Жолдаудағы әр ұсыныстың стратегиялық маңызы зор
Жолдаудағы әр ұсыныстың стратегиялық маңызы зор
«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев партияның Орталық аппаратында ақын-жазушылармен жүздесті. Жиында Мемлекет басшысының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында көрсетілген міндеттер талқыланды.
Бұл шараға Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, «Мирас» республикалық кеңесінің төрағасы, Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан, драматург, жазушы Төлен Әбдік, жазушы Алдан Смайыл, Мәжіліс депутаты Сауытбек Әбдірахманов, ақын Бауыржан Қарағызұлы және басқа да қаламгерлер қатысты. Жиын барысында партия мен Жазушылар одағы арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайту туралы меморандумға қол қойылды.
Отырысты ашқан партия Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев биылғы Жолдауда қоғамда қызу талқыланып жүрген ең өзекті әлеуметтік мәселелер қамтылғанын, оларды шешу үшін Елбасының нақты шаралар ұсынғанын айтты. Сондай-ақ, ол Жолдауда көрсетілген халықтың әл-ауқатын арттыру, тұрмыс-жағдайын жақсарту, баспанаға қолжетімділікті қамтамасыз ету, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығындағы қордаланған мәселелерді шешу, тарифтерді шектеу, жолдарды жөндеу және қоғамдық қауіпсіздік секілді елдің көкейінде жүрген көптеген түйткілдің оң шешілуіне жол ашатынын жеткізді.
Сонымен қатар, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Елбасының ұсыныстарының бір реттік емес, керісінше жүйелі сипатқа ие екеніне назар аударды. «Елбасының Жолдаудағы әр ұсынысының стратегиялық маңызы зор. Мәселен, ең төменгі жалақыны 1,5 есеге көбейту – миллиондаған қазақстандықтың тұрмыс деңгейіне оң әсерін тигізетін шара. Сол сияқты, денсаулық сақтау мен білім беру саласына бөлінетін қаражат та көбейетін болады. Бұл шаралардың бәрі жүйелі түрде Қазақстандағы әлеуметтік жағдайды одан әрі дамытуға тың серпін береді», – деді Мәулен Әшімбаев.
Одан бөлек, жиында Жолдаудағы басымдықтарды жүзеге асыру – елімізді әлемнің ең дамыған елдерімен теңестіретін аса маңызды қадам екені айтылды. Сол себепті де «Нұр Отан» партиясы Мемлекет басшысының сенімді саяси тірегі ретінде Жолдаудың мәні мен маңызын халыққа кеңінен түсіндіріп, Елбасы ұсыныстарын жүзеге асыруға үлес қосып, осы бағыттағы жұмыстарға жүйелі түрде қоғамдық бақылау жүргізетін болады. «Нұр Отан» бұл жұмыстарды еліміздегі жетекші саяси партиялармен, қоғамдық бірлестіктермен және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп жүзеге асырмақ. Өйткені мұндай ауқымды жұмысқа бүкіл қоғам болып жұмылудың берері мол екені сөзсіз. «Елдің игілігіне бағытталған бұл істен Жазушылар одағы да тыс қалмайды деп сенеміз. Өйткені халыққа ең жақын топтың бірі, сіздер, яғни ақын-жазушылар екені белгілі. Бүгінгі кездесуіміздің де басты себебі – осы Жолдаудың басымдықтарын талқылап, халыққа түсіндіру бойынша бірлескен жұмыстарымыздың бағыттарын айқындап алу», – деді Мәулен Әшімбаев.
Елбасы Жолдауда «Рухани жаңғыру» бағдарламасын әрі қарай жалғастырып, оның аясын жаңа мазмұнмен және бағыттармен толықтыру қажет екенін айтқаны белгілі. Сондықтан аталған іс-шара барысында осы мәселеге де ерекше көңіл бөлінді. Жалпы, Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Нұр Отан» партиясы қашанда зиялы қауымға, ақын-жазушыларға, мәдениет пен өнер саласында тер төгіп жүрген барша азаматтарға қолдау көрсетіп келеді. Жиында осы жұмыстардың алдағы уақытта да өз жалғасын табатыны айтылды. Сол себепті бұл басқосуда партия мен Жазушылар одағы арасындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылып, алдағы жұмыстың басым бағыттары айқындалды.
Бұл ретте партия ақын-жазушыларды қолдау мақсатында төрт бірдей жоба ұсынып отырғанын атап өткен жөн. Яғни, партия жас ақын- жазушыларымызды қолдау, оларды ынталандыру мақсатында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында арнайы байқау өткізуді ұсынып отыр. Сол арқылы аталған бағдарламаның мәні мен маңызын, оның құндылықтарын кеңінен дәріптеу және жас ақын-жазушыларға жүйелі түрде қолдау көрсету көзделген. Екінші жоба – «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру аясында Жазушылар одағымен бірлесіп «Астана» телеарнасынан көрсетілетін арнайы телебағдарлама дайындау. Үшінші жоба – қазіргі заманғы технологиялардың көмегімен YouTube-те арнайы канал ашып, рухани жаңғырудың құндылықтарын насихаттайтын, идеологиялық, тәрбиелік, ағартушылық маңызға ие, ұлттық кодты сақтап, білімге деген құштарлықты арттыруға үлес қосатын бастамаларды жүзеге асыру. Төртінші жоба – партиялық бастамалар аясында жаңғыртылған еліміздегі кітапханаларда ақын-жазушылармен кездесулер, түрлі шығармашылық кештер өткізетін арнайы клубтар құру. «Бұл жобалардың барлығын жас ақын-жазушыларымызға беріліп отырған мол мүмкіндік деп есептейміз. Сондықтан осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып, алға қойған мақсаттарымызға жету үшін бірлесіп жұмыс істейік», – деді Мәулен Әшімбаев.