Жаңалықтар

Чексіздік шектен шығып барады

ашық дереккөзі

Чексіздік шектен шығып барады

2013 жылдың басында елімізде көлеңкелі табыс пен жемқорлыққа тосқауыл қою үшін барлық сауда-саттық орындарына POS-терминалдар орнату міндеттелді. Арада 5 жылдан астам уақыт өтсе де, кассалық аппараттарды орнатпақ түгілі, чек сұраған тұтынушыға «алғың келсе ал, болмаса бос сөзбен басымды ауыртпа» деп өктем-өктем сөйлейтін саудагерлер қатары азаяр емес. 2017 жылдың соңында Қаржы министрлігінің Статистика комитеті Қазақстанда барлығы 1 миллион 156 мың 436 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі бар екенін мәлімдеді. Осылардың кейбірі тұтынушыға төлем жөнінде арнайы чек бермейді деп шағымданады жұртшылық. Рас па, өтірік пе? Редакцияға хабарласып, атын жасырып қалуды сұраған ақсақал қоғамдағы кейбір түйткілді тілімен түйреп өтті. Негізгі шағымы жеке кәсіпкерлер дөңгелетіп отырған сауда-дүкендер желісі. Әр аула маңында орналасқан дүкендердің көбі төлем чегін бермейтін көрінеді. «Осыдан 2 ай бұрын бір өнімді 110 теңгеге алдым. Өткен айда 120 теңгеге өсті. Екі апта бұрын барсам 125 теңгеге және көтерілген. Жақында сол тауар құны 130 теңге болғанын көріп таңғалдым», – дейді оқырман. Бұл баға қайда өсіп барады деп, сатушыдан чек сұрасам беттен алып, төске шапты деп қамыққан қария сөзінің шындығын білу үшін Алматыдағы сауда-дүкендеріне беттедік. Әйгілі Алматы метросына «Байқоңыр» бекетінен отырған кезде кассадан сары жетонмен қоса, төлем парағын ұстатқанда разы болдық. «Жібек жолы» бекетінен шыға берісте тау гүлдері мен жемістерін сатқан азаматшалар тұрады. Әлгі бикештер кассалық аппараттан чек бермек түгілі, кәсіпкер ретінде салық басқармасына тіркелмегендіктерін айтып өзеуреген. Ішімізден заңсыз сауда дедік те, қамсыз саудагерді қинамай көк базарға беттедік. Көк базарға кіре берісте, Жібек жолы көшесінің бойында қолдарына бауырсақ тектес тәтті ұстаған әйелдер қашан да құжынап тұрады. Олар біздің сауалымызды естіп, жан-жаққа тарай жөнелді. Демек заңсыз сауда істеп тұрғандарын іштері сезеді. Базарға кірген бетте, құрғақ жеміс сатушылары «сұрасаңыз чек те береміз, бастысы тауарды алсаңыз болды» деп тұр. Одан өткеннен кейінгі ет сатушы бірнеше саудагер де солай тіл қатты. Базардың астыңғы бөлігінде орын тепкен көкөніс сатушылары аппаратының істемей тұрғанын, үйіне тастап кеткенін айтып, сан сылтауды алға тартты. Дегенмен кейбірі чек береміз дегендей болды. Мақатаев көшесіне шықтық. Қарсы беттегі Есенов көшесінде Жүргенов көшесіне дейін  азық-түлік өнімдерін сататын 7 дүкен саудасын қыздыруда. Олардың біреуінде ғана кассалық аппарат жұмыс істеп тұр. Қалғандары қолма-қол төлемді құп көріпті, бірақ чек беріп жатқан бірі жоқ. Алматының шетінен орын тепкен «Алтын Орда», «Жетісу», «Барахолка» базарларын шетке ысырып қойдық. Өйткені орталық базар мен оның маңындағы дүкендердің жай-күйі осындай. Күніне жүздеген миллион теңге айналатын бұл жерде төлем чектерін жүйелі беру неге әлі күнге дейін қолға алынбаған? Автобусқа кірсе, тексерушіден үркіп чек сұрайтын жұрт азық-түлік өнімдерін аларда неге немқұрайлы? Мамандардың айтуынша, азық-түлік чегін сұрап алып, оны сақтау өте маңызды көрінеді. Алған тауар үйге барғасын сапасыз болып шықса немесе денсаулығыңызға зақым келтірсе, чек арқылы сіз нақты сол кәсіпкерден тауар алғаныңызды дәлелдей аласыз. Кассалық чек бермеген кәсіпкер тұтынушы құқығын белден басады не салықтан жалтаратыны кім-кімге де айдан анық.

