ТЕКТІ ТӨРІМІЗ ТҮРКІСТАНДЫ ТҮЛЕТЕЙІК

ТЕКТІ ТӨРІМІЗ ТҮРКІСТАНДЫ ТҮЛЕТЕЙІК

ТЕКТІ ТӨРІМІЗ ТҮРКІСТАНДЫ ТҮЛЕТЕЙІК
ашық дереккөзі
Ұлы Дала Елінде, Қарашаңырақ Қазақстанда биылғы маусым айында тарихи тағылымы терең, таңғажайып жаңалық болды. Әлемдегі ең жаңашыл, бастамашыл басшылардың бірегейі, Қазақстанның ғана емес, тұтас түркі дүниесінің Көшбасшысы атанған Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Түркістан облысы құрылды. Шырайлы Шымкент шаһарына үшінші ірі мегаполис ретінде республикалық мәртебе беріліп, түркі әлемінің текті төрі Түркістан қаласы өңір орталығына айналды. Қазақстан Президенті өзінің Жарлығында Түркістан облысы қандай мақсатта құрылғандығын айқындап, Түркістанды түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде жан-жақты дамытудың аса қажеттілігін анық атап көрсеткен. Осынау жасампаз жаңалық, мән-маңызы зор оқиға Қарашаңырақ иесі қазақ халқының, күллі қазақстандықтардың бабалар аманатына адалдығынан, Елбасының ерендігінен, келешекті көре білген кемеңгерлігінен туындап отыр. Түркістан ұғымы – ұлы ұғым. Түркістан дегенде бүкіл түркі әлемі, Түркі қағанаты, түркілік тегіміз, түркілік түбіріміз, түркілік тамырымыз ойға оралады. Жадымызды жаңғыртады. Баршамыздың бойымызды серпіліс сезімі кернеп, рухымыз асқақтайды. Түркістан деген сөз жаңғыруға, жаңаруға шақырады. Міне, сондықтан да Түркістан облысының құрылуы, Түркістан шаһарының үлкен уәлаят орталығына айналуы – түгел түркінің рухын биіктететін бірегей қуаныш. Тарихтан аян, түркі халықтары жүздеген жылдар бойы отаршылдықтың, басқыншылықтың тақсіретін тартты. Қасіреттерін шекті. Сұрқия саясаттардың салдарынан түркі тарихы мен мәдениеті, түркі тілі мен жазуы орны толмастай ойсырады. Отаршылдар түркі халықтарының елуге жуығын жаулап алып, аяусыз езіп-жаншыды. Жартысынан астамы жойылып кетті. Қалғандарының көпшілігі шалажансар күйге түсті. Таңғажайып тілдерінен, қайталанбас салт-дәстүрлерінен, жадыларынан жаңылдырылды. Барлық түркі халықтары сияқты қазақ ұлты да қанқасап қырғындарды бастан кешті. Қарашаңырақ иесі ретінде көбірек күйзеліске ұшырап, геноцидке душар болды. ХХ ғасырдың басынан орта тұсына дейін бірінен кейін бірі қайталанған қасіреттерден, қолдан ұйымдастырылған ашаршылықтан бес миллион қазақ қырылды. Алаш ардақтыларының Түркістан мемлекеті, Түркістан республикасы хақындағы арман-аңсарлары да, нақты әрекеттері де, ізгілікті идеялары мен мақсат-мұраттары да саяси қуғын-сүргінге түсті. Тәуелсіздіктің, Көшбасшы көрегендігінің арқасында кең пейілді, көркем мінезді, жаны жомарт қазақ халқы, барша қазақстандықтар – Қарашаңырақ Қазақ елі дүниежүзіндегі даңқты мемлекетке айналды. Сондықтан да Түркістанның тың тыныс ашқаны – тек қазақтардың ғана емес, тұтас түркінің мақтанышы, мерейі. Еуразия кіндігіндегі керемет Елорда – Астана қаласы жақында ғана жиырма жылдығын