«Әлеуметтік жобалар» байқауына қатысушылар саны артты

«Әлеуметтік жобалар» байқауына қатысушылар саны артты

«Әлеуметтік жобалар» байқауына қатысушылар саны артты
ашық дереккөзі
«Нұр Отан» партиясы Орталық аппаратының ғимаратында Светлана Жалмағамбетованың төрағалық етуімен және партия Хатшысы Тамара Дүйсенованың қатысуымен 2018 жылғы «Қазақстанның үздік әлеуметтік жобалары» байқауының бірінші отырысы өтті. Жиында белгілі болғандай, «Қазақстанның үздік әлеуметтік жобалары» 6-байқауына түскен өтініштер екі есе артқан. Жиын басында сөз алған Орталық байқау комиссиясының төрайымы Светлана Жалмағамбетова 2018 жылғы байқаудың ерекше болғанын атап өтті. Байқаудың басты ерекшелігі – қатысушылар санының өскенінде. Бұл жолы байқауға 320 өтініш қабылданды, яғни бұған дейінгі бес жылмен салыстырғанда қатысушылар саны екі есе көбейген. Осыған орай, комиссия дәстүрлі үш жүлделі орынды он үшке дейін көбейтуді ұйғарды. «Бұрын бұл байқау бір ғана категория – «мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау» мақсатында ғана өткізіліп келді. Биылғы жылдан бастап, қоғамда басқа да әлеуметтік мәселелер бар екені ескеріліп, категориялардың тізімі беске дейін көбейді. Бір айта кетерлігі, оның біреуі «Өмірлік қиын жағдайды еңсеруге көмек көрсету» деп аталады. Яғни, ол түрлі категориядағы, адам саудасы мен тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған, үйсіз қалған, жазаға кесілген орындардан босатылған азаматтарды қолдауға бағытталған жобалар болуы мүмкін», – деп атап өтті Орталық байқау комиссиясының төрайымы. «Қазақстанның үздік әлеуметтік жобалары» байқауы дәстүр бойынша алдымен аудандық, содан кейін облыстық және республикалық деңгейде өтеді. Екі кезеңнің қорытындысы бойынша, байқау талаптарына толық жауап беретін 55 жоба іріктеліп алынды. Байқау комиссиясы онлайн дауыс қорытындысы негізінде жүзден жүйріктерді таңдады. Атап айтсақ, бұл мүмкіндікті ұнаған жобаларына дауыс берген 53 мың адам пайдаланды. «Барлық жобалар өзекті болып табылып, қоғамдағы түрлі әлеуметтік-маңызды проблемаларды көтеріп, өз шешімдерін ұсынады. Мысалы, сондай жобалардың бірі – мүмкіндігі шектеулі жандардың өз бетінше қозғалуы үшін мүгедектік арбаға арналған қондырғы. Көптеген жобалар егде тартқан адамдарды қолдауға байланысты болды. Бас бостандығынан айыру мекемелерінен босатылған тұлғаларды бейәлеуметтендіруге байланысты да бизнес-жоба бар. Ізгілік жасағысы келетін, жағдайы бар қазақстандықтар оның авторы және волонтері болып табылады. Біз мұндай адамдардың елімізде көп екенін көріп отырмыз. Атап айтқанда, былтырғымен салыстырғанда байқауға қатысуға ниет танытқан өтініштер әлдеқайда көп болды да, осыған орай біз – 5 жүлделі орынды, бір – бірінші, екі екінші және үш үшінші орынды белгіледік. Сонымен қатар 5 арнайы және онлайн дауыс беру барысында көп дауыс жинаған қатысушыларға арналған 3 көрермен талғамы жүлдесі қосымша тағайындалды», – деді байқау комиссиясы төрағасының орынбасары, партия Хатшысы Тамара Дүйсенова. Сондай-ақ, партия Хатшысы «Қазақстанның үздік әлеуметтік жобалары» байқауы жеңімпаздары мен жүлдегерлерінің 28 қыркүйек күні Астанада өтетін жеңімпаздарды марапаттау салтанатында жария етілетінін хабарлады.