Тәуелсіз елдің текті ұлдары
Тәуелсіз елдің текті ұлдары
Бүгінгі алмағайып заманда ұлт болып ұйысу, бірлікті сақтау, жастарды Отанға, елге, жерге деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу, жас жеткіншектерге патриоттық тәрбие беру аса маңызды мәселе. Бертінге дейін ауылдың қариялары жас балаларға батырлар жырын жаттатқызып, кеш болса жыр оқытқызып келген. Сол жыр жаттап өскен, жыр тыңдап өскен балалардың бірсыпырасы бүгінде ауызы дуалы, сөзі уәлі ақсақалға айналғанын өмір көрсетіп отыр. Ендеше, ұлттық тәрбиенің қайнар көзі осы жырларда жатқанына еш шүбә келтіруге болмайды. Өшкенімізді қайта жағып, өткен бабалардың осы бір тәрбиелеу тәсілін жаңғыртып, ертеңгіге асыл мұра етіп қалдыруымыз керек. Осы ретте Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасы шаһардағы 6-10 сынып оқушылары арасында батырлар жырын жатқа айтудан «Тұлпар мініп, ту алған» атты әдеби және тарихи-танымдық байқау ұйымдастырған болатын.
«Тұлпар мініп, ту алған» ұлттық жобасы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының аясында ұйымдастырылған еді. Бұл байқау ата-бабаларымыздан қалған асыл мұраларды жаңғырта отырып насихаттауды көздейді. Сондай-ақ, оқушылардың шығармашылық және интеллектуалдық қабілетін дамытуға жағдай жасап, халық поэзиясына деген патриоттық сезімін ояту, елдік пен ерлік рухын көтеріп, намысшылдық пен қайсарлық қасиеттерге баулу – байқаудың негізгі мақсаты.
Эпостық жыр-дастандар – қағазбен қатталмаған, жылнамасы жоқ тарихымыздың ауызша жеткен сипаттамасы, ұлттық құндылығымыздың ауқымды бір бөлігі. Бүгінгідей бала санасының әр талшығын бүкілғаламдық тор шеңгелдеп тұрып шырмап алған кезеңде оның тарихи, көркем, пәлсапалық маңызын ұмыттырмай, бабалар аманаттап кеткен жәдігердің әр жолын көздің қарашығынай сақтап, бойға сіңіруге әр қазақ құмбыл болуы тиіс. Ерлікке, отансүйгіштікке баулитын батырлар жырының мазмұнын ғана емес, маңызын да біліп өсу әр жеткіншекке міндет дейміз. Алайда ағыл-тегіл ақпарат заманы батырлар жырын жаттап өспек түгілі, оның бар екенін де ұмыттырып бара жатқандай. Мектеп бағдарламасы аясында ғана амалсыз оқып, басқа уақытта батырлар жыры рухани байлықтың бастауында тұрған қуатын сезінбейтіндер көп. Тегеурінді технологияның тасасында қалып бара жатқан ауыз әдебиетінің інжу-маржаны ендігі жерде ешкімге де қажет емес деп қарайтындар бар. Ендеше, эпостық жырға, батырлар жырына құрметті арттыру үшін ынталандырып жаттатудың, қызықтырып оқытудың әдіс-амалдары қарастырылып, «Тұлпар мініп, ту алған» ұлттық жобасы қолға алынды. «Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының маңыздылығын ел де, ел зиялылары да осы уақытқа дейін айтып келеді. Біздің мақсат – сол бағдарламаны жүзеге асыру үшін осы байқау секілді шараларды ұйымдастыру. Бұл байқау Алматы қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен, қолдауымен, сол әкімдіктің қаражатымен ұйымдастырылып жатқан дүние болғандықтан, байқаудың жүлдесі де қомақты. Байқау көп қаражатты қажет ететін болғандықтан, жобаны жеке адамның жүзеге асыруы қиындау. Ал егер әкімдік, билік ары қарай іліп әкетсе, жалғастыруға әбден болады», – дейді жоба жетекшісі Серік Сейтман.
