Жаңа маусым «Абаймен» ашылды
Жаңа маусым «Абаймен» ашылды
Күз – театр мен киноның маусымы. Себебі театр әртістері жаңа маусымға қызу дайындықпен, ерекше көңіл-күймен оралады. Біз бұған М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының 93-маусымының ашылу салтанатында тағы бір мәрте көз жеткіздік.
Өткен маусым театр ұжымына қуаныштың да, қайғының да дәмін таттырды. Қазақтың Төлегені, біртуар актер Құман Тастанбеков, көрнекті сахнагер Зәмзәгүл Шәріпова мәңгілік сапарға аттанған еді. Театр ұжымы аяулы әріптестерін еске алып, бір минут үнсіздік жарияланды.
Театрдың 92-маусымда қол жеткен шығармашылық жетістігі де аз емес. 2017 жылдың желтоқсан айында академиялық театр ұжымы Жапонияның Токио қаласына «Ақтастағы Ахико» спектаклімен барып, әлем деңгейіндегі үздік сыншылардың жоғары бағасын алып қайтты. Ал 2017 жылдың 2-8 қыркүйегі аралығында Астанада Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесінің мәдени бағдарламасы аясында Қазақстан театрлары қауымдастығы жас режиссерлердің Қайрат Сүгірбеков атындағы І Республикалық форум-фестивалін өткізіп, «Бас жүлдесін» Жабал Ерғалиевтің «Қас-қағым» метафизикалық трагедиясын сахналаған театр режиссері Елік Нұрсұлтан иеленді. Сондай-ақ, театр ұжымы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қорқыттың көрі» спектаклімен Францияның Авиньен қаласында өткен халықаралық театр фестиваліне қатысып қайтты.
Театр жаңа маусымда көрерменді тың дүниелермен қауыштырмақшы. Атап айтқанда, Шыңғыс Айтматовтың 90 жылдығына орай «Ғасырдан да ұзақ күн» драмасы мен Лев Толстойдың «Анна Каренинасы», А.Чеховтың «Ваня ағай» қойылымы тұңғыш рет қазақ тілінде сахналанады. Театрдың директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров театр репертуары дәстүр бойынша биылғы маусымда да жаңа қойылымдармен толығатынын жеткізді. «93-маусымда болатын жаңа премьераларды атап айтайын. Ш.Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн» (трагедия), А.П. Чеxовтың «Ваня ағай» (драма), Л.Н. Толстойдың «Анна Каренинасы» (трагедия), А.Әшімов, А.Сейдімбек «Күн астындағы Күнікей қыз», Н.Эрдманның «Өле қалсам қайтеді» (комедия), Э.Олбидің «Зоопарктегі оқиғасы» (псиxологиялық драма). 2019 жылдың жаңа спектакльдері ретінде М.Әуезовтің «Қарагөзі», У.Шекспирдің «Ричард – ІІІ», М.Әуезовтің «Қара Қыпшақ Қобыланды», М.Горькийдің «Васса Железнова», сондай-ақ, Қазақстанның қазіргі драматургиясынан 2 жаңа спектакль көрерменге жол тартады», – деді театр директоры.
Бұдан кейін қызыл кілеммен жүріп өту салтанаты театр қызметкерлерінің жұлдызды шеруіне ұласты. Алғашқы болып жұлдызды шеруді М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының көркемдік жетекшісі, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов бастады. Содан соң аталған театрдың директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров, Қазақстанның халық артисі Сәбит Оразбаев, директордың кеңесшісі, Қазақстанның халық артисті Есмұхан Обаев, Қазақстанның халық артистері Нүкетай Мышбаева мен Торғын Тасыбекова жүріп өткен соң, шеруді кейінгі буын артистер жалғастырды.
Қызыл кілеммен жүріп өту салтанатынан кейін сөз кезегі М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының көркемдік жетекшісі, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов, Қазақстанның халық артисті Сәбит Оразбаев, директордың кеңесшісі, Қазақстанның халық артисі Есмұхан Обаев артистерге өздерінің жүрек жарды тілектерін жеткізіп, жалпы театр ұжымын ұлттық кәсіби саxна өнерінің киелі шаңырағы – М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының 93-маусымы ашылуымен құттықтап, театр әлемінде еңбек етіп жүрген әріптестерге толағай табыстар тіледі. Ал мерекелік шарадан кейін театрсүйер қауым «Абай» спектаклін тамашалады.