ҚоғамСаясат

Жер қоры – ұлттың байлығы

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жыл сайынғы Жолдауларында жер мәселесіне ерекше назар аударатыны белгілі. Осы ретте Алматы қаласының әкімдік алқасы мен қала прокуратурасы шаһардағы жер қорын тиімді пайдалануға арналған бірлескен жиын өткізді.

Жиынды ашқан Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек: «Қазірдің өзінде Алматыда игерілмеген 2,4 мың жер телімінің бар екені анықталды, оның 27 пайызы айналымда, 47 пайызы 10 есе салық салу үшін мемлекеттік кіріс Департаментіне жіберілді, үш учаске ерікті түрде мемлекет пайдасына қайтарылды. Осы орайда қала прокуратурасы үлкен іс тындырды және Президент берген тапсырма аясында бұл жұмыс әрі жалғасатын болады», – деп атап өтті. Қазір шаһарда  уақытша пайдалану мерзімі біткен жалға берілген жерлерге тексеру жүргізу басталды. Бүгінгі күні прокурорлар жалға алу ақысын  төлемей пайдаланылып келген 34 жер телімін анықтады. Бұл жерлер мемлекеттік қорға қайтарылатын болады.

Алқа отырысында қала прокуроры Берік Жүйріктаев соңғы екі жыл ішінде мегаполистің инфрақұрылымын дамыту және жол айрықтары мен жолдар салу мақсатында 300-ден астам жер телімдерінің қайтарылғанын мәлімдеді. Жүргізілген тексеру барысында құжаттардың қолдан жасалғандығы, жер бағасының негізсіз көтерілгені белгілі болды. Осындай заңсыз іс-әрекеттердің салдарынан мемлекетке келген шығын 2,5 млрд теңгені құраған, прокуратура жүргізген шаралар арқасында 1,5 млрд теңге шығынның орны толған. «Бұл салада түрлі қитұрқылар жасалады. Обьектінің әрбір иесі өтемақы бағасын көтерудің түрлі жолдарын іздестіреді. Олар үшін ең қолайлысы жалған құжаттар мен бағаны көтеру. Қылмыскерлер барлық құжаттарды – жергілікті органдардың шешімдерін, техпаспортты, нысанды  іске қосу актісін қолдан жасайды. Біз жалған құжаттардың 14 фактісін  анықтадық, бұлардан келетін шығын 2 млрд теңгені құрайды. Бұларға қатысты қылмыстық іс қозғалды, шығынның орнын толтыру шаралары жүзеге асуда», – деді Берік Жүйріктаев.

Қала прокуроры өз сөзінде қазіргі кезде прокуратура тарапынан бағалаушылардың берген қорытындысына салыстырмалы сараптама жүргізілгенін және келеңсіз фактілердің анықталғанын айтты. Құжаттарды  қайта тексеру кезінде істі сотта қарауға басымдық беріледі. Бүгінгі күні сотта  қаралған 5 объектінің алғашқы құны 500 млн теңгеге төмендеген. Қарсылық білдірілген 12 іс қаралуда, олардың бағасы 300 млн теңгеге төмендемек.

Алматы қалалық прокуратураның мәліметі бойынша, жалға беру мерзімі өтіп кеткен жерлерге қатысты келеңсіз фактілерге орын берілген. Соңғы 10 жыл ішінде уақытша пайдалануға жалпы көлемі 3,7 мың гектар  болатын 18 мың жер телімі берілген, оның ішінде облысқа тиесілі жерлер де  бар. Адамдар жалға беру мерзімі өтіп кетсе де жерді пайдаланып келген әрі оны ұзартуға еш әрекет етпеген. Соның салдарынан бюджетке жалдау ақысы ретінде ешқандай қаржы түспеген. Жалпы, прокурорлық қадағалау актісі  бойынша қазіргі кезде Алматыда игерілмеген жер телімдеріне 10 дүркін салық салу жұмыстары қолға алынған. «Мысалы, көппәтерлі үй салынуы тиіс 43,9 гектар жер учаскесіне 10 рет салық салынса, оның көлемі 120 млн теңгені құрайтын болады», – дейді қадағалаушы орган өкілдері.

Back to top button