Сылаң қағып сыртқа кеткендер

Соңғы 10 жылда Қазақстаннан 300 мыңнан аса адам шетелге қоныс аударған. Ал соңғы 5 жылда жоғары білімі бар иммигранттар саны қарапайым қоныс  аударушылар  санынан 65 пайызға артық. Еңбекке  жарамды  қоныс  аударушылардың басым бөлігі техникалық, экономикалық мамандық  иелері  және педагогтар.

ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің мәліметтері бойынша, 2008 жылдан 2017 жылға дейін Қазақстаннан 324 457 адам кеткен. Біздің отандастарымыз көшуге құмар елдер:

  • Ресей (282 125 адам);
  • Германия (16 918 адам);
  • Беларусь (7 513 адам);
  • Өзбекстан (2 669 адам);
  • Украина ( 2 299 адам);
  • АҚШ (2 135 адам)
  • Канада (1 458 адам)
  • Қырғызстан (1 277 адам);
  • Әзірбайжан (452 адам);
  • Қытай (438 адам).

Ең бастысы, Қазақстаннан кеткендердің дені 16 жастан 62 жасқа дейінгі экономикалық белсенді тұрғындарды құрайды. Олардың көбісі – тарихи Отанына оралушылар. Ал осы кезеңдегі елге келушілер саны 283 104 адамды құраған. Елімізге тұрақты тұруға келген мигранттардың басым бөлігі Өзбекстаннан келеді. Қазақстанға қоныс аударушылар легі төмендегідей:

  • Өзбекстан (131 197 адам);
  • Ресей (58 477 адам);
  • Қытай (30 063 адам);
  • Моңғолия (17 212 адам);
  • Қырғызстан (11 467 адам);
  • Түркіменстан (11 437 адам);
  • Әзірбайжан (3 038 адам);
  • Германия (2 825 адам);
  • Түркия (2 378 адам);
  • Украина (2 269 адам).

ҚР ІІМ көші-қон қызметінің мәлімдеуінше, тұрақты тұруға келген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың көбі Алматы қаласы және Алматы, Қарағанды, Маңғыстау облыстарында тіркелген. Олардың басым бөлігі Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Қытай, Моңғолия азаматтары.

Еліміздегі жалпы көші-қон мәселесі осындай. Шетелге қоныс аударатындардың басым бөлігі жалақы көлеміне қызығушылар және өмір сүру жағдайын жақсартқысы келетіндер. Сондай-ақ, тіл үйрену мақсатында барып, жұмыс тауып, жат елде қалып кететіндер де аз емес.  2018 жылдың алғашқы бес айында 7 мыңға жуық отандасымыз өзге елге қоныс аударған. Көшкендердің ең үлкен бөлігі Қостанай, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында тіркелген.

Жанға бататын жайттың бірі, 2017 жылы елімізден 28 мыңнан аса білікті маман басқа елдерге жұмыс істеуге кетті. Олардың ішінде, шамамен 5 мың инженер, 3 мыңға жуық экономист және 2 мыңға жуық мұғалім бар. Инженерлер елде өндіріс саласының баяу дамуына байланысты Қазақстаннан кетуге мәжбүр.

Қазақ жастары Кореядан  не тапты?

 Қазақстандағы жұмыссыздық мәселесі баяу шешілуде және жыл сайын бұл түйткілдің үдеп бара жатқанын да кейбір әлеуметтанушылар  жарияға жар салып жүр. Негізгі себеп – жоғары оқу орындарының еңбек нарығын зерттемейтіндігінен. Осы орайда Елбасы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауында: «Жоғары білім беру ісінде оқу орындарының маман дайындау сапасына қатысты талаптар күшейтілді. Біз гранттардың санын көбейттік, енді жауапкершіліктің кезеңі келді. Жоғары оқу орнының табыстылыған бағалаудың басты критерийі – оқу бітірген студенттердің жұмыспен қамтылуы, жалақысы жоғары жұмысқа орналасуы. Жоғары оқу орындарын ірілендіру қажет. Нарықта сапалы білім беруді қамтамасыз ететіндері ғана қалуы тиіс», – деді. Біздегі басты мәселе де осы. Санақ пен коэффициентті қуған әр мекеме цифрға баса назар аударады да, сапа жағына мән бермейді. Ал сапа болмаса, ауада қалықтаған саннан не пайда?! Университеттердің нарық қажет етпейтін мамандықтарды қаптатып дайындауын қалай түсінеміз? Ең бастысы, еңбек нарығы зерттелмегендіктен ЖОО-ны бітірген түлектер мамандығымен жұмыс таппай сандалып, мұхит асып кетіп жатыр. Басында уақытша кеткенімен, өмір сүру жағдайына көңілдері толып, жалақының «көкесін» сонда алып, оралмай қалып жатқандары қаншама? Бір өкініштісі, жұмыс іздеп, сенделіп кеткен жастардың  дені 18-30 жас аралығында. Елде оқыған, білім алған, дипломдары тағы бар. Бірақ қызметті басқа елде істеуге мәжбүр. Ал олардың менталитеті, таным-түсінігі өзгермесіне кім кепіл? Мұның астарында ұлттық танымды жоғалтып алу қаупі бар.

