Мүслім Дайырбеков: Қазақтың үлкені – ағам, кішісі – інім
Мүслім Дайырбеков: Қазақтың үлкені – ағам, кішісі – інім
Мүслім Дайырбеков. Бұл азамат туралы біреу білсе, біреу білмес, сірә. Бірақ көпшілік жұрт оған «Аңыз адам» деген атақ беріп те қойған. 1960 жылдардың басында Алматыға келген ол туралы ақиқаты бар, аңызы бар талай әңгіме айтылып келді. Себебі оның өмір жолы соқтықпалы-соқпақты, тар жол тайғақ кешуден тұрады. Күтпеген қиындықтар мен қасақана жасалған қиянатқа ешқашан бүгілмеген Мүслім Дайырбековті жіті тану үшін кездесуге асықтым.
Ол кісі туралы бұрын-соңды жарық көрген мақалалар мен естеліктерді шолып шыққаным бар. Жиған-терген мәліметім бойынша, Мүслім Дайырбековті әділдік үшін күресіп, талай жанның кеудесіне үміт отын сыйлаған кең жүректі жан ретінде таныдым. Шынында да, солай екен. Кеңсе бөлмесінің есігін имене аттаған мені қалбалақтап қарсы алып, бұрыннан көз таныс адамдай шүйіркелесіп кетуі нағыз қарапайымдылықтың белгісі іспеттес. Әрі ақсақалды сексеннің сеңгіріне шықты дей алмайсыз. Әрине, өмірін денсаулық сақтау мен спорт саласына арнаған білікті маман сыртқы келбетін қаз-қалпында сақтап қалуы заңдылық. Бір байқағаным, «Құрмет», «Парасат» орденінің иегері, ҚР Денсаулық сақтау саласының үздігі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мүслім Дайырбековтің жандүниесі де таза жан екен.
– Мүслім аға, сізге тағдыр қалтарысы мен бұлтарысы көп жолды бұйыртқан екен. Әрине, «басы қатты болса, аяғы тәтті болады» деген де бар ғой. Дегенмен өткенге көз жүгірткенде өкініш өзекті өртемей ме?
– Адам өмірінде екі жағдай ерекше ойда сақталады. Ол – аса қуанышты кезең немесе жүрекке салмақ салған қиыншылық сәт. Өзім соғыстың ұрпағымын. Отбасында сегіз бала болдық. Қазақ балалары мектепке жалаңаяқ баратын едік. Тек колхоз бастығы, бас бухгалтердің балалары ғана әдемі аяқ киімін киіп, көз қызықтыратын. Ал тұрмысы жақсысы бар, жоқ-жітігі бар қыз балалардың жалаңаяқ жүргенін көрмедім. Бір үзім нанға апталап зар болдық. Әжем кәдімгі бақбақгүлдің, басқа да шөптердің тамырын қайнатып беретін, соны талғажау еттік. Соғыс кезінде біздің ауылды шешендер, түріктер, немістер паналады. Әр үйге бөліп тастады. Үй кең болғандықтан біразы бізге жайғасты. Қыста от жақпасақ та, адамның демімен жылып кететін. Бір-бірімізге бауыр бастық. Әлі есімде, бір қабірге қайтыс болған бірнеше адамды көметін еді. Және қабірді әйелдер қазып, марқұмның жаназасын да солар шығаратын. Міне, осындай қиындықты көріп өскен ұрпақ ретінде тағдырдың бұдан кейін «сыйлаған» тауқыметіне қарсы тұра білдім.
