Халықты ауыз сумен қамту
Халықты ауыз сумен қамту
Өңірлерді өркендету – мемлекет алдына қойылған маңызды міндеттердің бірі. Сондықтан елімізде аймақтардағы ахуалды жақсарту мақсатында «Өңірлерді дамыту – 2020» бірыңғай бағдарламасы қабылданған болатын. 2014 жылы қабылданған бағдарлама шеңберінде атқарылған жұмыстар арқылы бүгінге дейін айтарлықтай нәтижеге қол жетті.
Бағдарлама шеңберінде 4 нысаналы индикаторға, 12 нәтиже көрсеткіштеріне қол жеткізу және 100 іс-шараны орындау көзделген. Бағдарламаны іске асыруға 2015-2017 жылдары 1,2 трлн теңге бөлінген: 1,17 трлн теңге игерілді немесе ол 99,1 пайызды құрады. 2018 жылға 194,3 млрд теңге бөлінсе, 8 айда 75,6 млрд теңге игерілді. Бағдарламаның барлық нысаналы индикаторлары орындалып келеді.
Әу баста бірыңғай бағдарламаға «Өңірлерді дамыту», «Моноқалаларды дамыту», «Ақ бұлақ», «Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын жаңғырту», «Қолжетімді тұрғын үй – 2020» бағдарламаларының ережелері, сондай-ақ, шағын қалаларды дамыту бағдарламасының жобасы біріктірілген болатын. Бүгінде аталмыш бағыттар бойынша жұмыстар жалғасуда. Мәселен, «Өңірлерді дамыту – 2020» бағдарламасы аясында елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету сәтті жүзеге асырылып жатыр. Елімізде 2025 жылға дейін қалалар 100 пайыз, елді мекендер 80 пайызға ауыз сумен қамтылмақ. Бұл ретте мемлекеттік-жекеменшік әріптестік мүмкіндіктерін тиімді пайдалану қажет. Әсіресе, ауыл-аймақта модульдік қондырғыларды орнатуға көңіл бөлінуі тиіс. Елбасы елді мекендерді сумен қамту қаржысын жыл сайын 100 млрд теңгеге арттыруды тапсырғаны белгілі. Бұл меже орындалып келеді. Айта кетейік, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында 400 жоба жүзеге асырылып, 23 мың шақырым су құбыры тартылды.
Қалалар мен елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету шеңберінде 2015-2017 жылдары топтық сутартқыштар салу және реконструкциялау бойынша жалпы сомасы 23,5 млрд теңгеге 48 жобаны іске асыру бойынша шаралар қабылданды. 2018 жылға 15 жобаны іске асыру мақсатында 15,2 млрд теңге бөлінді. Сондай-ақ, 1 мың 475 ауылдық елді мекенді жерасты су қорымен қамтамасыз ету үшін іздестіру-барлау жұмыстары жүргізілді. Осы міндет бойынша мынадай көрсеткіштер іске асырылуда: қалалық желілердегі ақауды азайту, қалаларда су тоғандарына ағызу кезінде, нормативтік тазартылған ағынды сулардың үлесі, қалалық жүйелердегі су ысырабының деңгейі, суды есепке алу құрылғыларын орнату.
Бүгінге дейін қалалардағы және ауылдардағы сумен жабдықтау және су бұру саласында 1684 жоба іске асырылды. Биыл 338 жобаны іске асыру көзделген, қалаларда – 53 жоба, ауылдарда – 285 жоба. Өңірлерді дамыту бағдарламасымен қатар сумен жабдықтау және су бұру жөніндегі жобалар «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында іске асырылады. Жалпы, 23 мың шақырымға жуық желі салынды және реконструкцияланды. 2011-2017 жылдар кезеңінде халықтың орталықтандырылған сумен жабдықтауға қолжетімділігі: қалаларда 82 пайыздан 93,8 пайызға дейін, ауылдарда 42,5 пайыздан 57,4 пайызға дейін өсті. Орталықтандырылған су бұруға қолжетімділік қалаларда 73 пайыздан 88 пайызға дейін, ауылдарда 8,8 пайыздан 11,5 пайызға дейін өсті. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы ауылдық сумен жабдықтауға жыл сайын барлық қаржы көздерінен 100 млрд теңгеден кем емес қаражат бөлуді тапсырған болатын.
