АТЫ ӨЗГЕРГЕН АУЫЛДАР
АТЫ ӨЗГЕРГЕН АУЫЛДАР
Биыл Қостанайда 70-тен астам көшенің, облыста 4 ауылдың атауы өзгерді. Жақында ғана Қостанай қаласындағы бұрынғы Авиационная көшесіне Кәмшат Дөненбаеваның есімі берілсе, Казахская көшесі Әбілсай болып өзгерді. Арқалық қаласындағы №4 мектепке Кейкі батыр есімі, Меңдіқара ауданындағы Боровской кәсіптік-техникалық колледжіне Кәмшат Дөненбаеваның есімін беру туралы ұсыныстарды республикалық ономастика комиссиясы мақұлдады. «2018 жылы өңірімізде 9 әлеуметтік нысан, 3 ауылдық округ, 4 ауыл, 73 көшенің атауы өзгертілді. Бұл көрсеткіштерге тұрғындар арасында өткізілген түсіндіру-ақпараттық жұмыстар арқылы қол жетті. Федоров, Қарабалық, Таран, Жітіқара аудандарында көше аттарын өзгерту кезінде көптеген түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Наурыз айында Затобол кентінің мәртебесі мен атауын аудандық маңыздағы Тобыл қаласына өзгерту туралы ұсынысты көпшілік қолдады», ‒ дейді облыстық тілдерді дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қазымбек Ахметов. Брифингте белгілі болғандай, алдағы уақытта жер-су атауларын қайта қалпына келтіруде ҚР Үкіметі жанындағы республикалық ономастика комиссиясының 2018 жылғы 12 наурыздағы отырысында бекітілген Қазақстан тарихындағы жалпыұлттық деңгейде танымал 150 тұлғаның есімі енгізілген «Тарихи тұлғалар», «Тарихи топонимдер және «Дәстүрлі атаулар» тізімдері қатаң басшылыққа алынбақ.