Соңғы жылдары қазақ жастарының жұмыс іздеп, Оңтүстік Корея еліне кетуі артып барады. Жалпы, кәрістер – Азиядағы ең көп жұмыс істейтін халықтардың бірі.  2018 жылдың мамыр айына дейін өмір сүру жағдайын жақсарту мақсатында олар 8 сағаттық қалыпты жұмыс уақытын көзге де ілген жоқ. Яғни, аптасына 48 сағат емес, көпшілігі 68 сағат жұмыс істеген. Бұл дегеніміз күніне 13,6 сағаттан жұмыс істеу деген сөз. Тек осы жылдың шілде айында жұмыс уақытын аптасына 52 сағатқа дейін қысқартты. Корея экономикалық зерттеу институты келтірген мәлімет бойынша, жұмыс уақытын 52 сағатқа дейін қысқарту кәсіпорындарды  жылына 12 триллион вонға (11 миллиард долларға) дейін шығынға әкелуі мүмкін. Айта кететін тағы бір жайт, Оңтүстік Кореядағы халық Аустралия, Ұлыбритания сияқты елдермен салыстырғанда (орташа табыс деңгейі жақын елдер) жылына 400 сағатқа артық жұмыс істейді.

2017 жылдан бастап қазақстандықтардың Оңтүстік Корея мемлекетіне жіберілуі қатаң  қаралатын және тексерілетін болған. Басты себеп 2014 жылы екі ел арасында визасыз жүйе енгізілгеннен кейін, қонақжайлылықты басқа мақсатта пайдаланушы қазақстандықтардың Кореяға аттануы үдей түскен. Тіпті, корей елінде заңсыз қалып, жұмыс істейтіндер де көбейген. Бүгінгі таңда Оңтүстік Кореяда жұмысқа орналасқан қазақстандықтардың саны шамамен алты мыңнан асқан. Бұл тек ресми статистика, заңсыз жүрген қазақстандықтардың саны белгісіз болып қала бермек.

Оңтүстік Кореядағы Ансан қаласы, тіпті, ТМД елдерінен келген эмигранттар қаласына айналып үлгеріпті. Ондағы дүкен сөрелерінде орыс-қазақ тауарлары сатылып, асханаларында ұлттық тағамдар әзірленеді. Ел-жұрт, оның ішінде қазақ жастары неге Кореяға кетуге құмар? Себебі жалақы өте жоғары деңгейде. Пайдалы қазбаларға кенде Кореядағы жағдайдың жақсы болуының себебі неде? Өндірісінің қарқынды дамуында. Кореядағы баға Алматымен салыстырғанда екі есе ғана жоғары, ал жалақысы бес-алты есе көп дейді онда жұмыс істеп жүргендер. Ал жұмыстары көбіне физикалық тұрғыдан қиын келеді, оңай жұмыс жоққа тән.

