Біз ойлануды ұмыттық па?

Біз ойлануды ұмыттық па?

Біз ойлануды ұмыттық па?
ашық дереккөзі
Біз ойлануды ұмыттық па? Бұлай деуімізге Оңтүстік Қазақстан облысы, Түлкібас ауданының орталығы – бұрынғы Ванновканың Тұрар Рысқұлов делініп, кітабилана әрі шұбалаңқылана аталуы себеп болып отыр. Ал бұл атаудың орынсыздығын, қоңсы жатқан Ждановтың Тұрар ауылы аталғаны ескерілмегенін бұған дейін филология ғылымының докторы Д.Қамзабекұлы да жазған. Ванновканың жұрт жадында Көкірек ретінде сақталғаны да белгілі (М.Мырзахметұлы). Дегенмен Мекемтас аға мен М.Серікбайұлы бұл ауылды Майлыкент деп атауды ұсынған да және өңірдің өзі де «Патша өкіметі кезінде Майлыкент болысы атанған» (Д.Қыдырәлі). Ертеректе үлкендердің Майлыкент сөзін Ванновка мағынасында қолданатыны жадымызда болғандықтан, Ванновка аты өзгертілетінін естігенде, енді ол Майлыкент аталар деген үмітте, сенімде болып, еліміз, жеріміз, осыншалық сұлу сөз тудырған тіліміз үшін қуанғанбыз. Тұлғасы көркем, мағынасы тұшымды, сөз төресі дерлік Майлыкент атауы жер жаннаты – Түлкібас өңіріне жараса кетеді әрі Ташкент, Шымкент, Маңкент, Майлыкент, Жаркент болып, үйірімен ұйқасып тұратын болды дегенбіз. Екіншіден, бұл атау кент түбірі арқылы бізді түркілік тарихымызбен табыстырып, ел болу, қала салудың Баршынкент, Құмкент, Саудакент, Созақкент, Түймекент сияқты арғы замандардан келе жатқан өзіндік дәстүріміз бен мәдениетіміз болғандығының көрінісі, бірден-бір белгісі қызметін атқарар еді. Амал нешік! Ал осыншалық орайы келіп тұрған атаудан бас тартып, таңдаған Тұрар Рысқұловтың бірнеше кемістігі бар. Біріншіден, қатар жатқан екі ауыл атын бір кісінің атымен атау – «Бояушы, бояушы дегенге сақалын бояптының» кері. Мұнда ел қадірін, ер қадірін кетіру де, жер-су атын ұсқынсыз таптаурынға (штампқа) айналдыру да, сауатсыздық пен жауапсыздық та жетіп-артылады. Екіншіден, бір бұл емес, Жамбыл облысындағы Тұрар Рысқұлов, Солтүстік Қазақстан облысындағы Ғабит Мүсірепов, Мағжан Жұмабаев, Шоқан Уәлиханов сияқты аудан аттары кісінің аты мен тегінен, яғни екі сөзден тұруы да ат беру, есім жасаудағы кемшілікке жатады. Өйткені елге, жерге арнайы түрде ат бергенде кітәпшілдікке салынып, ол атау иесінің кім екені екі ұштыланбай, нақты көрініп, оқылып тұруын, ресми құжатта адамның аты-жөні құсап толық, «әдемі, анық» болып жазылуын ғана емес, бірінші кезекте сәт сайын мыңдаған рет аталып-қолданылатын бұл сөздің айтуға да, жазуға да қолайлы, қысқа-нұсқалығын ескеру керек болады. Мысалы, орыс тіліндегі Свердловск, Кировск, Калининград, Ленинград сияқты қала аттары осылай жасалған немесе қалыптасқан. Ал осыларды Владимир Ильич Ленин, Михаил Калинин, Сергей Миронович Киров деп «сірестіріп» қойса, не болар еді?! Сірә, ешкім, ешқашан бұлай айтпаған, айтайын да демеген. Яғни жоғарыдағы атаулар тілдің, сөйлеу тілінің үнем заңы мен айтуға жеңілдік талабына қайшы келеді. Сондықтан оларды Тұраркент, Мағжан