Жаңалықтар

Флориданы ойрандаған «Майкл»

ашық дереккөзі

Флориданы ойрандаған «Майкл»

Орталық Америка елдерінде «Майкл» дауылы мен нөсер жауыннан 18 адам қаза тапты. Атлант мұхитынан бастау алған дауыл күшейіп, АҚШ-тың Флорида штатына дейін жеткен. Табиғаттың тосын мінезі, әсіресе, Флориданың Пэнхэндл аймағының тұрғындарын әбігерге салды. Дүлей желдің жылдамдығы сағатына 240 шақырым болып, ағаштарды түп-тамырымен жұлып әкеткен.  Өңірде мектептер мен мекемелер жабылды. Айта кетейік, «Майкл» дауылы Флорида штатында 1851 жылдан бері соққан ең күшті дауыл болып тіркелді. Салдарынан жағалаудағы 400 мыңға жуық тұрғын баспаналарын тастап кетті. Сондай-ақ, апат Флоридадағы АҚШ Әуе күштерінің «Тиндаль» базасын жарықсыз қалдырып, елеулі зақым келтірді. Көптеген ғимараттар толығымен бұзылған. Мемлекетте 243 мыңнан астам адам электр қуатынсыз қалды. Флорида штатының губернаторы Рик Скоттың мәлімдеуінше, Пэнхэндл және Биг Бенд аймақтарына 1800 полиция мен құтқарушы және 400-ге жуық фельдшерден тұратын 400 жедел жәрдем көлігі жіберілген. Ал Флориданың Ұлттық гвардиясы іздестіру, жолдарды тазарту және қажетті жабдықтарды жеткізу үшін 4 мыңға жуық әскерді аттандырған. Аймақтың 26 округінде төтенше жағдай режимі жарияланды. Жалпы есеппен, дауыл салдарынан келген шығын 16 миллиард долларға бағаланған. Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп твиттер парақшасында таяуда Флорида мен Джорджио аймақтарына баратыны туралы жазған болатын.