Қоғам үшін қажет ұйым

Қоғам үшін қажет ұйым

Қоғам үшін қажет ұйым
ашық дереккөзі
Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына – 23 жыл. Бұл ұйымды құрудағы мақсат – халықтың біртұтастығын сақтау, елімізде өмір сүріп жатқан барша ұлтты бірлікке шақыру. Қоғам үшін маңызы зор кеңестер мен орталықтарды, этномәдени бірлестіктердің жұмысын ұйыстырып отырған институт осы уақыт ішінде талай табысты көрсеткішке қол жеткізді. Ұйым алғаш құрылған кезде еліміздің барлық өңірінде кіші ассамблеялар жұмысын бастады. 1995 жылдың 24 наурызында Алматы қаласында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясы І сессиясының құрамына 40 ұлттық-мəдени орталықтың өкілдері енді. Онда Қазақстан Президенті Н.Назарбаев баяндама жасап, Ассамблеяның ұйымдастырушылық құрылымдары нақты белгіленді. Әсіресе, өңірлердің ішінде Түркістан облысы татулық пен бірліктің мызғымас мекеніне айналды. Халқының саны жағынан көш ілгері өңірде жергілікті ұйымдардың ұйытқы болуымен түрлі шаралар өтеді. Осыдан екі жыл бұрын өңірлік ассамблеяның төрағасының төрағалығымен «Мəңгілік ел» – жалпықазақстандық бірегейлік негізі» атты тақырыпта арнайы сессия ұйымдастырылған еді. Оңтүстік Қазақ­стан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ХVІІІ сессиясында этносаралық келісім мен толеранттылықты одан əрі нығайту бойынша мемлекеттік жəне қоғамдық азаматтық институттарының өзара іс-қимылының тиімділігін арттыру мәселесі кеңінен сөз болды. Қазіргі таңда этномəдени бірлестіктердің басшылары мақсатты тиісті жұмыстар жүргізуде. Бірінші кезең – бұл кезеңде қазақстандық бірегейлік өлшемдерінің мазмұны айқындалды жəне ҚР мемлекеттік бірегейлікті қалыптастыру тұжырымдамасы негізінде Қазақстан қоғамы қазақ ұлтының төңірегіне бірігуді «əралуандықтағы бірлік» қағидаты негізінде қамтамасыз етті. Бұл кезеңде Президент жанындағы консультативті-кеңесші орган ретіндегі ҚХА-ның маңызды рөлі айқындалды. Нəтижесінде Қазақстанда тұратын этнос өңірлерінде ертеңгі күнге деген сенім нығайып, тіл саясатын жүйелі түрде жүзеге асыруға негіз жасалып, ол заңдық тұрғыда бекітілді. Этностық жəне конфессияаралық қатынастарды саясаттан тыс арнаға бұру арқылы қоғамдық келісімді нығайтуға қол жеткізілді. Екінші кезең – 2002-2007 жылдарды қамтиды. Бұл кезеңде этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісін қалыптастыру бағытындағы саясат жүзеге асырылды. Бірқатар нормативтік жəне бағдарламалық құжаттар дайындалып, қабылданды: ҚХА Стратегиясы, ҚР тілдердің қызметі мен дамуының мемлекеттік бағдарламасы, этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісін жетілдірудің бағдарламасы. Үшінші кезең – 2007-2010 жылдар аралығы. Бұл кезең Қазақстан қоғамының тұтас халыққа бірігуге ұмтылысымен, этноконфессионалдық үдерістерге шұғыл жауап беруден жүйелі мемлекеттік этносаясатқа көшумен сипатталады. 2007 жылғы конституциялық реформа демократиялық үдерістердің жаңа кезеңіне жол ашты. Қазақстан қоғамының тұтас халық ретінде интеграциялануына, қазақ тілінің ұйыстырушы рөліне ерекше мəн берілді. Бұл кезеңде ҚХА конституциялық мəртебиеге ие болды. Ассамблеяның заң шығарушы орган – Парламенттегі өкілдігі елеулі түрде күшейді. 2008 жылы «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заң қабылданып, Ассамблея «елдің саяси жүйесінің субъектісі ретінде» заңды түрде бекіді. Заңдық негізде Ассамблея этносаралық қатынастарды реттейді жəне мемлекеттік ұлттық саясаттың жүзеге асырылуына ықпал етеді. ҚХА Стратегиясы 2011 жылға дейін ұзартылды. Төртінші кезең 2010 жылдан бастау алады. Қазақстанның «Ел бірлігі» доктринасы, Қазақстанның 2020 жылға дейінгі сратегиялық дамуы қабылданды.