ауданы сияқты тұлғада ықшамдай алу жөн болар еді. Үшіншіден, аталған атаулардың бәрінде түбінде тілімізден шығып қалуы, шығарылып тасталуы тиіс орыс тілінің «-ов» қосымшасын іс жүзінде қазақ тіліне қайтадан тықпыштау, тұрақтандыру жайы орын алған. Біздіңше, алдағы уақытта тілге, сөзге қатысты әрбір әрекетімізде біз тілге жат, бөгде тіл бірліктерінен мейлінше арылу бағытын ұстануымыз қажет. Сондай-ақ, мұндай жер-су аты адамның тегіне ұқсап, әңгіме әлдене емес, әлдекім туралы болып тұрғандай әсер туғызады. Сірә, орыс тілінде тек арқылы жасалған жер-су аттарының тікелей «-ов»-қа бітпей, өзгере айтылуының бір себебі осында болса керек. Елат, жерат, жеке ат, олардың орыстануы туралы көптеген мақала жазған Мекемтас Мырзахметұлы ірі жер-су атын адам атымен атаудың дұрыс еместігін айта келіп: «Орысша қалыпқа түсірілген Тұрар Рысқұлов ауданы, ... Қаныш Сәтбаев қаласы тәрізді атаулар да орын ала бастады. ... кісінің аты мен тегін ... қоса қабаттап қою – ұлттық дәстүрімізге жат құбылыс. ... Мысалы, Абай ауданын Абайдың фамилиясын қоспай өз атымен ғана атаймыз. ... Ал енді келіп не себепті Ыбырай Алтынсарин ауданы деп аты мен фамилиясын қоса қабаттастырып қоямыз? ... Неге Абай көшесі дейміз де, Ыбырай Алтынсарин, Шоқан Уәлиханов, Мұхтар Әуезов көшесі деп басқа қалыпқа түсіп кетеміз? ... Мұның ешқандай құпия сыры жоқ, бұл бәз баяғы шет халықтың, яғни бізді нешеме ғасыр билеп-төстеп келген Ресей патшалығы мен сол дәстүрді жалғастырған кеңестік идеологияның ... санамызға сіңіріп жіберген бөгде ұлттық дәстүр шеңберінен шыға алмайтын құлдық психологияда жатыр», – деп, бұл кітәпшілдіктің себебі бейғамдық пен соқыр көргенінен жазбайтын надандықтан ары асып, құлдық құлыққа, табынушылыққа барып тірелетінін көрсетеді. Әрине, жер-су аты табиғи түрде, сөйлеу тілінде, халық тілінде жасалған болса, аталған кемшіліктер болмас еді. Алайда бүгінде жер-су аты арнайы түрде беріледі. Тек арнайы түрде берілетінімен, кәсіби негізде жасалады деуге келмейді. Өйткені оны жасаудың осы уақытқа дейін нұсқаулық негізі жоқ, жасалмаған және жасалайын демеген де. Сірә, арнайы түрде ат берілетін болған соң, оның ғылыми жүйесі, нұсқаулығы болуы керек-ақ. Айталық, жер-су атының екі-үш емес, бір ғана сөзден тұруы, атау құрылымы қандай болуы, қандай болмауы керектігі, жиі және жедел қолданысқа қолайлылығы арнайы анықталып, көрсетілуі, елат, жерат жасауға қатысты қазақ тілінің түбір-қосымшалары жиналып, тізімделуі керек еді. Мысалы, орыс тілінде Ваннов/ка, Свердлов/ск делініп, тек арқылы жасалатын жер-су атқа тіркелетін жұрнақтар баяғыдан қалыптасып қойған және мұндай жұрнақ қазақ тілінде де жоқ емес. Алматы қаласындағы бір буынды «-кент» арқылы жасалған «Ақкент» ықшам­ауданы осының дәлелі. Сірә, кемшіліктің үлкені қателесуде емес, сол қатені дер кезінде түсініп, мойындап, уақыты келгенде түзетпеуде екенін ұмытпаған жөн дер едік.

Ыспандияр Ақайұлы

www.turki.kz