Байқау қатысушыларына қойылған басты талап – «Алпамыс батыр» жырының ұсынылған нұсқасын толықтай жаттап, мүдірмей айтып беру. Жыр ішінде кездесетін көнерген сөздердің мән-мағынасын талдап, қазылар алқасы тарапынан қойылған қосымша сұрақтардан сүрінбей өту де аса маңызды болды. Сонымен қатар, қалалық деңгейдегі байқауда ақтық сынға шыққан қатысушылар эссе жазудан жарысқа түсті. Осы кезеңдерден сүрінбей өткен қатысушылардың ең мықтыларын қазылар алқасы таңдап алды.
Байқауда бақ сынаушылар үшін «Алпамыс батыр» жырының таңдалуы кездейсоқтық емес. 2011 жылы Мәдениет министрлігінің қолдауымен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың алғысөзімен 114 CD дискіден тұратын, ішінде түсіндірме кітапшасы бар ірі көлемдегі «Қазақтың батырлық жырлары» атты аудиоантология жарыққа шыққан болатын. Топтаманы жарыққа шығару барысында профессор Сейіт Қасқабасов, Шәкір Ибраев, Тоқтар Әлібек және тағы басқа беделді ғалымдар енген шығармашылық кеңес қазақтың батырлар жырының маңыздылығын саралай келе, «Алпамыс батырды» ең бірінші орынға шығарған еді. Сондықтан ұйымдастырушылар балалар арасындағы байқауды осы шешімді негізге ала отырып, «Алпамыс батыр» жырынан бастады. Алматы қаласы әкімдігі «Алпамыс батыр» жырын балаларға тәрбиелік нұсқа ретінде ұсынуды бұдан бұрын да қолға алған болатын. Осыдан үш-төрт жыл бұрын Алматы қалалық Тілдерді дамыту басқармасы Алдар көсенің қызықты оқиғаларын, халық ертегілерін, «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Алпамыс», «Ер Тарғын», «Қамбар батыр» лиро-эпостық жырларын анимациялады. Бұл өнімдер барлық балабақша, мектептерге таратылып, теледидар арқылы көпшілікке ұсынылған еді.
Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен өткен байқауға дайындық үстіміздегі жылдың мамыр айында басталған. Ал сейсенбі күні – 2 қазанда аталмыш байқаудың жеңімпаздарын марапаттау салтанаты өтті. Тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған байқаудың қорытынды кеші де айрықша өткенін айта кеткен абзал. Салтанатты рәсімді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбай ашып, байқаудың маңыздылығына тоқталды. «Біздің халқымыз үшін Тәуелсіздіктен ұлы нәрсе жоқ. Қай елдің баласы тұлпар мінеді және ту алады? Әлбетте, тәуелсіз елдің баласы тұлпар мінеді, ту алады. Елбасымыздың бастамасымен қабылданған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізгі мәні – бабамыздан бізге талықсып, талмаусырап әзер жеткен тәуелсіздікті баянды ету. Мұны бәріңіз жақсы білесіздер. Қазақ елін мәңгілік етсек, тәуелсіздігімізді баянды етсек деген ойдан кейін осындай жоба өмірге келді. Шынында да, жоба басталғалы бері сайысқа түскен өрендер бірнеше кезеңдерден өтті. 1300 бала осы сынға қатысты, яғни, кем дегенде 1000-нан астам жеткіншек «Алпамыс жырын» жаттады. Бұл дегеніңіз ол жастар өзінің қай елдің баласы екенін, тарихының қандай екенін, елдік мұрат үшін баяғы бабаларымыз қандай қиындықтармен арпалысқанын, осы күнге қалай жеткеніміздің бәрімен таныс болды. Қазақтың эпостық жырлары еш елдің эпостық жырларынан кем емес. Негізгі айтылатын тақырып – елге, Отанға қызмет ету, сол жолда қасық қаның қалғанша арпалыса білу. Осындай жырды жас жеткіншектерге жаттатқызу арқылы жастарымыздың рухын шыңдадық және Елбасы айтқандай, олардың бәсекеге қабілетті болуына бір қадам жақындадық. Сондықтан баршаңызды сәтті басталған осы жобамен құттықтаймын», – деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Оразбайұлы.