Билік пен халық арасындағы алтын көпір

Еліміздің барлық өңірлерінде орналасқан, Ассамблея жанынан ашылған қоғамдық келісім кеңестері Ассамблеяның барлық қызметін қамтамасыз етіп, Достық үйлерінде іс-шаралардың ұйытқысы болды. Сондай-ақ, ғылыми-сараптамалық кеңес этносаясат саласындағы мәселелердің шешілуіне ғана емес, этникааралық қарым-қатынасты зерттеуге үлес қосуда. Аналар кеңесі жанұя институтын қалыптастыруға ұйытқы болып, отбасы құндылықтарын насихаттаса, ҚХА Медиация Кеңесі Достық үйлерінің жанынан құрылған медиация кабинеттерінде бітімгершілік жүйесін насихаттап, көптеген даулардың тиімді шешілуіне мұрындық болуда. Ал «Тілдарын» инновациялық технологияларының әдістемелік орталығы еліміздегі барлық ұлттардың ана тілін үйреніп, дамуына ықпал етіп, жексенбілік мектептерде тегін оқытып, тіл үйренгісі келген азаматтарға жағдай жасап отыр. Орталық Азия өңіріндегі этносаралық және конфессияаралық қатынастарды зерттеу орталығы еліміздегі барлық ұлттардың қарым-қатынасын, этносаралық татулықты терең зерттеп, ұлттар достығының сақталуына қызмет етуде. Жалпы, Ассамблея институтының басты қызметі – еліміздегі барша этномәдени бірлестік ұйымдарының жұмысын үйлестіруге және нығайтуға, әрбір ұлттың мәдениетінің ерекшелігін, тілін, мәдениетін сақтауға бағытталған. Бүгінгі күні Қазақстан халқы Ассамблеясының 2020 жылға дейінгі Тұжырымдамасын жүзеге асыру бағытында келелі жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі уақытта бүкіл республика көлемінде 1500-ге жуық қоғамдық келісім кеңестері жұмыс істейді және қоғамдық келісім кеңестері бүгінде қоғамымыздағы келелі істерді шешуде маңызды қызмет атқарып отыр. Ол – Ассамблея жанынан құрылып, жұмыс істеген ақсақалдар, әкелер, аналар, әйелдер, жастар кеңестері басын қосып, бірге жұмыла жұмыс істеуді қамтамасыз етуде. Осынау кеңестердің барлығы Қоғамдық келісім кеңесі деген атаумен қоғамдағы кез келген салада қордаланған мәселені шешуге белсене кірісті. Республика көлемінде ғана емес, еліміздің түкпір-түкпірінен құрылған қоғамдық келісім кеңестері қоғамда болып жатқан келеңсіз мәселелерді талқыға салып, нақты ұсыныстар мен шешілу жолдарын қарастыруда. Ұсыныстарын жоғары жаққа жеткізіп, қордаланған мәселелердің шешілуіне де атсалыспақ. Қоғамдық келісім кеңестерінің мүшелері де қоғамда беделі бар, айтары нақты, сөзі өтімді тұлғалардан сайлануда. Бір сөзбен айтқанда, қоғамдық келісім кеңестері Ассамблея жанынан құрылып, татулық пен тұрақтылықтың сақталуына жергілікті билік өкілдерімен бірге қызмет етуде. Бүгінгі күні жергілікті атқарушы билік өкілдерінің Қоғамдық келісім кеңестерімен санасатынын да байқап отырмыз. Қоғамдық