Ардагерлерге құрмет көрсетілді

Ардагерлерге құрмет көрсетілді

Ардагерлерге құрмет көрсетілді
ашық дереккөзі
Шығыс Қазақстан облысында «Ардагерлерді ардақтайық!» партиялық жобасы белсенді түрде жүзеге асуда. Аталмыш жобаның мақсаты – соғыс ардагерлері, жалғыз қалған тыл еңбеккерлері мен егде жастағы азаматтардың өмір сүру деңгейін жақсарту. «Нұр Отан» партиясының Шығыс Қазақстан облыстық филиалында Қарттар күніне орай, аймақтың әр ауданынан келген 20-дан астам ақсақалдар мен ақжаулықты әжелердің қатысуымен салтанатты іс-шара өтті. Облыстық филиал ғимаратында өңірдің ең белсенді және құрметті қарттары бас қосты. Олардың дені Отан игілігі үшін ең құнды байлығын – саналы ғұмырын тарту еткен. Қариялар салған сара жол көпке өнеге. Партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әнуарбек Мұхтарханов атап өткендей, бүгінгі ұрпақ аға буыннан адалдық, мықтылық, адамгершілік, қарапайымдылық пен ұлтжандылық қасиеттерді бойға сіңіріп өсуі керек. «Бүгін «Нұр Отан» партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалы атынан Сіздерді мейраммен құттықтаймыз! Бұл кездесу мемлекетіміздің, Елбасымыздың Сіздерге деген қамқорлығының бір көрсеткіші болсын. Сіздер әрдайым елде болып жатқан елеулі оқиғалардың қасында жүргендеріңізді қалаймыз. Сондықтан әрқашан қолдап, қамқорлық танытатын боламыз», – деді Әнуарбек Мұхтарханов. Кездесу бейресми түрде, дастарқан басында өтті. Аға буын өткен күннің естеліктерін еске алып, ұсыныстарын жеткізді. Солардың бірі – Сайламхан Қалиқызы Көкпекті ауданынан келген. Көп жылдар бойы партияның бастауыш ұйымын басқарып келген. Ұлағатты ардагер ұстаз нұротандықтарға ағылшын тілін оқытуда қолға алынып жатқан жобаларға бағасын берді. «Нұр Отан» партиясына ризамын. Бүгін міне, бізді шақырып, құрмет көрсетіп жатыр. Бүгінгі кездесуде мен ағылшын тілі мәселесін көтердім. Біздің балалар мемлекетіміз 30 елдің қатарына енуі үшін ағылшын тілін жетік білуі тиіс. Бірақ, қазіргі таңда мектепте ол сабақтың сағаты азайды. Сондықтан ағылшын тілі клубтары дәл уақытында қолға алынған жоба деп білемін. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып, дәстүрлі болса деген аудан жастарының тілегін алып келіп отырмын», – деді Сайламхан Қалиқызы. Айта кету керек, 2017 жылдан бастап облыстық филиал 45 564 азаматты қамти отырып, 1500 аса іс-шара ұйымдастырды. Арнайы зерттеу нәтижесінде әлеуметтік карта жасалынды. Оған ардагерлер, жалғызбасты тыл еңбеккерлері мен жалғызбасты қарттар кірді. Олардың әлеуметтік- тұрмыстық жағдайы зерттелді. Бұған қоса, өңірде соғыс ардагерлерінің құрметіне қойылған ескерткіштер мен мемориалдарды қалпына келтіру жұмыстары жүзеге асырылды. «Қарттарым, аман-саумысың» акциясы аясында қариялардың үйлерін жинау, тазалау, аулаларын қалпына келтіру сияқты әлеуметтік және атаулы медициналық көмектер берілді. Шара барысында барлық қонақтарға тарту жасалып, сыйлық-сертификаттары табыс етілді. Айта кету керек, акция өңірде бір ай бойы өтеді. Эстафетаны аудандық аумақтық филиалдар қабыл алды.