Айта кетейік, «Алпамыс батыр» жырын жатқа айтып, жеңімпаз атануға 1300-ден аса үміткер тілек білдірді. Ал байқаудың ақтық мәресі 26 қыркүйек күні Оқушылар сарайында өткен болатын. Оған дейін Алматы қаласының 8 ауданында іріктеу сайыстары өтті. Әр ауданнан үш жеңімпаздан іріктеліп, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан 24 жүлдегер оқушы қалалық сында бақ сынады. Ұлттық жобаны қолдап, ерте көктемнен бастап жыр жаттап, жүзден жүйрік атанып келген талапты оқушылардың өнеріне академик Өмірзақ Айтбаев, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Уәлихан Қалижан, профессор, әдебиетші-ғалымдар Тынысбек Қоңыратбаев, Темірхан Тебегенов, Серік Қорабайұлы, «Алматы ақшамы» газетінің бас редакторы Қали Сәрсенбай төрелік жасады. «Алматы қаласы әкімдігінің, Ішкі саясат басқармасының идеясымен дүниеге келген бұл ұлттық рухани танымдық жобаның мәні де, маңызы да ерекше болды. Әрине, қандай да бір жобалар басталған кезде толқу болады. Мұндай жоба бұрын-соңды болмағандықтан, біздің де қобалжығанымыз рас. Қалай болады деп ойладық. Бұл байқау мыңнан астам баланың қызығушылығын оятты. Жоба өте тартысты өтті. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан балалар көп болды. Бізге таңдау оңай болған жоқ. Алматы – әрқашан рухани орталық. Енді Алматыдан бастау алған осы жоба республика көлемінде жалғасатын болса, жылына 50 мыңдай бала осы жырды жаттайды екен», – дейді қазылар алқасының мүшесі, «Алматы ақшамы» газетінің бас редакторы Қали Сәрсенбай.
Байқауға қатысқан балалар ала жаздай 110 беттен тұратын «Алпамыс батыр» жырын жаттаған екен. «Алпамыс батыр» жырын жатқа айтып, жүлдеге таласқандардың арасында орыс, кәріс, ұйғыр ұлтының өкілдері де болды. Алпыс бет жырды жатқа айтқан Наурызбай ауданының оқушысы Михаил Шут әлеуметтік желінің күшімен әп-сәтте тұтас қазақ ұлтына ұнап қалды. Марапаттау салтанатында байқауға қатысқан өзге ұлт өкілдеріне Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан арнайы алғыс хаттар тапсырылды. Алғыс хатқа ие болғандар қатарында Арнольд Ким, Михаил Шут, Илья Кролов, Арзу Әлиева, Ангелина Ким бар. Ал ынталандыру сыйлығының иегерлері болып Шыңғысхан Армия, Мәншүк Арыстанбек, Санат Ғизатұлы танылды. Оларға арнайы номинациялар тапсырылды. Атап айтар болсақ, Мәншүк Арыстанбек (тәлімгері – Гүлжан Оспанбекова) «Күміс көмей» номинациясымен, Санат Ғизатұлы (тәлімгері – Салтанат Нүсіпова) «Жезтаңдай» номинациясымен, Шыңғысхан Армия (тәлімгері – Айгүл Мамытова) «Құйма құлақ» номинациясымен марапатталды. Аты аталған жүлдегерлерді марапаттау үшін сахна төріне көтерілген қазылар алқасының мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор Темірхан Тебегенов: «Осынау кең байтақ сахараның мың жылдықтар бойы ұрпақтарының рухын асқақтатып, келер болашаққа ұмтылдырып келе жатқан қазақ эпосы, батырлар жыры өзінің биік деңгейіне көтерілді. Ары қарай ұлттық тәрбиені, қаһармандық рухымызды көтеруге қызмет ете береді. Алматыда басталған бұл эстафеталық жоба республикамыздың түкпір-түкпіріндегі қазақ ауылдарындағы мектептерде, аудандарда, алыс-жақын шетелдегі қазақ бауырларымыздың арасында кең қанат жаятынына кәміл сенеміз», – деп атап өтті.
