мынадай деректемелер бар еді. Біріншісі – Халел Досмұхамедұлының 1924 жылы Ташкентте жарық көрген «Мұрат ақынның сөздері» атты кітапты әзірлеген кезде жазған алғы сөзі. Екіншісі – 1942 жылы Алматыға арнайы шақыртылған Мұрын жыраудан ақын Мариям Хакімжанова жазып алған Мұрат ақын туралы естеліктер. Үшіншісі – 1947 жылы профессор Қажым Жұмалиевтің тапсырмасымен Атырауға арнайы ғылыми эспедицияға келген ҚазМУ-дің бірінші курс студенті Берік Қорқытовтың көнекөз қариялардан жазып алып, академияның қолжазба қорына тапсырған материалдары. Оған қоса, 1991 жылдан бастап Мұрат мұрасын зерттеуге ден қойған біздің мерзімді және ғылыми басылымдарға шыққан мақалаларымыз да жеткілікті еді. Сондай-ақ, «Жас күнімізде Мұрат ақынды көріп едік..», – деп естелік айтатын Өрлік ауылының тұрғыны Үмбетияр Есжанов пен Кулагин ауылын мекендеген Осиға Құбашқызының көздері тірі болатын. Оның сыртында Мұрат туралы атыраулық авторлар да дамылсыз жазып жатты. Қысқасы, арқалы ақынның бейнесін жасаймын деген қылқалам шеберіне сүйенетін дүние аз емес-ті.

Бірінші суреттің беделі

  Мұратты кейіптеуге алматылық атақты суретші, профессор Мұхит Қалимов алдымен кірісті. Бірде оның шеберханасына барсақ, ақынның суретін енді ғана бастап жатыр екен. Шағын үстелінің үстінен Халел Досмұхамедұлының екі-үш жыл бұрын шыққан «Аламан» атты кітабы, біздің «Мұраттану мұраты» деген мақаламыз басылған «Жұлдыз» журналының 1993 жылғы 1-саны көзге шалынды. Мұхит аға ақын бейнесіне салғаннан қайсарлық дарытты. Ол әдепкіде кейіпкерін шайырдан гөрі батырға көбірек ұқсатты. Бәлкім, бұған жыр жампозының өткір жырлары ықпал еткен болар. Бірақ бірте-бірте оған нағыз ақынның болмысын сіңірді. Сөйтіп, оның туындысында қайраткерлік пен қаламгерлік қос өрім секілді қатар көрініс тапты. Бәлкім, Хамит Ерғалиевтің «Мұрат – қайта жаралған Махамбет» деген сөзі сезімтал суретшінің көкейіне ұялап қалған болар. Бір баласына Мұрат деп ат қойған Хамит ақын әйгілі шайырды ерекше жақсы көретін. Санкт-Петербургтегі И.Репин атындағы көркемсурет институтының түлегі, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, әлемнің ірі қалаларында талай рет сурет көрмесін өткізген Мұхит Ғалымұлы Атыраудың перзенті еді. Ол жоғары оқу орнында қырғыз халқының аса дарынды перзенті Сүйменқұл Чокморовпен бірге оқыған. Ресейдегі әйгілі қылқалам мамандарының шеберханасында шыңдалған. Ұзақ жыл Алматы көркемсурет училищесінде сабақ берді. Сол тұста Алматы театр-көркемсурет институтының кафедра меңгерушісі болып қызмет істеп жүрді. Мұхит Ғалымұлы бұған дейін де бірқатар тарихи тұлғалар сериясын сомдаған-ды. Оның «Абылай», «Исатай-Махамбет», «Құрманғазы», «Сырым батыр», «Жанқожа батыр» туындылары жұртшылыққа жақсы таныс болатын. Енді солардың қатарына Мұрат Мөңкеұлы қосылды. «Бастапқыда Мұратты шапан жамылып тұрған кейіпте кескіндеу де ойымда болды, – деген-ді ол бізбен әңгімесінде. – Бірақ ол райымнан қайтып, шешімімді өзгерттім. Елінің жоғын жоқтап, мұңға батқан Мұратты сән-салтанатпен соншалықты әспеттегім келмеді. Қара