Баж салығын көбейту

Баж салығын көбейту

Баж салығын көбейту
ашық дереккөзі
Қант тапшылығына қатысты мәселе соңғы уақытта қазақстандықтарды уайымға салып қойғаны жасырын емес. Дегенмен жұрт жаздың аяғы, күздің басынан осы мәселенің туындайтынына әбден үйренген. Жыл сайын жыр болатын қант тапшылығы биыл шынымен сезіле ме? Жауаптылар «тапшылық болмайды» деп кесіп айтқанымен, жер-жерде қант бағасының өскені, тіпті кей жерлерде мүлдем жетіспей жатқаны сөз болуда. «Raimbek» компаниясы өкілдері жасаған мәлімдеме    қаншалықты рас?

Тапшылық бола ма, әлде...

Әңгіменің басы неге «Raimbek» компаниясынан басталып отыр? «Қазақстанда қант тапшылығы болуы мүмкін» деген болжамды алғаш айтқан – аталмыш компания өкілдері еді. Араға көп уақыт салмай Ұлттық экономика министрлігі бұл мәселеге байланысты тиісті жауабын жариялады. Министрліктегілер елімізде қант тапшылығы туындайтындай қауіп жоқ екенін кесіп айтты. Әуелі қант өндірушілер мен жеткізушілердің болжамына тоқталайық. Кәсіпкерлер еліміздегі қант тапшылығының Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы жаңа ережелерге байланысты екенін айтады. Бұл 2018 жылдың 27 шілдесінде қабылданған жаңа ережеге байланысты. Тамыз айынан бастап күшіне енген келісім бойынша, қантты тек Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы елдерден ғана сатып алуға болады. Ал кәсіпкерлер одаққа мүше елдердегі қант мөлшері Қазақстанның сұранысын толық қанағаттандыра алмайтынын алға тартып отыр. Отандық нарықта қант жеткілікті болуы үшін бұл кемінде бір адамға жылына 27 келіден айналуы керек. Бұл – жылма-жыл жан басына шаққанда тұтынылып келе жатқан қант мөлшері. Ал 1 келі қант өндіру үшін кемінде 5-6 келі жоғары сапалы қант қызылшасы қажет. Сонда Қазақстан өзін қантпен жеткілікті қамтамасыз етемін десе, жылына 2 млн 210 мың тонна қант қызылшасын өндіруі тиіс. Ал отандық зауыттардың көпшілігі еліміздің сапалы да денсаулыққа зияны жоқ шикізатын пайдаланудың орнына алыстағы Бразилия секілді елдердің арзан тұратын қант құрақтарын тұтынуға көшкен. Қант құрағын экспорттаушы елдер өнімдерінің бағасын күрт қымбаттатқан кезде осы шикізаттан қант дайындайтын отандық зауыттар бірден тақырға отырып, өздері шығаратын қанттың бағасын күрт қымбаттатуға мәжбүр болды. «Raimbek» компаниясы өкілдерінің мәліметіне сенсек, соңғы айларда елімізде қант өндірілмеген. Ал сұранысты қанағаттандырып отырған Ресей нарығынан елге қант тасымалдау да қиындық туғызуда. Өйткені қазір көрші ел тек өзін ғана қантпен қамтамасыз ете алады. «Қантқа қатысты жағдайдың қиын екенін көріп отырмыз, қолда бар өнім тек бес-жеті күнге ғана жетеді, ал екі аптадан кейін супермаркеттер мен ритейлердегі өнім таусылады. Елімізде қант өндірілмей жатқанына екі ай болды, ал биыл Ресейдегі астық үштен бірге төмен болып отыр. Бізге жылына 500-550 мың тонна қант керек, ал Ресейде бізге беретін ондай көлем жоқ», – деді ресми мәлімдеме жасаған «Raimbek» компаниясының азық-түлік жеткізу желісі басқармасының басшысы Сурен Абибуллаев. Абибуллаевтың айтуынша, Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін елдерден Қазақстанға ақ қант әкелсе, оның әр тоннасына 340 доллар көлемінде баж салығы салынады. Бұл – қант тапшылығын тудыратын себептердің бастысы. Өйткені осының салдарынан қант бағасы 70-80 пайызға дейін, ал дайын өнім бағасы 40 пайызға дейін шарықтауы мүмкін. Бұл ретте дайын өнім құнының қымбаттауы тұтынушылық сұраныстың және өндірістік көлемнің азаюына әкеліп соғады. Сурен Абибуллаев: «Өз нарығымызды қолдан беріп отырмыз. Мүмкін жағдайдың қолдан жасалып отырғаны біреу үшін тиімді шығар, ал біз болсақ, ЕАЭО елдеріне нарықты ашу үшін өз өндірісімізді тоқтатып отырмыз. Бұдан біреу пайда тапқысы келіп отырған шығар, кім біледі?», – деп болжам жасап отыр. Оның үстіне, еліміздегі қант нарығының 60 пайызын құрайтын Орталық Азиялық қант корпорациясы қант өндіруді тоқтатты. Бұл да өз кезегінде Қазақстанда қант тапшылығының туындауына ықпал етуде. Мамандар еліміздегі қант тапшылығына себеп болатын жайттарды тізбектей баяндап бергенімен, Үкіметтегілер жағдайдың бақылауда екендігін айтуда. Ауыл шаруашылығы министрлігі ұсынған деректерге сүйенсек, жыл басынан бері 138 мың тонна қант өндіріліп, 121 мың тоннасы импортталған. Тұрақтандыру қорларында сақталған қант мөлшері де жеткілікті. Сондай-ақ, Ұлттық экономика министрлігі елімізде қантты импорттауға және өндіруге қажет шикізатқа ешқандай тыйым енгізілмегенін хабарлады. «2010 жылы Кеден одағы құрылған сәттен бастап, барлық ЕАЭО-ға мүше елдерге қатысты, үшінші елдерден импортталатын ақ қанттың тоннасына 340 АҚШ доллары көлемінде Бірыңғай кедендік тариф қолданылады. Одақ елдерінің арасындағы өзара сауда аясындағы қант айналымына баж салығы салынбайды. Қазақстандағы қант өндірушілер, оның ішінде «Raimbek» компаниясы да 2010 жылдан бері ЕАЭО аясындағы кедендік баж салығынсыз қант және оны өндіру үшін шикізат тасымалдауда уақытша жеңілдікті преференцияларды пайдаланып келді. Ағымдағы жылғы 27 шілдеде Ауыл шаруашылығы министрлігінің ЕАЭО ұлттық міндеттемелерді имплементациялау аясындағы ұсынысы негізіндегі Үкіметтің қаулысымен аталған жеңілдікті преференциялар жойылды» делінген Ұлттық экономика министрлігінің ресми хабарламасында.