Байқаудың үш жеңімпазы да Алматы қаласының бір ғана ауданынан – қазағы қалың қоныстанған Алатау ауданынан шықты. Енді бір ауданнан үш бірдей ұстаз Оксфордқа аттанады. Айта кетейік, биыл Алатау ауданына 10 жыл толды. Бүгінде Алатау ауданы – Алматыдағы қазақи елді мекен. Аудан халқының рухани дүниесін, салт-дәстүрін жоғалтпай, тілін шұбарламай, ауызбірлікті сақтап отырғанын ерекше мақтанышпен айтып өту қажет. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Алматы қаласында аталмыш ауданның құрылуына тікелей бастамашы болғаны белгілі. Бұл – Елбасының Алатау баурайындағы ару қалаға деген айрықша махаббатының көрінісі. Оны Елбасы да әр сапарында сөз қылатын. Президент Алатау баурайындағы қалаға келген сапарларының бірінде: «Алматының жағдайын үнемі ойлап жүретінімді өздеріңіз жақсы білесіздер. Алматының өсуі, өнуі ғылымға да, инновацияға да, технологияға да қажет. Бұл ретте Алатау ауданындағы 490 гектар аумақтағы индустриалды аймақты дамыту – бұл өндіріс пен инфрақұрылымның дамуына, болашағына, жаңа жұмыс орындарының құрылуына, еңбек өнімділігінің артуына мүмкіндік береді. Алатау – Алматының болашағы», – деген болатын. Расында да, Алатау ауданы Алматының кең тыныс ашуына, құлаш сермеуіне ықпал етіп, шаһардың дамуына негіз болды.
Сонымен, «Тұлпар мініп, ту алған» байқауының басты жүлдесі Аружан Абсатарға (тәлімгері – Майра Айыпханқызы) бұйырса, 2-орын Абылай Бердашев (тәлімгері – Айжан Оспанбекова), 3-орын Бекзат Шардарбектің (тәлімгері – Фарида Сүлейменова) еншісіне тиді. Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының мұрындық болуымен ұйымдастырылған ұлттық жобаның жүлде қорының қомақты болғаны да баршаға мәлім. Тағайындалған жүлденің қомақты болуы бұл байқауға қатысуға ниетті жеткіншектерді қанаттандырғанын да айтпай кетуге болмас. Байқау жеңімпазы атанған Аружан Абсатар 1,5 миллион теңге ақшалай сыйлықты иеленді. Ал екінші орын алған Абылай Бердашев 1 миллион, үшінші орын иегері Бекзат Шардарбек 500 мың теңгені қанжығасына байлады. Ал жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан шәкірттерді дайындаған ұстаздарға да ерекше құрмет көрсетілгенін айта кеткен жөн. «Тұлпар мініп, ту алған» байқауының басты ерекшелігі – миллионды қанжығасына байлаған жеңімпаз оқушыны баптаған тәлімгері Англияның Оксфорд қаласында үш ай тіл білімін жетілдіру орталығынан ағылшын тілін терең меңгеріп қайтаруға жіберіледі. Екінші орын алған оқушының мұғалімі – екі ай, үшінші орын – бір ай тіл үйренуге мүмкіндік алады. Жалпы білім беретін мектептерде ағылшын тілін меңгеру міндеттеліп жатқан кезеңде бұл мұғалім үшін де таптырмас мүмкіндік екені сөзсіз.
Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды. Сонымен бірге, рухани жаңғыру ұлттық сананың түрлі полюстерін қиыннан қиыстырып, жарастыра алатын құдіретімен маңызды. Бұл – тарлан тарихтың, жасампаз бүгінгі күн мен жарқын болашақтың көкжиектерін үйлесімді сабақтастыратын ұлт жадының тұғырнамасы. Мен халқымның тағылымы мол тарихы мен ерте заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете отырып, әрбір қадамын нық басуын, болашаққа сеніммен бет алуын қалаймын.
ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласынан
Шәкірт пен тәлімгер толғанса...
Алматы қаласы әкімдігі Ішкі саясат басқармасының ұйытқы болуымен өткен «Тұлпар мініп, ту алған» байқауының жеңімпаздары 1300 оқушының арасынан суырылып шықты. Олардың жеңіске деген ұмтылысы, дайындығы мықты болғаны көрініп-ақ тұр.Аружан Абсатар, «Тұлпар мініп, ту алған» байқауының 1-орын иегері:
– «Тұлпар мініп, ту алған» байқауының марапаттау салтанаты өте жоғары деңгейде өтті. Осы сайысқа қолдау білдірген, оқушыларымызды қанаттандырған Алатау ауданы әкімдігіне үлкен алғыс білдіремін. Англияның Оксфорд қаласында тіл білімін жетілдіру біз үшін, ұстаздар үшін үлкен жетістік деп ойлаймын. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының негізінде ұйымдастырылатын осындай байқаулар әлі де жалғасын табады деп ойлаймын. Шілде айынан бастап мектепте дайындала бастадық. Аудандық кезеңге 15 оқушы дайындап апардым. Соның ішінде Аружан ғана үздік болып, қалалық кезеңге жолдама алды. Байқаудың шешуші кезеңіне де жақсы дайындалдық. Көнерген сөздерді, диалект сөздерді іздедік, 9-сынып бойынша әдебиет пәнінен келетін сұрақтарға дайындалдық. Өзімізге берілген тақырып бойынша эссе жаздық. Аружанның дайындығы жоғары деңгейде болғандықтан, байқауда қарсыластарына дес бермеді. Ең қиыны – жырды толығымен жаттау болды. 100 беттен астам жырды толығымен жаттап, мүдірместен айтып беру оңай емес. Абылай Бердашев, «Тұлпар мініп, ту алған» байқауының 2-орын иегері: – Алматы қаласының әкімдігі «Тұлпар мініп, ту алған» атты бәйге жариялағанын естігеннен кейін бірден Абылайды әзірлеуге кірістік. Әуелі өзі «Алпамыс батыр» жырын толық жаттады. Содан кейін өзге дайындықтарға кірістік. Еңбегіміз ескеріліп, жеңімпаздар қатарынан көрінгенімізге қуаныштымын. Осы байқаудың арқасында Оксфорд қаласында ағылшын тілі бойынша білім деңгейімді көтеріп келуге мүмкіндік алғаным үшін ұйымдастырушыларға алғыс білдіремін.Бекзат Шардарбек, «Тұлпар мініп, ту алған» байқауының 3-орын иегері:
– Біз осы байқау жөнінде мамыр айында хабар алдық. Бірден Бекзатқа айттым. Ол байқауға қатысып, бақ сынауға бірден келісті. Өзі бұрыннан өлең оқығанды ұнататын бала. Республикалық Мұқағали оқуларына қатысқан. Абай, Шәкәрім оқуларында да бақ сынап, жүлдегер атанды. Бірақ бір жылдай уақыт денсаулығына байланысты мұндай байқауларды тоқтатқанбыз. Ал бұл байқауға қатысуға шешім қабылдағаннан кейін жаз бойы дайындалды. Осы уақыт аралығында тек жырды жаттап қана қоймай, ауыз әдебиеті бойынша толыққанды әзірленді. Нәтижесі жаман болған жоқ. Қалалық кезеңде 3-орынға ие болды. Осы байқау арқылы мен де Англияда ағылшын тілімді жетілдіріп келетін болдым. Бұл – ұстаздарға берілген ерекше мүмкіндік деп білемін.