...1983 жылдың маусымы. Кімге, неге, қалай жазықты болып қалғанымды түсіне алмадым. Бір күнде мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері келіп, қолыма кісен салып, алды да кетті. Сондағы таққан айыбы – ішіп қойдың, жеп қойдың, бір қап алтының бар, кең сарайдай үйің бар, бір басыңда бірнеше көлік бар, бұлардың бәрін қайдан алдың деген сияқты жаптым жала, жақтым күйелер. Тор терезе, тас керегенің ар жағына қамап қойып, үйімді тінтіп, отбасын әурелеген. Сондағы іздейтіні баяғы бір қап алтын. Ондай байлық менде қайдан болсын?! Сосын маған жақын, сыйласатын таныстарымды да мазалаған көрінеді. Сонымен не керек, түрлі айла-шарғыға көшіп, тергеу қорытындысы бойынша 22 түрлі айып тағып, сот арқылы бас бостандықтан айырып, 6 жылға түрмеге жапты. Әуелгіде Алматы мен Мәскеуде Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің түрмесіне, сосын Павлодар, Қостанай, Мордовия лагерьлерінде, Бутырканың қапас камерасында отырдым. Негізі алғаш сотталған адамды қатаң режимдегі колонияға жібермеу керек екен. Ол аздай жаныма атақты баукеспелерді, шектен шыққан рецидивистерді қамады. Ақ адал абыройыма дақ түсірмес үшін күрес осы тар қапаста басталды. Өзімді қорғай білдім. Бұған қара күшім ғана емес, спортпен шұғылданатыным да септігін тигізсе керек. Азапқа толы алты жыл мені қайрады, шыңдады десем артық емес. Тергеу барысында тағылған айыптағы 22 жағдайдың 19-ы аққа күйе жаққан жала екендігі анықталды. Мені жаратпаған жоғарғы шенді шенеуніктің тапсырмасымен жазылған сценарийдің жалған екені белгілі болды. Жала арқылы көзімді құртуға, сағымды сындыруға тырысты.
– Әйтсе де, билікте лауазымды қызмет атқармасаңыз да, ізіңізге не үшін түсті?
– Өзім кеңестік дәуірдің қоғамдық қалыбына сыймаған сияқтымын. Елдің бәрін болмашы жалақыға телміртіп қойған теңгерме заманда емін-еркін қимылдадым, жоқшылыққа бой алдырмадым. Сол кеңестік тәртіптен тысқары өмір сүруім кейбір адамдардың тынышын алды. Сол кездегі Қазақстан КГБ-сінің басшысына ұнамаған тұсым осы еді. Адам баласы бәрі бірдей тең өмір сүруі мүмкін емес. Көп еңбек еткеннің ырзығы мол, жалқаудың несібесі аз болады. Ал кеңестік тәртіп бәрін бірдей еткісі келді. Бұл адамның табиғи мүмкіндігін шектеу. Сол сексенінші жылдары қазақтың зиялы азаматтарын қудалап, қиянат жасағаны есімде. Тіпті, қазақ студенттері көбейді, қазақ балабақшалары мен мектептерін азайту керек деген ұрандар да естіліп қалатын. Қоғамдық санада қопарылыс туғызған 1986 жылғы көтерілістің өзі мың күн сынбаған шынының бір күн сынар сәтін жеделдетті. Сонда КГБ-ның дәл қазақты сорлы көріп, жүндеуге жақсы «жуас түйе» санайтынына көзім жеткен. Ең бастысы, олар менің ел алдындағы беделімді көре алмады. Билікте жүрмесем де, кейбір лауазымды азаматтарға сөзім өтетін. Бірқатар азаматтарға ақылымды айтып, қызметін жоғарылатуға ықпалым тигені рас. Кейбіреулер мені қалталы болғаным үшін сондай беделге ие болды деп ойлайды. Ондай адамдардың бәрі лауазымды тұлғалармен тіл табысып кете алған жоқ қой. Адамның ықпалды болуының себебі – бойына қарапайым қасиетті сіңіре білуінде.
– Дінмұхамед Қонаев бір сұхбатында: «Жігіттер өздерінің жағдайын жеңілдету үшін бірін-бірі сатты. Мүслім Дайырбеков қана ешкімді сатқан жоқ» деген екен. Жалпы, басшылармен жақын араластыңыз ба?
