"Дипломмен ауылға" келген мамандар қатары артуда
"Дипломмен ауылға" келген мамандар қатары артуда
Мемлекет басымдылық берген «Дипломмен- ауылға» бағдарламасы ауылдық елді-мекендердегі маман тапшылығын шешуге сеп болуда. Ауылдық аймақтағы сұранысқа байланысты медицина, білім беру және мәдениет саласына білікті , білімді жас мамандар келуде. Олар бүгінде ауылды көркейтуге өз үлестерін қоспақшы.
«Дипломмен ауылға» жобасы аясында жас мамандарды ауылдық жерлерде тұрақтандыру және оларға әлеуметтік көмек көрсету – басты мәселелердің бірі. Ауылға аттанған мамандарға берілетін бір реттік көтерме жәрдемақы мен тұрғын үй үшін қаралатын несие көлемі де өсіп келеді. Мұның бәрі елімізде жастарды қолдап-қуаттаумен қатар оларға жан-жақты мүмкіндіктердің жасалып жатқандығының белгісі.
«Дипломмен ауылға» бағдарламасы елдімекендердегі мектептерді мұғаліммен қамтуға көп септігін тигізуде. Биылдың өзінде Жамбыл облысының Мойынқұм ауданына 14 жас маман барса, олардың қатары тағы да екі мұғаліммен толыға түспекші.
Мойынқұм ауданында баларға сапалы білім, саналы тәрбие беруде көзге түсіп жүрген орта оқу орындарының бірі- Жамбыл атындағы орта мектеп. Заман талабына сай оқыту жүйесімен қамтылған бұл оқу орны жас мамандарға да баса мән беріп келеді. Мұндағы ұлағатты ұстаздардың қатары биыл 3 жас педогогпен толығыпты. Музыка пәнінен сабақ беруге кіріскен Еркебұлан Дүзелбай осы ауылдың тумасы әрі, өзі дәріс беріп жүрген дәл осы мектептің түлегі. Алматы қаласындағы Абай атындағы Ұлттық педогогикалық университетті үздік тамамдағын ол Дипломы қолға түсісімен-ақ туған жерін түлетуге келіпті.
Жалпы шалғай аудандағы ауылдарға әлі де болса мұғалімдер жетісе бермейді. Әсіресе физика, химия, математика сынды пәндердің педагогтары тапшы. Ол олқылықтың орнын толтыру үшін Еліміздегі жоғарғы оқу орындарымен байланыс жасап, өлке өрендерін өзімізге шақырудамыз. Соңғы жылдары 32 жас маманды тартсақ, биылдың өзінде олардың қатары тағы да 14 маманмен толыға түсті. Жаңа оқу жылында жаңалықтарымыз да жоқ емес,-дейді аудандық білім бөлімінің басшысы.
Жақында мектеп гимназиясы болып ашылған Мағжан Жұмабаев атындағы оқу орнына екі жас маман келмекші. Сонымен қатар ағылшын пәнін жетілдіре түсу үшін ауыл мұғалімдері арнайы курстан өтіп, сабақтарын өркениетті елдер тілінде өрбітпек.
Айта кетейік, «Дипломмен ауылға» аттануға ниетті жас мамандарды қолдау ісінде Жамбыл облысының да жетістігі көп. Бағдарлама іске қосылған алғашқы 7 жыл ішінде өңірде 2332 жас маман ауылдық жерге жұмысқа аттанды. Сондай-ақ, 2016 жылы Жамбыл облысында «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында 151 маманға тұрғын үй алу үшін 480,4 млн теңге қаралса, 449 маманға 118,1 млн теңге көтерме жәрдемақы берілген. Ал өткен жылы бағдарлама шеңберінде бөлінетін қаржы көлемі екі есеге ұлғайып, Жамбыл облысындағы елді мекендерге келетін жас мамандарға 803,2 миллион теңге несие мен бір реттік көтерме жәрдемақыға 106,8 миллион теңге бекітілді. Бұл, әрине, ауылға ағылған жастардың санын арттыра түсті.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазір жұмысты қаладан емес, ауылдан іздеу керек, дағдарыс жағдайында бізді асырайтын – ауыл, ауылда жұмыс болу үшін, қаланы асырай алуы үшін жеке шаруаларды, ауыл тұрғындарын, шағын шаруа қожалықтарын қайта қауымдастырып, біріктіру қажет», – деген болатын. Елбасының бұл тапсырмасын қазір еліміздің барлық өңірлері тиянақты орындау үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатыр. Бұл ретте «Дипломмен ауылға» бағдарламасының арқалар жүгі ауыр. Бағдарламаның тиімділігі нәтижесінде 2012 жылы жұмысын тоқтатуы тиіс жоба 2020 жылға дейін жалғасатын болып бекітілген. Енді еліміздің түкпір-түкпіріндегі ауыл-аймақтарға 2020 жылға дейін «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша жас мамандарды жөнелтуге мүмкіндік бар.