Интерпол: Енді кімге сенеміз?
Интерпол: Енді кімге сенеміз?
Өткен аптада Францияның ақпарат құралдары Интерпол президенті Мэн Хунвэйдің із-түзсіз жоғалып кеткенін жарыса жазды. Қыркүйек айының соңында Франциядан Қытайға кеткен Интерпол басшысы туралы алғашқы хабар тек жексенбі күні жарияланды. Қытай билігінің хабарлауынша, Интерполдың бұрынғы президенті, Қытайдың қоғамдық қауіпсіздік вице-министрі Мэн Хунвэй жемқорлыққа қатысы бар деп айыпталып, тергеу істері жүргізілуде.
Жексенбі күні түнде Қытай билігі Мэн Хунвэйдің заң бұзушылық әрекеттерге баруы мүмкін екендігін ресми түрде мәлімдеді. Осы мәлімдемеден кейін Лиондағы Интерполдың Бас секретариаты Мэн Хунвэйден өкілеттігін доғару жөніндегі өтінішін алды. Осылайша, Мэн Хунвэй бірден отставкаға кетті. Дүйсенбі күні таңертең Қытайдың қоғамдық қауіпсіздік министрлігі шенеуніктің пара алып, заң бұзғаны үшін күдікке ілінгенін ашып айтты. Осыдан кейін шетелдік ақпарат құралдары Қытайдың Сыртқы істер министрлігіне сауалдарды қарша боратты. Мэн Хунвэйдің Интерпол басшысы қызметінде болған уақытта қылмыс жасаған-жасамағаны туралы сауалға жауап берген Қытай Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Лу Кан тергеу аяқталмайынша, нақты ешнәрсе айта алмайтынын жеткізді.
Мэн Хунвэйдің ісіне қатысты тергеу жұмыстарын Қытайдың мемлекеттік қадағалау комитеті жүргізуде. Бірақ бұл іс неге олардың қолына түсті? Неге тергеу жұмыстарын Қоғамдық қауіпсіздік министрлігінің партиялық комитеті жүргізбейді? Дәл осы сауал әлемдік ақпарат құралдарының бәрін алаңдатқан сыңайлы. Алайда Лу Кан бұл сауалға жауап беруге біраз қиналғанын байқатты. Ал бұған дейін партиялық комитет Мэн Хунвэйге қатысты тергеудің жүргізілуі – «оның қырсық әрекеттерінің нәтижесі» деп мәлімдеген. Ал француздық Le Parisien басылымы Интерполдың бұрынғы басшысы киберқылмыспен күрес саласында жұмыс істейтін компаниямен заңсыз келісімшартқа қол жеткізгені үшін айыпталып отырғанын жазды. Бірақ мұны ресми органдар әлі растаған жоқ. Дегенмен Қытай билігінің мәлімдеуінше, Хунвэйдің басына түскен іс Қытай Халық Республикасында жемқорлықпен күрес жұмыстарының қатаң екендігін дәлелдейді. «Бұл заңды бұзған кез келген адам ешнәрсеге қарамастан жазасын алады деген сөз», – деп кесіп айтты Қытай Сыртқы істер министрлігінің өкілі Лу Кан.
Sky News телеарнасы Интерпол басшысы жоғалғанға дейін оның әйелі Грейс Мэнге түсініксіз хабарлама жібергендігі туралы ақпарат таратты. Интерполдың бұрынғы президенті жолдаған хабарламада пышақ бейнеленіпті. Одан кейін Мэн Хунвэй әйеліне «менің қоңырауымды күт» деген хабарлама жөнелткен. Бұл – оның әйеліне жіберген соңғы хабары. Мұны көрген Грейс Мэн күйеуінің қауіпті жағдайға тап болғанын түсініп, полицияға хабар береді. Тіпті, ол күйеуі жоғалып кеткеннен кейін өзіне әлеуметтік желілер арқылы, телефон арқылы қоқан-лоққы көрсетілгенін мәлімдеді. Қазіргі уақытта Мэн Хунвэйдің отбасы француз полицейлерінің қорғауында.
