Қатал талап, күрделі ереже «Қолжетімді баспанаданигіліктенуге кедергі

Қатал талап, күрделі ереже «Қолжетімді баспанаданигіліктенуге кедергі

Қатал талап, күрделі ереже «Қолжетімді баспанаданигіліктенуге кедергі
ашық дереккөзі

Әрбір адамның «өз үйі – өлең төсегі» болуын армандауы – заңдылық. Алайда қазір бұл арманға қол жеткізу кез келген адамға бұйыра бермейді. Өйткені бүгінгі таңда жеке баспанаға қол жеткізу оңай емес. Ал жаңадан шаңырақ көтерген жас отбасылар үшін баспаналы болу тіпті қиын. Осыны ескерген ел Үкіметі арнайы «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасын әзірледі. Алғашында «Қолжетімді баспана» көпшілікке үлкен үміт сыйлағандай еді.

Әйтсе де, жұрттың көбі сол баспанаға қол жеткізе алмай сарсаңға түсіп қалды. «Қолжетімді баспанаға» қол созған күйі қалған көп адам әлі де баспананың әлегімен жүр.

Қол жеткізбес баспана

Ең алғаш 2005 жылы «2008-2010 жылдарға арналған тұрғын үй құрылысының мемлекеттік бағдарламасы» деген атаумен жұмысын бастаған бағдарлама бүгінге дейін сан мәрте өзгеріске ұшырады. 2010 жылы өз жұмысын тоқтатқан бағдарлама 2011 жылы «Қалалық ипотекалық тұрғын үйлердің құрылысы» деп өзгертілді. Ал «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасының әзірлігі 2012 жылы басталды. Биылғы жылы бұл бағдарламаның атауы тағы да өзгерді. Жыл басында «Қолжетімді баспана» бағдарламасы өз жұмысын орта жолдан тоқтатады» деген хабар тарады. Көптің көңіліне күдік ұялатқан бұл жаңалықтың ақ-қарасы да көп ұзамай ашылған болатын. Сөйтсек, Үкімет бағдарламаның атауын ауыстыруды жөн санапты. Яғни, 2015 жылдан бастап баспаналы болуға үміттілер жаңа тұрғын үй бағдарламасы аясында өз жоспарларын жүзеге асыра алады. Содан бері елімізде баспана тұрғызу ісімен «Өңірлерді дамыту – 2020» бағдарламасы айналысуда. Айта кетейік, аталмыш бағдарлама «Қолжетімді баспанамен» қатар, «Аймақтарды дамыту», «Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын жаңғырту», «Ақ бұлақ» сынды ірі мемлекеттік бағдарламаларды да жүзеге асырады.

 «Қолжетімді баспана» арқылы жас отбасылармен қатар, мемлекеттік қызмет­кер­лер, бюджет саласының қызметкерлері, әскери қызметкерлер және әлеуметтік қорғалатын топ­тардың да үй алуға мүмкіндігі бар. Бағдар­лама бойынша баспана тұрақты табысы бар, бірақ жекеменшік пәтері жоқ азаматтарға беріледі. Ал мемлекеттік бағдарлама арқылы үйлі болуды көздеген қызметкерлердің айлық жалақысы 100 мың теңгеден кем болмауы тиіс екен. Мұндай мүмкіндігі бар азаматтар бағдарламаға қатысу жөніндегі өтініш берумен бірге өзінің жеткілікті төлем қабілетін де растауы керек. Сондай-ақ, «Қолжетімді баспананың» көмегіне жүгінген азаматтар осы бағдарлама шеңберіндегі өз құқығын бір ғана рет пайдалана алады. Бағдарлама бойынша пәтерлерді сатудың екі жолы қарастырылған: тікелей сату және сатып алу құқығымен жалға беру. Баспананы тікелей сатып алғысы келетіндер Алматы, Астана, Атырау, Ақтау және осы қалалар маңындағы аймақтарда алғашқы жылы пәтердің 1 шаршы метріне 180 мың теңге төлейді. Ал республиканың басқа аймақтарында 144 мың теңгеден аспайды. Ал жалдау арқылы сатып алса, бірінші жылы пәтердің шаршы метрі 1600 теңгеге тең. Бұл баға Астана, Алматы, Атырау, Ақтау және олардың маңындағы аумақтарға арналған. Еліміздің өзге өңірлеріндегі төлемақы 1300 теңгеден басталады. Несие мерзімі азайтылса, жалдау ақысының мөлшері де өзгереді, ал несие мерзімі – 15 жылға дейін. Пәтерге қоныстанбас бұрын өтініш беруші тұрғын үй құрылыс жинағын қорландыру үшін 6 еселенген 1 айлық көлемінде кепіл жарнапұлын салуы керек, ал салмшының өз есепшотына ай сайын құятын сомасы жеке есептеледі. Тұрғын үйді жалдау арқылы сатып алуды көздеген арендатор жарнапұл төлемесе, үш ай көлемінде баспанадан шығарылады.

Жас отбасылар үшін мемлекеттік бағдарла­ма­ның талаптары мынадай: ерлі-зайыптылардың екеуінің де жасы 35-тен аспауы (биылға дейін бұл көрсеткіш 29 жасқа дейін болған), некеде тұрғандарына 2 жылдан кем болмауы, ерлі-зайыптылар мен отбасы мүшелерінің арыз берілген аймақта тіркелуі, арыз берушінің де, оның отбасы мүшелерінің де жекеменшік үйлері болмауы, ерлі-зайыптылар мен отбасы мүшелерінің соңғы 5 жыл ішінде тұрғын үй жағдайларын қасақана нашарлату жайттарының болмауы міндетті. Айта кетейік, отбасы құрамына ерлі-зайыптылар, кәмелетке толмаған және еңбек етуге қабілетсіз балалар, ерлі-зайыптылардың еңбек етуге қабілетсіз ата-аналары кіреді.

 Жаңа бағдарламаның жаңалығы

Жаңа жобада мемлекеттік тұрғын үй алуға үміткерлер тобын анықтау мақсатында «бюджеттік ұйымдар» деген ұғым енгізілді. Бұл ұғым мемлекеттік тұрғын үй қорының баспанамен қамтылуға үміткер болуға құқылы адамдар тобын анықтайды. Сондай-ақ, жаңа бағдарламада саяси қуғын-сүргін құрбандарына өтеусіз жекешелендіру құқығын беру, әскери қызметтегі міндетін атқару барысында қаза тапқан әскерилердің отбасы мүшелеріне мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспананы өтеусіз беру тәрізді мүмкіндіктер қарастырылған. Жаңа бағдарламаның тағы бір жаңалығы – көп балалы отбасылардың мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алғанға дейін олардың кезегін сақтау, ІІ дүниежүзілік соғыстың қатысушылары мен мүгедектерге берілетін жеңілдіктер мен оларды әлеуметтік қорғау, жетім балалардың, ата-аналарының қамқорлығынан айрылған балалардың тұрғын үй алу құқығын сақтай отырып, олардың арасында пәтерлер бөлу үшін кемінде 20 пайыздық квота бекіту.

2014 жылдың соңында бекітілген құжатта тұрғын үй алу үшін арыз берген азамат облыстық және республикалық маңызы бар қалаларда кемінде 3 жыл тұрақты тіркеуде тұруы шарт. Сенат депутаты Қуаныш Айтаханұлы: «Мұндай шектеулер Астана мен Алматы қалаларына дұрыс та шығар. Ал басқа қалаларға оның не қатысы бар? Тұрғын үй алу кезегіне қолдан мұндай кедергі жасау мәселені шешпейді. Одан да тұрғын үймен қамтудың нақты жолдарын ойластырған жөн. Мысалы, жер телімдерін тездетіп беру арқылы жеке тұрғын үй құрылысын дамыту, қолжетімді тұрғын үй құрылысына қаржыны арттыру. Қазір бұл бағыттағы жұмыстар мардымсыз. Бүгінде жер телімдерін алу кезегінде 1 миллионнан астам адам тұр», – деген болатын. Сонымен қатар, сенатор «Алтын алқа» иегерлері, Батыр аналардың бірінші кезектен қағылуына да наразы. Тіпті, бірінші кезекте үй алушылар қатарына көп балалы Батыр аналарды қосу туралы өз ұсынысын білдірді.

Тұрғын үйдің жаңа бағдарламасын әзірлеуді ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев тапсырған болатын. Мемлекет басшысы: «Жалға берілетін тұрғын үй құрылысы бойынша көзқарасымызды өзгертуіміз керек. Бізде қолжетімді тұрғын үй бойынша көптеген әдістер бар. Енді біз бәріне басқаша қарауға тиіспіз. Мемлекет әлеуметтік жалға берілетін тұрғын үй салады және оны халыққа кейін сатып алу құқығымен ұзақ мерзімді жалға беруге ұсынады. Сосын банктер 20 пайызға дейін өте ауыр пайыздар белгілейді. Халық төлей алмайды және әрдайым проблемалар туындап отырады. Бұл бағдарламалар орындаусыз қалады, олар ауқатты, қалыпты адамдар үшін. Ал бұл бағдарламаны біз жас отбасылар үшін және шынымен өте мұқтаждар үшін жасаймыз. Жаңа бағдарлама бойынша тұрғын үй беру тікелей, делдалсыз іске асады. Қызмет көрсеткендері үшін 1-2 пайыз жеткілікті. Осыған күш жұмсайтын боламыз», – деген еді.

Жаңа құжатты қабылдар алдында көтерілген мәселенің бірі – үшемдерді дүниеге әкелген ата-аналарды баспанамен қамтамасыз ету. Халық қалаулылары аталмыш мәселені сөз еткенімен, нәтижесі көңіл қуантпады. «Дүниеге үшем әкелу бақытын иеленген ата-аналарға заңды түрде қамқорлық жасалып, баспана беріліп жатқан жоқ. Сәбилі болған жас отбасыларға бірінші кезекте баспананың керектігі бәрімізге белгілі. Қазіргі заманда үшем емес, бір баланы бағып-қағудың өзі оңай емес. Ал үш сәбиге жарық дүние сыйлап, оны бағып-қағып отырған ата-анаға мемлекет тарапынан қандай қамқорлық жасалса да жарасады. Сондықтан да, заң жобасында «үшем және одан да көп баланы дүниеге әкелген ата-аналарға мемлекеттік тұрғын үй қорынан кезектен тыс тұрғын үй алу құқы болады» деген норманы ұсынамын», – деп депутат Қуаныш Айтаханұлы өз ойын ортаға салған. Ал Үкімет мұндай қадамға бару мемлекеттік шығынды арттырады деп ат-тонын ала қашты. Сөйтті де, үшемдерге үй беру мәселесін жергілікті әкімдерге құқық беру арқылы шешу туралы ұсыныс білдірді. Яғни, үшемді дүниеге әкелген ата-аналарды үймен қамту облыстық бюджеттің мүмкіндігіне қарай шешіледі. Демек, жыл сайын бюджеттен бөлінген миллиардтаған қаржылар игерілмей жатқанда Үкіметке үшем туған аналарға кезексіз пәтер беруге қаржы табу қиындық тудырып отыр деген сөз.

Таяуда ҚР Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев биыл 7,1 млн. шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланғанын, оның 561,7 мың шаршы метрі қазына қаржысына салынатынын айтқан еді. Сонымен қатар, тұрғын үй құрылысы бағдарламасын жүзеге асыру үшін Ұлттық қордан 145 млрд. теңге бөлінбек. Бұл қаражатқа 2020 жылға дейін 25 мың пәтер немесе 1,5 млн. шаршы метр тұрғын үй салынады. Бастысы, бекітілген жоспар жүзеге асса болғаны. Бірақ бұл істің қаншалықты жүзеге асатыны бізге беймәлім. Баспанаға мұқтаж жандардың үміттеніп, күтуден өзге шарасы жоқ.

«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» сатылмақ

Үйдің кезегін күтіп жүргендер үшін тағы бір кезекті түйткіл пайда болды. Көпшіліктің көңілінде баспана алу арманға айналып кете ме деген күдік ұялады. Өйткені Үкімет «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкін» жекеге сатқалы жатыр. Сөйтіп мыңдаған адамның жинағына мемлекет емес, отандық кәсіпкер немесе шетелдік инвестор иелік етуі мүмкін. Банктің жеке қолға өтетіндігін естіген салымшылар дүрлігіп кетті. Доллардың еселеп өсуінен теңгелері күйіп кеткен жұрт баспана алудың тағы да қиындап кететіндігіне қапалы. Ал Үкімет «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкін» қаржыландыратын бюджетте қаражат жоқ деп отыр. Тәуелсіз сарапшылар банк жеке кәсіпкерлер қолына өтсе, барлық салымшылар өз қаражаттарын жоғалтуы мүмкін екендігін айтуда. Олардың айтуынша, басшы ауысқанда, компанияның бағыты да өзгереді екен. Яғни, олардың мемлекеттік бағдарламадан бас тартуы, үй алу шарттарын қайта қарастыруы, активтерін немесе акцияларын шетел компанияларына сатып жіберуі ықтимал. Сондықтан, банктің мемлекет меншігінде болғаны жөн. Жұрт дүрліге бастағаннан кейін «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» басшылығы салымшыларды сабырға шақырды. Олардың сөзіне сенсек, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» сатылады» деп сабылған салымшылар енді қам жемесе болады. Өйткені аталмыш мекеме ешкімнің иелігіне басы бүтін өтпейді. Тек компания құнды қағаздарының төрттен бір бөлігін сатады. Ал басқару жүйесінде ешқандай өзгерістер болмайды. Бұған дейін жасалған келісімшарт күшін жоймайды. Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев аталған банктің 25 пайыз құнды қағазы саудаға түсетінін айтқан. «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Айжан Медеуова: «Алдын-ала ақшаны қорға жинап, қажетті соммаға жеткенде арзан бағаға тұрғын үй сатып алуға болатын баяғы жүйе еш өзгеріссіз сақталады. Себебі бұл – азаматтарды баспанамен қамтамасыз ететін арнайы банк. Қазір «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде» қордағы қаржысы 270 млрд. теңгеден асатын 550 мың салымшы бар», – деді.

«Қолжетімді баспанаға» қолы жетпей жүр

«Үйі жоқтың – күйі жоқ» деген халық даналығы бекер айтылмаса керек. Бүгінде қазақ жастарының көбі пәтерден пәтерге көшіп, тірнектеп тапқан табысын жалдамалы пәтердің ақысын төлеуге ғана жеткізіп жүр. Халықтың тұрмыс-жағдайын жақсартудың басты бағыттарының бірі – баспана десек, тұрғын үй мәселесінің күн тәртібінен түспеуі түсінікті. Бар тапқан-таянған табысымен бірден үй сатып алу да мүмкін емес. Сондықтан қарапайым халық баспана мәселесін мемлекеттік бағдарламалар арқылы шешуге талпынады. Алайда бұл мәселені шешуде адамдардың талай қиыншылықтар мен кедергілерге тап болары сөзсіз. «Қолжетімді баспанаға» кез келгеннің қолы жете бермейтіндігін билік басындағы шенділер де жақсы біледі.

Қазіргі уақытта Алматы қаласының өзінде мемлекеттік бағдарламалар бойынша тұрғын үй алу кезегінде 10452 азамат тұр. Демек, алып шаһарда баспанаға мұқтаж тұрғындар саны көп. Бұл кезектің жылжуы да оңай емес. Кейбіреулер кезекке тұрғанына бір жыл толмай-ақ, баспана кілтін қолына алып жатады. Ал біреулер бұл кезекті сандаған жылдар бойы күтеді. Алғашқы қисынсыздық кезектен басталатын болып тұр. 2,5 жыл тұрғын үй кезегінде тұрғандардың бірі – Нұржамал Әміралиева. І топтағы мүгедек және жалғызбасты ана ретінде баспана алу кезегіне тұрған Нұржамал әлі күнге дейін тұрғын үйге қол жеткізе алмай келеді. Әуелде кезегінің жақындауын күтті. Кейін кезектің тым сылбыр жылжитынын Нұржамал да байқайды. Ал әкімдіктегілер күткеннен өзге амалдың жоқтығын айтып, шығарып салады екен. Биылғы жылы Нұржамалға кезегінің жақындағанын ескертіпті. 7 жасар қызымен бірге пәтер жалдап тұратын ана мұны естігенде көзіне жас алды. Өйткені бұл күнді ол ұзақ күткен еді. Бірақ қуанышы ұзаққа созылмады. Арада бірнеше күн өткенде кезегі келсе де, баспаналы болу үшін алдын ала сыйақы сұрапты қызметкерлер. Сыйақының құны – 2 мың АҚШ доллары. Өзі пәтер жалдап тұратын жалғызбасты анада мұндай қаражат қайдан болсын. «2 мың доллар берсең, кезегіңді жылдамдатамыз. Сосын тездетіп үй аласың» деді. Мен үй аласың деген сөзді естігеннен-ақ, ақша іздей бастадым. Өзімде ондай қаражат қайдан болсын. Зейнетақым мен тапқан табысым қызымның керек-жарағы, пәтерақыдан артылмайды. Мына уақытта кім ақша бере қойсын. 2 мың долларды таба алмағандықтан, олар да кезегімді жылдамдатудан бас тартты. Сонымен тағы да кезегім баяу жылжуда», – дейді Нұржамал Әмірәлиева.

