11 Қазан, 11:55 414 0 Экология Әсел ӘНУАРБЕК

Сұлу шаһар саябаққа айналмақ

Табиғи ресурстарды тиімді пайдалану – қазіргі қоғамдағы ең өзекті мәселе. Сондықтан Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында табиғи ресурстарды реттеуге баса назар аударған болатын. Елбасы тапсырмасын орындау мақсатында Алматы қаласында табиғи ресурстарды тиімді пайдалану бойынша нақты шаралар жүзеге асырылуда.

Елбасы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында: «ХХІ ғасырда әлемнің табиғи ресурстарға деген мұқтаждығы жалғасуда. Олар болашақта жаһандық экономиканы және еліміздің экономикасын дамыту барысында ерекше маңызға ие болады. Бірақ шикізат индустрияларын ұйымдастыру ісін, табиғи ресурстарды басқаруға қатысты ұстанымдарды сыни тұрғыдан қайта пысықтау керек», – деп табиғи ресурстарды тиімді пайдалану мәселесіне айрықша назар аударған болатын.

Алматы қаласының Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы биыл шаһардың тұрғындарға жайлылығын арттыру мақсатында тиімді жұмыстар жүргізіп келеді. Мәселен, басқарма басшылығымен жыл соңына дейін Алматы қаласында 32 мың ағаш пен бұта отырғызылады. Жасыл желектер жүргіншілер жолы мен қаланың жаңа саябақтарына көптеп егілмек. Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Әсет Масабаевтың айтуынша, мәслихат депутаттарына ағаштарды заңсыз кесетіндерге қатысты жаңа ережелер ұсынылады. Айта кетейік, былтыр бұзақылар 100 карамель мен каштан ағашын бүлдіріп кеткен болатын. «Барлық саябақтарда 16 жобалау бойынша бәрінде сумен суару жүйелері, көше жақтары қайта жасалады, тақырыптық бағыты айқындалады. Және ішіне қойылатын ойын алаңдары мен орындықтары халықтың ескертпелерін ескере отырып қойылады. Бұл бағыта үлкен жұмыстарды сіздермен бірлесе отырып жасаймыз деп ойлаймыз», – деді Алматы қаласы Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Әсет Масабаев.

Биыл шаһар басшылығы 2018-2027 жылдарға арналған Алматы қаласын көгалдандыру концепциясын қолға алды. 2027 жылға дейін Алматы қаласын көгалдандыру бойынша концепциясы Алматы қаласы Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының тапсырысы бойынша қалалық ортаны жақсарту мақсатымен әзірленген. Концепцияны әзірлеу үшін орман мамандары, сәулетшілер, биологтар, экологтар, экономистер, гидрологтар және қоғам өкілдерінен арнайы жұмыс тобы құрылды. Тұжырымдама қаланың климат ерекшелігін, топырағының құрамы, жер­асты суының жақын орналасуы деңгейін, жануарлар дүниесінің биологиялық алуантүрлілігіне талдау жасауға негізделген.

Қалалық әкімдіктің хабарлауынша, тұжырымдама егілетін ағаш-бұта, өсімдік материалдарын таңдау, дайындау және оны күтіп баптау әдістемесінен, саябақтар, аула ішіндегі аумақтар, санитарлық қорғаныс аймағына арналған бірыңғай қалалық көгалдандыру жүйесінен құралып, қала аумағын абаттандыру және көгалдандыру жүйесін дамыту жөніндегі Алматы қаласының бағдарламасын әзірлеуге, Алматы қаласының аумағында өзінің қызметін жүзеге асырып жүрген кәсіпорындар мен ұйымдардың қызметіне негіздеме болады. Тұжырымдама әзірлеудегі тағы бір мақсат – бұрыннан бар жасыл желектердің күйін жақсарту және жалпы пайдаланудағы жасыл желектердің бір адамға шаққандағы көлемін 13 шаршы метрге дейін арттыру.

Осы концепцияға көз жүгіртсек, болашақта Алматының жасыл желегі қазіргіден де көп әрі айрықша ағаш түрлерін өсіру арқылы көз тартарлықтай болмақ. Алматыны сыртта жүрген жұрт көбіне осы көркем табиғаты мен жасыл желегі, түрлі түсті қызғалдақтары, хош иісті раушан гүлді гүлзарлары, апорты мен алмасы үшін сағынады. Алматы – әлемдегі жасыл қалалардың бірі. Жоғарыдағы көгалдандыруға байланысты қала басшылығы қолға алып отырған маңызды құжаттың басты мақсаты – Алматының жасыл қала мәртебесін жоғалтпау.

Алматы қалалық Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының жасыл желектерді түгендеу және орман ауруына бейімділігін зерттеу жұмыстары бойынша алынған мәліметтерге көз жүгіртсек, бүгінде қалада 1 миллион 300 мыңнан астам жасыл желек бар. Жыл сайын көктемде, күзде қалада көшет отырғызу жұмыстары белсенді түрде жүргізіледі. Тек өткен жылдың өзінде 1300 қылқан жапырақты, 9900 жапырақты, 11200 түрлі ағаш көшеттері, 1270 алаңға гүл, 4212 алаңға жасыл-желек көшеттері, 11 мың шаршы метр алаңға гүлзарлар орнатылыпты. Қалада жыл сайын шамамен 30-35 мың жасыл желек отырғызылады екен. Мамандар ағымдағы жылы да осы меже үдесінен шығуды көздеп отыр. Қаладағы жасыл желектердің электрондық деректер қорын жетілдіру бойынша жұмыстар да бір ізге түскен. «Бүгінгі таңда «Экологиялық құрылыс» және «Демалыс» кәсіпорындарын қайта құру жолымен «Эко Алматы» атты жаңа ұйым өмірге келді. Бұл ұйым саябақ, сквер сынды демалыс орындарын және өзге де жасыл аймақтарды тиісті деңгейде күтіп ұстау, оларды әрі қарай дамыту, жұмысын бақылап отыруды жүзеге асыру жөніндегі бірыңғай оператор қызметін атқармақ. Мәскеу, Берлин, Барселона сынды озық қалалардың саябақтарды күтіп-ұстаудағы, басқарудағы тәжірибелерін зерттеп, зерделей келе, оларда саябақтар мен жасыл аймақтар қызметін үйлестіретін муниципалды жеке кәсіпорындар бар екендігіне көз жеткіздік. Елбасы тапсырмасын орындау мақсатында шаруашылық қызметті жүргізу және заманауи үрдістер мен талаптарды ескере отырып, оны дамытудың стратегиясын әзірлеу үшін, біз саябақ аймақтарын осы ұйымның басқаруына беруді қарастырып жатырмыз», – дейді қалалық Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Әсет Масабаев.

