Жаңалықтар

Абдулқайым Кесіжі, Еуропа Қазақтары қоғамдары федерациясының төрағасы: Еуропа қазақтарында ұлттық рух жоғары

ашық дереккөзі

Абдулқайым Кесіжі, Еуропа Қазақтары қоғамдары федерациясының төрағасы: Еуропа қазақтарында ұлттық рух жоғары

Атажұрттан ауа көшкен қазақтар ұлттық құндылықтар арқасында қазақы болмысын сақтап қалды. Салт-дәстүр, әдет-ғұрып, дін мен діл, тарих пен мәдениетті жас ұрпақтың бойына сіңіре отырып, жатжұрттықтарға жұтылып кетпеу үшін күрескен аға буын Еуропаның түкпір-түкпірінен Қазақтардың мәдени қорларын құрумен қатар Еуропа қазақтары қоғамдары Федерациясының іргетасын қалады. Аталған Федерацияның төрағасы Абдулқайым Кесіжі мырза – Германияның қазағы. Бүгінгі сұхбатымызда еуропалық елдер мен Германиядағы қандастардың ахуалы жайлы сөз болды.

«Қазақтардың көбі – Германияда»

 – Абдулқайым аға, Германияға қазақ­тар қашан және қалай барған?

– Еуропадағы қазақ диаспора­сы­ның алғаш қалыптаса бастаған жері – осы Германия. Мұндағы қазақтардың алғашқы легі 1961 жылы Германия мен Түркия арасында қабылданған «Еңбек миграциясы туралы келісімшарттың» шеңберінде 1962 жылдан бастап Түркиядан Германияға қоныс аударған. Түріктер елімен дәл осындай құжатты жұмыс күшіне мұқтаж басқа да Еуропа елдері қабылдады. Осының арқасында Түркияға шоғырланған қазақтар Еуропа елдеріне көш түзеді. Бүгінде қазақ диаспорасы Германиямен бірге Франция, Голландия, Австрия, Дания, Норвегия, Швеция, Бельгия сияқты Еуропа елдерінде көптеп шоғырланған. Олар екіге бөлінеді: біріншісі, 1950 жылдары Қытайдың Шыңжаң аймағынан (бұрынғы Шығыс Түркістан) Пәкістан және Үндістан арқылы Түркияға көшкен. Ол жерден аталған «Еңбек миграциясы туралы келісімшарт» арқылы еуропалық елдерді жағалаған. Батыс Еуропа мем­ле­кеттеріне қоныс аударған қазақтар өсіп-өніп, бала-шағалы болды. Екінші топ: сан жағынан алғанда аздау қазақтар. 1920 жылдың соңына қарай Қазақстанда жүргізілген «советтендіру саясатының» салдарынан туған жерінен үдере көшіп, Ауғанстан мен Иранға тұрақтаған. 1980 жылдардан бастап Түркия мен Иран арқылы Еуропаға өткен олардың бүгінгі ұрпақ­тары әлі де бар.

– Қазір Германияда қанша отба­сы бар? Шамамен, жалпы адам саны қанша?

– Бүгінде Германиядағы қазақ диаспорасы саналатын 250-ге жуық отбасы бар. Олардағы адам саны 1300-1500 арасында.

– Ондағы қандастар қандай маман­дық­ты меңгерген?

– Қазақтардың көпшілігі алғашқыда Германияға қарапайым жұмыс­шы боп келген. Ал қазір олар­дың тұрмыстары жақсы, ешнәрсеге мұқ­таж емес, әлеуметтік тұрғыда қамтамасыз етілген. Әлеуметтік қамсыздандыру жүйесі арқылы денсаулық сақтау саласына қатысты қызметтерді де еш кедергісіз алады. Әкелері қарапайым жұмысшы боп келген қазақтардың балалары өсіп-өніп, жоғары білім алып, инженер, мұғалім, дәрігер, банкир, пошта мен коммуникация т.б. салалардың мамандарына айналған. Жастардың бірқатары жеке кәсіпкерлікпен айналысып жүр.

«Жастар Ана тілін ұмытып барады»

– Қазақ жастары ұлттық салт-дәс­түрді қастерлей ме? Үлкендер жағы әдет-ғұрыптан ажырап қалған жоқ па?