мерекеледі. Қазақстан. Тәуелсіздік. Назарбаев. Астана. Түркістан! Бұл айшықты да, асыл ұғымдар бүкіл әлемге әйгілі. Қаламгерлер қауымына айрықша қымбат. Қасиетті. Елорда – Елбасы ерлігі. Осынау ой да мәнерлі мақаммен, мақтанышпен айтылады. Жиі жазылады. Шынында да Қазақстан жер жүзіне Тәуелсіздік пен Назарбаев және Астана арқылы кеңінен танылды. Астана – Ұлы Дала Елінің абыройы. Іргетасы Есілдің сол жағалауында VІІІ-ІХ ғасырда қаланған, тарих тереңінен тағылым тартатын Астана Ақорданың құтты қонысына, «Қазақстандық жолдың» жасампаз бастауына айналды. Астана бүкіл әлемге баянды бейбіт­шілік пен келісім, татулық пен тұрақтылық орталығы ретінде аян. Түркі дүниесінің текті төрі Түркістандағы Әзірет Сұлтан кесенесінде қазақтың 21 ханы, 8 сұлтаны, 19 биі, 52 батыр қолбасшысы жерленген. Текті төрді рухы тербеткен Ахмет Ясауи бабамыз: «Өз дініңдегіні дос тұт, өзге діндегілерді де дұшпан тұтпа» деген. Кемеңгер Көшбасшы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамашылдығы нәтижесінде Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездері бұған дейін де бес мәрте өткізілді. Биылғы алтын күзде алтыншы рет Астана төрінде ұйымдастырылмақ. Қазақстан басшысы, Елбасы Елорданың жиырма жылдық салтанатында мағлұмдағандай, ЕҚЫҰ-ның тарихи саммитінен кейін «Астана рухы» ұғымы дүниежүзілік саясатқа берік енді. Өшпестей орнықты. Бірегей экономикалық, ынтымақтастық форумдары, былтыр ғана өткен ЭКСПО-2017, тағы басқа ірі-ірі ізгі шаралар жиырма жылда Астананы адамзат дамуына ықпал ететін және тарихи текті шешімдер қабылданатын жаһандық орталыққа, әлемдік интеграцияның, қауіпсіздік пен бітімгершіліктің эпицентріне айналдырды. Тұтас түркі туысқандарымыз, бүкіл бауырларымыз, әсіресе, ақын-жазушыларымыз бен ғалымдарымыз айтып та, жазып та жүргендей, Астана – түркі әлемінің жүрегі. Иә, Астана – түркі әлемінің жүрегі, ал Түркістан – түркі әлемінің рухани тірегі. Сондықтан да Түркістанды түркі дүниесінің мәдени-рухани астанасына айналдыру – баршамыздың басты мақсатымыз. Түркілердің түп қазығы, Ата жұрты, Түркі қағанаттарының туы тігілген Түркістан, Қазақ хандығының қаншама жылдар бойы астанасы, Ұлы Жібек жолының бас қаласы болған Түркістан, данышпан ойшылымыз, дара да дана шайырымыз, діни-рухани ұлы ұстазымыз Ахмет Ясауидің асыл сүйегін аялай тербеткен Түркістан 2017 жылы түркі әлемінің мәдени астанасы болғаны мәлім. Осы орайда түгел түркіні тамсандырған 40-тан астам игі іс-шаралар өткізілді. Нұрсұлтан Назарбаев ТҮРКСОЙ түркі әлемінің ЮНЕСКО-сына айналуы тиістігін айтқан болатын. Ақиқатында осы мақсат ойдағыдай жүзеленіп келеді. Қарашаңырақ Қазақстанның Президенті Елбасы ерекшелеп көрсеткендей, Түркістан шаһарының, Түркістан уәлаятының келешегі кемел де көркем. Таяу болашақта Түркістан да ажарлы Астана сияқты жан-жақты өркендеген, көркемденген, келбеті келісті, өркені өрісті, өзгеше орталық