Бельгияны шошытқан «Баятгейт»

Бельгияны шошытқан «Баятгейт»

Бельгияны шошытқан «Баятгейт»
ашық дереккөзі
Спортта шынайы еңбек пен біліктілік бағаланатынына сенетіндер көп. Бірақ соңғы уақытта спорттың да саясат пен бизнеске айналып кеткені спортсүйер қауымның көңілін қалдыра бастағандай. Спортшылардың түрлі әділетсіздіктер мен жемқорлықтың құрбаны болып жатқанын көзбен көріп, құлақпен естіген сайын мұнда да көңілге кірбің түсірер жайттар жететінін мойындамасқа амал қалмады. Ал Бельгиядағы жағдай бұл мәселенің тіпті күрделі екендігін ұғындырды.

Бельгия футболындағы  былықтар

Қазан айы басталғалы бері футбол әлемінен, әсіресе, Бельгиядағы футбол клубтарынан маза қашты. Әлемдік ақпарат құралдары таратқан деректерге сенсек, Бельгияның құқық қорғау органдары футбол саласы бойынша жемқорлық, ақша жымқыру, «келісілген» матчтарды ұйымдастыру, ойыншылар арасында трансфер жасау кезінде қаржылық алаяқтық сынды құқық бұзушылықтар туралы мәліметтерге қол жеткізген. Айыптаулардың бәрі ішкі чемпионатқа қатысты екенін атап өтейік. Қатардағы «Мехеленнің» арқасында атышулы «Андерлехт» пен «Брюгге» де нысанаға ілінді. Осыдан кейін Бельгия полицейлері ауқымды тергеу жұмыстарын бастады. Тексерілген командалардың қатарында Бельгия чемпионатында өнер көрсетіп жатқан «Андерлехт», «Брюгге», «Гент», «Генк», «Локерен» сынды 10 клуб бар. Тексеру жұмыстарының нәтижесінде белгілі футбол агенттері, футбол клубтарының өкілдері мен арбитрлер қолға түсті. Олардың қатарында Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде өнер көрсетіп жатқан «Брюгге» командасының бас бапкері Иван Леко мен «Андерлехтің» бас менеджері Херман ван Хольсбек бар. Ал Бельгиядағы беделді агенттердің бірі Моги Баят қаржы жымқырғаны үшін айыпталуда. Сонымен қатар, Бельгия чемпионатында ғана емес, Еурокубок ойындарында да төрешілік жасап жүрген реферилер Барт Вертенген мен Себастьян Дельферьер де айыптылар қатарынан табылды. Қамауға алынғандардың ішіндегі маңызды фигурант – Моги Баят. Сондықтан ол туралы айтпай кетуге болмас. Баят – 44 жастағы кәсіпкер және футбол агенті. Ол 2003-2010 жылдар аралығында «Шарлеруа» футбол клубының техникалық директоры қызметін атқарды. Осы уақытта Баят көптеген футболшылармен, бапкерлермен танысты. 2010 жылдан бастап ол блеьгиялық клубтарға ойыншылар трансферін жасауға көмектесіп жүр. Полицияның деректеріне сүйенсек, бірінші және жоғарғы лигадағы бельгиялық клубтар бір рет болса да Баяттың қызметіне жүгінген. Жергілікті ақпарат құралдары Бельгиядағы трансферлік келісімдердің 90 пайызы Баяттың қатысуымен өтетінін жазуда. Енді сол келісімнің бәрі де күдікке ілініп отыр. Тіпті, Бельгияның футбол әлеміндегі дау «Баятгейт», ал Могидің өзі Бельгия футболының «өкіл әкесі» атанып үлгерді. Басты күдіктілердің тағы біреуі – агент Деян Велькович. Деректерге сүйенсек, ол «Мехелен» мен «Васланд-Беверен» арасындағы ойында алғашқы команда жеңіске жетуі үшін