Жаңалықтар

Қабырғасы білімнен қаланған

ашық дереккөзі

Қабырғасы білімнен қаланған

Білімнің қара шаңырағы Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті жуырда 90 жылдық мерейтойын атап өтті. Салтанатты шараға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова қатысып, Елбасының құттықтау хатын оқыды. Сондай-ақ, жиынға Парламент мүшелері, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің өкілдері, Ұлттық ғылым академиясының академиктері, жоғары оқу орындарының ректорлары, отандық және шетелдік белгілі ғалымдар, университеттің профессор-оқытушылар құрамы мен БАҚ өкілдері қатысты. Іс-шараны университет ректоры Такир Балықбаев 90 жылдық оқу орнының арғы-бергі тарихына терең барлау жасап ашып берді. Одан кейін сөз алған мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіхалықова: «Сіздерді отандық білім беру саласының қарашаңырағы саналатын университеттің 90 жылдық мерейлі белесімен шын жүректен құттықтаймын. Сонау 1928 жылы есігін жалғыз ғана педагогикалық факультетпен ашқалы бері халқымыздың Ахмет Байтұрсынов, Темірбек Жүргенов, Халел Досмұхамедов, Сәкен Сейфуллин сынды көптеген көрнекті тұлғаларының іздері қалған бұл университет бүгінде еліміздегі ең белді білім ордаларының бірі саналады», ‒ деп өз құттықтауын жеткізді. «Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті – отандық жоғары білім беру жүйесінің қара шаңырағы», ‒ деп бағаланады дейді кеш қонақтары. Өйткені ҚазҰПУ Қазақстандағы алғашқы, сондай-ақ педагогикалық жоғары оқу орны. Қазірде университетте Қазақстанның қарыштап дамуына қажетті мамандар даярлайтын 14 академик, 155 ғылым докторы және 380 ғылым кандидаты сабақ береді. Университетті бітірген түлектер еліміздегі белді, беделді мемлекеттік мекемелер мен түрлі салаларда табысты еңбек етуде. Оқытушылар мен студенттер үшін жыл сайын түрлі әлемдік жоғары оқу орындарымен әріптестік орнататын аталған университет сапалы білім мен саналы ұрпақ тәрбиелеуді мақсат еткен. Республика сарайында өткен салтанатты жиында осы айтылғандарды университет ректоры Такир Балықбаев толықтыра келе: «Қазақстандағы алғашқы жоғары оқу орны қазіргі уақытта еліміздің ірі ғылыми және білім беру орталығы болып табылады. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті жыл сайын жаһандық және ұлттық рейтингте өз орнын жақсартуда. Биыл QS World University Rankings рейтингісінің қорытындысына сәйкес, Абай атындағы ҚазҰПУ әлемнің үздік университеттері арасында 481-орынға (2017 жылы 491-орында болған) көтеріліп, өз позициясын нығайтты. Ал Emerging Europe және Central Asia арнайы рейтингінде Еуропаның және Орталық Азияның 30 еліндегі 200 жоғары оқу орындарының арасында Абай атындағы ҚазҰПУ 86-орынды иеленді (2017 жылы 91-орынды иеленген болатын). Абай атындағы ҚазҰПУ – республиканың педагогикалық жоғары оқу орындарының беделі биік көшбасшысы болып табылады. Қазіргі уақытта университет әлемнің 25 еліндегі 130 жоғары оқу орнымен ғылыми және академиялық байланыс орнатып, халықаралық ынтымақтастықты табысты түрде кеңейтуде», ‒ деді. Сонымен қатар, ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің құттықтау сөзі оқылды. Француз Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Филипп Мартинэ де арнайы сөз сөйледі. Тараптар арасында мерейтой қарсаңында бірқатар маңызды іс-шаралар орын алған. Абай атындағы Қазақ Ұлттық