Жаңалықтар

Мыңдаған бала жат ағымның құрсауында жүр

ашық дереккөзі

Мыңдаған бала жат ағымның құрсауында жүр

Елімізде кішкентай мыңдаған баланың радикалды исламмен «уланғаны» анықталды. Алматы және Атырау қалаларында радикалды ислам дінін насихаттайтын балабақшалардың бар екені анықталған. Онда балаларға 4 жастан бастап сүре жаттатылса, 6 жастан намаз оқуды үйреткен екен. Бұл туралы Еуразия 1 арнасына сілтеме жасаған NUR.KZ хабарлайды. Аталмыш балабақшалар Алматы және Атырау қалаларынан табылыпты. Қазіргі таңда радикалды ислам бағытын насихаттаған балабақшалардың дені жабылған көрінеді. Қоғамдық даму министрі Берік Арынның айтуынша, діни бағытты ұстанатын балабақшаларға барған балалардың ата-аналары да діни секталардың мүшелері екен. Жалпы, мұндай балабақшаларға бөбектерді беру де қиын екен. Себебі, мұндай мектепке дейінгі оқу орындары өз бағыттарын жасырып, тек аз ғана орта арасында ұстанатын бағыттары жайлы айтатын көрінеді. Өкініштісі, былтырғы жылдың өзінде радикалды ислам бағытын балаларға насихаттайды деген күдігі бар мыңнан астам балабақша анықталыпты. Онда 30 мыңнан астам бөбек тәрбиелеген көрінеді. "Өкінішке орай мұндай балабақшалар тез ашылады. Мысалы, Алматыда осындай жекеменшік балабақша анықталды. Онда көптеген балалар тәрбиелеп келген. Мұндай мектепке дейінгі оқу орнына баратын бөбектердің көпшілігі республиканың басқа аймақтарынан келген балалар",-дейді министрліктегі мамандар. Қазіргі таңда үкімет радикалды ислам бағытымен күресу мақсатында, заңды күшейтуді көздеп отыр. Заң жобасы әзірге парламент палаталарында қаралып жатыр.