Тараздағы тойдың тартуы көп

Тараздағы тойдың тартуы көп

Тараздағы тойдың тартуы көп
ашық дереккөзі

Тараз қаласында өтетін Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған  мәдени-бұқаралық шаралардың бағдарламасы дайын болды. Қала тұрғындары мен қонақтары түрлі мәдени бағдарламалардың куәсі болмақ.

Тараздағы Тұңғыш Президент саябағында «Қазақ әлемі» тарихи-этнографиялық кешені ұйымдастырылатын болады.Аталмыш кешенде түрлі көрмелер ұйымдастырылып, киіз үйлер тұрғызылады. Сондай-ақ, Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына орай «Ұлы Жібек жолы» этнофестивальдері, «Достық» этноқалашығы, «Арлан» «Сақтардан қазақтарға дейін» костюмдер театрының тарихи шоуы өтеді деп жоспарланып отыр.

9 қазан күні «Мәңгілік сарын» Мемлекеттік академиялық симфоникалық оркестрі, «Ғасырлар сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблі, «Тұран» этно-фольклорлық ансамблі, «Қоңыр» этно-тобы өз бағдарламаларын ұсынады. Ал мерекенің маңызды шараларының бірі «Қазақ хандығы» монументінің салтанатты ашылу рәсімі болмақ. Сонымен бірге, мерейтой аясында «Көне Тараз» мұражайының тұсауы кесіліп, Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған кітаптар таныстырылады. Ал «Баласағұн» Орталық концерт залында Қазақстан, Моңғолия, Қытай және Өзбекстанна келген айтыскер ақындар екі күн бойы жырдан шашу шашып, сөз додасына түседі. «Атшабар» жылқы-спорттық кешенінде жылқы спортының жарыстары өтсе,  «Тараз - Арена» Спорт сарайында ҚР Президентінің сыйлығына қазақ күресі бойынша «Еуразия Барысы» халықаралық турнирі ұйымдастырылады. Мерекелік шаралардың соңы театрландырылған қойылым және Орталық стадиондағы гала-концертпен қорытындыланады.

Айта кетейік, Тараз қаласындағы Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған шаралар 8-10 қазан күндері өтеді.