Жаңалықтар

БАЛАЛАРДЫҢ БОЛАШАҒЫ АТА-АНАҒА БАЙЛАНЫСТЫ

ашық дереккөзі

БАЛАЛАРДЫҢ БОЛАШАҒЫ АТА-АНАҒА БАЙЛАНЫСТЫ

Қазақстанда бүгінгі таңда ерекше білім алу қажеттіліктері бар балалар саны  144 мың 783 баланы құрайды. Оның ішінде 96 мың 555 бала  мектеп жасында және 48 мың 228 бала мектепке дейінгі жаста. Бұл балалардың басым бөлігін оңалтуға, қоғамға араластырып жіберуге мүмкіндіктер көп. Солардың бірі – арнайы оңалту орталықтарын көбейту керек. 1995 жылы Сара Алпысқызының бастамасымен «Балбұлақ» Республикалық балаларды оңалту орталығы ашылған еді. Қазірде аталған орталықтың жеткен жетістіктері ауыз толтырып айтарлықтай. Мәселен,  орталықта  жоба бойынша бір ауысымда 60 балаға 24 күн оңалту емдеу курсы қамтамасыз етіледі. Жылына 14 ауысым кестеге сәйкес құрастырылып, 1 жылда  840 бала реабилитация курсын алады. «Балбұлақтағы» оңалту жағдайлары әлемдік стандарттарға сай, жаңа құрылғылармен жабдықталған. Орталықтың қызметі балаларды кешенді медициналық, психологиялық, педагогикалық және әлеуметтік оңалтуға бағытталған. Оңалту жұмысы барысында балаларға медициналық көмекпен қатар түзету, дамыту жұмыстары мен әлеуметтік бейімдеу алға қойылған. Кешенді оңалту жүйесінде педагогикалық түзету жұмыстарының алатын орны ерекше. Педагогикалық қызмет бөліміндегі логопед, психолог, дефектолог, әлеуметтік педагог, Монтессори педагогикасы маманы, музыкотерапевт, еңбектерапевті және тәрбиеші педагог мамандары түзету-дамыту сабақтарын жүргізіп қана қоймай, баланың ақыл-ойына, психикалық дамуына үлкен ықпал етеді. Сондай-ақ, орталықта «Су асты әлемі» және «Галактика» атты екі сенсорлық бөлме бар. Бұл бөлмелерде өткізілген түзету сабақтарын балалар «ғажайып ертегілер сабағы» деп атайды. Сенсорлық бөлмелер үлкен нәтиже беретіндей жасалған. Тіпті, БЦС-ның аса ауыр түрлеріндегі балалардың өзінде жағымды динамика байқалады: олар жарық, дыбысты байқап, көзқарасты бағыттауға, заттарды қолымен ұстауға бейімделеді, суық пен ыстықты, жұмсақ пен қаттыны ажыратады.  Сенсорлық бөлмеден шыққан балалар алғашқы дыбыс, буын, сөздерін айта бастайды. 22 жылдан астам уақыт ішінде «Балбұлақ» орталығынан БЦС диагнозымен 12 мың 855 бала емделіп шықты. Осы уақыт бойы жеке дыбыстарды қайталауды – шамамен 1700 бала, жай сөздер айтуды – 900 бала, жай және күрделі сөйлемдер, қысқа сөз тіркестерін – 1600 бала айтып үйренді. Әр ауысым сайын өткізілетін мәдени іс-шаралар, ашық сабақтар, мерекелік концерттер, ертегі қойылымдары, караоке байқауы, сюжеттік-рөлдік ойындар, балалар мен ата-аналар арсындағы түрлі сайыстар балалардың психо-эмоциялық қабілетін жақсартып, балаларға жүргізілетін  ем-шараларға деген жағымды көңіл-күй сыйлайды.  

Мұхтар Әлтаев,

«Балбұлақ» Республикалық 

балаларды оңалту орталығының

директоры

Айгүл Жұмабайқызы,

педагогикалық қызмет меңгерушісі