Еліміздің үздік ұстаздарына 2,5 миллион теңгеден табыс етілді
Еліміздің үздік ұстаздарына 2,5 миллион теңгеден табыс етілді
Бүгін елордада «Үздік педагог» республикалық конкурс жеңімпаздары марапатталды. 64 үздік ұстазға 2 млн 405 мың теңгеден табыс етілді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
Салтанатты шарада ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дариға Назарбаева ұстаздарды кәсіби мерекесімен құттықтады.
«Бүгін бәріміз үшін өте қуанышты күн. Өйткені, білім саласында жұмыс істеп жатқан мамандарға, ұстаздарға əрқашан да елдің алғысы шексіз. Бүгін сіздерді құттықтай отырып, еңбектеріңізге табыс тілеймін», - деді Назарбаева.
«2018 жылдың үздік педагогі» атағын тағайындау бойынша республикалық комиссияның қарауына 147 құжат, оның ішінде мектепке дейінгі және орта білім саласы мұғалімдерінен 109 құжат, техникалық және кәсіптік білім саласынан 38 құжат келіп түскен.
Биыл аудандық және қалалық турларға қатысқан ұстаздар саны өткен жылмен салыстырғанда 2 есе көп болған.
Конкурс қорытындысы бойынша, 48 орта мектеп мұғалімі және 16 колледж оқытушысы жеңімпаз атанды
Марапаттау салтанатында 64 жеңімпазға «2018 жылдың үздік педагогі» төс белгісі, куәлік, сондай-ақ, 1000 АЕК (2 млн 405 мың теңге) сомасында сыйақы табыс етілді.
Конкурс жеңімпазы, Көкшетау қаласындағы дарынды балаларға арналған №3 облыстық мамандандырылған мектеп -интернаттың химия пəнəнің мұғалімі Дана Искакова ұтқан ақшасын қайда жұмсайтынын айтты.
«Қаражаттың бір бөлігі менің мұғалімдік қызметіме арналады. Білім саласын дамыту үшін авторлық бағдарламалар дайындауға, кабинетті жабдықтауға, жас мамандарға арналған əдістемелік көмектер əзірлеуге жұмсаймын», - деді берген сұхбатында Искакова.
Атап өтсек, «Үздік педагог» конкурсы 2012 жылдан бастап жыл сайын өткізіліп келеді.
Жеті жыл ішінде конкурсқа 31 420 мұғалім қатысқан. Оның ішінде мектепке дейінгі және орта білім, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының 368 мұғалімі жеңімпаз атанып, 1000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде ақшалай сыйақымен жəне «Үздік педагог» төсбелгісімен марапатталған.