түнектен ағараңдап тұрған ақынның келісті келбеті, сұсты жүзі, қатулы қабағы, торығу мен үміт сәулесіне толы ойлы көзі арқылы қылқалам тілімен көп нәрсе ұқтыруға тырыстым. Сонымен, Мұратты халқының қамын жоқтап, қабырғасы қайысқан, жырлары жасындай, ақыл-ойы телегей-теңіз қайраткер тұлға ретінде бейнелеуді жөн көрдім». Танымал суретші «Еділді келіп алғаны, Етекке қолды салғаны, Жайықты келіп алғаны. Жағаға қолды салғаны. Ойылды келіп алғаны, Ойындағысы болғаны!» деп жырлаған Мұраттың тұлғасын батырдың тұрпатына ұқсата бейнелеу туралы шешімге бекерден-бекер бел буған жоқ-ты. Ол бұл турасында «Кесек сөз айту кесек бітімдіге ғана жарасқан» деген қағиданы ұстанды. Бірақ алдымен оның арынды ақын екенін де естен шығарған жоқ. Сондықтан өткір көзге ойлылық пен нәзіктік ұялатты, сөйтіп, ақын жанының мөлдір иірімдерін айқын көрсете алды. Мұхит ағаның өз тағдыры мен Мұрат тағдырының тоғысатын жерлері де бар. Болашақ суретші алты-жеті жасында жетім қалып, Индер ауданының Өрлік ауылындағы балалар үйінде тәрбиеленді. Ал Өрлік – Мұрат ақынның дүние салған жері. Демек, ол жастайынан Мұрат Мөңкеұлы хақындағы әңгімелерге қанық болды. Мұхаң Мұраттың портретін жазуға бір ай уақыт жұмсады. «Жұлдыз» журналындағы «Мұраттану мұраты» деген мақаланы оқыған соң, ақынға қызыл телпек «кигіздім» дейтін. Сурет салу барысында атыраулық журналист Әбдуәли Ғабдуллин, «Егемен Қазақстан» газетінің суретшісі Жанұзақ Әбдіқұлов берген бірқатар деректер де профессордың кәдесіне жарапты. – Аға, Мұрат бейнесіне жарияланған бәйгенің қорытындыланар күні де таяу. Бір суретшінің бағы жанатыны анық. Сол портреттің авторы сіз болып шықсаңыз ше? – деп біз тақымдап қоймаймыз. Ол тым салқынқандылықпен жауап берді: – Оны сарапшылар шешеді. Бәйге алмаған күнде де бұл шығарма менің маңдай терімнің өтеуі ретінде бағаланатын, жүрегіме жақын туындыларымның бірі болып қала бермек. Ал егер сарапшылардың таңдауы менің Мұратыма түссе, «Байлықты билікпенен беріп тұрған, Бақыттың анық қонған аңғары еді», – деп ақиық ақынның өзі айтқандай, үлкен қуаныш болар еді... Шынында да, профессор Мұхит Қалимов Мұрат ақынның портретіне жарияланған бәйгеде жеңімпаз болып, қуанышқа кенелді. Мерейтой кезінде барлық басылымдар оның суретін жариялады. Шеберлікпен салынған портрет кейін ғылыми айналымға берік еніп кетті. Мұраттың әр жылдарда әзірленген жинақтарында осы портрет жарық көрді. Ақын туралы мақалаларға сол сурет қоса берілді. Мұхаң 2002 жылы 71 жасында дүние салды.   Екінші суреттің  еншісі   Бас бәйге алматылық профессордың қанжығасында кеткенімен конкурсқа Мұрат Мөңкеұлының басқа да шынайы бейнеленген портреттері ұсынылғанын айтуға тиіспіз. Соның бірі – атыраулық танымал суретші, бейнелеу өнерінің хас шебері Әділқайыр Жантасовтың Мұраты. Бір қызығы, «Атырау» газетінің Мұрат Мөңкеұлының 150 жылдығына арналған 1993 жылғы 3 қыркүйектегі арнаулы саны осы Әділқайыр ағамыздың суретімен шықты. Бұл кезде Мұхит Қалимов бәйгені иеленіп қойған болатын. Ал Индер аудандық «Дендер» газетінің мерейтойлық нөмірін Мұхаңның салған портреті айшықтап тұрды.  