Жаңалықтар

Бабын тапсаң– байлық жерде

ашық дереккөзі

Бабын тапсаң– байлық жерде

Қазақстан Республикасында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі 2013-2020 жылдарға арналған «Агробизнес-2020» бағдарламасы еліміздің агроөнеркәсіптік кешенінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және Қазақстанда жалпы ауыл шаруашылығы саласын дамытуға бағытталған. Осы ретте еліміздің әр өңірлерінде ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі жыл сайын ұлғайып отырғандығын айтпай кетуге болмайды. Мәселен, бір ғана қант қызылшасы көлемінің өзі екі есеге ұлғайған. 2011 жылы қант қызылшасының көлемі 200 мың тоннаға жуықтаса, биыл 460 мың тонна өнім алу көзделіп отыр. Бұл туралы Үкімет отырысынан кейінгі баспасөз-конференциясында Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Арман Евниев хабарлады. Сырттан жеткізілетін қант импортына баж салығы енгізілгеннен кейін отандық тауарға деген сұраныс артты дейді мамандар. Вице-министрдің айтуынша, бұл, біріншіден, отандық тауар өндірушілерін қолдауға бағытталған шара. Өйткені Қазақ­станның агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында қант қызылшасының көлемін 1 миллион тоннаға жеткізу көзделген. Дүниежүзіндегі қант қызылшасының үлесі – 270 миллион тоннаны құрайды. Бразилия, АҚШ, Үндістан, Франция мен Ресей Федерациясы секілді алпауыттар өнім көлемі жағынан көш бастап тұр. Мемлекеттік бағдарламаларды жүйелі орындасақ сол мемлекеттермен иық тірестірмесек те, талай жерге шабатын мүмкіндігіміз бар дейді мамандар. Қазіргі уақытта Қазақстанда қант қызылшасын өңдеу Ақсу, Көксу және Мерке сынды 3 қант зауытында жүзеге асырылады. Аталған кәсіпорындардың жалпы қуаттылығы жылына 630 мың тоннаны құрайды. Зауыт өкілдерінің айтуынша, барлық зауыттар егін жиналған сәттен бастап өз жұмысын бастайды. Ағымдағы жылы Алматы және Жамбыл облыстарындағы қант қызылшасының егістік алқабы 19,6 мың гектарды құрады. Осы алқаптардағы қант қызылшасынан 59 мың тонна қант өндіру көзделуде. Шикі құрақ қантты өңдеу жылдық қуаты 370 мың тонна болатын Меркі мен Тараздағы зауытта іске асырылады. Бұл ретте шикі құрақ қанттан жыл басынан бері шамамен 140 мың тонна қант өндірілген. Мұндай ақпаратты ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми интернет-ресурсы таратты. Министрлік ел ішіндегі қант тапшылығы туралы ақпаратқа қатысты арнайы ақпарат таратты. Бүгінгі күні облыстардың тұрақтандыру қорларында 2,6 мың тонна шамасында қант сақталған. 2018 жылдың қаңтар-маусымындағы статистикалық мәліметтерге қарағанда, ақ қанттың өндірісі 138,6 мың тонна, экспорт 50,7 мың тонна, импорт 121,0 мың тонна болды. Нәтижесінде алты айдағы тұтыну 209 мың тоннаны құрады, бұл алдыңғы жылға көрсеткішке қарағанда 32 мың тоннаға аз. Қазіргі уақытта өңірлік тұрақты қорларда қант қоры жеткілікті дейді мамандар. Ауыл шаруашылық министрлігі дайындаған 2017-2021 жылдарға арналған агроөнеркәсіпті кешенді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында отандық өнімдерге ден қойылуда. Мәселен, қант қызылшасын өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында қант зауыттары мен кондитерлік фабрикаларды мемлекеттік қолдау шаралары қолданылуда. Ол өндірісті жаңғырту мақсатында салынған инвестицияның белгілі бір бөлігін, яғни 30 пайызын мемлекет тарапынан қайтару негізінде іске асады. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің қайта өңдеуге өткізген қант қызылшасының әр тоннасын субсидиялау арқылы қайта өңдеу кәсіпорындарын шикізатпен қамту шаралары дайындалуда. Жалпы алғанда, қант өндірісі 2017 жылы 316 мың 386 тоннаны құраған. Ал биыл бұл өнім көлемін 460 мың тоннаға жеткізу көзделіп отыр. 400 мың тоннадан аса өнімді отандық ауыл шаруашылығы мамандары 2016 жылы алған еді. Сол жылғы ауа-райы мен тағы да басқа себептерге байланысты 402 мың 965 тонна қант қызылшасы жиналды. Биыл да ауа райының қолайлы болғаны мен егіс алқабының көбейгенін мамандар алға тартып отыр. Өңірлердегі жиын-терім маусымы басталғалы бері шаруалар егіс алқаптарынан бас көтермей жұмыс істеуде. Ауылшаруашылық министрлігінің мәліметінше, жыл басынан бері 138 мың тонна қант өндірілген. Тағы 121 мың тонна импортталып отыр. Қазіргі таңда 32 өндіруші кәсіпорын қызмет етуде. Олардың 28-і шағын, 4-еуі ірі кәсіпорындар. Үкіметтің тапсырмасы бойынша 2021 жылға қарай елімізде тәтті түбір алқаптарының көлемі 32 мың гектарға жетеді. Осының арқасында ішкі сұраныстың 30 пайызы толық қамтамасыз етілмек. Ал импорт көлемі жыл өткен сайын қысқара береді. Қазақстан өз кезегінде қант пен шикізат өніміндерін импорттауға тыйым салған жоқ. 2010 жылы Кедендік одақ құрылғаннан бастап үшінші елдерден импортталатын ақ қантқа қатысты бірыңғай кедендік тариф қолданылған. Бұл Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің бәріне қатысты еді. Ал Қазақстандағы бірқатар қант өндірушілер, соның ішінде «Raimbek» компаниясы 2010 жылдан бастап Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде үшінші елдерден қант пен шикізат өндірісін бажсыз әкелуге уақытша артықшылық алған болатын. Биыл ҚР Үкіметінің 27 шілдеде шыққан қаулысымен Ауыл шаруашылығы министрлігінің ұсынысы бойынша Еуразиялық экономикалық одақтағы ұлттық міндеттемелерді орындау аясында аталған артықшылықтар алынып тасталды. Енді отандық қант өндірушілер Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы экономикалық қызметінің тауарлық номенклатурасына сәйкес ақ қантты импорттаған кезде 1 тоннасы үшін 340 доллар баж салығын төлеуге міндетті. Министрлік қант тасымалдауға қатысты жеңілдіктің алынып тасталуы – оның тапшылығы мен бағасының қымбаттауына еш әсер етпейтінін айтады. Бұл мәселе барлық мемлекеттік және жергілікті орталық органдардың бақылауында. Елімізде қызылша өсіруді дамыту үшін үлкен мүмкіндіктер бар. Табиғи-климаттық жағдай Алматы облысының Алакөл, Ақсу, Еңбекшіқазақ, Ескелді, Жамбыл, Іле, Қаратал, Көксу, Сарқанд, Талғар, сондай-ақ, Жамбыл облысының Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Қордай, Мерке және Түркістан облысының Мақтарал, Отырар, Сарыағаш, Шардара сынды аудандарында бұл дақылды өсіруге қолайлы дейді мамандар. Осы мүмкіндіктерді тиімді пайдалансақ, бірнеше жылдан кейін-ақ тәтті түбірмен өз-өзімізді қамтамасыз етіп, шетке экспорттауға жол ашылуы ықтимал.