келісім кеңестері құрылғалы билік пен халық арасындағы алтын көпірдің қызметін атқаруда. Жергілікті жерлерде инфрақұрылым жағдайлары, атап айтқанда, жарық жүргізу, газ тарту, таза ауыз су мен жол тарту мәселелері, күрделі жөндеуді қажет ететін балабақша, мектеп, мәдениет үйлері, әлеуметтік көмекті қажет ететін отбасылар жайын шешуде, халықтың ойымен билік санасуы үшін ұсыныстар айтуда және тағы басқа мәселелерді шешуде жергілікті жердегі билік өкілдерімен қоса Қоғамдық келісім кеңестері секілді көмекші ұйымның жұмысы қажет-ақ. Сондай-ақ, Кеңес қызметі қоғамдағы әртүрлі әлеуметтік топтарды, мемлекеттік емес ұйымдарды қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті құру мен күшейту үрдісіне тартуға, қоғамның тұрақты дамуын қамтамасыз етуге, әлеуметтік және қордаланған басқа да мәселелерді шешуге атсалысуға, қайырымдылықты, бітімгершілікті-медиацияны, делдалдықты және қоғамдық басқару жүйесін дамытуға бағытталған. Осынау шаралардың барлығы бүгінде азаматтық қоғамның дамуына ықпал етіп, халықтың пікірі мен ұсыныстары Кеңестер арқылы айтылып, билік басшысына жеткізілуде. Мәселен, биылғы жылы Кеңестер медиацияға, еңбек даулары мен жанжалдарға қатысты және оның алдын алуға, жасөспірімдер арасындағы қылмысқа арналған арнайы семинарлар мен тренингтер ұйымдастырған. Сондай-ақ, тағы да осы Қоғамдық келісім кеңестерінің ұйытқы болуымен жастарға қатысты дау-жанжалдардың алдын алу мен жастар мәселесін шешуге арналған арнайы жиындар әртүрлі оқу орындарындағы студенттер арасында өткізілді. Кеңес қажеттілікке орай тоқсан сайын жиналып отырады. Кеңес шешімдері отырысқа қатысқан мүшелердің дауысқа салуымен шешіледі. Егер кеңес мүшелерінің дауыстары тең түскен жағдайда, жиынға төрағалық етуші тұлғаның дауысы шешуші болып табылады. Республика бойынша 1500-ге жуық қоғамдық келісім кеңестері болса, оның 203-і Түркістан облысында. Осы орайда, бір ғана өңірде атқарылып жатқан іс-шараға қарап, баға бере кетсек. Мәселен, биылғы жылдың І жартыжылдығында оңтүстіктегі қоғамдық келісім кеңестері 218 мәселені қарастырып, мемлекеттік құрылымдарға 149 ұсыным жасаған. Нәтижесінде мемлекет тарапынан берілетін субсидияларға, жер телімдерін ұсынуда ашықтық пен жариялылық үрдісін енгізу, ағынсу тапшылығы, жайылым жерлердің жетіспеушілігі, медиациялық істерде, әлеуметтік мәселелерде, тұрмысы төмен отбасыларға қатысты, жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу жайлы мәселелер қарастырылып, шешімін тапқан. Оңтүстіктегі Қоғамдық келісім кеңестерінде ауыл әкімдері мен мемлекеттік мекемелердің және учаскелік полиция инспекторларының жұмыс істеу есептерін тыңдау тәжірибеге енгізілген.