Жасыл желектерді түгендеу және олардың апатты жағдайын, орман ауруына бейімділігін зерттеу жұмыстарын биыл мемлекеттік сатып алу заңы шеңберінде «Эко Алматы» ЖШС және «Қазгипролесхоз» ЖШС жүргізуде. Олар Алматы қаласындағы өсіп тұрған жасыл екпелердің санын және күй-жағдайларын, яғни қанша ағаш қартайған, оларға сүйеу болар қанша жас ағаш отырғызылды, қанша ағаштың тағдыры апатты жағдайда тұр, соны биылғы жылдың қараша айына дейін анықтап бітулері тиіс. Сол зерттеулердің қорытындысы бойынша қурап, апатты жағдайға ұшыраған ағаштарды бюджеттік бағдарламалардың әкімгерлері – Алматы қаласы табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасынан санитарлық кесуге рұқсат алып, ағаштарды кесу іс-шаралары жүзеге асырылатын болады.

Алматы шаһарында 13 саябақ (оның 3-еуі жекенің қолында) және 96 сквер, сонымен қатар, бас-аяғы 300-ден астам жасыл аймақ (оған Арбат пен Ботаникалық бақ, бульварлар мен аллеялар, тоғайлар кіреді) бар. 2009-2017 жылдар аралығында 32 жасыл аймаққа жаңғырту жұмыстары жүргізілген. Былтыр Наурызбай ауданы әкімдігінің алдындағы сквер абаттандырылса, Тұңғыш Президент саябағы жаңғыртылды. М.Төлебаев, К.Байсейітова көшелеріндегі және Есентай жағалауындағы жаяу жүргіншілер жүретін аймақтар да айтарлықтай өзгерді. Сондай-ақ, биыл ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің балансында тұрған Баум тоғайы қаланың коммуналдық меншігіне өтті. Маусым айының соңында Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек заңға сәйкес басып алынған жер телімдерін қайтаруды және оны жасылдандыруды тапсырған еді. Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының ақпараты бойынша, қазіргі кезде мегаполистің ең үлкен және жасыл аумағындағы барлық жер учаскелері қалаға қайтарылды. Енді, 2018 жылдың соңына дейін ҚР Білім және ғылым министрлігінің балансында тұрған, аса ірі коллекциялық өсімдіктер қоры болып табылатын, еліміздегі ең ірі Бас ботаникалық бақты да қала иелігіне өткізу мәселесі толықтай шешілетін болады. Бақта қазір 2 235 таксон, 255 мың жоғары өсімдік, 100 мыңға жуық саңырауқұлақ пен қына түрлері бар.

Сонымен қатар, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек биыл шаһардағы «Оңтүстік» саябағын қайта қалпына келтіруге ерекше көңіл бөлгені белгілі. Көктемде шаһар басшысы «Оңтүстік» саябағы мен Оқушылар сарайы алдындағы шағын бақты қайта жасау жөніндегі жобаға түзетулер енгізілетінін ескерткен. Аталмыш саябақ Жароков көшесінің шығысы мен Ходжанов көшесінің солтүстігіне қарай 14,2 гектар аумақты алып жатыр. Алматы қаласы Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Әсет Масабаев жоба бойынша жарық көздерін жаңарту, субұрқақ жасау, орындықтар мен қоқыс жәшіктерін қою, бұрыннан бар арықтарды жаңарту, сонымен қатар, балалар мен спорт алаңдарын, саябақ периметріне орай веложолдар жасау қарастырылғанын айтқан болатын. «Мұнда халықтың барлық тобына, яғни сәбидің арбасын сүйреген аналарға, балаларға, тыныштықты қалайтын ересек жандарға демалу жайлы болуы тиіс. Бұл көңіл көтеретін емес, таза ауада демалатын орын, сондықтан асфальтты алаңды қысқартып, бұрыннан бар төте және жіңішке жолдарды қайта жасылдандырып, барынша қолайлы әрі көлеңкелі кеңістік жасаған жөн және үлкен сәулет пішіндегілердің орнына шағын жарық көздерін орнату қажет. Су ішетін субұрқақ, стационарлы дәретханалар, ең бастысы, иттерді серуендететін арнайы қоршалған алаң болуы міндетті», – деген еді Бауыржан Байбек. Алматы әкімі қайта жасаудың басты қағидасы бұрыннан бар жасыл желекті сақтаумен қатар, жаңасын қалыптастыру екенін қадап тұрып айтты. Жоғарыда айтылған барлық ұсыныстарды ескере отырып, жобаға тиісті түзетулер енгізу тапсырылды. Бұдан былай саябақ аумағында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ерекше назар аударылатын болады.

Соңғы жаңалықтар