болатыны анық. Ол үшін, әрине, бүкіл түркі дүниесінің қолдауы мен қамқорлығы қажет. Былтыр, яғни, 2017 жылы Түркістан түркі әлемінің мәдени астанасы болған кезде барлық бауырлас елдерден қатысқан бауырлар бірауыздан: «Рухани жаңғыру – тұтас түркі дүниесінің теңдессіз олжасы» деп бағалағаны белгілі. Шынтуайтында, дүниежүзінде дүрбелең оқиғалардың, күрделі де күрмеулі, қилы да қиын құбылыстардың белең алуы адамзаттың рухани әлсіреуінен, құндылықтардың құлдырауынан болып отырғаны аян. Біз осы мақаланы жаза отырып, ең алдымен сол рухани әлсіреуден, құндылықтардың құлдырауынан батыл арылуға бағыт алу керектігіне назар аударсақ дейміз. Осы орайда Түркістан рухы, рухани жаңғыру мұраттары алға ұмтылуға асыл арна, алтын арқау бола алады. Сондықтан да түркі дүниесінің ел тізгіндерін ұстаған ерендерін, келешекті кеңінен ойлай білетін кемелдерін, ғалымдары мен мәдениет, әдебиет және өнер өкілдерін, барша бизнесмендері мен күллі кәсіп иелерін, мемлекеттік және жекеменшік мекемелер мен қоғамдық және саяси, сондай-ақ, діни бірлестіктерді, жастарды текті төріміз Түркістанды түлетуге белсене үлес қосуға шақырамыз. Күні кеше ғана түркі тілдес мемлекеттердің Қырғызстанда өткен VІ саммитінде Нұрсұлтан Назарбаев түркі рухын, Түркістанды бірлесе биіктету туралы ұсыныстар білдірді. Түркістан идеясы, Түркістанды рухы тербеткен Ахмет Ясауи мұраттары арқылы, Түркі әлемінің Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған рухани жаңғыру мақсаттарын терең ұғынып, ойдағыдай орындау арқылы адамзат дамуына айшықты әсер етуге, ізгілік жолымен ілгері жылжуда серпіліс жасауға әбден болады деген сенімдеміз. «Қазіргі кезде әлем қарсы тұрушылықтарға емес, үйлесімділікке, даму мен ынтымақтастыққа мұқтаж. Сондықтан Астана шашқан ізгілік пен қазақстандық құндылықтардың нұры бүкіл планетаға тарап, ризашылықты шұғыла ретінде қайта оралып жатыр» деді Қазақстан Президенті Елорданың жиырма жылдығында. Астана нұрын Түркістан мұраттарының рухани нәрімен нығайта түсудің нәтижелері мол болатынын терең түсінген абзал. Бүгінгі ұрпақтар біле бермейтін бұрынғы кездердегі сұрқиялықтар аз емес, ағайындар. Сондай саясаттардың сарқыншақтары мен салдарынан батыл және жылдамырақ арылу аса қажет деп санаймыз. Мәселен, 1944 жылы ВКП(б) Орталық Комитетінің құпияланған қаулысы бойынша түркі халықтарының тарихын зерттеуге, тіпті айтып-жазып қарастыруға мұқым-мүлде тыйым салынды. Соның салдарынан бұрынғы отаршылдар мен басқыншылар асқындыра бұрмалаған, әдейі өзгерткен түркілердің тарихы одан сайын бұрмаланды, бұлыңғыр тартты. Енді міне, түркі әлемінің тарихы мен әдебиетін, мәдениеті мен өнерін, салт-дәстүрлерін, тілі мен ділін түбегейлі түрде, түркістандық тектілікпен, тұтаса, тұтастыра, түгендей танымақ, бірлесе зерттеп-зерделемек, ұрпақтар игілігі, болашақ қамы үшін айналымға түсіріп, игеріп-меңгермек міндеттері туындап отыр. Түркі әлемінің мәдени астанасы атанып, айтулы шаралар өткізілген Астана қаласында, Түркияның Ескішаһар, Татарстанның Қазан, Түркіменстанның Мары, Әзірбайжанның Шеки шаһарларында және Түркістанда, басқа да басқосуларда ортаға салынған ой-пікірлерді, парасатты пайымдарды, ұтымды ұсыныстарды саралап, сұрыптап, жүйелі түрде жүзелемек керек. Түркістан шаһары бағзы замандардан-ақ түркілердің текті орталығы болған. Патшалық Ресей мен кеңестік кезеңде жүдеп-жадап кеткені, тіпті, Әзірет Сұлтан кесенесінің күмбезі астындағы ақшаңқан шырағдандарға оқ атылғаны, бертінде асыл мұраның аяқасты болып, қорланғаны, тайқазанынан, тағы басқа жауһар жәдігерлерінен айырылғаны мәлім. Ал ежелгі замандарда небір парасаты биік патшалар, қайтпас-қайсар қағандар, халық қамын жеген хандар, ел қорғаған қолбасшылар, әділ билер мен қазылар, ғұлама ғалымдар мен ақиық ақын-жазушылар текті төрімізді көріп қуанатын, үлгі алатын, пір тұтатын болған. Түркістан, Ахмет Ясауи бабамыз бәдіздегендей, текті төрге, Әбу Насыр Әл-Фараби данамыз дәйектегендей, қайырымды қалаға айналса деп армандаймыз, ағайындар. Қарашаңырақ Қазақстан тәуелсіз ел болғаннан кейін, Түркістан шаһарында Түркияның мемлекет басшылары Тұрғұт Өзал, Сүлеймен Демирел, Абдулла Гүл, Реджеп Таиып Ердоған, тағы басқалар болды. Абдулла Гүл Нұрсұлтан Назарбаевқа түркі әлемінің ақсақалы ретінде арнайы асатаяқ ұстатты. Біз Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Түркия Президенті Сүлеймен Демирел қазығын қаққан Қожа Ахмет Ясауи атындағы қазақ-түрік университеті замануи зау-заңғар, шаңқан шаңыраққа айналады деп ойлаймыз. Түркі әлемінің жастарына шын мәніндегі сапалы да терең білім беретін және нағыз ғылыми, мәдени-рухани орталық етпектің ерекше жолдары қарастырылып, нақтылы жұмыстар атқарылады деп сенеміз. Адамзаттың, оның ішінде түркінің ұлы ұстаздары, дара даналары Әбу-Насыр Әл-Фараби мен Ахмет Ясауидің, басқа да ірі-ірі, ізгі тұлғалардың мұраларын болашақпен байланыстыра, жан-жақты зерттеудің де үйлесімді, үлгілі үйі осы университет болса дейміз. Жалпы, ХҚТУ мен жаңадан салынатын Ясауи музейі түркітану, түркі әлемінің тарихы, тілі мен әдебиеті, мәдениеті мен өнері, түркі халықтарының салт-дәстүрлері жөніндегі барлық ортақ құндылықтарды жинақтап, жүйелейтін және жан-жақты дамыту бағдарларын айқындайтын айрықша айдынға айнала алады. Сайып келгенде, текті төріміз Түркістандағы Әзірет Сұлтандайын әулиелер әулиесінің есімін еншілеген университет таза тағылымды, мөлдір мақсатты, өзгелерден өзгеше өнегелі, түркінің төрқұты тұғырына қонса, кәнеки. КСРО құрамында көп қиындықтар көрген түркі елдері егемендікке қол жеткізгелі өзара қарым-қатынастар шынайы сипат ала бастады. Түркияның, Қазақстанның, Әзірбайжанның, Өзбек­стан­ның, Қырғызстанның, Түркіменстанның, Татарстанның, тағы басқа туыстас елдердің барыс-келістері, бауырлас қалалар мен өңірлердің, аудан-аймақтардың араласуы жиіледі. Мәселен, 2018 жыл Өзбекстанның Қазақстандағы жылы, 2019 жыл Қазақстанның Өзбек­­стандағы жылы болып жарияланды. Екі мемлекетте де мерейлі шаралар ұйымдастырылып, тиімді тірліктер тындырылуда. Мұндай үрдістер жарасымды жалғасын тапса, нұр үстіне нұр. Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмаларын орындауда тынымсыз тірліктер тындырып жүрген, түркі әлеміне танымал тұлға, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Түркістан облысының тұңғыш әкімі Жансейіт Түймебаевтың басшылығымен Түркістан қаласында басталған жасампаз жұмыстарға сәттілік тілейміз. Әзірет Сұлтан кесенесінің айнала-төңірегіне жақын жаңа құрылыстардың Ахмет баба күмбезінен биік болмайтыны, жаңадан салынатын Ясауи музейінің тарихи-танымдық және заманауи талаптарға сәйкес жоспарлануы, текті төріміз Түркістанның Бас жоспары жасалып жатқаны, қаланы түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде дамытудың үздік тұжырымдамасына халықаралық байқау жарияланғаны – бәрі-бәрі өте-мөте құптарлық. Түркістанның туристік әлеуетін еселеп арттыруға айрықша көңіл бөлінетіні де шаттандырады. Бұл үшін Түркияның туристік индустриясы басты негізге алынбақ. Текті төрімізді жыл сайын бес миллионға дейін турист тамашалайтыны шабыттандырады бізді. Заманауи әуежай, автовокзал, теміржол құрылыстары, басқа да дүниелер межеленуде. Сондай-ақ, Түркістанда бағзыда болған тарихи төрт қақпа құрылысы да қолға алынады деген сенімдеміз. Ахмет Ясауи Қарашаңырақ Қазақ­стан жеріндегі Сайрамда дүниеге келді. Түркістан топырағында мәңгілік мекенін тапты. «Мен әуелі түркімін, сонсоң мұсылманмын» деді. Тағы да: «Іштерінде қулық толғандардың, көкіректерінде ар-ұят солғандардың жүректері дірілдемейді» деген. Түркістан уәлаятының құрылғанына, Түркістан шаһарының өңір кіндігі болғанына бүкіл түркі жұрты түгелдей жүрек тебіренте қуанып, текті төрімізді түлетуге шын ықыласпен үлес қосады деген тілектеміз. Нұрсұлтан Назарбаев меңзегендей, Астана ХХІ ғасырдағы дәуірлеуіміздің ақ бастауы болса, Түркістан тың тыныстар ашатын тектіліктің құнарлы қайнары бола берсін.   Мархабат БАЙҒҰТ, жазушы, публицист, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» және «Түркі әлеміне қызметі үшін» сыйлықтарының лауреаты Қазақстан, Түркістан облысы Яxия АКЕНГИН, Түркі әлемі жазушылары және өнерпаздар қорының президенті Түркия АНАР, Әзірбайжанның халық жазушысы, қоғам қайраткері, «Гейдар Әлиев» сыйлығының лауреаты Әзірбайжан, Баку қаласы Мехмонқул ИСЛОМҚУЛОВ, халықаралық «Алаш» және «Арғымақ» сыйлықтарының лауреаты, Өзбекстан Жазушылар одағы қазақ әдебиеті бөлімінің жауапты хатшысы Өзбекстан, Ташкент қаласы Сұлтан РАЕВ, Қырғыз Республикасы премьер-министрінің кеңесшісі, Халықаралық «Ататүрік» қорының алтын медалі және «Дэниель» сыйлығының лауреаты Қырғызстан, Бішкек қаласы