Өндіріс өркен жаймақ

Туризмі түлеп, тіршілігі жанданған Түркістан қаласының өндірісі өркендей түспек. Ол үшін қаладағы 40 гектар жерге орналасқан индустриалды аймақ көлемін 7 есеге ұлғайту көзделуде. Түркістан қалалық кәсіпкерлік және туризм басқармасы мамандарының айтуынша, алдағы уақытта қалаға тартылған инвестициялық жобалар сол жерге орналастырылады.

Бүгінде Түркістанға қаржы құйғысы келетін қалталы азаматтардың қатары қалыңдап келеді. Тіпті, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда олардың саны екі есеге дейін артқан. Көбісі дайын жер болса, іс бастауға әзір. Осы сұранысты қанағаттандыру үшін қала билігі бүгінде индустриалды аймақ көлемін 40 гектардан 300 гектарға ұлғайту шараларын қолға алды.

Қазір облыс орталығындағы индустриалды аймақта 6 кәсіпорын жұмыс істеп тұр. 2018 жылдың қаңтар-наурыз айларында аталған кәсіпорындардың өндірген өнім көлемі 343,3 млн теңгені құраған. Небары 3 ай ішінде өнеркәсіп өнімінің көлемі 4 331,2 млн теңгеге жетті. Мәселен, индустриалды аймақта орналасқан жиһаз фабрикасында күн сайын ас бөлмеге және жатын бөлмеге қажетті 100 гарнитур шығарылады. Ал жылына 30-35 мың гарнитур шығаруға мүмкіндік бар. Алдағы уақытта мұндай кәсіпорындар саны көбейеді.

Шаһар басшысы Әліпбек Өсербаевтың айтуынша, қала өндірісіне шетелден инвестор тарту жұмыстары жүйеленуде. Бүгінде аймақта алты кәсіпорын мемлекеттік қабылдаудан өтті. 238 жұмыс орны ашылып, 1,3 миллиард теңге инвестиция тартылды. 2018 жылдың қаңтар-маусым айларында индустриалды аймақтағы жобалардың өндірілген өнім көлемі 667,2 млн теңгені құрап, жалпы өнеркәсіп өнім көлемінде үлесі 9,1 пайызға жетті. Сонымен бірге Түркістан қаласында өнімді өңдеу сапасын жақсартып, тауарларды сақтаудың, тасымалдаудың және өткізудің тиімді жүйесін құру үшін сауда-логистикалық орталығын салуға жалпы алаңы 20 гектар жер телімі бөлініп отыр. Орталықтың құрылысына 237 миллион теңге қарастырылған. Онда  құны 4 792 миллион теңгені құрайтын 10 жоба орналастыру жоспарланып отыр. Қазіргі таңда аймақтық үйлестіру кеңесінің ұсынуымен логистикалық орталыққа құны 162 миллион теңгені құрайтын «Ер-Аман» шаруа қожалығы орналасқан.

Шетелдік компаниялардың бірі –  Golden camel компаниясының қымыз бен шұбат өңдеу зауытының жұмысымен жуырда өңір басшысы Ж.Түймебаев танысып қайтқан болатын. Бұл жоба сүт және сүт өнімдері өндірісін дамыту үшін стратегиялық инвесторлар тарту міндетін іске асыру аясында қолға алынған. Өңірдегі сүтті дайындау жөнінде ауылшаруашылық кооперацияны дамытуға серпін беретін зауыттың жалпы құны 7,5 миллиард теңгеге жуық. Зауыт толық қуаттылығына енгенде тәулігіне 100 тонна түйе және жылқы сүтін қайта өңдеп, өнімнің ұнтағын шығаратын болады. Жоба бойынша алғашқы кезеңде 170 адам жұмыспен қамтылмақ. Әкімдіктің қолдауымен аталған кәсіпорынға 5,5 гектар жер телімі бөлініп, мемлекет есебінен инфрақұрылым тартылған. Алдағы уақытта Golden Cаmеl Group LTD компаниясының басшылығы осында түйе және жылқы шаруашылығымен айналысуды да көздеп отыр.

Зауыт директорының орынбасары Жазира Озатқызының айтуынша, мұнда шығарылған тауардың 95 пайызы Қытай Халық Республикасына экспортталады. Дайын тауар толықтай дерлік экспортқа шығатындықтан да өнім сапасына қойылар талап – қатаң, сапа стандарттары – жоғары. Сәйкесінше өндіріс процессі де бірнеше кезеңнен тұрады.

