Жаңалықтар

Асқар Мырзахметов: Әрбір азаматтың өмір сапасын арттыру маңызды

ашық дереккөзі

Асқар Мырзахметов: Әрбір азаматтың өмір сапасын арттыру маңызды

– Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған бұл Жолдаудың маңызы ерекше. Халықтың тұрмысын арттыру үшін алты басымдық белгіленді. Бірінші басымдық – халық табысының өсуі. Екінші басымдық – тұрмыс сапасын арттыру. Үшінші басымдық – өмір сүруге жайлы орта қалыптастыру. Төртінші басымдық – азаматтар сұранысына бейімделген мемлекеттік аппарат. Бесінші басымдық – тиімді сыртқы саясат. Алтыншы басымдық – әрбір қазақ­стандықтың еліміздегі өзгерістер үдерістеріне атсалысуы. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының мерзімі 2025 жылға дейін ұзартылуын ескере отырып, келесі жылға осы мақсатта жоспарланған 1,2 млрд теңгені кемінде 2 есеге ұлғайту қажет. Бұл жаңадан ашылатын кәсіпкерлік пен кәсібін кеңейтетін бизнестің үлесін 30 пайызға арттыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Шағын кәсіпкерлікті қолдау мақсатында «Даму» қорымен бірлесе қаражат бөлу принципімен 2018 жылы облыстық бюджеттен 500 млн теңге, «Даму» қорынан 1 млрд теңге қарастырылған. Ал ауыл тұрғындарына шағын несие беру үшін жергілікті бюджеттен қосымша 1,0 млрд теңге бөлініп, жалпы сомма 5 млрд теңгеге жетті. Келесі жылы бұл қаржылардың көлемін барынша көбейтетін боламыз. Ең бастысы, өңірімізде «қолма-қол ақшасыз экономикаға» көшудің алғашқы қадамдарын байқауға болады. Мәселен, осыдан 5 жыл бұрын айналымда 415 мың пластикалық карточка және 387 мың сол карточкаларды ұстаушылар болса, бүгінде олардың саны 2 есеге артып отыр. Сонымен қатар, POS-терминалдардың саны да артып келеді. Бүгінде аймақта 2343 POS-терминал, 379 банкомат, 732 төлем терминалдары мен банктік киоскілер жұмыс істеп, 1085 сауда орнында кассалық операциялар электронды есеп айырысу арқылы жүзеге асырылады. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында «қолма-қол ақшасыз экономикаға» көшу мақсатында алдағы уақытта сауда базарларының бірінде, пилоттық жоба ретінде, деректерді мемлекеттік кірістер органдарына беретін функциялары бар онлайн кассалық аппараттарын немесе WEBKASSA мобильді қосымшаларын орнату жоспарлануда. 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап салық заңнамасының бұзылуы жөніндегі қылмыстық жауапкершілік 50 мың айлық есептік көрсеткішке дейін артатын болады. Көлеңкелі экономиканы құрықтаудың шараларымен қатар, кәсібін адал жүргізетін шағын және орта бизнес өкілдерінің салықтық өсімі мен айыппұлды алып тастай отырып, «салық амнистиясы» жүргізіледі. Жолдауда Елбасы Үкіметке өңдеу секторындағы экспорттаушы кәсіпорындарға қолдау көрсетуге баса мән беруді тапсырды. Сонымен бірге, халық тұтынатын тауарлардың номенклатурасын игеріп, «қарапайым заттар экономикасын» дамыту үшін кәсіпорындарымызға көмектесу қажеттігін атап өтті. Осы бағыттағы жұмысты жандандыру үшін қолданыстағы бағдарламалардан бөлек арнайы, облыс көлемінде кәсіпкерлікті қолдау картасы түзілген-ді. Дегенмен де Жолдаудың нақты міндеттеріне сәйкес бұл жоспарларға тиісті өзгерістер енгізілетін болады. Іске асырылатын жобалардың ішінде экспортқа бағытталған «Казфосфаттың» аммофос өндірісінің көлемін көбейту жобасын атап өтуге болады. Шикізаттық емес секторға серпінді жобаларды іске асыру үшін Елбасы шетелдік инвесторлармен бірлесіп, тікелей инвестиция Қорын құру мәселесін қарастыруды тапсырды. Қазіргі таңда облыста шетелдік инвесторлардың қатысуымен құны 1 млрд АҚШ долларын құрайтын 13 жоба іске асырылуда. Сондай-ақ, Жолдауда агро­өнеркәсіп кешеніндегі еңбек өнімділігін және қайта өңделген өнімнің экспортын 2022 жылға қарай 2,5 есе көбейту міндеті тұр. Жыл басынан 1,8 мың тонна ет экспортқа шығарылды. Мемлекет басшысының Жолдауы әрбір азаматтың өмір сапасын арттыруға бағытталып отыр. Жолдаудың талаптарын орындау – баршамыздың міндетіміз.