Онлайн-сауда қызып тұр

Онлайн-сауда қызып тұр

Онлайн-сауда қызып тұр
ашық дереккөзі
 «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының басты мақсаты – қазақстандықтардың өмір сапасын арттыру әрі ұлттық экономиканы цифрландыру. Құжатты жүзеге асыру шеңберінде 2020 жылға дейін интернет қолданушылардың санын 80 пайызға дейін арттыру, тұрғындардың 95 пайызын цифрлық xабар таратумен қамту, азаматтардың цифрлық сауаттылығын 80 пайызға дейін арттыру көзделуде. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының негізі 2016 жылы «Зерде» ұлттық холдингінің базасында әзірленген. «Цифрлы Қазақстан» тек бір ғана IT саласын емес, қоғамдағы өзге де салаларды дамытуға бағытталған. Ол бойынша ЖІӨ-дегі IT-секторының үлесін 2020 жылға дейін 5 пайызға жеткізу жоспарланған. Сонымен қатар, IT-секторында 150 мың жаңа жұмыс орны ашылып, дәл осы саладағы еңбек өнімділігі 37 пайызды құрап отыр. Ал халықтың цифрлық сауаттылығы 85 пайызға дейін жеткізілетін болады. Жобаның басты мақсаты – ел экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттырып, халықтың әл-ауқатын көтеру. Жоба негізгі 4 бағыт бойынша жүзеге аспақ. Бірінші бағыт – ауыл-аймақты кеңжолақты интернетпен қамтамасыз етіп, Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыру. Екінші бағыт – экономиканың салаларына (көлік және логистика, денсаулық сақтау, білім беру, ауыл шаруашылығы және электронды сауда) цифрлық технологияны ендіру. Үшіншісі – мемлекеттік органдар жұмысының сапасын арттыру және төртінші бағыт – IT-мамандарды даярлау. Екінші бағытқа, яғни экономика салаларына цифрлық технологияны ендіру дегенге бүкіл әлемде қарқын алып келе жатқан онлайн-сауданы жатқызамыз. Онлайн сауда – әлемдік экономикадағы жаңа тренд, сауда жасаудың заманауи түрі. Іздегеніңізді дүкен, базар аралап жүрмей және оған арнайы уақыт арнамай, үйде отырып-ақ интернеттен қалаған дүниеңізді сатып ала аласыз. Уақыт үнемдеудің тамаша мүмкіндігі. АҚШ-та аталған сауданың дамып кеткеніне біраз болғанымен, Қазақстанда енді-енді қарқын алуда. Ресейде де онлайн-сауда жақсы дамыған. Елімізде жүргізілген статистикалық мәліметке сенсек, қазақстандықтардың интернет саудаларының 90 пайызға жуығы шетелдік интернет-дүкендерде жасалады. Әсіресе, арзан бағада миллионнан аса тауар ұсынатын қытайдың «Alibaba», осыған ұқсас корей косметикасы мен тауарларын сататын «Joom» интернет дүкендеріне тапсырыс берушілер көп. Сондай-ақ, инстаграм желісі арқылы да Қытай, Ресейден киім-кешек, сөмке және тағы сол сияқты заттарға тапсырыс беру өте жиі кездеседі. Бастапқы екеуінде тапсырысты жеткізу тегін болса, соңғысында үстіне жеткізіп беру ақысы қосылады. Отандық саудагерлер де интернеттегі әлеуметтік желілер арқылы жарнама жасап, танылуда. Тіпті, қазір тұтынушылар да әлеуметтік желі арқылы іздеп, тауып баратын болған дүкендерге. Осы тұста онлайн-дүкен мен онлайн-жарнаманың айырмашылығын бөліп қарастыру қажет. Онлайн-дүкен дегеніміз – шынайы дүкені жоқ, тауарларын желідегі парақшаға ғана орналастыратын дүкен. Тауарды қолмен ұстап көру мүмкін емес бұл жағдайда. Тапсырыс бересіз, аласыз. Тауар сапасы, түрі, түсі сіз елестеткеннен басқа болатын болса, сөзсіз тұтынушы құқығы бұзылады. Бірақ бізде интернет саудасына арналған заң жоқ әзірге. Еуропада интернет арқылы сапасыз тауар