Әділқайыр Пангерейұлы – аса талантты өнер тарландарының бірі. Сыртқы тұрпатынан да, ішкі әлемінен де бекзат болмысы байқалады. Ара-тұра телефон арқылы тілдесіп, пікір алысып тұрамыз. Әңгімесінен өте тереңдігін, көп оқитындығын, тынымсыз ізденетіндігін анық аңғарасың. Деңгейі биік, талғамы жоғары. Суреттеріне қарап бейнелеу өнеріндегі бірнеше стильді қолданатынын көресің. Сюрреализм де, абстракционизм де оған жат емес. Италияның көрме павильондарына жекелеген суреттері қойылған. Әділқайыр Жантасовтың да Мұрат туып-өскен топыраққа бөтендігі жоқ. Ол Индер поселкесінде 1958 жылы дүниеге келген. Алматыдағы Н.В. Гоголь атындағы көркемсурет училищесін үздік бітірген. Қазақ театр және көркемсурет институтын тәмамдаған. Суретшілер және Дизайнерлер одақтарының мүшесі. Қазір Атырау қаласындағы Нұрғиса Тілендиев атындағы Кіші өнер академиясында бейнелеу өнері пәнінен сабақ береді. Бұл академияда Әділқайыр Жантасовтың арнайы шеберлік класы бар. Атырау қаласы мен Индер ауданы таңбаларының авторы. Әділқайырдың Мұратына ден қойған адам оның кәсіби суретшінің қолынан шыққанын бірден сезінеді. Портрет кенепке майлы бояумен салынған. Бұл суреттің сән-салтанаты өзге туындыларға қарағанда басымдау болып шықты. Ақынның тік керілген қабағы, өңменіңнен өтетін өткір көзі, құрыштан құйылғандай бет пішіні түсін суық етіп көрсетеді. Мұраттың қайсар мінезін, қайраткерлік қасиетін ақтап тұрған деталь осы деуге болар. Жыр жүйрігінің сақал-мұрт қойысында да алабөтен өзгешелік бар. Тым қалың емес, аса қаймыжықтай да емес ерніне керемет үйлесе кеткен сұлу мұрты иегіне бұйралана біткен әдемі сақалына ерекше өң беріп тұр. Мұраттың зерлі тақиясы мен өңірі әдіптелген бағалы шапаны өз ортасына аса қадірлі адам екенін аңғартқандай. Бұл суретте ақынның ажары, шайырдың шырайы, жыраудың жан сыры, бидің болмысы бар. Оның келешекке зер салған қырағы көзінде, үшкірлене біткен қалың қасында алуан түрлі сезім тоғысып, айрықша үйлесім тапқан. Алдымен ақынның мұңды жанарынан елдің қайғы-қасіреті мен зар-мұңы айқын сезіледі. Сонымен қатар ойлы көзден жыр жампозының ақыл-парасаты анық аңғарылады. Сондай-ақ, айналасындағы құбылыстарға өзгеше көзбен баға беретін өнердің өз өкілі екенін де «маңдайдағы екі көз» айғақтап тұр. Мұраттың бет-жүзінен өмір бойы көріп келе жатқан ауыр азабы мен бітпес бейнетінің де табын көру қиын емес. Бейнелеу өнерінің майталманы ақынның қос жанарына оның бүкіл батыс өңіріндегі ел тағдыры туралы ой-толғанысын енгізе алған. Осынау көздің титімдей қарашығында Атырау аймағының панорамасы, соның жүрекпен жазылған полотносы сыйып тұр. Жай көзбен қарасаң – қарапайым портретті, ал көңіл көзімен қарасаң – портрет аясына жасырынған зар заманның тұтас эпопеясын көресің. Әділқайырдың Мұраты – адамға тура қарап тұрған бедерлі бейне. Суретшінің өзі мұны «Ақынның ішкі-сыртқы жан дүниесін ашық көрсету үшін толығымен қарсы қарап отырған бейнесін салдым. Соның ішінде көз жанарына аса көңіл бөлінді. Көз – адам