Сонымен қатар, Шығыс Қазақстанда алдағы 3-4 жыл ішінде алыстағы ауыл-аймақтың барлығын дерлік ауыз сумен қамту жоспарланып отыр. Бұл үшін 103 миллиард теңге қаражат қажет. Сала басшыларының мәлімдеуінше, қазір өлкеде ауыз су құбырын тарту құрылыстары қарқын алып отыр. Дегенмен облыс орталығы Өскеменнің өзінде талай жылдан бері тіршілік нәріне зар болып отырғандар бар. Мамандардың сөзіне сенсек, алдағы жылдары аймақта таза ауыз сумен қамтылмаған елді мекен қалмайды. Жырақтағы жұртқа тіршілік нәрін жеткізуге бағытталған құрылыстар қарқынды. Көкпекті ауданындағы Теректі ауылы сапалы суға қол жеткізгелі отыр. Өңірде осы жыл соңына дейін 9 мың тұрғын орталықтандырылған су жүйесін қолдануға мүмкіндік алады. Мәселен, Аягөз ауданында «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша республикалық бюджеттен 426 млн теңге бөлініп, 27 шақырымдық су жүйесі тартылды.
Бағдарлама бойынша Түркістан облысында 2020 жылға дейін қала тұрғындарының 97 пайызын, ауылдық елді мекен халқының 83 пайызын орталықтандырылған ауыз су құбырымен қамтамасыз ету жоспарланған. Осы бағытта, 2011-2016 жылдары 73,9 млрд теңгеге 268 нысанның құрылысы жүргізіліп, 178 елді мекендегі 469 мың адам жаңа орталықтандырылған су жүйелерімен қамтылған. Облыстың даму жоспарына сәйкес, өңір халқын сапалы ауызсумен жабдықтау бойынша үш жылда 84 елді мекенді, яғни 209,7 мың адамды орталықтандырылған ауызсумен қамту жоспарланып отыр. Сонымен қатар, 35 елді мекенді ауызсумен қамтамасыз ету үшін биыл жобалау-сметалық құжаттары әзірленуде. Айта кетейік, бүгінгі таңда облыстағы қалалардың 93,4 пайызы, ал ауылдық елді мекендердің 73,6 пайызы орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етілген.
Ал Жамбыл облысының Байзақ ауданындағы 43 елді мекеннің 16-сы биыл ауыз суға қол жеткізді. Халық саны бойынша бұл 37,2 пайызды құрайды. Үстіміздегі жылы 1 млрд 498 млн теңгеге Кеңес, Абай, Мырзатай, Тегістік ауылдарына ауыз су жүйесі құрылысы жүргізілуде. Құрылыс жұмыстарынан кейін ауыз сумен 20 елді мекен қамтылады деп жоспарланған. Ағымдағы жылдың 6 айында аудандағы ауылдардың 161 үйіне ауыз су кіргізілді. Атап айтар болсақ, Қызыл жұлдыз ауылында – 6, Бурыл ауылында – 21, Құмжота ауылында – 54, Түймекент ауылында – 62, Ынтымақ ауылында – 8, Жетібай ауылында – 10 үй ауыз сумен толық қамтылған.
Павлодар облысында 2022 жылға дейін ауылдық аймақтардың 70 пайызын орталықтандырылған ауызсумен қамту жоспарланып отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңмен атқарылмақ. Біріншіден, жерасты сулары қоры бекітіледі. Облыстағы 178 ауылда жерасты суының жеткілікті қоры бар екені анықталды. Сонымен қатар, 2018 жылдың соңына дейін тағы 22 елді мекеннің, 2019 жылы 11 ауылдың қорын анықтау бойынша шаралар атқарылады. Бүгінде жерасты суының қоры расталмаған 129 ауыл бар. Екіншіден, сумен қамту нысандарын салу және жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу жұмыстары жасалады. Осы жылы 37 жоба бойынша құрылыс жүргізу және қайта құру жұмыстары жүзеге асырылуда. Олардың жалпы құны – 13,1 млрд теңге. Жыл соңына дейін 13 жоба жүзеге асырылып, сумен қамту көрсеткіші 23,8 пайыздан 27,9 пайызға дейін артады. Келесі жылы бұл көрсеткіш 29,6 пайызға жетуі тиіс.
«Өңірлерді дамыту – 2020» бағдарламасы аясында республиканың түкпір-түкпіріндегі елді мекендер ауыз суға қол жеткізіп, ахуалдарын түзетті. Аталмыш бағдарлама бойынша қалалар мен ауылдарды ауыз сумен қамту жұмыстары әлі де жалғасатын болады.