сатқандарға аса ірі көлемде айыппұл салынады. Айыппұлдан қорыққан ұйымның әділетті жұмыс істейтіні анық. Ал ұйым әділетті жұмыс істесе, халықтың жаппай онлайн-саудаға сенетіні белгілі. Екі арадағы қарым-қатынас жақсы болғанда, бұл сауда түрінің ел экономикасына тигізетін пайдасы да зор болмақ. Ал бізде әзірге аталмыш сауда жүйесінде тұтынушылар құқығы әлсіреп тұрғандықтан, ең алғашқы жауапкершілік тұтынушының өзіне артылады. Демек, кез келген затқа онлайн тапсырыс берер алдында, сатып алушы ең алдымен кері байланысқа назар аударуы тиіс. Яғни, компанияның мекен-жайы, телефон нөмірі, тіпті саудалауға рұқсат беретін сертификаты көрсетілуі тиіс. Онлайн-дүкендердің көбі «сатып алынған тауар кері қайтарылмайды және ауыстырылмайды» деп көрсетіп қояды. Осыған да назар аударған жөн, себебі бұл жауапкершілікті бірден сатып алушыға жүктеп қою дегенді меңзейді және тұтынушы тарапынан бірден-бір сенімсіздік туғызады. Ал онлайн-жарнамалау дегеніміз – белгілі бір мекен-жайда орналасқан, халық кіріп, тауарды өз қолымен ұстап көре алатын тауар дүкенін әлеуметтік парақшаға орналастыру арқылы танылу. Қазақстанда онлайн-жарнамалау кеңінен етек жайған. Жалпы, онлайн-сауда түрлі кедергілер, шешімін таппаған мәселелердің көптігіне қарамастан, қарқынды дамуда. Өйткені интернет арқылы сату да, сатып алу да – өте ыңғайлы. Банктер де онлайн қызметін дамыта бастады. Қазір төлем картасын интернет арқылы тапсырыс беріп алдырып, коммуналдық қызметтерді комиссиясыз ыңғайлы төлей аласыз. Кейбір банктердің жанында интернет-дүкендер жұмыс істеп, онлайн-кредит беріле бастады. Бұл онлайн-коммерцияның ұсынушыға да, тұтынушыға да қолайлы екенін көрсетеді. Бірақ бұл саланың бірнеше түйткілі бар. Алғашқысы – логистика. Қазақстанда халық саны аз, ал жері кең-байтақ. Осы себептен сатушылар тауарды өңірлерге жеткізуге қиналады. Ауылдарда төлем картасын пайдалану көрсеткіші төмен. Ақша алатын банкомат, толықтыратын терминал жоқ. Банктердің барлығы интернет төлемге мүмкіндікті қосып үлгерген жоқ немесе комиссия жоғары. Сондықтан онлайн-сауданың «көрігін қыздырып» отырғандар – ірі қалалардың тұрғындары. Бұл мәселені шешу үшін «Қазпошта» немесе басқа да тасымалмен айналысатын компаниялар жаңа сервистерді ұсынуы және халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуі керек. Екінші мәселе – сервис. Әлеуметтік желілерде базардағы 1000 теңгенің сағатын 10 мың теңгеден сататындар, оған алданып қалатындар бар. Кейбір кішігірім онлайн-дүкендердің ұсынған тауарының сапасы төмен. Тұтынушылар тауар мен ақшасын кері қайтара алмайтын жағдайлар кездеседі. Нәтижесінде, тұтынушыларда онлайн сатып алуға сенім азаяды. Үшінші мәселенің тұтынушыларға қатысы аз, бірақ бұл да – осы салаға қатысты түйткілдің бірі. Статистика. Салада көлеңкелі ойыншылар көп. Инстаграм сияқты әлеуметтік желі арқылы сататындар, бір күндік сайттар жетерлік. Ірі ойыншылардың өзі жабық. Нақты бір статистикалық мәліметтерді алу қиын. Жалпы алғанда, онлайн-сауда саласында өте қарқынды даму бар. Соңғы 3 жылда онлайн-коммерция нарығында ірі ойыншылар пайда болды. Қаржы топтары, жекелеген бизнесмендер инвестиция сала бастады. Мемлекет кәсіпкерлерге өнімін шетелдік онлайн алаңдарда сатуға мүмкіндік беріп отыр. Қай жағынан алсақ та, бұл нарықтың дамуға мүмкіндігі барын көрсетеді.