– Ел кейде асырып айта береді. Ол кісіні Қазақстанға бірінші хатшы кезінде бір сыйлас ағамыздың үйінде көрдім. Әдеппен алдынан өтіп, сәлем бердім. Таныстығым сол кезде басталса да, есігінен емін-еркін кіретіндей болған жоқпын. Рас, ол кісі зейнеттік демалысқа шыққаннан кейін үйіне барып, дидарласып, әңгімесін тыңдадым. Сонда маған: «Шырағым, тиісті орган қызметкерлері арқылы білемін, басыңа зобалаң туған қиын-қыстау шақта да азаматтық қалпыңнан айнымай, досыңды да, қасыңды да сатпапсың! Бұл досың түгілі қасың да бас иетін іс» деп арқамнан қақты. Димекеңнің осы сөзі маған қуат берді. Алты жыл абақтының азабын арқалап келген мені айтулы тұлғаның сөзі ерекше тебірентті. Ол қазақтың би-шешендерінің сөзін мысал етіп, айтып отыратын. Нағыз таза адам еді. Ынсапшылдықтың эталоны ретінде құрметтеймін. Аузынан Бауыржан Момышұлы мен Олжас Сүлейменовті тастамайтын. Бір адамның сыртынан ғайбат айтып, жамандағанын естіген жоқпын.
– Шыңыраудан шыққан шындық деген осы шығар. Бұдан кейінгі өміріңіз қалай өрілді?
– 1989 жылы түрмеден босап, Алматыдағы №5 емханада жәй дәрігер болып жұмысқа тұрдым. Көп уақыт өтпей бұрын жұмыс істеген №2 тіс дәрігерлік емханасының бір топ дәрігері бұрынғы орныма қайтып келуімді сұрады. Ол кезде басшыларды сайлап барып, бекітетін. Талай жыл бірге істеген ұжымым ыстық болғандықтан, бөлім меңгерушілігіне тағайындалдым. Сөйтіп жүргенде қалалық денсаулық сақтау басқармасы шақырды. Құрылысы бітпеген емханаға бас дәрігер болып баруыма ұсыныс жасады. Бұл орынға да талас көп екен. Содан не керек, медициналық құрал-жабдықтармен жарақтандырылмаған емхананы дос-жаран көмектесіп, көп ұзамай аяқтадық. Уақыт өте келе шетелмен байланыс орнатып, келісім-шарт бойынша Швеция мен АҚШ-тан жаңа қондырғылар алдырдық.
– Ал қазір тіс дәрігері ретінде халыққа көмегіңізді тигізіп жүрсіз. Әу бастағы сүйікті ісіңізді қолға алудың өзі бір бақыт шығар...
– Стоматологиялық емхана 1991 жылдан бері жұмыс істейді. 2000 жылы «Шипа-дент» деген атпен қайта тіркелді. Бүгінде тіс емдеу емханасы шаһар тұрғындарының алғысына бөленіп келеді. Кейде кем-кетіктерге, қарттарға қамқорлық жасап, тістерін тегін емдеп, қызмет көрсетеміз. Мұндағы мамандар емдеудің осы заманғы озық технологиясын игерген. Өзім Германия, Корея, Қытай, Малайзия, Канада, Мексика, АҚШ, Еуропа елдерінде өткен стоматологтардың дүниежүзілік конгрестеріне қазақ елі атынан қатысып, ем-домның әлемдік жетістіктерін ел игілігіне ала келдім.
– Өмірлік кредоңыз – қайырымдылық жасау және адамгершілікті биік ұстау. Солай ма?
