Сәкен Сыбанбай: Философияны «ғылым анасы» дейтіндер аз емес

Сәкен Сыбанбай: Философияны «ғылым анасы» дейтіндер аз емес

Сәкен Сыбанбай: Философияны «ғылым анасы» дейтіндер аз емес
ашық дереккөзі
Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының негізінде қолға алынған қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық жобасы қарқынды түрде жүзеге асуда. Бұған дейін осы жоба аясында 18 оқулықтың жарық көргені белгілі. «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының екінші кезеңінде 30 кітапты аударып, баспаға дайындауда. Соның бірі – әйгілі ағылшын философ-ғалымы Энтони Кеннидің  «Қазіргі заман философиясының бастауы», 3-томы. Осы кітаптың жауапты редакторы Сәкен Сыбанбай  құнды еңбек жайында ойын ортаға салған еді.  – Кезінде Британ академиясының президенті болған әйгілі ағылшын философ-ғалымы сэр Энтони Кенни батыс философиясының тарихын таразылаған төрт томдық еңбек жазып шықты. Ұлттық аударма бюросы бұл ауқымды дүниені түгел қазақ тіліне тәржімалады. «Антика философиясы» деп аталатын алғашқы томында классикалық Грекия мен Римдегі ежелгі философия сипатталды. Екінші том – «Орта ғасыр философиясы» ой ілімінің әулие Аугустиннен гуманистік Қайта өрлеуге дейінгі тарихын баяндады. «Қазіргі заман философиясының бастауы» атты үшінші том XVI ғасырдың басынан ХІХ ғасырдың алғашқы жылдарына дейінгі кезеңді қамтиды. Қорытынды, төртінші томда («Қазіргі заман философиясы») Карл Маркс пен Джон Стюарт Милль дәуірінен қазіргі заманға дейінгі философия тарихы қарастырылған. –  Сіз айтып отырған үшінші томның түзілімін алдыңғы екі томның құрылымымен бірдей деуге бола ма? –  Иә, алғашқы үш тарауда автор сол кезең философтарының өмірі мен шығармашылығына жан-жақты шолу жасайды. Қалған жеті тарауда олардың өзекті де нақты тақырыптарды талқылауға қосқан үлесін талдайды. Бұрынғы томдардан айырмашылығы – біріншіден, бұл кітапта логика мен тілге арналған арнайы тараулар жоқ, себебі қазіргі заманғы философияның бастапқы дәуірінде ойшылдар Орта ғасыр немесе ХІХ-ХХ ғасырлар ғұламаларының еңбектеріне тең келетіндей үлес қоспаған. Рас, данышпан логик Готфрид Лейбниц осы томда қарастырылған кезеңде өмір сүрді, бірақ оның логика тақырыбындағы шығармалары ХІХ ғасырға дейін аса белгілі болған жоқ. Екіншіден, саяси философияға арналған тарау алғаш рет енгізіліп отыр. Никколо Макиавелли заманынан бері ғана философтардың саясатқа ықпалы байқала бастады. Үшіншіден, мұндағы физикаға арналған тарау алдыңғы томдағылардан қысқалау, себебі Исаак Ньютоннан бастап физика тарихы философия тарихынан ірге бөліп, ғылым тарихының бір бөліміне айналды. – Қазіргі заман философиясының негізін салушы ретінде француз ойшылы Рене Декарттың есімі көп айтылады... – Бұл – ғылымда қалыптасқан ресми мойындау. Дегенмен Кенни осы айтулы заман қарсаңындағы философтар мен олардың ой іліміне қосқан қомақты үлесін талдауды да ұмытпайды. Сөйтіп, алдымен адамзат қиялындағы мінсіз мемлекеттің үлгісін суреттеген «Утопия» атты шығармасы арқылы танымал Томас Мор мен Платонның «ең бақытты қоғамды философ-корольдер басқарады» деген тұжырымын күлкіге айналдырған Роттердамдық Эразмнан бастап (оның «Тарих бізге «дилетант-философтың қолына билік тиген кездегідей зардапты бірде-бір мемлекет басынан кешкен емес» деп ескертеді» деген сөзі аңызға айналып кетті), Мартин Лютер, Пьер де ла Раме, Джордано Бруно, Галилео Галилей, Фрэнсис Бэкон секілді ХVI ғасыр философтары мен олардың ой-толғамдарын жан-жақты қарастырады. Үшінші томда қамтылатын дәуірде, яғни XVI ғасырдың басынан ХІХ ғасырдың алғашқы жылдарына дейінгі кезеңде екі ұлы философтың бәсі жоғары болды: бірінің даңқы осы