Жазаның бар салмағы айып қана

«Төлемдер мен ақша аударымдары туралы» Заңға 2013 жылы өзгертулер енгізілсе де, бұл толық іске аса қоймаған сияқты. Мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлері осылай дейді. Тамыз айының ортасында жүргізілген рейд барысында біршама кәсіпкерлердің заңсыз әрекеттері әшкереленіп, 36 мың теңгеден айыппұл салынған. Биылдан бастап онлайн түрдегі аппарат қолдануға көшіп жатқан кәсіпкерлер келер жылға дайындалуда. 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап жеңілдетілген салық жүйесімен жұмыс жасайтын бизнес өкілдері онлайн-кассалық аппаратты орнатуға міндетті. Сол арқылы кәсіпкердің әр қадамын бақылап, түскен ақша туралы мәлімет Кірістер департаментінің жалпы есебіне ілігеді. Бүгінге дейін көлеңкелі кәсіпті қолына жаққан сақадай санайтын кәсіпкерлерге осылайша тосқауыл қоямыз дейді мемлекеттік кірістер комитеті. Жаңа кассалық аппараттың көмегімен бір жылда 2 миллиард теңгеден астам жасырын табыс анықталып, 37 миллион теңге мемлекетке салық есебінде қайтарылғаны туралы мәліметтер де бар. Елімізде 2016 жылдан бастап жағармай құю бекеттері мен алкогольді ішімдік сататын дүкендерде онлайн-кассалық аппараты пилоттық режимде алғаш жұмыс істеді. Өйткені алкогольді өнім сатушылары табысын жиі жасырып қалатыны байқалған. Бір айдың ішінде Алматыдағы 75 дүкеннен 19 мыңға жуық ішімдік саудадан алынды. Онлайн-кассалық аппарат арқылы жағармай мен алкогольдік ішімдіктерді қолданудағы статистика нақты болып отыр. Кезінде POS-терминалдар орнатуға қатысты заңға енгізілген өзгертулерге сәйкес талапты орындамаған жағдайда жеке кәсіпкерлерге 40 айлық есептік көрсеткіш, ал шағын және орта бизнеспен айналысатын заңды тұлғаларға 60 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салу көзделген. Келтірілген деректерге сенсек, бізде тіркелген 1 миллион 156 мың 436 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісінің іс жүзінде тек жартысы ғана жұмыс істейтін сияқты. Ал соның 40 мыңы ғана кассалық аппараттарды қолданады екен. 2011 жылы ҚР салық комитетінің сол кездегі төрағасы Дәулет Ерғожин Twitter-дегі микроблогында: «Сауда нүктелерінде кассалық аппараттардың болуы жергілікті салық органдарының жұмысын бағалаудағы ең бірінші критерийлердің бірі болмақ. Кассалық аппарат жоқ болса – лауазым да жоқ», – деп бір істі бастағандай болып еді. Бірақ талайда лауазым бар, ал кассалық аппарат жоқ болып шықты.

Болашақ пен бүгіннің бедері 

Цифрлық технологияның мүмкіндіктері көз ілеспес жылдамдықпен артып отыр. Болашақта онлайн-кассалық аппараттардың да, дүкендегі сатушының да түк керегі болмауы мүмкін. Өйткені осы жылдың қаңтар айында атақты Amazon компаниясы сатушылары, кассалық аппараты жоқ дүкендер желісін іске қосты. Бұған дейін компания қызметкерлері аталған жүйені пилоттық режимде талай рет сынақтан өткізіп үлгерген еді. Осы арқылы 100 пайыз көлеңкесіз сауда жасауға жол ашып бергендей. Сатып алушы кіре берістегі турникетке смартфонын тигізеді. Сосын өзіне қажетті тауардың нөмірін таңдайды. Дүкенде қолданылатын технология, сатып алушының сөреден нені алатынын және тауарды  қайта орнына қойғанын, сөмкесіне дүкеннен қандай өнім салғанына дейін біле алады. Ал дүкеннен шыққан кезде, сатып алынған заттардың сомасы кредит картасынан алынады. Бұл жағдайда сатып алушыға штрих-кодты сканерлеудің қажеті болмайды. Құрылғанына небәрі 24 жыл болған Amazon.com талай үлгілі істерді бастап келеді. Мемлекеттік кірістер комитеті мен Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бірнеше жылдан бері «чек талап ет – жүлде ұтып ал» науқанын ұйымдастырып келеді. Сауда жасап болғасын қолыңыздағы кез-келген түбіртекті суретке түсіріп жібересіз. Қарапайым чек талап ету арқылы бағалы сыйлықтармен қатар, автокөлік ұтып алуға болатынын көп жан біле бермейді. Алдағы бірнеше жылдың ішінде барлық сауда нүктелерінде сөзсіз онлайн кассалық-аппарат болатынын дәл осы жұмыстар аңғартып тұрғандай.

Нұрбапа Мұсабаев,салық кеңесшісі: