Жаңалықтар

«ТАҢҒАЖАЙЫП ТҮРКІСТАН» БАЙҚАУЫ БАСТАЛДЫ

ашық дереккөзі

«ТАҢҒАЖАЙЫП ТҮРКІСТАН» БАЙҚАУЫ БАСТАЛДЫ

Түркістан қаласындағы Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің студенттерімен кездесу өткізген Түркістан облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы  Бейcенбай Тәжібаев облыс әкімінің ұйғарымымен «Таңғажайып Түркістан» байқауының басталғанынан хабардар етіп, университет студенттерін осы байқауға қатысуға шақырды. Байқаудың мақсаты – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы «Қазақстанның киелі жерлері географиясы» бағдарламасын жүзеге асыру және туған жердің туристік әлеуетін көтеріп, тарихын насихаттау болмақ. Студенттермен кездесу кезінде басқарма басшысы: – Түркістан облысы құрылып, шежірелі шаһардың жаңа дәуірі басталғанын білесіздер. Ендеше өңіріміздің тылсым тарихы мен таңғажайып табиғатын насихаттауға, Түркістанды шын мәніндегі Түркі әлеміне ортақ қалаға айналдыруға бәріміз атсалысуымыз керек. Бұл ретте Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті студенттеріне де мол мүмкіндік туып тұр. Осы оқу орнында журналистика мамандығы бойынша 100-ге жуық студент білім алып жатыр. Олардың арасында ағылшын және түрік тілінде терең білім алып жүргендері де бар екен. Демек, Түркістан облысы мен Түркістан қаласы туралы бірнеше тілде мақала, түрлі еңбектер жазып, шетелге танытуға болады. Бұл мақсатта ерікті журналистер клубын құруға шақырамын. Түркістанның тарихын дәріптеп, туристік тартымдылығын арттыруға сіздер де үлес қосасыздар. Мәселен, бүгіннен бастап облыста «Таңғажайып Түркістан» байқауы басталды. Оған кез-келген әлеуметтік желі белсенділері қатыса алады. Сіздерді де бақ сынауға шақырамыз, – деген болатын. Айта кетейік, байқауға қатысушылар facebook әлеуметтік желісінде Түркістан облысынан «Қазақстанның киелі жерлер географиясына» енген 24 нысан туралы пост жариялаулары қажет. Әрбір қатысушы кем дегенде 20 жазба жазуы тиіс. Бұл байқауға ағымдағы жылдың 14 қыркүйегінен 12 желтоқсанға дейін жарияланған материалдар қабылданады. Жеңімпаздар арнайы комиссияның шешімімен анықталады. Ұсынылған жұмыстардың үздіктері «Түркістан жаршысы» фейсбук тобында көп дауыс жинағаны, ең көп ұнатылғаны (лайк), ең көп бөлісілгені (репост) арқылы да бағаланады. Байқаудың жүлде қоры – 1 млн 350 мың теңге. «Таңғажайып Түркістан» сайысында бас жүлде, 1-2-3-орындар беріледі. Сондай-ақ ынталандыру сыйлықтары да тағайындалған. Университет кітапханасында өткен келелі басқосуда Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ-дағы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша жетекшісі Әміреқұл Әбуов, әлеуметтік ғылымдар факультетінің деканы Эфтал Батмас, «Туризм және журналистика» кафедрасының меңгерушісі Бекжігіт Сердәлі және өзге де ұстаздар өз ойларын ортаға салып, журналистика саласындағы мәселелер мен ізденістер туралы айтты. Түркістанның әлеуеті жоғары екеніне тоқталды. Студенттер де өз ұсыныстарын айтып, Түркістанның жаңа келбетін қалыптастыру бастамасына белсене қатысатындарын жеткізді.  

Тоғжан Зеберханова,

Халықаралық Қазақ-Түрік

 университетінің 1-курс студенті