Бағаны қымбаттатқан кімдер?

Қазіргі өршіп тұрған мәселе тек қант тапшылығынан ғана емес өндірушілер мен жеткізушілерге берілетін жеңілдіктерге байланысты туындағаны айқын аңғарылатындай. Басты кілтипан – жоғарыда айтқан баж салығында болып тұр. Ал Ауыл шаруашылығы министрлігінің түсіндіруінше, кедендік баждарды енгізу – бұл ірі экспорттаушылар үшін ұнамды емес, бірақ нәтижесінде ішкі өндірістің қарқынды дамуына, ішкі нарықта отандық кәсіпорындардың қайта өңделген тауарларының ұлғаюына әкелетін қажетті шара. Министрлік алдағы уақытта қант зауыттары мен қантты сырттан тасымалдаушы компанияларға қолдау жасауды тоқтатпақ. Есесіне кедендік баж салығын көбейту арқылы отандық ішкі өндірісті дамытуға ерекше назар аударады. Бірақ Ауыл шаруашылығының бұл бастамасы неге дәл қантқа деген сұраныс артатын маусымда қолға алынды? Мұндай шектеу қант бағасының қымбаттауына әкеліп соқпай ма? Жұртты да алаңдатқан басты сауал – осы. Алайда министрліктегілер алаңдауға еш негіз жоқ екенін айтады. «Бүгінде қантты тұтынуы жоғарылаған маусымның алыпсатарлық көңіл күйін, сонымен қатар, қазан айында басталатын қант қызылшасының жаңа өнімін жинастыруға дайындықтың басталғанын да қоса ескеруіміз керек. Осындай жағдайға байланысты қант бағасының шамалы қымбаттауы мүмкін. Дегенмен баға маусымдық ауытқу шегінде болады деп түсінеміз. Оның үстіне, саланың негізгі көрсеткіштері аса қатты тапшылықтың жоқ екенін, мемлекетте қант қорының сарқылмағанын көрсетеді», – деп мәлімдеді Ауыл шаруашылығы министрлігі. Статистикалық деректерге иек артсақ, үстіміздегі жылдың алғашқы жартыжылдығында ақ қант өндірісі 138,6 мың тоннаны, экспорт – 50,7 мың, импорт – 121 мың тоннаны құраса, 6 айдағы тұтыну мөлшері 209 мың тоннаға жетті. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 32 мың тоннаға аз. Сондықтан биліктегілер тұрғындардың алаңдауына негіз жоқ дейді. Оның үстіне, министрліктегілердің ұсынған дерегі бойынша, қазір өңірлік тұрақтандыру қорларында тұрғындарға сатылатын қант қоры жеткілікті. Ал жер-жерде қант бағасына қатысты туындаған мәселелер қолдан жасалған болуы мүмкін. Мәселен, таяуда Алматы қаласы Ауыл шаруашылығы басқармасы құмшекерді аяқасты қымбаттатып жіберген тасымалдаушылардың өздері екенін мәлімдеді. «Қант – дефицит» деген алыпқашпа әңгіме шығарып, артынша өз өнімін қымбатқа сатқандар сөйтіп көл-көсір пайдаға кенелген. Жамбыл мен Алматы облыстарындағы күрделі жөндеуге жабылған отандық қант зауыттарының қайтадан іске қосылатынын біліп алған тасымалдаушылар Ресей мен Қырғызстаннан әкелген құмшекерлерін жылдамдатып сатып жіберуді көздесе керек. Сондықтан қант тапшылығын қолдан жасап, артынша супермаркеттерге қымбат бағамен өткізген. Шенеуніктер мұны әдейі істелген маркетингтік тәсіл деп отыр. Ал расында қорда қант жеткілікті. Бір ғана Алматыда 10 мың тоннаға жуық қант бар екен. Ал қазан айында бұл көрсеткіш он есеге артады. Өйткені қос бірдей зауыт іске қосылады. Сол кезде баға керісінше төмендейді екен. Яғни, қантты көтерме саудалаушылар және сауда желілері қоймаларында қанттың біраз қорын ұстап отырады. Осы жағдайды ескере отырып, Ауыл шаруашылығы министрлігі тұтынушыларды қант төңірегінде болуы мүмкін қолдан жасалған дүрбелеңге берілмеуге шақырады. Мұндайға жол беру бағаның жоғарылауына әкеліп соғады. Министрлік өкілдерінің мәлімдемесінен ұққанымыз, болған қантқа қатысты түйткілдерге тұтынушылардың қатысы жоқ. Мәселе мемлекеттік органдар, қант зауыттары мен жеткізушілер арасында туындап отыр.