– Қандай қиын-қыстау кезеңде де адамгершіліктен аттаған емеспін. Ешкімге жамандық істемедім. Ешкімді сатпадым. Ұрыс-керіске жоламаймын. Барлық көрген қиыншылық – менің тағдырым. Бостандыққа зор сеніммен оралдым. Әрине, сүттен ақ, судан таза болдым дей алмаймын. Адам ретінде пендешілігім де болған шығар. Бірақ ұзақ уақыт камераға қамалып, баскесерлермен бірге отыратындай ауыр қылмыс жасаған жоқ едім. Сондықтан дұшпанға да кешіріммен қараймын. Бумеранг сияқты алғыс пен қарғыс та, жақсылық пен жамандық та айналып өзіңе келеді. Кезінде мені «сатып кеткен» достарыммен де кездесіп қалып жатамыз. Себебі – бұл өмір.
Төле бидің жетінші ұрпағымын десем де, менде жерге, жүзге, руға бөліну деген атымен жоқ. Солтүстік, Батыс, Шығыс, Оңтүстікті білмеймін, мен қазақты ғана білемін. Қазақтың үлкені – ағам, кішісі – інім.
Жер басып жүрген соң, айналаға зер саласың. Маңайымызда қаншама отбасы баспанасыз қаңғып жүр. Көңілі қам, шарасыз мүгедек жандардың жан жарасы өз алдына. Міне, өз басым осындай жандарға қолұшын беруден аянбаймын, тартынбаймын.
Ұлы бабамыз Бәйдібекке, Өтеген, Бәйдібек, Райымбек, Қабанбай, Маңығыстаудағы әулие Бекет атаға, Абайға салынған ескерткіш-кесенелерге қаржылай көмек қолын создым. Шымкенттегі Асанбай Асқаров атындағы, Төле би ауданындағы Төле би орта мектебіне компьютерлік сыныптар жабдықтауға атсалыстым. Бұдан бөлек Төле би ауданындағы Көсәйек ауылына зәулім мешіт салып бердім. Ол мешітке қариялар Төлеби тегі Дайырбек ата мешіті деп ат қойды. Әкем Дайырбек 93-ке келіп көз жұмған, көңілі дархан, ел-жұртына сыйлы кісі еді. Ел дінге имандай ұйып, ауызбіршілікке берік болса деймін. Әрі мешіт – тәрбие ордасы. Көптеген жасөспірімдердің нашақорлыққа, маскүнемдікке, қаңғыбастыққа салынуы санасындағы рухани қуыстың бос қалуынан деуге болады. Ол үшін ақпарат құралдарының тәрбиелік жауапкершілігін күшейту керек. Оңтүстік жұрты су тасқынынан зардап шеккенде арнайы қорға миллион теңге аудардым. Бұл менің – перзенттік парызым. 2012 жылы «Жылдың қайырымды адамы» аталымы бойынша «Алтын жүрек», «Алматы қаласының Жыл адамы – 2013» сыйлығымен марапатталдым. Халықтың берген бағасынан артық ештеңе жоқ.
– Сізді қазақ боксының жанкүйері, жанашыры ретінде де білеміз. Әрқашан қолдау көрсетіп жүретініңізді, әсіресе, былғары қолғап шеберлері жиі айтады...
– Саясатқа араласпаймын. Бір партиядан екінші бір партияға өтіп жүрген достарыма қайран қаламын. Бірақ қазақтың намысы жүрген жерде мен де жүремін! Өзім спорттың бірнеше түрінен шебер атанғам. Бокстан 1958 жылы чемпион боп, кейін жаттықтырушы ретінде еңбек еттім. Бұған дейін өткен 8 олимпиадаға жанкүйер ретінде қатыстым. Қазір қазақ бокс ардагерлерінің төрағасымын. Егер спортшылар маңызды сайысқа аттанса, қазы-қарта, жал-жаясына дейін алып беремін. Бір боксшы жігітке 500 мың теңге беріп, ота жасатып, емделуіне мүмкіндік туғызғаныма қуаныштымын. Батамды беріп, шығарып саламын. Бұл жерде бергенімді айтып мақтанатын ой жоқ. Жақсылық жасасам, жаным жадырайды.
– Әңгімеңізге рахмет! Қайырымды істеріңіз сауаптан болсын!
Әңгімелескен Динара Мыңжасарқызы