Тіпті, «Қолжетімді баспанадан» үміттілер қатарына іліге алмай жүрген жандар да жетерлік. Өйткені бағдарламаның талаптары қатал, ережелері күрделі. Көпшіліктің құжаттары қатаң критерийлерге сәйкес бола бермейді. Солардың бірімен біз де танысқан едік. Мақсат Серікбайұлы 2013 жылы аталмыш бағдарлама бойынша үйлі болуға ниеттеніп, барлық құжаттарын жинақтайды. Құжаттарын өткізуге барған Мақсат үмітінің бір сәтте сөніп қаларын білмеді. «Құжаттарымды қабылдамады. Өйткені әйелімнің атына жазылған жер бар. Кезінде әпкесі өзінің жерін қалада тіркеуі болмағандықтан, келіншегімнің атына жаздырған екен. Мұның бізге кедергі келтіретінін білмедік. Отбасы мүшелерінің атында ешнәрсе болмауы керек екен. Оның үстіне, келіншегім Алматыда, мен Таразда тұрақты тіркеудемін. Бағдарлама бойынша үй алу үшін отбасы мүшелерінің барлығы бір жерде тіркелуі қажет. Ережесі көп болғандықтан, бұл бағдарлама бойынша үй алу қиын», – дейді қапалы Мақсат мырза. Расында, бағдарламаның талаптары мен ережелері қарапайым халықтың баспанаға қол жеткізуіне айтарлықтай кедергі келтіруде. Қазір Мақсат келіншегінің атындағы үйді қайын әпкесінің атына аудару жұмыстарымен жүр. Бұл да – тез біте қоятын шаруа емес. Біздің елімізде құжатпен жұмыс істеу өте қиын шаруа емес пе? Үйді қайын әпкесінің атына аударғаннан кейін, отбасымен осы шаңыраққа тіркеуге тұрып, құжаттарын қайта тапсырмақ болған. Алайда бұл үміті де сөнді. Құжаттарын жинақтап жүріп, кеңес алуға барған Мақсатқа оның құжаттары мүлдем қабылданбайтындығы айтылыпты. Өйткені жаңа бағдарлама бойынша іске қосылған ереже Мақсат секілді жас отбасыларға арналмаған. Яғни, 35 жасқа дейінгі жас отбасыларға қатысты ереже алдыңғы жылы бағдарлама бойынша кезекке тұрғандар үшін ғана жарамды. Ал кезекке енді тұратын азаматтар үшін отбасы мүшелерінің жасы 29-дан аспауы тиіс екен. Бағдарлама бойынша үй алуға құқылы жас отбасылар қатарынан шығып қалған Мақсат енді «Қолжетімді бағдарламадан» үмітін үзіп отыр. Енді бұл отбасы баспанаға қалай қол жеткізбек? Міне, мұндай түйткілді мәселелермен үйлі болуды армандайтын талай қазақ баласы бетпе-бет келіп жүр. Бірақ қолдан келер шара қайсы? Мемлекеттік бағдарламаның талабына көнгеннен өзге амал жоқ.

«Қолжетімді баспана» бағдарламасы қарапайым азаматтар үшін қолжетімді болуы тиіс еді. Алайда бағдарламаның халыққа қызмет етуіне орта жолдан кедергі болатындар бар секілді. Мұндай келеңсіздіктің қай уақытқа дейін жалғасатындығы беймәлім. Қалай десек те, ертелі-кеш әр қазаққа баспана бұйырса деп тілейміз.