Кондитерлер үшін де мәселе көп

2017 жылдың қазанында Қазақстан кондитерлер қауымдастығы мен алкогольсіз сусын қауымдастығы Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевқа «осы мәселеге қатысты қазақстандық өндірушілердің мүддесін қорғап, аталған шешімді қабылдауды кейінге қалдыруды» сұрап өтініш жолдағанын еске салып кеткен жөн. «Біз, ең бірінші, бағаның тепе-теңдігі сұраныс пен ұсыныстың есебінен қалыптасатын Лондон үлгісі бойынша қантқа арналған объективті нарықтық бағаны анықтау үшін институттар құруды ұсынамыз. Біздің салада мұндай шараны қабылдау екі сценарийдің біреуі бойынша бағаның өсуіне әкеледі. Егер біз қантты КО-дан емес басқа жақтан әкелуді жалғастыратын болсақ, онда оның бағасына 30 пайыздан 40 пайызға дейінгі мөлшерде кедендік салық қосылады. Ал бұл дайын өнімнің де бағасын өсіреді деген сөз. Егер қантты тек КО-дан ғана алатын болсақ, онда ресейлік-беларусьтық қант олигаполиясының баға белгілеуіне тәуелді болып, өзімізді тұрақсыз жұмыс істеу жағдайына тап қыламыз», – делінген хабарламада. Сала өкілдерінің болжамы тура келгенін уақыт көрсетіп отыр. Қант тапшылығы туындап, баға қымбаттайтын болса, кондитерлік өнімдердің де құны аспандап кетері анық. Қазіргі уақытта күн тәртібінде тұрған басты мәселелердің бірі – осы. Мамандардың түсіндіруінше, бұл еліміздегі шағын кәсіпорындарға байланысты. Өйткені мұндай кәсіпорындардың бәрі қантты делдалдардан алады. Бүгінде елімізде 140-тан астам шағын кондитерлік кәсіпорындар барын ескерсек, бағаны Үкіметтің бақылап отырғаны орынды болатын тәрізді. Десек те, шағын кәсіпорын иелері бағаны тұрақты ұстап тұруға барынша тырысатындықтарын алға тартады. Шын мәнінде, шикізат бағасының қымбаттауы тауар құнына әсер етпей қоймайтыны заңдылық. Қалай дегенмен де, кәсіпкерлер қанттың құны нарықтағы монополистердің қас-қабағына қарап құбылатын болды деп алаңдап отырғанын жасырмайды. «Бұрын біздің компанияларда таңдау болатын. Олар Ресейдің қантын ала ма, жоқ, Еуропадан ала ма, өздері білетін. Енді бізде ондай таңдау жоқ! Белоруссияда қант өндіретін ірі бір зауыт бар, Ресейде 4-5 кәсіпорын, Қырғызстанда біреу. Бұл нені білдіреді? Енді біз осы 7-8 өндіріс орнының қабағына қарап отырамыз. Олар ертең қант бағасы 300-400 теңге болады дей ме, ол солай болады. Біз қандай баға қоймасын сол бағаға аламыз. Байланып қалдық!», – дейді Қазақстан кондитерлер қауымдастығының президенті Әлихан Талғатбек. Қантқа қатысты қандай дүрбелең туындаса да, қазақстандық кондитерлер үшін сапалы шикізат қажет. Сондықтан ішкі нарықтан бөлек шетелден әкелінетін қанттың сапасын да ерекше бақылауға алу маңызды. Ал билік бұл мәселені шешуге атсалысуы керек. Яғни, мемлекет ресейлік өндірушілердің емес, қазақ тұтынушыларының пайдасын алғашқы орынға қоюы шарт екенін есі дұрыс кісі білуге тиіс.