екіншісінің басшыларымен кездесіп, келісімге келуге тырысқан. Сондай-ақ, Велькович арбитрлер бригадасымен де келісім жасап, бас төрешіге автокөлік сатып алуға жеңілдік жасап беруге уәде етеді. Қазір прокуратура Велькович пен Моги Баяттың істерін мұқият тексеруде. Тергеушілердің трансфер кезіндегі қаржылық есептер бойынша қояр сауалдары көп. Аты аталған агенттер «сатылатын» адвокаттар мен футболшылардың туыстары арқылы қомақты қаржыны жасырып қалған. Баят өз клиенттеріне сыйақы ретінде қымбат сағаттар беріп отырған көрінеді. Ал Вельковичтің қаржылық схемасында «Брюгге», «Стандард», «Генк», «Мехелен» және «Локерен» командаларының аты аталады. Бельгия прокуратурасы күдіктілер қолға түсісімен бірден екі істің ашылғанын хабарлады: қаржылық алаяқтық және «келісілген» ойындарды ұйымдастыру. Федералдық прокуратура қаржылық алаяқтық пен Бельгияның футбол қоғамдастығындағы қаржы жымқыру бойынша жан-жақты тергеу жүргізуде. Өйткені футбол агенттері салық төлемеуге мүмкіндік беретін схема бойынша жұмыс жасайтын көрінеді. Сол арқылы қаржының көп бөлігі көлеңкеде қалып қойып жатқанға ұқсайды. Айта кетейік, тексеріс тек Бельгия клубтарында ғана жүргізіліп жатқан жоқ. Мұндай тексерулер Еуропаның 7 елінде жүргізілді. 10 қазан күні Бельгиядан бөлек Франция, Люксембург, Черногория, Сербия, Македония, Кипр елдерінің 57 клубында тексеру жүргізіліп, біраз тұлғалар ұсталды. Бүгінге дейін қолға түскендердің саны 29-ға жеткен. Ал 13 қазан күні Бельгия прокуратурасы кезекті мәлімдемесін жасады. Прокуратураның хабарлауынша, осы істерге қатысты 5 адамның үстінен іс қозғалған. Даудың басында «Мехелен» клубы тұр. Тергеу нәтижелері көрсеткендей, өткен маусымда қолға түскендердің екеуі аталмыш команданың бірінші дивизионнан шығып қалмауы үшін бірнеше ойында қитұрқы әрекетке барған. Прокуратура өкілі Венке Роггеннің мәлімдеуінше, тағы 4 адам «ұйымдасқан қылмысқа қатысы бар және жеке сектордан пара алғаны үшін» деп айыпталып отыр. Бельгия футболындағы мұндай дау осыдан 35 жылдан астам уақыт бұрын да орын алған болатын. Ол кезде жұрт назары «Стандард» пен «Тор Ватерсхей» (қазіргі «Генк») арасындағы ойынға ауған. Бұл кездесуде «Стандард» клубы 3:1 есебімен қарсыластарын жеңіп, чемпиондық атаққа қол жеткізген еді. Осы ойыннан кейін «Стандард» клубының өкілдері ойын алдында қарсыластарымен келісімге келгені айқындалды. Сөйтіп, «Стандард» клубының бас директоры Роже Пети, команданың бас бапкері Раймонд Гуталс және Эрик Геретс, Йос Дарден, Вальтер Меувс, Тео Пул, Симон Тахамата, Мишель Прюдомм, Жерар Плессер, Ги ван дер Смиссен сынды футболшылар әртүрлі уақытқа спорттан шеттетілді. Қазіргі жағдайдан кейін Бельгияның Әділет министрлігі спортты осындай былық-шылықтан тазартуға барын салуды. Елдің Әділет министрі Коэн Генс спорттағы әділеттілік үшін қажетті шаралар қолданылатынын мәлімдеді. Бірақ осы оқиға біраз жанкүйердің футболға деген ыстық ықыласын кеміткен сияқты.