Өзге этнос өкілдері мемлекеттік тілге жетік

Түркістан қаласында Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың Мәдениет орталығында Қазақстан халқының тілдері мен мәдениеті және салт-дәстүрі күні мерекесіне арналған «Мәңгілік елдің – мәңгілік тілі» атты шара өтті. Осынау басқосу аясында Түркістанда этномәдени орталықтардың басшылары Қазақстан халқының татутылығын паш ететін «Бірлік» аркасын салуға ұсыныс тастады. Шараны облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы мен облыстық тілдерді дамыту, архивтер мен құжаттама басқармасы ұйымдастырды. Мұнда облыстық этномәдени бірлестіктердің қолөнер бұйымдары мен ұлттық аспаптарынан көрме өтті. Мерекелік жиында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков өңір тұрғындарын айтулы мерекемен құттықтады. «Қазақстан халқының тілдері күні» мерекесіне орай түркі дүниесінің қарашаңырағы – Түркістанда өтіп жатқан тұңғыш облыстық тіл фестивалі құтты болсын! Түркістан – қазақ руханиятының алтын бесігі, ұлттық құндылықтардың қазыналы діңгегі. Түркістандықтар тіл мен дәстүр, тарих пен тәрбие тұрғысында байтақ еліміздің барлығына үлгі-өнеге болуы керек, – деді ол. Жиын барысында өңірде тіл саясатының жүзеге асуына лайықты үлес қосып жүрген бірқатар азаматтар марапатталды. Сондай-ақ, облыстық күрді этномәдени бірлестігінің төрағасы Азимбай Надиров сөз алып, түркі әлемінің мәдени-рухани астанасында қазақстандықтардың татулығын паш ететін Орталық Азияда теңдессіз көрікті «Бірлік» аркасын салуды ұсынды. Бұл туристердің тамашалайтын көрікті орнына айналатындығын және бірліктің бір нышаны болатындығы жөнінде атап өтті. Сонымен қатар, облыстық, республикалық Абай оқулары байқауының жүлдегері, облыстық корей этномәдени бірлестігінің мүшесі Тимур Пак оңтүстік жұртшылығына ақеділ алғысын жеткізді. Тілдер мерекесінде келешекте облыс орталығында бой көтеретін «Достық» үйінің алғашқы жәдігері ретінде «Достық кілемі» сыйға тартылды. Салтанатты шарада қазақстандықтардың берекелі бірлігін дәріптейтін «Шаңырақ» поэтикалық-хореографиялық композициясы сахналанып, этномәдени бірлестіктердің жанындағы шығармашылық ұжымдардың қатысуымен концерттік бағдарлама өтті. Бір айта кетерлігі, қазіргі таңда облыстың барлық аудан, қалаларында мемлекеттік тілді және орыс, ағылшын тілдерін тегін оқытатын орталықтар жұмыс істейді. Өңірдегі этнос өкілдерінің 84 пайызы мемлекеттік тілді еркін меңгерген.

Түркі халықтарының рухани орталығы

Түркістан қаласындағы Есім хан алаңында Түркістан облысы Қазақстан халқы Ассам-блеясы мен облыстық өзбек этномәдени бірлестігінің ұйымдастыруымен өзбек халқының тілі, мәдениеті және салт-дәстүрі күніне арналған «Түркістан – түркі халықтарының рухани орталығы» атты мерекелік шара өтті. Оған ҚР Парламентінің депутаттары, Өзбекстан Республикасынан арнайы делегация өкілдері, облыс әкімі мен облыстық мәслихат депутаттары, зиялы қауым мен журналистер, этномәдени бірлестіктердің мүшелері қатысты. Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға, өңірдегі этностардың тілі мен мәдениетінің сақталуына мүмкіндік жасауға бағытталған мерекелік шара қонақтардың Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етуімен басталып, өзбек этномәдени бірлестігінің қолөнер бұйымдары, ұлттық тағамдары және ақын-жазушылардың таңдаулы туындыларының көрмесін тамашалаумен жалғасты. Мерекелік шарада облыс әкімі Жансейіт Түймебаев көпшілікті мерекемен құттықтап, елдегі ынтымақ пен бірлікті нығайтудың, татулық пен тұрақтылықты сақтаудың маңызына тоқталды. «Түркістан облысындағы 2 миллионға жуық тұрғынның 16 пайызын өзбек этносының өкілдері құрайды. Облыс аумағында 14 мектеп өзбек тілінде білім берсе, 130-дан астам мектепте өзбек тіліндегі оқу сыныптары бар. Одан бөлек облыстық өзбек драма театры мен бірқатар басылымдар жұмыс атқарады. Бұл тұрғыда еліміз Конституциямызда көрсетілген міндеттерді толыққанды жүзеге асырып келеді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев: «Бірлік, ынтымақ, сабырлылық пен парасаттылық, ең алдымен, өзімізге керек. Бірлігіміз болса, біз бір-бірімізді сыйлаймыз. Бұған дейін осылай болған, бұдан кейін де солай болуға тиіс» деген болатын. Бірліктің қадірін білу, оны тереңінен түйсіну, байыпты бағамдау сіздер мен біздерге жүктеліп отырған ауқымды міндет екенін ұғынуға міндеттіміз. Баршаңызға сәттілік, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тілеймін», – деді Жансейіт Қансейітұлы. Өңір әкімі Өзбекстаннан келген қонақтарға екі бауырлас елдер арасындағы рухани, мәдени, экономикалық байланыстардың нығая түсетінін жеткізді. «Ежелден туыстас қазақ пен өзбек жұрты Тұранды мекен етіп, қиыншылықты да, қуанышты да бірге көрді. Біздің тарихи тағдырымыз да, арман-мұратымыз да ортақ. Туыстығымыз тіл жақындығынан тамыр тартып, дәстүрімізбен жалғасып, салт-санамызбен қабысып жатыр. Бауырлас өзбек халқы іргелес жатқан қоңсы ғана емес, етжақын ағайын халық. Баршаңызға мәлім, соңғы 1,5 жылдың ішінде Қазақстан мен Өзбекстан арасында достық байланыстар бекіп, жаңа деңгейге көтерілді. Теміржол тасымалы 44 пайызға артып, тауар айналымы 2 миллиард долларға жетті. Тәуелсіздік жылдарында егіздің сыңарындай болған елдердің басшылары талай толымды кездесулер өткізіп, бауырластықтың бүтіндігін, көршілік байланыстың кемелдігін көрсетті. Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мәдени-экономикалық байланыстарды нығайту сіз бен бізге жүктеліп отырған асыл міндет. Осы орайда алдағы уақытта бірлесе атқаратын ауқымды іс-шаралар жетерлік деп ойлаймын», – деді Жансейіт Түймебаев. Салтанатты шарада өзбек этномәдени бірлестігі жанындағы шығармашылық ұжымдар көпшілік қауымға концерттік бағдарлама ұсынды. Сондай-ақ, мереке аясында Түркістан қаласындағы «Локомотив» орталық стадионда қазақстандық «Ордабасы» және өзбекстандық «Пахтакор» командаларының ардагер ойыншылары арасында жолдастық кездесу өтті. Өзбекстаннан келген делегация атынан Өзбекстан Республикасы Жоғарғы Мәжілісінің депутаты Расул Кушербаев облыс басшылығына өзбек халқының ұлттық құндылықтарын ұлықтауға арналған шараны қолға алып жатқанына алғыс білдірді. Сондай-ақ, ҚР өзбектерінің «Достық» қауымдастығы облыс әкімі Жансейіт Қансейітұлын «Қоғам белсендісі» төсбелгісімен марапаттады. Бауырлас елден келген қонақтарға сый-сыяпат көрсетіліп, естелік сыйлықтар табысталды. P.S. Еліміздегі татулық пен тұрақтылықты сақтауда қыруар іс атқарып отырған ұйым керек-ақ. Осыны білген Елбасы Н.Назарбаев: «Этносаралық қатынастар – бұл ғылым және ол өте күрделі. Әрқайсысы ұлтаралық қатынастардың маманы болуға тырысады, әрқайсысы осы мәселе бойынша сөйлегісі келеді. Қолы таза еместерге кірісуге болмайды. Бұл нәзік материя – адамдар арасындағы қатынастар, әсіресе, этносаралық, дінаралық қатынастар жайы сөз болғанда ғылыми зерттеу саласының ерекше назарын талап етеді» деген болатын.