Жұмыс істеуге кеткен отандастарымыз дипломы бар мамандар бола тұра, түрлі зауыттар мен жылыжайларда қара жұмыс істеуде. «Қарыздарымнан құтылу үшін 1-2 айға келгенмін. Басында қиындау болғанымен, қазір үйрендім. Бірақ мұнда халал ас табу өте қиын.  Корейлердің тынбай еңбек ететін қабілеттеріне тәнті болдым. Бұл жақта барлығы минут-минутпен есептеледі. Ал жалақы істеген еңбегіңе қарай төленеді. Отбасыма  ай сайын 100-150 мың теңге жіберіп тұрамын. Енді көлікке ақша жинап, ораламын деген ойдамын. Кейде Қазақстанда жұмыс таппай, ақшасыз жүргенімді ойласам, қайтқым келмей қалады», – дейді Маржан (есімі өзгертілді).

Заңсыз еңбек етіп жүрген адамдарды біле тұра, корейліктер неге шара қолданбайды? Себебі гастарбайтерлерге аз ақша төленеді. Сол жұмысты корейліктер істесе, 10-20 мың долларға дейін алуы мүмкін, ал иммигранттар 1-2 мың долларды қанағат тұтып, қара малай күн кешуге кетәрі емес. Ал қазақтар ең арзан жұмыс күші болып саналатындықтан, барғаннан кейін бірден жұмыс тауып үлгереді.

Бірақ кейінгі кезде «қомақты қаржы төлеймін» дейтін алаяқтар да көбейіп кеткен секілді. Адамдардың өз елінде заңсыз жүргенін біліп, жұмысын істетіп болғасын, полицейге хабарласамын деп, қорқытып қуып жіберетін кәрістер де жетерлік. Жоғарыда айтып өткендей, кәрістер тынымсыз жұмыс істеп үйренген халық. Сондықтан олар қазақ жастарының күрекке сүйеніп, қиялдап тұратынын да түсіне алмайды.  Жалқау санайды. Бір-екі күн ауырып қалған жағдайда кәсіпорынға белгіленген сомада қарызыңызды төлеу міндет бұл елде.

Жас және дарынды жастардың елден кетуі Қазақстанның экономикасына теріс әсерін тигізеді. Біріншіден, мемлекет халықтың экономикалық белсенді бөлігін жоғалтады. Ең бастысы, мемлекет әр азаматты өсіру үшін балабақшаға, орта мектепке және жоғары оқу орнына ақша бөліп келді. Ал 18-ге толған азамат оқуын аяқтап, шетелге кетем десе, мемлекеттің жұмсаған ақшасы зая кетеді. Мемлекет үшін екінші соққы – Қазақстанның дамуына өз үлесін қосатын, елдің экономикалық, әлеуметтік және ғылыми көрсеткіштерін жақсартатын білімді әрі белсенді адамдардың азаюы. Сондай-ақ, «ақылды милардың азаюы» экономиканың көптеген салаларында білікті мамандардың жетіспеушілігін тудырады.

Сондай-ақ, қоныс аударушылардың барлығы тұрақты тұруға кетпейтінін ескеру маңызды. Көптеген адамдар білім алуға, тіл үйренуге немесе пайда тауып келуге барады. Бір жағынан бұл қалыпты процесс, ақыл-ойдың айналымы. Шетелге кетіп, ол жақта төрт құбыласы түгел болып кету екінің бірінің қолынан келе бермейтінін де ескерген жөн. Осы орайда ойға екі нақыл оралады. Бірі – АҚШ президенті Джон Кеннедидің «Біз мемлекет маған не береді демеуіміз керек, мен мемлекетке не беремін деуіміз керек» деген саяси-патриоттық ой-пікірі. Екіншісі, Ахмет Байтұрсынұлының «Балам дейтін елің болмаса, елім дейтін балаң қайдан болсын» деген сөзі. Екеуі де орынды айтылған ақыл. Екі ел бойынша сараласақ, Құрама Штаттарда адам құқығы сақталады, өмір сүру жағдайы қарапайым халық үшін қолайлы. Сондықтан онда орта тап өкілдері жетерлік. Ал біздің елде біреулер тым бай, екіншілері бір айдан келесі айға, жалақысын үнемдеу арқылы әрең жетіп жүргендер. Яғни, байлар мен кедейлер. Жемқорлық, тамыр-таныстық. Еліміздегі осы түйткілдер Қазақстанның болашағына кері әсерін тигізері анық. Себебі болашақты қалыптастыратын жастар өздері жиі куә болатын әділетсіздіктердің кесірінен шет елдерге қоныс аудара берсе, қазақ елі қалай дамымақ?!

Back to top button