Шенеунікті үстелмен ұрған футболшы

Бельгиядағы былық басталмай тұрып жұрт назары Ресей футболшыларында болған. Бұл жолы футбол шеберлері өз «өнерлерін» жасыл алаңда емес, қонақүйде көрсетті. Атап айтар болсақ, Александр Кокорин («Зенит») мен Павел Мамаевтың («Краснодар») 8 қазан күні «Пекин» қонақүйінде ресейлік тележүргізуші Ольга Ушакованың көлік жүргізушісін, одан кейін кофеханалардың бірінде Өнеркәсіп және сауда министрлігіне қарасты автоөнеркәсіп және теміржол құрылысы департаментінің директоры Денис Пак пен «НАМИ» мемлекеттік ғылыми орталығының жетекшісі Сергей Гайсинді соққыға жыққаны белгілі болды. Ал 11 қазан күні тергеушілер спортшыларды екі айға қамауға алу туралы сотқа өтініш білдірді. Тергеушілер спортшылардың қамауға алынуын олардың топтық қылмыс жасағанымен және куәгерлерге қысым көрсетіп, өздері жасырынып қалуы мүмкін екендігімен түсіндіріп отыр. 10 жылдан бері достықтары жарасқан футболшылардың сот отырысында Мамаевтың қорғаушысы тосын мәлімдеме жасады. Бұл Кокоринді де таңғалдырған болуы тиіс. Мамаевтың адвокаты төбелесті бастаған Кокорин екенін айтты. Айта кетейік, оқиға орын алған күні футболшылар достықтарының 10 жылдық мерейтойын тойлап жүрген. Осы оқиғадан кейін футболшылардың тағдыры қалай болары көпті алаңдатып отырғаны жасырын емес. Соңғы деректерге қарағанда, Мамаев клубтан кететін түрі бар. «Қазір біз ойыншымен келісмшартты тоқтату жолдарын қарастырудамыз. Өкінішке қарай, келісімшарт кәсіби спортшыларды барынша қорғайтындай етіп жасалған. Бірақ біз келісімшарттың күшін жою үшін бәрін жасаймыз» делінген «Краснодар» футбол клубының мәлімдемесінде. «Зенит» футбол клубы да Кокоринді жазалайтындықтарын айтты. «Қазір ойыншыны клуб тарапынан жазалау туралы айтқанымыз орынсыз. Бірақ талантты ойыншымыздың осындай жағымсыз әрекетке барғаны клуб басшылығы мен жанкүйерлердің көңілін қалдырды», – деп мәлімдеді «Зенит» өкілдері. Ал Ресей футбол одағы аталған ойыншыларға қатысты пікір білдіруге құлықты емес. Өйткені Кокорин де, Мамаев та құрама сапында өнер көрсетіп жүрген жоқ және ұлттық құрамаға олардың еш қатысы жоқ. Ресейдің спорт министрі Павел Колобков: «Бұл жігіттер Ресей құрамасында ойнамайды. Қазіргі жағдайға қарасақ, ешқашан ойнамайтын да тәрізді», – деп кесіп айтты. Қазір Кокорин мен Мамаевқа қолдау көрсететіндердің қарасы қалың емес. Керісінше, олардың ессіз әрекеті үшін футболдан шеттетуге кеңес беріп жатқан жанкүйерлер көп. Футбол әлеміндегі шулы оқиғалар мұнымен де біте қойған жоқ. Кокорин мен Мамаевтың тағдыры талқыға қызу түсіп жатқанда тағы екі футболшы нысанаға ілікті. Самарада жергілікті «Крылья Советов» футбол клубының жартылай қорғаушысы Евгений Башкиров көлікті мас күйінде жүргізгені үшін айыпталды. Жексенбі күні түнде жол полицейлері жалдамалы көлікті жүргізіп келе жатқан Башкировті тоқтатады. Оның алкоголь тұтынғанын көрген жол сақшылары тексеруден өтуі қажеттігін айтады. Ал футболшы еш қарсылық білдірмеген. Тексеру нәтижелерінен белгілі болғандай, оның қан құрамынан 0,480 промилл алкоголь анықталған. Сөйтіп, футболшыға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық бойынша хаттама толтырылды. Кейіннен аталмыш футбол клубының тағы бір ойыншысы мас күйінде көлік жүргізгені үшін жауапқа тартылды. Ол – «Крылья Советов» командасының қорғаушысы 23 жастағы Георгий Тигиев. Осы оқиғаларға қарап отырсақ, футбол әлемі маңызды ойындармен емес, футбол шеберлерінің шулы оқиғаларымен есте сақталатын түрі бар. Соңғы оқиғалар футболшыларға қатысты шулы жағдайлардың алғашқысы емес. Соңғысы да емес сияқты. Бұлай жалғаса беретін болса, жанкүйерлердің футболға деген көзқарасы түбегейлі өзгеретіні сөзсіз.  P.S. Қазақстан футболы да жатқан бір құпия. Ойыншылар көп ақша алады деп ара-тұра естиді жұрт. Халықаралық көлемде жеңіске жетіп жүргендері де шамалы. Ал жеңіл жолмен тапқан ақша түптің-түбінде әр азаматты жерге қарататынын аталарымыз баяғыда-ақ айтып кеткен.