Демография – мемлекет дамуының кепілі
Демография – мемлекет дамуының кепілі
Демография – кез келген мемлекет үшін маңызды мәселе. Өйткені қай мемлекеттің де дамуына халық саны ықпал етеді. Сондықтан Мемлекет басшысы да жыл сайынғы Жолдауының бiр тармағын демографиялық ахуалға арнайды. Әсіресе, Елбасы «Қазақстан-2050» стратегиясында демографиялық ахуалға айрықша көңіл бөлді.
2018 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша еліміздегі халық саны 18 миллион 272 мың 400 адамға жетті. Оның ішінде қалалықтар – 10 529,1 мың (57,6 пайыз), ауылдықтар – 7 743,3 мың адам (42,4 пайыз). 2017 жылғы 1 шілдемен салыстырғанда халық саны 238,1 мың адамға немесе 1,3 пайызға өсіп отыр. Қаңтар-маусым айларында Қазақстанда 192,7 мың адам туған. Бұл 2017 жылғы қаңтар-маусымға қарағанда 1,8 пайызға артық.
Халықтың санын көбейтудiң екi жолы бар. Бiрi – табиғи өсiм. Бұл үшiн аналарға жасалатын көмек, медициналық жәрдем және әлеуметтiк жәрдемақылар өсуi керек. Қазақстанда табиғи өсім оң бағытқа ие. 2017 жылғы деректер бойынша туудың жиынтық коэффициенті 2,73 болды. Демография ғылымында replacement level (орын басушы көрсеткіш) 2,1-ден төмен болса, «халықтың өсімі болмайды» деп есептеледі. Яғни, әр әйелде кемінде екі бала болуы керек.
Екiншiсi – шетте жүрген қандастарымызды Отанға оралту. Тәуелсіздік алған жылы республикада 7 миллионның үстінде ғана болған қазақтар 2012 жылғы дерек бойынша 10 миллион 979 мың 511 адамды құраған екен. Яғни, тәуелсіздігіміздің 21 жылында республикадағы қазақтардың саны 2 млн 980 мың адамға өскен. Дәл осы мерзімде шетелдерден атамекеніне оралған қазақтардың саны 950 мың адамнан асты. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев: «Кезінде тәуелсіздік алған тұста, 1991-1995 жылдары Қазақстаннан 3,5 миллион халық көшіп кетті. Сол көрсеткіш бойынша халық саны 14 миллионға дейін түскен. Қазіргі уақытта қайта қалпымызға келіп жатырмыз. Оның ішінде 1 миллионнан астам қандастарымыз сырттан келді», – деген болатын. Расында да, ата-бабамыз аңсап өткен егемендікке қол жеткізгеннен кейін миллиондаған қандастарымыз тарихи Отанына қайта оралып, демографиялық ахуалдың ілгерілеуіне ықпал етті. Демографияның атасы аталып кеткен ғалым, марқұм Мақаш Тәтімов: «Қазақтар – 1930 жылдардағы аштықтан ең көп жапа шеккен халық. Мәселен, украиндер өз халқының 17 пайызын жоғалтты және жергілікті жерлерде, яғни елдің оңтүстігінде ғана. Қазақтар бүкіл Қазақстанның территориясында 49-дан 51 пайызға дейін кеміді», – деген еді. Ғалымның зерттеулері бойынша, 1926 жылы қазақтың саны өзбектен 10-15 пайызға көп болған. Тіпті, түркі халықтарының ішінде Осман империясынан кейін саны жағынан қазақ ұлты екінші орынды алатын. Бұл тұста демограф ағамыз: «Егер аштық болмағанда, біздің санымыз қазір 32-35 миллионнан асып, оның 28-30 миллионы Қазақстанда тұратын еді…», – деген өкінішін жеткізетін. Расында да, Столыпиннің көші-қоны, Голощекиннің солақай саясаты мен елдің аштыққа душар болуы, миллиондаған адамның қырылып, тірі қалғандардың біраз бөлігі Қытай, Орталық Азия елдеріне бас сауғалауы, Екінші дүниежүзілік соғыстың салдары мен тың игеру жылдарындағы қиындықтар ұлттың басына үлкен қасірет әкелді. Бір ғасырдың өзінде қазақ халқы бір емес, бірнеше нәубетті бастан кешті. Тәуелсіздік – талай тағдыр соққысы мен қайғы-қасіреттен аман қалған бойын тіктеді, еңсесін көтерді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі биылғы Дүниежүзілік Қазақ құрылтайында: «1991 жылы Тәуелсіздікті жариялаған жылдары Қазақстандағы халықтың 40 пайызға жуығы ғана қазақтың үлесіне келетін. Сайлану алдында қанша дауыс жинаймыз деп қатты алаңдадық. Бүгінде қазақтың үлес салмағы 70 пайыздан асып тұр. Аллаға шүкір, осы жылдар ішінде біз Қазақстан халқының санын сақтап қалдық», – деген еді.
Міне, сондықтан халықтың санын көбейтіп, құрамын нығайтатын, тарихи-демографиялық ғылым айқындаған екі жолды – табиғи өсім мен сырттан келетін көші-қонды оң пайдалану керек. Табиғи өсімді күшейту үшін жастарға, әсіресе жас отбасыларға, көп балалы аналарға, олардың жас ұрпақтарына үкімет тарапынан жан-жақты, нақтылы, тұрақты және жүйелі түрде қамқорлық, тікелей жәрдем ұйымдастырылып келеді. Ал сырттан келетін көші-қонға келсек, шетелдердегі қазақтарды елге қайтару үшін де түрлі шаралар іске асырылуда.
Статистикалық деректерге шолу жасағанда халық санының өсуі бірінші кезекте туу көрсеткішіне тәуелді болып отырғаны аңғарылады. Халық саны көп әрі тығыз орналасқан өңірлер – оңтүстікті туу көрсеткіші жоғары деп қабылдау дағдысы қалыптасқан. Алайда статистикалық дерекке жүгінсек, бүгіндері туу бойынша ең жоғары көрсеткіш Маңғыстау облысына тиесілі болып отыр. Әрине, Түркістан облысында да туу көрсеткіші жоғары. Еліміздегі әрбір бесінші азамат осы өңірде дүниеге келеді. Қазақстан қалаларындағы 2018 жылдың бірінші жартысында туғандардың санын өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, Алматы және Астана қалаларында туу көрсеткіші 4,4 және 4 пайызға өскен. Ақтөбе қаласында 5,3, Атырау 6,8, Орал қаласында 7,5 пайызға артты. Салыстыруға назар аударсақ, Қазақстанның батысындағы үш қала да – туу көрсеткіші бойынша алда тұр.
Жалпы, демографиялық өсімді арттыру үшін ана мен бала денсаулығында ешқандай кінәрат болмауы тиіс. Мемлекет басшысы осы мәселеге айрықша мән беріп, еліміздегі ана мен бала өлімін төмендету үшін медициналық көмектің қолжетімділігін арттырып, әлеуметтік ахуалды түзеуді тапсырып отыр. Халық денсаулығын жақсарту мақсатында арнайы бағдарламалар да қабылданды. Бұл өз нәтижесін беруде. Мемлекет тарапынан көрсетілер көмек пен қолдаудың арқасында елімізде соңғы 10 жылда бала туу көрсеткіші 25 пайызға артқаны байқалды. Күн сайын елімізде 1000-нан астам сәби өмірге келеді. Бір жыл ішінде бұл көрсеткіш 400 мыңнан асып жығылады. Ал ана өлімі соңғы ширек ғасыр уақытта 4 есеге азайған. Дәрігерлер қауымы ана өлімін бұдан әрі де төмендету үшін білімі мен біліктілігін, тәжірибесін сарп етуде. Соған қарай Қазақ жерінде жылдан-жылға дәрігерлердің әлеуметтік әл-ауқатын арттыру қолға алынуда.
