Сеулде асқақтаған «Ағайын»

Сеулде асқақтаған «Ағайын»

Сеулде асқақтаған «Ағайын»
ашық дереккөзі
Оңтүстік Корея астанасында «Итэвон Глобал виллэдж» атты халықаралық мәдени фестиваль өтті. Шараға отыз сегіз мемлекеттің өкілдері қатысты. Оның қатарында Қазақстан да бар. Елшілік өкілдері, қазақ диаспорасының мүшелері және Кореяда оқып жүрген студенттер төл мәдениетімізді келушілерге кеңінен насихаттады. «Ағайын» термесі – «Итэвон Глобал виллэдж» халықаралық мәдени фестивалінде орындалған алғашқы қазақ шығармасы. Өйткені Қазақстан жыл сайын өтетін фестивальге алғаш рет қатысып отыр. Сеулдің Итэвон ықшам ауданында отыз сегіз елдің өкілдері ән шырқап, би биледі. Қазақ өнерін Корея ұлттық өнер университетінің магистранты Күләш Тоқсанбаева паш етті. Қазақстан командасының капитаны Динара Қошқарбаева Сеулде сегіз жыл бұрын отбасын құрған. Содан бері ол қазақ ертегілерін корей тіліне аударып, жергілікті балабақшалар мен мектептерде қазақ мәдениетінен сабақ береді екен. Сонымен бірге ол қазақ мәдениетін, дәстүрін дәріптеп, қазақтың ұлттық музыкалық аспабы домбыра туралы түсіндіріп жүрсе керек. Қазақстандықтар фестивальде жүлдегерлер қатарында көріне қоймаса да, олар өз еңбектері арқылы қазақ елін өзгелерге таныта түсуге себі тигеніне дән риза.