Бұқаралық ақпарат құралдарындағы тілдік қатынастардың түйіткілді мәселесі көп
Бұқаралық ақпарат құралдарындағы тілдік қатынастардың түйіткілді мәселесі көп
Биыл Қазақстан Республикасы Тілдер туралы заңның қабылданғанына 26 жыл толып отыр. Осыған орай Астанада «Нұр Отан» партиясының қолдауымен «Аманат» интеллектуалды пікірсайыс клубының кезекті отырысы болып өтті. Жиында «Бұқаралық ақпарат құралдарындағы тілдік қатынастар» тақырыбы бойынша қазіргі қазақ тіліндегі өзекті мәселелерге қатысты кеңінен сөз болды. Басқосуға «Нұр Отан» партиясы Төрағасы бірінші орынбасарының Кеңесшісі Берік Құрманғали, ҚР Инвестициялар және даму министрлігіне қарасты Байланыс, ақпарат және ақпараттандыру комитеті Электронды БАҚ департаментінің бас сарапшысы Меруерт Құмарова, саясаттанушы Ерлан Сайыров, мәдениеттанушы Серік Ерғали, блогер Өркен Кенжебек, журналист Қанат Әуесбай және тағы басқа журналистер мен сарапшылар қатысты.
Елдегі идеологиялық бағыттағы іс-шара қазақ тілін, мәдениеті мен дәстүрін дамытуда айтулы шаралардың ұйымдасуына үнемі мұрындық болған «Нұр Отан» партиясы бұл жолы да клубтың тың бастамасына қолдау танытып отыр. Партия төрағасы бiрiншi орынбасарының кеңесшiсi Берік Құрманғалидың айтуынша, «Нұр Отан» партиясы мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мәселесін әрдайым назарында ұстап, осы саладағы олқылықтардың орнын толтыру шараларын іске асырып келеді. Партияның саяси Доктринасына сай партия бүгінде ұлттық өнер мен мәдениетті ұлықтауға арналған шараларға жүйелі түрде қолдау көрсетіп отыр.
«Нұр Отан» партиясы төрағасы бiрiншi орынбасарының кеңесшiсi Берік Құрманғали: «Әлеуметтік желілердегі қоғамдық пікір қай тілде қалыптасуда? Жиында осы мәселеге қатысты кеңінен сөз болды. Ең бастысы осындай бас қосулар арқылы қазақ тілінің мәртебесін айқындап, деңгейін асыруға тиістіміз. Енді мұндай жиындар алдағы уақытта да өткізіліп тұрады», – дейді. Тәуелсіз Қазақстанның Конституциясына арнайы бап болып енгізілген тіл мәселесі мемлекет үшін де, қоғам үшін де маңызы зор екені сөзсіз. Әсіресе идеологиялық тетік – бұқаралық ақпарат құралдарындағы тілдік қатынастардың ел бірлігі мен қоғам тұтастығын сақтау және одан әрі нығайту мәселесіндегі орны ерекше.
Интеллектуалды клубтың отырысына қатысушылар мемлекеттік тілдің қазіргі жағдайы жайында ойларын ортаға салып, телеарналардағы мемлекеттік тілдің үлесі 50 пайыздан кем болмауы қағидасының орындалуы, интернет ресурстарындағы тілдік қатынастардың жай-күйі, әлеуметтік желілерде қазақ тілінің қолданысы турасында ойларын ортаға салды. Инвестициялар және даму министрлігіне қарасты Байланыс, ақпарат және ақпараттандыру комитеті Электронды БАҚ департаменті бас сарапшысы Меруерт Құмарова келтірген мәліметке сүйенсек, 2014 жылғы есеп бойынша, Қазақстанда 2234 БАҚ тіркелсе, оның ішінде мемлекеттік тілде – 521, орыс тілінде – 772, ал аралас тілдерде – 972 ақпарат құралы тіркелгендігі анықталған. Ал қазақ тілді интернет БАҚ-тың да көсегесі көгермей тұр.
Жиынға қатысшуылар әлеуметтік желілерде де орыс тілді блогерлердің ықпалы басым екенін тілге тиек етіп, «Нұр Медиа» холдингіне қарасты интернет ресурс жетекшісі Ерлан Оспан BBC тренингтік мектебі негізінде «Қазмедиа» орталығында медиа-тренерлерді даярлайтын орталық ашу мәселесін көтерді. Бір қуантатыны, соңғы статистикалық мәліметке сүйенсек, биылғы жылы телеарналардағы қазақ тіліндегі контенттің үлесі артып, отандық телеарналар қазақ тілді бағдарламаларды көптеп бере бастаған. Атап айтқанда, қыркүйек айында 31 арна – 71,1 пайыз, Бірінші Еуразия арнасы – 51,8 пайыз, НТК – 53,1 пайыз, КТК – 51,4 пайыз қазақша хабар таратқан. Бұқаралық ақпарат құралдарындағы тілдік қатынастарды талдау арқылы қазақ тілінің қоғамдық пікір қалыптастырудағы ықпалын анықтауға тырысқан сарапшылар мен сала мамандары жиын барысында мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге байланысты басқа да өзекті ұсыныс-пікірлерді ортаға салды.
Еркежан ЖҰМАТАЙ, Астана қаласы