– Германиядағы, жалпы Еуропа­да­ғы қазақ диаспорасының өкілдері арасында салт-дәстүр, әдет-ғұрып жақсы сақталған. Егер сақтамаса, Атажұрттан ауа көшіп, әр елге тарыдай шашылған қазақ қазақы болмысынан, ұлттық қасиетінен айрылып қалар еді. Осы орайда айта кетейік, қазақ диаспорасы аясында құда түсу, қыз ұзату, үйлену тойлары, шілдехана, бесік той, тұсау кесу, азан шақырып, балаға ат қою, баланы сүндетке отырғызу, қайтыс болған кісінің жетісін, қырқын беру, бір жылдан кейін ас беру, оразада қайтыс болғандарға арнап Құран хатым түсіру сияқты салт-дәстүріміз, ырым-жоралғыларымыз азды-көпті өзгешеліктерімен бұрынғыдай сақталып келеді. Бұл бүгінде қатары сиреп бара жатқан аға буынның арқасы. Қазақы құндылықтарды сақтауға үлкендеріміз ықпал еткені сөзсіз.

– Неміс жеріндегі қазақ жастары Ана тілін біле ме? Қазақшаны қалай үйренеді?

– Біздің қиналатын басты түйткі­ліміз – Ана тілі мәселесі. Тек Германияда ғана емес, бүкіл Еуропадағы қазақтар арасында қазақ тілінің жағдайы жыл өткен сайын нашарлап барады. Әсіресе, жас буын өкілдері Ана тілін мүлде білмейтінін, ұмыта бастағанын мойындауға мәжбүрміз. Сондықтан қоғамдық басқосуларымызда қазақ тілін үйрету күн тәртібінен түспейді. Осы мәселені қалай шешуге болады? Қандай шара қолдану керек? Осындай сұрақтарға жиі жауап іздеп, кеңінен талқыға саламыз. Басты арманымыз бен мақсатымыз – Еуропадағы қазақ диаспорасы өкілдерінің өздері тұратын жерлердің тілімен ассимиляцияланып кетпеуі. Мысалы, түрлі Еуропа елдеріндегі Қазақ мәдени қоғамдары бірнеше жыл бойы Лондон, Париж, Кельн, Мюнхен және Вестреос сияқты қалаларда Қазақ тілін үйрену курстарын ашты. Қазақша үйренуге құлшынғандар өте көп болды. Аталған курстарға балалар, жастар, тіпті, ересектер де қатысқан еді. Өкінішке қарай, аптасына бір рет болатын сол курстар кейін әртүрлі себеппен жұмысын тоқтатты. Біз ойлана келе, «қазақ диаспоралары арасындағы тіл мәселесін шешу жекелеген тұлғалар немесе қоғамдық ұйымдардың, мәдени ұйымдардың шамасы жететін іс емес. Еуропада қазақ тілінде сөйлейтін орта да, мүмкіндік те жоқ. Сондықтан бұл мемлекеттік деңгейде шешілетін мәселе», – деген ойға келдік. Мысалы, Еуропада қазақтар көп шоғырланған қалаларда Қазақстан Мәдениет институттары ашылса дейміз. Мұндай орталықтар бір жағынан алғанда, Еуропа жртшылығын, Қазақстанның қол жеткізген табыстарын, қазақтың мәдениеті мен тарихын насихаттауға сеп болады. Екіншіден, қазақ тілін үйренгісі келетіндерге курстар ұйымдастырылар еді. Аталған курстарға тек қазақ дисапораларының өкілдері ғана емес, еуропалықтар да тартылса, құба-құп. Бір айта кетерлік жайт, диаспорадағы кейбір қазақ жастары өз беттерінше Ана тілін меңгеріп алады. Әсіресе, түрлі шаралар мен мүмкіндіктердің арқасында Атажұртқа келіп, аунап-қунап жатқан жастар Еуропаға қайтқаннан кейін Интернет арқылы Ана тілдерін жетік меңгеруге құлшынады. Олардың арасында қазақша мүлтіксіз сөйлейтіндер бар. Бірақ жат жұртта жүріп, Ана тілін жетік меңгерген қазақ жастары саусақпен санарлықтай екенін ескерген жөн.

– Отбасын құру оңай емес. Әсіресе, жат жерде жүргенде өкініш­ті жайттар кездесіп қалмай ма?

