Детектив жанрының дарабозы

Детектив жанрының дарабозы

Детектив жанрының дарабозы
ашық дереккөзі
Көпшілік оқырманға «Қазақ детективінің атасы» ретінде таныс жазушы, журналист Кемел Тоқаевтың 95 жылдығы кең көлемде аталып өтуде. Өткен аптада Қазақ ұлттық университетінде «Кемел Тоқаев – жазушы, журналист, қайраткер» атты тақырыпта ұйымдастырылған ғылыми-тәжірибелік конференция Алматы қаласындағы мәдени шараларды бастап берді. Конференцияның ашылу рәсімінде сөз алған ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанов Кемел Тоқаевтың журналистік қызметі мен жазушылық шеберлігіне тоқтала кетті. «Көзі тірісінде жарық көрмеген шығармалары бүгінде оқырман қауыммен қауышуда. «Жұлдызды жорық», «Қыс қарлығашы», «Түнде атылған оқ», «Қастандық», «Арнаулы тапсырма», «Таңбалы алтын», «Соңғы соққы», «Солдат алысқа кетті», т.б. туындылары жазушыны жаңа қырынан көрсете білді», – деді ректор. Бұдан соң жазушының шығармаларының әрқашан биік мақсатты көздегенін тілге тиек еткен сыншы Бақыт Сарбалаұлы: «Кемел Тоқаевтың «Соңғы соққы» романын қайта оқып шықтым. Таралымы 49 мың данамен жарық көрген кітап деректі, көркем шығарма. «Солдат соғысқа кетті» романы автобиографиялық шығарма болғандықтан, барынша нақтылығымен, шыншылдығымен, содан да болар, оқырман жүрегіне ауырлығымен де ерекшеленеді», – деді. Кемел Тоқаевтың 95 жылдығына байланысты шара осы аптада  Қазақстан Жазушылар одағының Әдебиетшілер үйінде жалғасты. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет жазушының 95-жылдығымен құттықтап, жазушының ұлы, мемлекет қайраткері, ҚР Парламенті Сенаты төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы кешке арнайы жазған xатын оқып берді. Бұдан соң белгілі ақындар Рафаэль Ниязбек пен Шөмішбай Сариев Кемел Тоқаев туралы айтып, арнау өлеңдерін оқыды. Ал Алматы облысы, Қаратал ауданы, Үштөбе кентіндегі Кемел Тоқаев жалпы мектебінен келген оқушылар өнер көрсетіп, әннен шашу шашты. Бұдан соң Алматыда қазақ прозасында детектив жанрының негізін салған қаламгер Кемел Тоқаевтың 5 томдық шығармалар жинағы жарық көрді. Көптомдық Мәдениет және спорт министрлігінің «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін сатып алу, басып шығару және тарату» бағдарламасы аясында «Ана тілі» баспасынан жарық көрген. Тұсаукесер салтанатында сөз бастаған жазушы Әлібек Асқаров Кемел Тоқаевтың өмірдерегімен қатар елге сіңірген еңбегін ерекше атап өтті. «Биыл – төл әдебиетімізде детектив жанрының негізін қалаған қаламгердің 95 жылдығы. Жақау Дәуренбековтің жетекшілігімен жарық көрген 5 томдық шығармалар жинағы – қазақ әдебиетінде детектив жанрын қайта жаңғыртқан құнды дүние», – деді Әлібек Асқаров. Оның айтуынша, бес томдықтың бірінші кітабында Кемел Тоқаевтың «Солдат соғысқа кетті» романы, «Тасқын», «Түнде атылған оқ» повестері енген. 2-томда – «Соңғы соққы», 3-томда – «Ұясынан безген құс» пен «Қастандық», 4-томда – «Сарғабанда болған оқиға», «Көшпенді үйдің қонысы қайда?», «Таудағы жаңғырық», «Көмескі із», «Солдат қабірінің басында», 5-томға – «Замандастар сыры» хикаяты мен қаламдастарының естеліктері енген. Ал Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әке туралы ой-толғау» эссесі – ата-анаға деген құрметтің, сағыныштың белгісі іспеттес. Жиында Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет қаламгердің қиын-қыстау тар заманда өткен балалық шағымен, отбасылық өмірінен естеліктер айтты. «Жастай жетім қалып, тұрмыс тауқыметін көп тартқан адам екен. Аштық жылдары дерт меңдеп, ел қынадай қырылады. Сол тұста, Фрунзеге барып күнелткен деседі. Ағасы Қасым Кемелді балаларды бағып-қағатын үйге өткізеді. Соның арқасында аман қалған. Нәубет жылдары көз жазып қалған ағасы қайда жерленгенін өмір бақи іздеп өткен. Кейін ағасының есімі өшпесін деген ниетпен ұлына Қасым-Жомарт деп қос есім қойған екен. Түрлі тақырыпта қалам тербеген жазушының жұлдызы детектив жанрында жарқ етті. 1955 жылдары Ішкі істер министрлігі милицияларға арналған шығармалар арасында жабық конкурс өткізеді. Кемел Тоқаев сол байқауда бас жүлде алады. Детектив жанрындағы жазушы ретінде елге есімі танылады. Парасат биігінен көрінген қаламгердің әрбір шығармасы қазақ әдебиетіндегі қайталанбас туынды», – деді Ұлықбек Есдәулет.