Кезекті жиын жолдауға арналды
Кезекті жиын жолдауға арналды
Қазақстандағы тұңғыш жоғары оқу орны ҚазҰПУ-нің 90 жылдық мерейтойы мен Елбасы Жолдауының 5 қазанға сәйкес келуін жақсы ырымға балаған оқу орнының профессор-оқытушылары, қызметкерлері, студенттері, магистранттары мен докторанттары Жолдауды талқылауға жоғары көңіл күймен, зор белсенділікпен атсалысты.
Талқылауға арналған мәжілісті ашқан университет ректоры, профессор Такир Балықбаев: «ҚР Президентінің «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауының аты айтып тұрғандай, жанашырлыққа толы құжат болып отырғанын атап көрсетті. Мұнда білім саласына қатысты бірқатар жаңа міндеттер белгіленген: 5 жыл ішінде білім, ғылым, денсаулық сақтау салаларына барлық көздерден жұмсалатын қаражатты іштей жалпы өнімнің 10 пайызына дейін жеткізу, мектепке дейінгі білім беру сапасын түбегейлі жаңарту, орта білім беру жүйесін жаңа деңгейге көтеру, жоғары білім беру ісінде оқу орындарының маман дайындау сапасына қатысты талаптарды күшейту туралы өзекті мәселелер қамтылып отыр. Елбасының «Келесі жылы «Педагог мәртебесі туралы» Заңды әзірлеп, қабылдау қажет деп санаймын» деген сөзі мұғалімдер арасында зор серпіліс туғызып отыр». Осылай деген ректор Т.Балықбаев Елбасы Жолдауына байланысты университетте алдағы уақытта ғылыми конференциялар, дөңгелек үстелдер, кездесулер өткізіліп, көптеген нақтылы іс-шаралар жүзеге асырылатынын жеткізді.
Университет проректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ғабит Кенжебаев өз баяндамасында Жолдаудың негізгі бөлімдеріне кеңінен тоқталды. Заң ғылымдарының докторы, профессор Бақытжан Хасенова мұғалім мәртебесінің құқықтық негіздері туралы салиқалы да терең баяндама жасады. Саясаттану және әлеуметтік-философиялық пәндер кафедрасының меңгерушісі, саясаттану ғылымдарының докторы, профессор Жомарт Симтиков Елбасы Жолдауының әлеуметтік-саяси маңызы туралы баяндады. ҚР ҰҒА академигі Әлия Бейсенова Мемлекет басшысының жаңа Жолдауы халқымыздың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған Елбасының үлкен қамқорлығының көрінісі екенін айтты. Экономика ғылымдарының докторы, профессор Борасын Иманбердиев Жолдаудағы экономикалық мәселелері туралы ой өрбітті. Студенттер, магистранттар және докторанттар Жолдауға кеңінен қолдау білдірді.