10 Қазан, 21:27 546 0 Әдебиет Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Колледж студенттері Ахмет Байтұрсынұлының ұрпағына құрмет көрсетті

 Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының қолдауымен «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі «Тарихтан тағылым» жобасы аясында, Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу мақсатында Алматы құрылыс және халықтық кәсіпшілік колледжінде Ахмет Байтұрсынұлының ұрпағы Айман Байсалқызымен кездесу өткізді.

Кездесу алдында құрметті қонақ Айман Байсалқызы мен «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігінің қызметкерлері колледждің студенттері жасаған қолөнер бұйымдар және қазақтың ұлттық аспаптар көрмесімен танысты.

Кездесуге филология ғылымдарының кандидаты, А.Байтұрсынұлының әдеби мұрасын зерттеуші Айсұлу Ойсылбай ханым мен мәдениеттанушы Бердалы Оспан мырза қатысты.

Жүздесу талантты колледж студентінің домбырада ойнаған күйімен басталды. Айман ханым өз сөзін: “Ахмет Байтұрсынұлының ұрпағы ретінде құрметтеп осында шақырғандарыңызға көп рақмет. Мен 1936-жылы туылып бір жылдан соң атам Ахмет Байтұрсынұлы атылып кетті, есімді білгелі анам Шолпан әр аймақта, бір жерге тұрақтамай көшіп жүрдік”, - деп бастады. Атасы Ахмет Байтұрсынұлының өзін кішкентай кезде мойнына мінгізіп, талай еркелетіп ойнатқанын айтып және басқа да көптеген жан тебірентерлік естеліктерімен бөлісті. Сөзінің соңында атасының халық арасында бүгінге дейін ұмытылмай айтылып жүрген «Аққұм» әнін орындап көзіне жас алды. Жасы 83-тегі сыйлы қонақтың жүрекжарды әнін тыңдаған жұртшылық ризашылықпен ұзақ қол шапалақтады.

Өз кезегінде Айсұлу Ойсылбай ханым А. Байтұрсынұлының туған елі үшін сіңірген еңбектері мен рухани ерліктерін жіпке тізгендей әңгімелеп берді.

Бердалы Оспан мырза сол жылдардағы алаш ардақтылары, қазақ елінің тәуелсіздігін армандай отырып, алдағы 100-200 жылға жоспар құрып, болашақ үшін еңбек етіп кеткендігін тілге тиек етті. А.Байтұрсынұлы туралы әңгімесінде ұлы тұлғанының қазақ еліне аты белгілі ұл-қыздарына тікелей көмектескені туралы қызықты оқиғаларды баяндады. Ахмет Байтұрсынұлының бүгінгі еліміздің тәуелсіздік алуына үлкен үлес қосқанында атап айтты.

Сахнаға шыққан тарих пәнінің ұстазы Айжамал Орынәлі Айман Байсалқызына сол жерде арнап шығарған өлеңін оқыды. Қонақтар тағыда қошеметке бөленді. Кездесу барысында колледж студенттері Ахмет Байтұрсынұлының өлеңдерін оқып, ән шырқап, жыр арнады. Кеш соңында оқу орнының ұжымы қазақтың ұлы да өр тұлғасы Ахмет Байтұрсынұлының немересі Айман Байсалқызымен қимай қоштасты.

Мәулен Жанболат

Соңғы жаңалықтар