Демографиялық өсімді арттыру бойынша жұмыстар осы қарқынмен жалғасатын болса, елімізде 2050 жылға қарай халық саны 24 миллионнан асады. 2050 жылға қарай болжам бойынша Қазақстанда халық саны 24,5 млн адамды құрайды. Бүгінгі демография қарқыны сақталып қалар болса, оңтүстік аймақтардағы тұрғындар саны 5,2 млн адамға көбейіп, орналасу тығыздығы солтүстік облыстарға қарағанда 4 есеге дерлік асып кетуі ықтимал.
Өткен жылы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасын таныстырған болатын. Тұжырымдама жобасында Елбасының «Ұлт жоспары – 100 нақты қадамда» айтылғандай инвестицияға қолайлы жағдай жасау үшін көші-қон саясатын бұдан әрі дамыту стратегиясы қарастырылып отыр. Ұзақ мерзімді немесе аралас көші-қон үлгісіне Экономикалық даму және ынтымақтастық ұйымы елдерінің тәжірибесі арқау болмақ. Егер жүйелі жұмыс жүрсе, білікті мамандарды экономикалық инновациялық секторларына тартып, кәсіпкерлікті өркендете аламыз.
Ана мен бала денсаулығы – демографиялық саясаттың негізгі көрсеткіші. Соңғы статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 1990 жылдармен салыстырғанда 2017 жылға дейін ана өлімі 4,3 пайызға, бала өлімі мөлшермен 3 пайызға азайған. 1990 жылы 1 жасқа дейінгі 9696 бала қайтыс болған. Бұл сол жылы туған бала санының 26,4 пайызын құраған. Дәл осы жылы тірі туған 100 мың балаға шаққандағы ана өлімі 55-ті көрсеткен. Ал 2016 жылы бала өлімі 8,6 пайызды құраса, ана өлімі туған 100 мың бала бойынша 12,7-ге сәйкес келген. Бұдан Тәуелсіздік жылдары ана мен бала өлімінің едәуір азайғанын байқаймыз.
Шыны керек, демографиялық ахуалдың түзелуі – елдің экономикалық әлеуеті, әлеуметтік қорғалуы мен медициналық қызмет сапасының артуына тікелей байланысты. Осы күнге дейін Қазақстандағы ең күрделі мәселелердің бірі – бала мен ана өлімі көрсеткішін азайту еді. Келелі жиындар мен басқосуларда Елбасы мемлекеттің қандай қателіктерді жасап жатқанын түсіну қажеттігін жиі айтады. Мемлекет басшысының бастамасымен 2030 жылға дейін жүзеге асатын Отбасылық-гендерлік саясат жөніндегі концепция іске қосылды. Әлеуметтік төлемдердің жыл сайын артуы – отбасылық-демографиялық ахуалға да оң әсер етуде. Басты мәселе – медициналық қызмет көрсету сапасының артуы. Бұл тұрғыдан соңғы 10 жылда ана өлімі – 3,7 пайызға, бала өлімі – 1,5 пайызға дейін төмендеген. Бүгінде жыл сайын елімізде 300-400 мыңға жуық сәби дүниеге келеді. Елбасы айтпақшы, Қазақстанның әрбір үшінші тұрғыны – бала. Мұның өзі қазақ ұлтының жас ұлттар санатында екенін аңғартады. Қазақ халқының орташа жасы – 26, орыс және басқа да еуропалық ұлыстардың орташа жасы – 48.
Қалай десек те, демографиялық көрсеткішті ұлғайтуға экономикалық, мемлекеттік шаралар ықпал ете алады. Мемлекет тарапынан арнайы бағдарламалар жүзеге асып, жүйелі жұмыс істеп отырса, ол елдегі демографиялық ахуалдың жақсаруына дем бере алады. Ал егер мемлекеттік тұрғыда ұлттық құндылықтар мен отбасы институтын нығайтуға бағытталған шаралар жалғасын тапса, демографиялық өсімнің одан ары дамуына жол ашылады.