Кәсіп ашуына көмек көрсетті
Кәсіп ашуына көмек көрсетті
«Нұр Отан» партиясы мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсетуден шаршаған емес. Партияның көмегімен кәсібін дөңгелетіп отырған жандардың бірі – ІІ топтағы мүгедек Сергей Привалов.
Өткен жылдың күзінде «Нұр Отан» партиясының Ақмола облысындағы Жарқайың аудандық филиалына көмек сұрап келген Сергейге партияластар қол ұшын созып, қажетті құжаттарды жинастырып, қойманы сенімгерлік басқаруға алуға көмектесті. Бүгінде Сергей қайта өндіруге жарайтын шикізаттарды қабылдайтын арнайы цехтың жұмысын жандандырып отыр.
Денсаулығындағы кінәратына қарамастан Сергей бала күнінен алғыр болып өсті. Мектепті үйде оқып жүріп аяқтаған соң, колледжде бағдарламашы мамандығын алып шықты. Кейін ата-анасы мен достарының қолдауының арқасында Державинск қаласында кішігірім қойманы жалға алып, картон қағаздар, пластик бөтелкелер мен темір ыдыстарды жинайтын орын ашты. Қоймада отырып қана қоймай, қала ішін аралап, шикізат іздеуге кірісті. Жиналған қаражатына велосипед сатып алып, оған арнайы жәшіктер орнатты. Қоймада бүгінгі күні Сергей аллюминийден жасалған ыдыстар, пластик, шыны бөтелкелер мен қағаз қалдықтарын жинауда.
«Сергей өз ісін картон жинаудан бастаған. Партияның көмегімен құжат жинауға көмектестік. Облыс орталығына шикізат жөнелтуде қиындық көріп отыр. Бұл мәселе де шешімін табады деп сенеміз», – дейді аудандық партия филиалының консультанты, аудан әкімінің мүгедектер мәселесі бойынша кеңесшісі Әділ Нұрбеков.
Бүгінгі күні Сергей «Бастау-бизнес» бағдарламасына құжаттарын тапсырып қойған. Оқып, несие алып, бизнесін кеңейтсем деген ниетте. «Қоқыс өңдейтін цех ашсам деймін. Айналаның барлығы шашылған қоқыс. Оны қайта өңдеуден өткізіп, құрылыс заттарын шығару ойда бар», – деп өз жоспарымен бөлісті Сергей. Сергей қол қусырып отырған емес. Жоба жазып, грант алып, бизнесін кеңейту жоспары бар.