ҚоғамСаясат

Ағын су ауылды көркейтеді

Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың 2018 жылғы 5 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауында «Халқымыздың бақуатты өмір сүруі және еліміздің озық дамыған 30 елдің қатарына қосылуы – Тәуелсіз мемлекетіміздің мәңгілік мұраты» деп атап көрсетті. Елбасы әрбір Жолдауында халықтың әлеуметтік жағдайы мен тұрмыс сапасын жақсартуға ерекше мән беріп келеді. Елбасының қамқорлығы арқасында суармалы жерлерді қалпына келтіру және оның көлемін ұлғайтуға ерекше көңіл бөлініп отыр.

Бүгінде Түркістан облысында 570,4 мың гектар суармалы алқап бар. Өткен жылы оның 498,2 мың гектары  пайдаланылды. Барлық суармалы жер көлемінің 393,5 мың гектарына, яғни 69 пайызына «Қазсушар» РМК Түркістан филиалының су шаруашылығы нысандары арқылы ағын су жеткізіледі.  Бұл кәсіпорынның иелігінде 20 су қоймасы, 12 су бөгеті, 1683  су және 401 коллектор-дрен жүйелері, 921 су өлшеу бекеті мен 1101 тік дренаж бар.

Су ресурстары мен суармалы жерлерді тиімді пайдалану арқылы халықтың әл-ауқатын жақсарту, тұрмыс сапасын арттыру мақсатында ауылшаруашылық айналымнан шығып қалған суармалы жерлерді қайта қалпына келтіру ерекше орын алады.

Осы тұрғыда айналымнан шығып қалғанымен сұранысқа ие суармалы жерді қалпына келтіру және суармалы жерді ұлғайту, алынатын өнімді молайту мақсатында Қазақстан Республикасының 2017-2021 жылдарға арналған агроөнеркәсіптік кешенді бағдарламасы аясында іс-шаралар жоспары дайындалды. Бағдарлама Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 14 ақпандағы №420 Жарлығымен бекітілген.

Бағдарламаны жүзеге асыру аясында облыс бойынша  барлығы 95444 гектар жерді қалпына келтіру және суармалы жер көлемін ұлғайту жоспарланған.  25692 гектар Еуропа қайта құру және даму Банкі несиесімен, 69752 гектар республикалық бюджет есебінен жүзеге асыру белгіленген.

Қазіргі уақытта су шаруашылығы нысандарын аудандық/қалалық коммуналдық меншіктен республикалық меншікке өткізу рәсімдері жүргізілуде. Бағдарлама іс-шаралар жоспарының орындалуы Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылық министрі Ө.Шөкеевтің тікелей қадағалауында.

«Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің төрағасы И.Әбішевтің ұсынысымен барлық дерлік аудан және қала әкімдіктері коммуналдық және жеке меншіктегі су шаруашылығы нысандарын республикалық кәсіпорынның теңгеріміне өткізу шаралары қолға алынды. Бір орталықтан басқару, су ресурстарына мониторинг жүргізу, қажетіне қарай шұғыл шешім қабылдау, делдалсыз бірыңғай тариф болуы ауыл шаруашылығы өнім өндірушілеріне тиімді болады», – дейді «Қазсушар» РМК Түркістан филиалының директоры Кеңес Әуенұлы.

Осы жылдың тамыз айында ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Ө.Шөкеевтің Түркістан қаласына сапары кезінде халықаралық қаржы ұйымдары мен республикалық бюджеттен қаржыландыру үшін Бағдарламаға енген су шаруашылығы нысандарын республикалық меншікке қысқа мерзімде өткізу тапсырылған болатын.

Бүгінгі таңда қалпына келтіру және жер ұлғайту шаралары жүргізілетін 25692 гектар суармалы жердегі су шаруашылығы нысандарын республикалық меншікке өткізу және жаңадан игерілетін нысандардың жер телімдеріне сервитут алу мәселесі шешілді.  Түлкібас ауданында бағдарламаға енгізілген 86 канал республикалық меншікке өткізілді. 43743 гектарға орналасқан 348 канал бойынша өткізу-қабылдау рәсімдері жүргізілуде.

«Қазсушар» РМК Түркістан филиалында өз ісін жетік білетін 1323 адам жұмыс істейді. Барлық жоспар ретімен жүзеге асып жатса, алдағы уақытта облыс бойынша 570,4 мың гектар суармалы жерде орналасқан коммуналдық және жеке меншіктегі су шаруашылығы нысандары «Қазсушар» РМК теңгерімінде болады. Суармалы жерлерді ағын сумен қамтамасыз ету республикалық меншіктегі су шаруашылығы нысандары арқылы жүргізіліп, су есебін жүргізу мен бөлу бір орталықтан басқарылады. Ең бастысы, су пайдаланушыларға су жеткізу қызметі тікелей көрсетіледі. Суармалы жерлерді қалпына келтіру және жер ұлғайту халықаралық қаржы ұйымдары қаржысымен жүзеге асырылады, жұмсалған қаржы республика бойынша Бірыңғай тариф енгізу арқылы қайтарылады.

– Елбасы тапсырмасымен облыста 250 мың гектар жаңа жерді игеруге ұсыныс берілді. Облысымызда алдағы жылдары 820,4 мың гектар суармалы жер пайдалануға беріледі деп болжануда, бұл республикадағы суармалы жер көлемінің жартысына жуығын құрайды, – дейді «Қазсушар» РМК Түркістан филиалының директоры Кеңес Әуенұлы.

Жаңа жер игеру – ауыл шаруашылығы өндірісін дамытады, суармалы егістіктерде жаңа технологиялар мен егін егудің жаңа әдістерін енгізуге, өнім алуда жоғары жетістіктерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, жаңа жұмыс орындарын ашуға септігін тигізіп, ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайының жақсаруына бірден бір қолдау болады. Ең бастысы, 2017-2021 жылдарға арналған Агроөнеркәсіп кешенін дамыту мемлекеттік бағдарламасындағы  белгіленген бағыттар мен басымдықтар Түркістан өңірінде жоспарлы жүзеге асып келеді.

 

Асқар Ахметов

Түркістан облысы

Back to top button