университеті Францияның 8 университетімен байланыс орнатып, меморандумдарға қол қойғаны тарихи оқиға. Әлемнің 25 мемлекетінің 130 жоғары оқу орнымен әріптестік байланыста жұмыс істеп келе жатқан оқу орнында студенттердің жан-жақты білім алуына барлық жағдай жасалған. Бұл күнде университетте сандық жүйеге көшу қолға алынған. «Бұл ашықтықты қамтамасыз етеді», ‒ дейді ұстаздар. Осының арқасында студенттердің білім деңгейі жылдан жылға жақсарып отырған көрінеді. «90 жылдыққа 90 іс-шара» жобасы оқу орны үшін табысты болғанын, соның арқасында бірқатар ғылыми мәселелер мен түйінді түйткілдер шешімін тауып, болашақ ғылым мен білімге қажетті істер атқарылды деді салтанатты жиынға келген қонақтардың көбі. Осыған дейін «Жоғары білім сапасы – бәсекелестік негізі» деген тақырыпта бас қосқан ЖОО басшылары бірқатар тақырыптарды талқылап, Қазақ­стан университеттерінің әлем сахнасындағы орны, білім сапасы туралы айтып еді. Сол жиында Абай атындағы Қазақ Ұлттық университеті ерекше сөз болды. «Университеттің қалыптасу және даму жолында ҚазҰПУ барлық қызмет түрінде үлкен жетістіктерге жетті, ол Қазақстанның қоғамдық өмірінің интеллектуалды, рухани, білім, ғылыми және мәдени орталығы болып табылады, бұл университеттің бүкіл ұжымының зор үлесі деп білеміз», – деген еді ректорлар кеңесінің мәжілісінде сөз алған Қазақстанның ЖОО Ректорлары кеңесінің төрағасы Ерлан Сыдықов. Мерейтой аясында Қазақстанның ЖОО ректорлары кеңесінің жиыны Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінде өтуінің өзіндік мәні бар. Өйткені еліміздегі барлық жоғары оқу орындарының құрылуы дәл осы шаңырақтан бастау алады. Тарихи деректерге сүйенсек, Қазақ мемлекеттік университеті Қазақ АКСР Халық Комиссарлары Кеңесінің 1927 жылғы 23 наурызда қабылдаған қаулысы негізінде 1928 жылғы қазанда ашылған. Алдын-ала жоспар бойынша педагогикалық, ауыл шаруашылық және медициналық факультеттер құрылу керек болған. Алайда қазақ даласындағы сауатсыздықты жою жөніндегі кезек күттірмес міндет бәрінен бұрын педагог кадрларын қарқынды түрде даярлауды талап ететін. Сол себепті алғашқы университетті педагогикалық бағытта ашу заман талабы болды дейді тарихшылар. Алғашында физика-математика, жаратылыстану және лингвистика-педагогикалық бөлімдерден құрылған жалғыз факультет қана жұмыс істеді. 1930 жылдан бастап Қазақ педагогикалық институты (ҚазПИ) деп аталып, арада 5 жыл өткеннен кейін ұлы ақын Абай есімі берілді. Қазақ халқының аяулы перзенттері, ұлтымыздың мақтаныштары Ораз Жандосов, Санжар Асфендияров, Ахмет Байтұрсынов, Сәкен Сейфуллин, Халел Досмұхамедов, Ілияс Қабылов, Бәймен Алманов, Темірбек Жүргенов институт қабырғасында дәріс беріп, шәкірт тәрбиелеуге белсене атсалысты. Осы азаматтар іргетасын қалап, тұсауын кескен оқу орны 90 жылдан бері талай сын-өткелді басынан өткерді. Бұл тойды бір жыл тойлауға негіз болған да тамыры тереңде жатқан оқу орнының тарихы. Алаш азаматтары аманат еткен білім ошағының ертеңі еңселі, болашағы жарқын болуы керек деген ұранды көрермен залында отырған жандардың көзінен байқауға болады. Салтанатты кешке жиналған қонақтар Абай атындағы Қазақ Ұлттық университеті жайлы бұрын-соңды білмеген деректермен танысты. Университет тарихы мен жетістіктері жайлы арнайы дайындалған деректі фильм көрсетілді. Кеш қазақ эстрадасының әншілері қатысқан мерекелік концертпен жалғасын тапты.