баласының жан дүниесі, өмір жолы», –  деп негіздейді. Әдекеңнің сурет салу барысында сүйенген деректемелері де аса мықты болды. Ол Мұрат мұрасын өмір бойы зерттеген қарымды қаламгер Берік Қорқытовпен бірлесе отырып, сол кісінің ақыл-кеңесі бойынша жұмыс жүргізді. Берік аға өз әкесі, әйгілі шежіреші Ыбыраштан естіген мәліметтері бойынша Мұраттың бейнесін сипаттап берді. Оның үстіне ақынның ұлы – өзі көзімен көрген Дәулетқали Мұратұлының келбетін кейіптеп, бейнелеу шеберіне мол мәлімет ұсынды. Атыраулық журналистер Шөпенғали Дәуенов, Құмарғали Ғабдешов, Мұқан Көптілеуов сынды ағалардың деректері мен дәйектері де Әділқайырдың назарынан тыс қалған жоқ. Басқалардан болмысы бөлек суретші бәсекеге түсу барысында ерекше мәлімдеме жасады. Бас жүлдеге ие болған жағдайда оның қаражатын түгелдей Махамбет-Мұрат қорына аударуды сұрады. Сөйтіп, майталман маман жұртта жоқ мәрт мінез көрсетті. Бұл өмірде ақшадан да жоғары құндылықтар бар екенін аңғартты. Бас бәйге алған суретті айтпағанда, ең бәсі биік портреттің бірі осы еді. Әдекеңнің Мұраты конкурс қорытындысы бойынша екінші орын иеленді. Кейін Мұрат Мөңкеұлының сол суретін Атыраудағы көрмеде тұрған жерінен Еуропа елдерінің Қазақстандағы елшілерінің бірі сатып алыпты. Ұлы ақынның бейнесі, қателеспесек, қазір Францияда болуы мүмкін. Несі бар, болса болар, Жантасовтың жүрегімен жазған дүниелері Еуропаны шарлап кеткелі қашан?! Бір кездері өлеңдері АҚШ-та талданған Мұраттың мұңды кейпін кейін Париж тұрғындары талай рет көрген шығар...   Үшінші суреттің үлесі     Сурет бәйгесі елді елеңдетіп жатқан кезде бұл бәсекеге атыраулық тағы бір ұлан атойлап ат қосты. Ол осы додаға түскен бейнелеу шеберлерінің ішіндегі ең жасы еді. Сол тұста жиырма беске жаңа ғана толған Темірбек Мұхтаров Индер ауданы, Есбол ауылында 1968 жылы туған-ды. А.С. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының көркемсурет-графика факультетін бітірген. Жоғары санатты мұғалім. Кулагиндегі ұлттық гимназияда бейнелеу пәнінен сабақ берген. Атыраудағы Нұрғиса Тілендиев атындағы Кіші өнер академиясында оқытушы болған. Махамбет атындағы облыстық қазақ драма театрында көркемдік қойылым бөлімінің меңгерушісі, қоюшы-суретші қызметтерін атқарған. Қазір – осы театрдың бас суретшісі. Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі. Отызға жуық спектакльдерді сахналауға атсалысқан. Бірнеше республикалық және облыстық көрмелерге қатысқан. «Менің жасыл бағым» атты жеке сурет көрмесін, «Суретші көзімен» атты перформанс көрмесін өткізген. Жас суретшінің Мұрат Мөңкеұлының портретін салуына марқұм әкесі, Индер аудандық мәдениет саласының ардагері Мәжит Мұхтаров түрткі болыпты. Ол кісі ауданға танымал өлкетанушы екен. Ел ішін көп аралаған, көнекөз қариялармен үнемі әңгімелесіп, солардың көкірек кенішіндегі мол қазынаны хатқа түсірген шежіреші ретінде танылған. Оның Мұрат туып-өскен өңірдегі көшелі кісілер туралы көптеген мақаласы жергілікті басылымдарда жарық көрген. Тылсым дүниеге өзі ғана бойлап қоймай, перзенттерін де ескі құндылықтарға