Жаңалықтар

Қазақтың бір кемшіні – көркем кино

ашық дереккөзі

Қазақтың бір кемшіні – көркем кино

Қазіргі уақытта қазақ киносына қатысты айтылар сын көп, тағылар мін де көп. Отандық киноөндірісте фильмдердің саны артқанымен, бәрі бірдей көрермен үдесінен шыға алмайтыны шындық. Ал кино саласындағы күрделі түйткілдер «Кинематография туралы» заң жобасы қабылданғаннан кейін шешімін табар деген үміт бар. Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының айтуынша, Парламент қарауына ұсынылған «Кинематография туралы» заң жобасы ұлттық киноны қалыптастыру ісін қолдау тетіктерінің тиімділігін арттыруға, Қазақстанның фильмдерін, сондай-ақ, шетелдің жетекші компанияларымен бірлесіп түсірген кино өнімдерін халықаралық нарыққа кең көлемде шығаруға бағытталған. Енді «Кинематография туралы» заң дегенде, алдымен ұлттық кино және оны прокаттау жүйесі ойымызға оралады. Киноның төңірегінде кешенді мәселе жетерлік. Бірақ түйткілді жағдайлар осы заң жобасы арқылы шешімін табатынына үміт көп. «Біздің киноның шетелдік фильмдерге қарағанда, нарықта ұтылып жатқан тұсы бар. Осы заңға байланысты ұлттық киноның жағдайы мүлдем басқаша болады. «Қазақфильм», басқа да киностудия салу, ең бастысы, шетелдік ірі кинокомпанияларды Қазақстанға әкелуге мүмкіндік туады. Егер біз Голливуд, Болливудты әкелсек, кинолардың халық­аралық дәрежеге шығуына мүмкіндік мол болады», – дейді Арыстанбек Мұхамедиұлы. Осыдан бір ай бұрын министр «Кинематография туралы» жаңа заң жобасын Мәжіліс депутаттары алдында таныстырған болатын. Сонда кино түсіруге бөлінген бюджет қаржысын кері қайтару мәселесі сөз болған. Егер жаңа заң күшіне енсе, мемлекет есебінен түсірілген киноның шығынын режиссерлер қайтаруы тиіс. Мәселен,  әлеуметтік немесе балаларға арналған  киноның авторлары  жұмсалған ақшаның 20 пайызын, ал өзге  фильмдер 100 пайызын  мемлекетке тапсырады. Шенеуніктер жиналған ақшаны  жаңа фильмдердің түсіріліміне  жұмсамақ.  Айта кетейік, бұған дейін түсірілген фильмдерге жаңа талаптың қатысы жоқ. Заңға сәйкес алдағы уақытта елімізде ұлттық фильмдерді қаржыландыру ережесі өзгереді. Туындыға мемлекеттен ақша бөлудің жаңа түрі отандық кинофильмдер сапасын жақсартады. Бірінші кезекте, көп қаржы балаларға арналған, әлеуметтік маңызы бар және шетелде көп сұранысқа ие анимациялық картиналарға жұмсалады. «Ұлттық киноны мемлекеттік қаржыландырудың жаңа моделін енгізу жоспарланып отыр. Қазіргі кезде прокатты қосқанда, барлық картина толық көлемде қаржыландырылады. Сәйкесінше, бұл шығарылатын картиналардың санын, сонымен қатар олардың нарықтағы коммерциялық ілгерілеуін айтарлықтай шектейді. Өйткені өндіруші, продюсер, шығармашылық топ өндіріс барысында өздерінің барлық гонорарын алып қояды», – дейді ҚР Мәдениет жəне спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы. Заң жобасын таныстыру кезінде Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан отандық кинокартиналар санын арттыру үшін жекеменшік киностудияларға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуі керек екенін мәлімдеген болатын. Өз сөзінде депутат жекеменшік студияларға қаржылық қолдау көрсету қажеттігін атап айтқан. Бұған себеп те жоқ емес. Деректерге иек артсақ, отандық фильмдердің 80 пайызы – жекеменшік студиялардың туындылары. «Жекеменшік студияларға мемлекет тарапынан қаржылық қолдау қарастырылып, прокат мәселесі шешілетін болса, отандық фильмдер лап ете қалғалы тұр. «Кинематография туралы» заң жобасы сол фильмдерді көрерменге еркін жеткізу жүйесін жасап беру үшін әзірленіп отырған дүние. Бізде прокаттық компаниялар көп жағдайда қазақ киностудиясына көз жұма қарайтыны жасырын емес. Сонда келтіріп отырған аргументтерінің көбі – голливудтық стандартқа сай емес, жарық, дыбыс сияқты компоненттер. Бокс-офистің 40 пайызын құраған «Бизнес по-казахски» атты отандық туынды болды. Сапалы, жақсы, стандартқа сай шығар. Бірақ бұл күллі қазақ киносының көрсеткіші емес, бұл бір ғана факт. Енді бір кино табысты болды деп, қазақ киносын голливудтық бәсекеге жібере салуға болмайды. Отандық кино мемлекеттің қамқорлығында, қарауында болуы керек. Оны «Қазақфильм» өндіре ме, жекеменшік кино­студия өндіре ме, бәрібір. Кейде бокс-офистің көрсеткіші, жалпы прокаттағы отандық фильмдердің беталысы қандай болатынын біз білмейміз. Яғни, бізге отандық өнімдерге қатысты нақты жүйелі болжам, анализ, ақпараттық жүйе керек», – деген еді Бекболат Тілеухан. Қалай десек те, отандық кино саласының мамандары «Кинематография туралы» заңның қажеттігін талай жылдан бері жырлап жүрген. Міне, енді мамандардың қалауы орындалғалы тұр. Заң жобасы бекітілсе, киноөндірісті өркендетуге, жетілдіруге кеңірек жол ашылмақ.