«Біз сүт қабылдау бекеттерінде фермалардан келген түйе сүтін тексеруден өткізіп, қабылдап аламыз. Содан кейін сүтті төрт градусқа дейін салқындатамыз. Сосын сүттегі қант, ақуыз, май құрамын анықтап, үш 30 тонналық танкерлерге құямыз. Сол танкерде фильтрациядан, яғни сүзгіден өткіземіз. Сүзгіден шыққан сүт автоматты түрде пастеризаторға жіберіледі. Пастеризаторда 15 секунд ішінде 90 градусқа дейін қыздырылып, құрамындағы барлық зиянды бактериялар өлтіріледі. Пастеризация үш деңгейден тұрады. Бірақ, бұдан сүттің құрамындағы пайдалы элементтері жойылмайды. Ыстық сүтті қайтадан екі градусқа дейін салқындатамыз. Суытылған сүт құбырлар арқылы келесі ыдысқа өтеді. Сонда концентрация жасалып, қоюлатылады. Қоюлатылған сүт арнайы ыдысқа құйылып, жоғары қысымдағы сорғымен жетінші қабаттағы ыдысқа шығарылады. Сонда табиғи ауаны тартып, 180-200 градустағы желмен кептіреміз. Кептіріліп, құрғатылған сүтті қайта төмен түсіріп, арнайы құрылғыда тексеруден өткізіп, қаптама қораптарына құйып, дайын өнімге айналдырамыз. 15 тонна шикізаттан, мысалы түйе сүтінен 1 тонна құрғақ сүт алынады. Бие сүті де осы түйе сүті сияқты өңделеді», – дейді Жазира Озатқызы.

Оның сөзінше, құрғақ түйе сүтін қайнаған суға езіп, шұбат күйінде қабылдайды. Бастапқыда дайын өнім Қытайға экспортталса, одан кейін Еуропа елдері мен АҚШ-қа экспорттау жоспарда бар екен. «Біздің зауыттың өнімдері Қазақстан нарығына аса қажет болмайтын шығар, өйткені бізде жаңа сауылған түйе сүті бар. Шикізатты жақын маңдағы аудандардан, дәлірегі Шиелі, Созақ, Бәйдібек, Түлкібас және тағы басқа аудандардан аламыз. Қазіргі таңда шикізат жеткілікті. Біз біраз түйе шаруашылықтарымен сөйлесіп, келісімге де келіп жатырмыз. Алдағы уақытта келісімшартқа да отырамыз. Санақ жүргізе келе, ақырын-ақырын көбейтеміз», – дейді зауыт директорының орынбасары.

Қазақстанда теңдесі жоқ кәсіпорын әзірге сынақ мерзімінде жұмыс істейді. Жыл соңында, дәлірегі желтоқсанда толықтай іске қосылады. Сол кезде компанияда 85 жұмыс орны ашылады. «Оның 12-сі Қытайдан келетін білікті мамандар. Қалған 73 адамды жергілікті Түркістан қаласынан, Қазақстанның басқа да өңірлерінен қабылдаймыз. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарына 140 адам тартылған. Жоба бойынша, екі жыл уақыт берілген. Айтылған уақытта іске қосамыз», – дейді зауыт басшылығы.

Аймақ басшысы Жансейіт Түймебаевтың айтуынша, ТМД елдерінде баламасы жоқ зауыт өңір өндірісіне тың серпін береді. «Түйе мен биенің сүтінен құрғақ өнім дайындайтын зауыттар облыс үшін өте тиімді. Өйткені өңірде түйе шаруашылығы дамитын болады. Сондай-ақ, жергілікті жұрт жұмыспен қамтылады. Бастысы, отандық шипалы өнімді шетелге экспорттауға мүмкіндік туады»,– дейді Жансейіт Қансейітұлы.

Түркістан қаласында тұрғын үй құрылысының қарқынды жүргізіліп жатқанын ескерген билік құрылысқа қажетті өнім шығаратын жобаларға да айрықша көңіл бөлуде. Салынатын үйлердің құрылысына жергілікті кәсіпорындар шығаратын өнім қолданылмақ. Мәселен, индустриалды аймақтағы кірпіш шығаратын кәсіпорынның өніміне сұраныс жоғары.  Зауыт 2015 жылы іске қосылған. Аумағы 3 гектар жерді құрайды. Қазір мұнда 35 адам тұрақты жұмыс істейді. Олар биылғы жылдың 5 айында 9 млн теңгенің 50 мың дана кірпішін өндірген. Кәсіп­орынның жобалық құны – 120 млн теңге. Жалпы қуаттылығы жылына 10 млн дана күйдірілген кірпіш шығаруға қауқарлы.

Индустриалды аймақта құрылысқа қажетті өнім шығаратын тағы бір кәсіп­орын – темір бетон бұйымдарын өндіретін зауыт. Жақында ғана іске қосылған зауытта бетонның бірнеше түрі шығарылады. Атап айтқанда, тұрғын үйге қажетті бетон жабындылары мен есік-терезе белдемшелерін сұранысқа сай құйып береді. Қуантарлығы шикізаттың барлығы жергілікті жерде өндіріледі. Мәселен, цемент пен арматура Шымкенттен жеткізілсе, қиыршық таспен қалған өнім қала маңынан тасымалданады. Қазір кәсіпорында 40-тан астам адам жұмыс істейді. Олар тәулігіне 200 шаршы метр бетон жабындысын құяды.

Тіршілігі жанданған шаһардағы оң өзгерістер жергілікті кәсіпорындардың жұмысын жандандыра түскені қуантады. Бұл өз кезегінде өңірдегі жұмыссыздықты жойып, халықтың әл-ауқатын жақсартуға оң ықпал етері сөзсіз.

Back to top button