Egov.kz: Электронды үкімет елге пайдалы

Egov.kz: Электронды үкімет елге пайдалы

Egov.kz: Электронды үкімет елге пайдалы
ашық дереккөзі
Ақпараттық технологиялар қарыштап дамыған бүгінгі күні электрондық жүйеге көшу аса маңызды болып отыр. Бұл ретте мемлекет пен қарапайым халық арасында байланыс орнатуды жеңілдету үшін электронды үкімет жұмыс істейді. Қазіргі уақытта мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру, оларды электронды форматқа көшіру жұмыстарын дамыту шаралары жалғасуда. Бүгінге дейін жұртшылыққа ыңғайлы бірқатар жобалар іске асып та үлгерді. «Электронды үкімет» порталы – Қазақстан азаматтарының және республика қонақтарының Қазақстан туралы, оның үкіметі, заңнамасы, ұлттық назар аударарлық орындары туралы ресми ақпарат ала алатын, сонымен қатар, онлайн режімде мемлекеттік органдар қызметіне ие болып және айыппұл төлеуге мүмкіндік беретін бірыңғай ресурс. Елімізде электронды үкімет құру идеясын Мемлекет басшысы өзінің республиканы әлемдегі бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына енгізу туралы Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауында білдірген болатын. Сөйтіп, 2004 жылғы 10 қарашада электронды үкіметті енгізу туралы «Қазақстан Республикасында электронды үкіметті қалыптастырудың 2005-2007 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» Президент Жарлығымен бекітілді. Осыдан кейін электронды үкіметті қалыптастыру және дамытудың төрт негізгі кезеңі бекітілді. Бірінші кезең – ақпараттық кезең. Дәл осы кезеңде электронды үкімет порталы іске қосылып, ақпараттармен толықтырылды. Бұл кезеңде әрбір қазақстандық қажетті бүкіл ақпаратты – қажет құжаттар тізімін, мемлекеттік БАЖдың көлемін, мемлекеттік органның байланыс мәліметтерін портал арқылы алуға қол жеткізді. Екінші кезең – интерактивті кезең, яғни порталда электронды қызметтер көрсетіле бастады. Порталды пайдаланушыларға үйде отырып-ақ мекемелерден анықтамаларды алуға, кез келген мемлекеттік органға сұраныс жасауға және олардың жағдайын бақылауға мүмкіндік туды. Электронды үкімет порталында интерактивті қызметтерді енгізу құжаттар пакетін жинауға кететін уақытты бірнеше есе қысқартты. Электронды үкіметтің дамуының үшінші кезеңі – транзакциялық кезең. Бұл кезеңде азаматтар мемлекеттік салымдар мен төлемдерді, айыппұлдарды, коммуналдық қызметтерді төлеуге мүмкіндік алды. Егер бұрын қызметтерді төлеу үшін банкке бару қажет болса, онда қазір қызметті онлайн алуға және төлеуге болады. Электронды үкіметтің төртінші кезеңі – трансформациялық кезең. Бұл кезеңнің басты мақсаты – азаматтарға қызмет көрсетуде жеделдік таныту. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін интерактивті және транзакциялық сервистер кешенді қызметтерге біріктірілуде. Қазіргі таңда техника, технология жетістіктерін шеберлікпен пайдаланудың арқасында мемлекеттік органдар мен үкіметтік ұйымдар ел азаматтарымен тұрақты қарым-қатынас жасаудың тиімді жолдарын осы электронды үкімет жүйесі арқылы тапты. Мұның тиімді жақтары айтарлықтай. Қажетті ақпаратты жедел береді, мемлекеттік қызмет көрсетуді тиімді етеді және шығынның аздығымен әрі ашық, жариялылығымен ерекшеленеді. Үкіметтік ұйымдардың да өзара тығыз байланыста жұмыс істеуіне елеулі ықпал ете алады. Үкімет ұсынған қызметтерді халық ақпарат алмасудың жылдамдығы арқасында тез меңгеруде. Керекті құжаттың электронды нұсқасын пайдалану арқылы қағазбастылық артта қалып, халыққа қызмет көрсету сапасы артып келеді. Бұл – электронды үкіметтің игілігі. Ал электронды құжат – экономиканы дамытудың негізгі тетігі екені анық. Үкіметтің бүгінгі ұсынып отырған электронды қызметтерін жұртшылық электронды цифрлық қолтаңба арқылы алады. Қазір  елімізде электронды үкіметтің www.e.gov.kz порталы жұмыс жасайды. Аталмыш порталда мемлекеттік органдардың барлық ақпараттарына қол жеткізуге болады. Бүгінде www.e.gov.kz порталында экономика, білім, мәдениет, еңбек, денсаулық, спорт, туризм және адам өмірінің өзге де салалары бойынша бірнеше мәтіндік бөлімдерде екі мыңнан астам ақпараттық қызмет көрсетіледі. Алайда портал тек ақпараттық ресурс қана емес, оның пайдаланушыларына мемлекеттік органдардың әртүрлі электрондық қызметтері ұсынылады. Мәселен, цифрлық қолтаңба арқылы кез келген тұрғынның мемлекеттік органдардан анықтамалар алуға, мемлекеттік сатып алуларға қатысуға (егер сіз заңды тұлға болсаңыз) немесе белгілі бір мемлекеттік