– Қазақ диаспораларының өкіл­дері әлбетте, бала-шағасының қызы­ғын көргісі келеді. Олар ұл-қызда­ры­ның қазақпен отау құрғанын қа­лайды. «Тек қазаққа үйлену керек» деген қағиданы Еуропада туып-өскен қазақ жастары саналарына мықтап сіңірген. Сол себепті, тұрмыс­қа шығатын немесе үйленетін қазақ жастары тек қандастарын таң­дауды әдетке айналдырған. Сексен жыл­дан астам Атажұрттан жырақ жүрсе де, қазақтың ұлт ретінде сақ­талып қалуына ықпал еткен басты шарт­тардың бірі осы. Меніңше, дәл осы жайт әлеуметтік ғылымдармен айна­лысатын мамандардың зерттеуіне татиды. Сонымен қатар өзге ұлт өкілдерімен шаңырақ көтерген қазақ жастары жоқ емес. Бірақ олар өте аз. Бір қызығы, қазаққа келін боп түскен немесе күйеу бала болғандар қазақтың салт-дәстүрін қатты сыйлайды әрі сақтайды. Қазаққа сіңіп кетуге бейім тұрады. Көпшіліктің алғысына бөленетіндері де сол себепті.

– Түркі бірлігі үшін күрескен Мұстафа Шоқай Берлиндегі бауыр­лас­тар зиратына жерленгенін бі­леміз. Немістердің Шоқайға деген көзқарасы қандай? Олар Шоқай­дың кім екенін біле ме?

– Мұстафа Шоқайдың Берлиндегі «Түркі шейттігі» аталатын зиратта жатқанын көпшілік біледі. «Екінші Дүниежүзілік соғыс», «Германияның Шығыс саясаты», «Түркістан легио­ны» тақырыптарын зерттеген неміс ғалымдары, журналистері мен зиялы қауымы Мұстафа Шоқайды және оның күресін жақсы біледі. Олар Мұстафа туралы арнайы зерттеу еңбектерін жазып кеткен, әлі де жазып жүр. Сондықтан оның қайраткерлігін, елі үшін жүргізген күресін еске алып, ұлы тұлға ретінде сыйлайды.

– Қазақы құндылықтарды Герма­ния­да насихаттайсыздар ма?

– Германияда ғана емес, жалпы Еуропа елдерінде тұратын қазақтар жастардың бойына дінін, ділін, салт-дәстүрді, қазақы құндылықтарды сіңіруге, оларды осы рухта тәрбиелеуге барынша күш салады. Әңгімемнің басында айтып өткенімдей, Ана тілге шорқақ болса да, «Мен – Қазақпын!» деген рухты, әдет-ғұрыпты, ұлттық құндылықтарды жақсы сақтаған. Үлкендер жағы жастарға жеті атасын үйретіп, қазақтың мал сою, ет жіліктеу, қонаққа табақ тарту салттарын, ырым-жоралғыларын үйретеді. Сайып келгенде, мұның бәрі қазақы құндылықтарды сақтап, насихаттауға жатады.

– Сіздің тұңғышыңыз Алаш арыс­­­тарын зерттеп жүргенін біле­міз. Оған не себеп болды? Сіз ақыл қостыңыз ба?

– Біздің отбасымызда қазақ тари­хы мен мәдениеті, өзіміздің көш тарихымыз, Қазақ халқының өткені мен бүгіні, тағдыр-талайы, қазақ тілі мен әдебиеті үнемі сөз болып, жиі талқыға салынады. Осы тақырыптарға қатысты еңбектер мен әдеби мұралар әңгімемізге арқау болады. Осындай отбасында өскен тұңғышымыздың Алаш арыстары тақырыбын таңдауы­на ықпал етуі мүмкін. Ол қазір Дублин университетінің докторанты. Бірақ ол қазақ халқы мен қазақ иденти­фи­кациясына қатты қызығатын. Уақыт өте келе, Алаш арыстарын зерттеуге ойысты.

                                   «Федерацияның мақсаты биік»

– Қазақстан Тәуелсіздік алған­нан кейін Германияға қазақтар көп­теп барды. Олармен байланыс орнат­тыңыздар ма?

– Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан кейін Германияға қазақстандықтар көптеп келгені ерекше жағдай. Олардың ішінде Қазақстаннан көшкен немістермен отбасын құрған қазақтар бар. Оқу немесе жұмыс істеу мақсатында келіп, тұрақтап қалған қандастар да көп. Олар қазақ диаспорасының қатарын көбейтті. Біз тұратын жерлерге жақын қоныстанған қазақтармен байланыс орнатқанбыз. Кейбір қандасымыз өздері арнайы іздеп келіп, тауып алады бізді. Наурыз мерекесінде, той-томалақтарда бас қосып тұрамыз.

– Негізі Еуропадағы қазақтар бір-бірімен тығыз байланыс орнат­қан ба?

– Еуропадағы қазақтар ағайынды кісілер сияқты болып кеткен. Өзара байланыстары, бірлік-берексі және ынтымағы өте мықты. Бір-бірімен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Той-томалақтарда, жаназаларда, құрылтайлар мен конференцияларда, түрлі қоғамдық шараларда Еуропаның түкпір-түкпірінен қазақтар жиналады. Бірлік-берекемізді, елдігімізді осылай сақтап келе жатырмыз.

– Еуропа Қазақтары қоғамдары феде­ра­циясы туралы айтып өтсеңіз...

– Батыс Еуропаның әртүрлі елдерін қоныстанып, тұрған жерлеріндегі тұрмысқа бейімделе бастаған қазақ диаспораларының өкілдері біраз уақыт өткеннен кейін өздерінің Ана тілін, ұлттық құндылықтарын, салт-дәстүрлерін сақтап, оларды келешек ұрпаққа аманаттаудың қамына кірісті. Осы мақсатқа орай, қоғамдық ұйымдар құрып, солардың айна­ласына топтаса бастады. 1980-жыл­дардың басында алғаш рет Герма­нияда құрылған Қазақ мәдени қоғамдарының қатарына басқа Еуропа елдерінде құрылған қазақтардың мәдени қоғамдары қосылды. Аталған орталықтар өзара байланыстарын, атқаратын ортақ шараларын жүйеге келтіріп, үйлестіріп отыру үшін Үйлестіру кеңестерін құрды. Басты мақсат – барлық ұйымдардың басын қосатын орталық құру еді. Осы бағыттағы жұмыстардың нәтижесінде, Еуропадағы 10 Қазақ мәдени қоғамы 2009 жылы ресми түрде Еуропа Қазақ Қоғамдары Федерациясын (FEKA) құрды.

Федерация жұмысы – Еуропадағы қазақ жастарының Ана тілге, салт-дәстүрге, ұлттық дәстүрге қатысты кедергілер мен қиындықтарын шешу. Негізгі міндет – қазақ жастарына Ана тілін үйренуге мүмкіндік беру, жас буын өкілдері өздері тұратын жерлерде ассимиляция құрсауында қалып қоймау үшін алғышарттар жасау, қазақтардың мәдениетіне, тарихына қатысты мәселелерге белсене кірісу, яғни, Батыс халқына насихаттау. Осы мәселелер бойынша Федерация Еуропадағы қазақ мәде­ни қоғамдарының жұмыстарын үйлес­тіріп, бағыт-бағдар беріп отырады.

Еуропа Қазақ мәдени қоғамдары алдына қойған осы мақсаттарды жүзеге асыру үшін бірақатар шара ұйымдастырды. Олардың ең бастысы, жыл сайын Еуропа қазақтары қоныстанған бір елінде өткізілетін дәстүрлі Еуропа қазақтары құрылтайы. 2002 жылдан бері өткізіп келе жатқан осы Құрылтайда Еуропада тұратын қазақ диаспораларының жүздеген өкілдерімен қоса Қазақстанның Үкімет мүшелері, әртүрлі ұйымдар өкілдері, ғылым, әдебиет және өнер қайраткерлері, өнерпаздар мен бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері қатысады. Сонымен қатар аталған тақырыптар шеңберінде Еуропа Қазақ қоғамдары федерациясы мен оның құрамындағы Еуропадағы қазақ қоғамдары 2009 жылдан бері жыл сайын Еуропаның бір қаласында Еуропадағы қазақ диаспоралары жастарына арналған конференциялар да өткізіп келеді. Ұйымның өз сайты бар. Атқарылған шаралардың бәрі осы сайтта жарияланып отырады.

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Нәзия Жоямергенқызы