кезеңнің басында (Декарт), екіншісі соңында (Иммануил Кант) дүркіреді. Декарт Аристотельге қарсы көзқарастың нағыз көшбасшысы еді. Метафизикада ол потенциалдық пен актуалдық туралы түсініктерді теріске шығарды, ал философиялық психологияда сананы рационализммен алмастырды. Томас Гоббс пен Джон Локк Декарттың рационализміне жауап ретінде британдық эмпиризм мектебінің негізін қалады, бірақ оларды Декартпен үндестіріп тұрған идеялар бір-бірінен бөліп тұрған мәселелерге қарағанда басымырақ еді. Канттың кемеңгерлігі адамның түсіну философиясында эмпириктер де, рационалистер де бөліп тастаған, бұрмалаған әртүрлі сезімдер мен зердені біріктіруге мүмкіндік берді. Қазіргі заман философиясының бастапқы кезеңін тарихшылар Рене Декарттан бастап, Фридрих Гегельмен аяқтайды. Осы уақыт аралығындағы ойшылдардың өмірі мен шығармашылығына хронологиялық шолудан соң Энтони Кенни кейінгі тарауларда олардың ойлары мен идеяларын талдауға көшеді. «Таным» атты тарауда Мишель де Монтеньнің скептицизмі («Адамдар өздерін дамудың шыңындамыз деп есептеуге бейім; бірақ олар жер бетін өздерімен бірге мекендеп отырған басқа тіршілік иелерінен шынымен де артық па?»), Барух Спинозаның таным сатылары туралы ойлары, Канттың синтездік априориі және т.б. талқыланса, «Физика» тарауында натурфилософия, Пьер Гассендидің атомизмі секілді тақырыптар сөз болады. «Метафизика» тарауы Джордж Берклидің идеализмінен басталып, субстанция, себептілік, кездейсоқтық жайындағы ойларға ұласса, «Ақыл мен жан» тарауында Лейбництің монадологиясы, Канттың ақыл антиномиясы, Локктың тұлға бірегейлігі туралы ойлары және т.б. мәселелер әңгіме арқауына айналады. «Этика» тарауы казуистикаға, Паскальдың иезуиттермен «шайқасына», мистицизм мен стоицизм ұстанымдарына арналып, Гегельдің этикалық синтезімен түйінделсе, «Саяси философия» тарауы Макиавеллидің «Билеуші» және Мордың «Утопия» шығармаларын талдаудан басталып, Монтескьенің заң туралы, Руссоның жалпы ерік туралы толғамдарын қарастырумен аяқталады. Ал «Құдай» тарауында осы заман философтарының Жаратқан Ие жайындағы пайымдарына кеңінен орын беріледі. – Көне заманда және орта ғасырда философияның бір бөлігі саналған талай пән қазір дербес ғылым саласына айналып үлгерді. Ал тұжырымдамасы айқындалмаған және тәсілдері қарама-қайшы пәндер философиялық болып қала бермек. Кез келген ғылыми тұжырымдама ешқашан да толық ашылмауы мүмкін бе? – Әрине, мүмкін және қандай да болсын ғылыми тәсіл талассыз дұрыс жол болмауы да ықтимал. Егер солай болса, кез келген ғылымда философия элементі қалады. Діттеген мәселелер еш мінсіз тұжырымдалғанда, пайымдаулар даусыз қалыпқа түскенде және шешім әдіснамасы тұрғысынан бірауызды мәміле туындаған сәтте философиядан оқшауланған ғылым пайда болады. Қайсыбір замандарда ғылым патшасы атанған, тағы бір дәуірлерде оның қызметшісі саналған философияны, бәлкім, ғылым анасы деп қабылдаған жөн деген пікірлер аз емес. Алайда, шын мәнінде, ғылымдар философия арқылы туындамайды, одан бөлініп шығады. Философиялық мәселе шешілген соң оны ешкім де даналық іліміне тән мәселе деп қарастырмайды. Бұл эпиграммадағы өзгеріс секілді: «Өзгеріс ешқашан да өркендемейді. Оның себебі неде? Себебі, ол өркендесе, оны өзгеріс деуге ешкімнің батылы бармайды». Философия ежелгі заманда және орта ғасырларда қалыптасқан ең құнды деген құралдардың кейбірінен бас тартса да, қазіргі заманның бастапқы кезеңінің философтары тұрақты құндылықтарды орнықтыра түсуге талай үлес қосты. Сондықтан да Декарттан Гегельге дейін ойшылдардың ғылымға сіңірген еңбегін лайықты бағалаудың маңызы аса зор. – Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Динара Мыңжасарқызы