Әлем назарын аударған бұл оқиғадан кейін Қытай мен Интерпол арасы қалай болмақ? Бұл сауалға Қытай Сыртқы істер министрлігінің өкілі Лу Кан былай деп жауап берді: «Қытай мен халықаралық ұйымның серіктестігіне келер болсақ, ҚХР Интерполмен байланысын үзбейді. Әрі қарай да Қытай Интерполға қылмыспен күресте қолдау көрсетеді».
Интерпол – жалпықылмыстық істермен күрес жүргізетін елдердің ұлттық құқық қорғау органдарын біріктіруді мақсат ететін халықаралық ұйым. Бүгінде бұл ұйымға 190 мемлекет мүше. Ал Мэн Хунвэй Халықаралық қылмыстық полицияны 2016 жылдың қараша айынан бастап басқарған еді. Әзірге оның орнын ұйымның бірінші вице-президенті Ким Чен Ян басып отыр. «Интерполдың Лиондағы Бас секретариаты Мэн Хунвэйдің отставкаға кету туралы өтінішін қанағаттандырды. Ұйымның ішкі тәртібі мен конституциясына сай, басшы міндетін Оңтүстік Корея өкілі Ким Чен Ян атқарады» деп жазды Интерпол сайтында. Ал Интерполдың жаңа басшысы 2018 жылдың 18-21 қарашасы аралығында Дубайда өтетін Интерпол Бас ассамблеясының 87-ші сессиясында белгілі болады. Айта кетейік, Интерпол президенті ұйымның атқарушы комитетін басқарады және ол 4 жыл мерзімге сайланады. Атқарушы комитет Интерпол Бас ассамблеясы қабылдаған шешімдердің орындалуын қадағалайды. Ал Бас ассамблея ұйымның ең жоғарғы органы болып саналады. Оны Бас хатшы басқарады. Интерполдың жоғарғы басшысы да – сол. 2014 жылдан бері Бас хатшы қызметін неміс азаматы Юрген Шток атқарып келеді.
Бүгінге дейін Интерпол бүкіл әлемдегі қылмыспен күресетін ең әділетті ұйым саналып келген. Ал бұл ұйымға тек адал қызмет ететін, қылмыстық істерге, заң бұзушылық әрекеттерге бармайтын азаматтар ғана таңдап алынады деп сенген көпшілік. Бірақ Мэн Хунвэйдің оқиғасы жұрттың сеніміне селкеу түсіргендей болды. Демек, өздері қылмыспен күресуі тиіс ұйымдағылар да қылмыстық әрекеттерге баратын болғаны ма? Ал ұйым басшылығына келетін келесі адам кім болмақ? Қазір Мэн Хунвейдің орнына уақытша жайғасқан оңтүстіккореялық Ким Чен Ян қаншалықты әділ болмақ? Бүгінге дейін Оңтүстік Кореяда лауазымды тұлғалардың жемқорлық жасады деп айыпталып, тіпті түрмеге қамалып жатқанын ескерсек, сенім артудың қиын екендігі анық сезіледі. Өткен аптада ғана Оңтүстік Кореяның бұрынғы президенті Ли Мен Бак 15 жылға бас бостандығынан айырылып, оған тағы 11,5 млн доллар айыппұл салынды. 76 жастағы Ли Мен Бак бұл елді 2008-2013 жылдар аралығында басқарды. Ли Мен Бак осы жылдың көктемінде пара алғаны үшін айыпталған болатын. Сондай-ақ, оған «салық төлеуден жалтарды», «билікті заңсыз пайдаланды» және «сайлау туралы заң талаптарын бұзды» деген айыптар тағылған. Ал өткен жылы Оңтүстік Кореяны басқарған Пак Кын Хе де 24 жылға түрмеге қамалды. Пак Кын Хе де пара алғаны үшін және биліктегі қызметін заңсыз пайдаланғаны үшін айыпты деп танылды. Сонымен қатар, 2009 жылы елдің көшбасшысы Но Му Хен жемқорлыққа қатысы бар деп айыпталғаннан кейін, өз-өзіне қол жұмсаған болатын. Дәл осы мемлекеттің өкілі қазір Интерпол тізгінін ұстап отыр. Бұл қаншалықты орынды? Әрине, біз Ким Чен Янды негізсіз айыптаудан аулақпыз. Бастысы, «сақтықта қорлық жоқ» екенін халықаралық полиция ұйымы естен шығармаса болғаны.