органға тікелей шағымдануға («Виртуалды қабылдау»), коммуналдық қызметтерді төлеуге, мекен-жай анықтамасын алуға мүмкіндіктері бар. Порталдағы барлық қызметтерді қолдану үшін азаматтарда алдымен электронды сандық қолтаңбасы (ЭСҚ) болуы қажет. Электронды сандық қолтаңба портал арқылы, үйден шықпай-ақ мемлекеттік қызметтерді алу үшін өте қажет. Бұл ыңғайлы, әрі қолжетімді. Электронды Үкіметтің қарапайым халық үшін тиімді, әрі қолжетімді екенін бөлім қызметкерлері еgov.kz порталының барлық мүмкіндіктері арқылы көрсетіп бере алады. Елімізде өткен жылы бала тууға байланысты көрсетілетін мемлекеттік қызметтер проактивті тәсіл арқылы оңтайландырылған. Бұл жобаға сәйкес жаңа босанған әйел бұрынғыдай халыққа қызмет көрсету орталықтарына келіп жатпай-ақ, телефон арқылы сәбиін тіркетіп, туу туралы куәлікті жасатып, балабақшаға кезекке қойып, тіпті нәрестенің өмірге келуіне байланысты берілетін тиісті жәрдемақыны рәсімдеген. Вице-министрдің айтуынша, бұл жерде халық мемлекеттік қызметке жүгінбейді, мемлекеттік органдар тиесілі қызметті ұсынып, халыққа өздері шығады. Айталық, бүгінгі таңда тиісті мамандар жаңа босанған 11 590 әйелге өздеріне тиесілі қызметті алу жөнінде SMS-хабарлама жолдаған екен. Олардың 4 мыңға жуығы хабарлама бойынша проактивті тәсілге жүгінген. Осылайша, 715 туу туралы куәлік беріліп, 261 нәресте балабақшаға кезекке қойылған. Қазіргі таңда Ақпарат және коммуникациялар министрлігі аталған бағытта мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасын жетілдіру бойынша бірқатар міндеттерді іске асырып жатыр. Мұнда әңгіме, ең алдымен, электронды үкімет порталының дамуы мен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының қызметіне қатысты болып отыр, бұл – мемлекеттік қызметтерге қолжетімділіктің ең ыңғайлы жолдары екені сөзсіз. Қазіргі таңда 746 мемлекеттік қызметтің 621 қызмет түрі немесе 83 пайыздан астамы «Азаматтарға арналған үкімет» жүйесіне өткізілген. Электронды үкімет инфрақұрылымы арқылы 452 мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Мәселен, өткен жылдың қорытындысы бойынша Қызылорда облысында көрсетілген мемлекеттік қызметтердің 40 пайызы еgov.kz сайты арқылы жүзеге асырылған. Биылғы жылдың соңына дейін бұл көрсеткішті 70 пайызға жеткізу міндеті тұр. Бүгінде мемлекеттік қызмет түрлерінің басым бөлігін үйден шықпай-ақ электронды үкімет порталы арқылы алуға болады. Әсіресе, шалғайдағы ауылдық елді мекен тұрғындары үшін бұл өте тиімді. Жолға шығындалмайды, мекемелердің табалдырығын тоздырып уақытын жоғалтпайды. еgov.kz электронды үкімет порталының арқасында 7 жыл ішінде  200  млн қызмет көрсетілген. Қолданушылардың саны 650 есеге артып отыр. 2009 жылы барлығы 10 мың 960 пайдаланушы болса, қазіргі таңда олардың саны 7 млн-ға дейін жеткен. Сондай-ақ, қазақстандықтарға барынша ыңғайлы болу үшін Telegram-бот та іске қосылды. Ол SMS хабарлама арқылы ең жиі тапсырыс берілетін 4 қызметті алуға мүмкіндік береді. Мекен-жай анықтамасы, жеке тұлғаның басқа заңды тұлғаларға қатысуы туралы, сотталмағандығы жөнінде анықтама, жылжымайтын мүліктің жоқ немесе бар екендігі туралы анықтама. Ол үшін бар болғаны мобильді азаматтар базасына тіркелу жеткілікті. Мемлекеттік қызметтерге электронды түрде қол жеткізудің мақтанышпен айтатындай артықшылықтары бар. Ең басты ерекшеліктерінің бірі – уақыттың үнемделуі. еgov.kz порталының мүмкіндіктерін пайдалану үшін үйден және жұмыс орнынан арнайы сұранудың мүлдем қажеті жоқ. Азаматтарға ыңғайлы болу үшін 2014 жылы eGov мобильдік қосымшасы пайдалануға берілген болатын. Мобильдік қосымшаның көмегімен азаматтар медициналық ұйымға тіркеуге тұра алады, шет елге шығатын кезде өз есімін борышкерлер реестрінде тексере алады, некеге тұруға электронды түрде өтініш қалдыра алады. Қазіргі кезде eGov мобильдік қосымшасы арқылы төлемдерді қосқанда 83 қызмет түрі мен сервистер қолжетімді. 2017 жылдың басында eGov мобильдік қосымшасы «The world Government Summit» халықаралық саммитінде ең үздік және озат қосымша атанып, «First World Govtechineers Race-2017» премиясымен марапатталған болатын. Мемлекеттік қызметтерді көрсету үшін көптеген мемлекеттік органдардың – ақпарат иелерінің деректер қорындағы мәліметтер пайдаланылады. Азаматтар электронды үкімет порталына белгілі бір қызметті алуға сұрау салған кезде жауап мемлекеттік органның ақпараттық жүйесіндегі дерекке сәйкес құралатынын еске сала кеткен жөн.