құмар болуға баулыпты. Сурет өнерін серік еткен ұлына Қиса ақынның, бала Байсанның, найзагер Наушаның бейнесін салуға кеңес беріпті. Елден естіген мәліметтері бойынша әлгі тұлғалардың тұрпатын танытуға септігін тигізіпті. Аймаққа аты белгілі ардақты адамдарды түгендеп, «Ер туа ма бұлардай» деген еңбек жазған көрінеді. Ата жолымен келгенде, Мәжит ағамыз Мұрат Мөңкеұлы шыққан Беріштің Қаратоқай аталығынан екен. Осындай өнегелі әкенің тағылымды тәрбиесін алған Темірбек Мұхтаров Мұратты бейнелеуге шын ниетімен кіріседі. Әкесі Мәжит ақынды «Жұқалтаң адам болған, өлеңдетіп сөз алғанда төбесіндегі тақиясы маңдайында сырғып, ойнақшып тұрады екен», – деп сипаттапты. Темірбектің Мұраты – кәдімгі графикамен салынған сурет. Ол ақынның басына тақия кигізіп, бет сүйегін сәл шығыңқы етіп бейнеледі. Шоқша сақалды, қыр мұрынды, қыран қабақты ақын алыс көкжиекке қарап тұр. Сәл қысыңқылау көзінен, жұмбақтау көзқарасынан әлде айналасындағы ағайын-туыс пен дос-жаранға, әлде өзін өгейсіткен қатыгез қоғамға деген болмашы мысқылдың табын аңғарып үлгересің. Енді бір зер салғаныңда әлгі мысқылдың ізі де қалмай, жоғалып кеткендей болады. «Сонымен, мысқыл бар ма, жоқ па?!», – деп дағдарасың. Шағын суреттің өзі арқылы ол сені екіұдай күйге түсіреді. Ендеше, дәл осы көңіл-күй портрет салушының тәуір суретші екенін айғақтайды. Бұл Мұрат қара түнектен сәуле шашып тұрғандай әсер қалдырады. Сақал-мұртының ұқыпты бастырылуы, шапан өңірінің жарасымды қаусырылуы ақын бойындағы тиянақтылықты танытатындай. Темірбек әйгілі жыр жүйрігін өмірге көзқарасы қалыптасқан, ниеті түзу, жүзі жарқын, көргенді кісі ретінде кейіптеді. Ол жұртшылыққа елден көп ерекшелігі жоқ қарапайым ғана Мұратты ұсынды. Бірақ қарабайыр Мұратты емес! Бұл өнердегі қадамын енді ғана бастаған жас жігіт үшін үлкен жетістік еді.

* * *

Үш портрет. Үш Мұрат. Үш түрлі шешім. Мұхит Қалимовтың шошайма телпек, тік жағалы тоқыма киген, қаба сақалды Мұраты қайраткер ақынның, Әділқайыр Жантасовтың оюлы тақия, әшекейлі шапан жамылған текті Мұраты ойы озық, ақылы кемел жампоз жыраудың, Темірбек Мұхтаровтың кәдуілгі Атырау қазақтарының арасынан шыға келген қарапайым Мұраты түнектен жарыққа зер салған жаны нәзік, ұяңдау шайырдың кейпін танытады. Әрине, талғамда талас болмайды. Шеберлікте шек жоқ. Керек десеңіз, әркімнің өз Мұраты бар. Біз бұл мақаламызда осыдан ширек ғасыр бұрын жарияланған конкурсқа қатысқан тоғыз портреттің қолымызға түскен үшеуіне көңіл аудардық. Бәлкім, ақынның өлең-толғауларында «үш» саны жиі қолданылатын болған соң солай еткен шығармыз. Енді осы суреттердің қай-қайсысы да Мұрат мұрасын ширек ғасырдан астам уақыт бойы зерттеп келе жатқан біздің назарымыздан тыс қалмақ емес. Егер жоғарыда айтылғандай, бәйгеге тоғыз суретші қатысса, онда қалған алты сурет те табылар деп үміттенеміз.   Әзірге Мұраттың «Үш қияны» секілді осы үш портрет ой толғауымызға түрткі болды...  

Бауыржан ОМАРҰЛЫ,

ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі,

филология ғылымдарының докторы, профессор